«Сәлем, саған мектебім Сәлем, білім ордасы»

2 қазан 2015 - Agziya gumaroba

«Сәлем, саған мектебім

Сәлем, білім ордасы»

Исатай орта мектебінің 40 жылдық мерейтойына

арналған салтанатты жиын.

І бөлім

1. Ашылуы

Музыка ойналады /фанфары/

Бастау сөз /жүргізуші/

Ауыл үшін тірлігі берекелі

Салтанатты сәт осы мерекелі.

Көрініс берер күн де осы батыр аулы

Ынтымағы іргелі ел екені.

Бүгін тарих бір тінін таратамыз,

Тағылымын ұрпаққа жаратамыз.

Осылайша мадақтай сөз саптадық

Білімнің ордасына қарата біз

Басталды ол Октябрьск мектебінен

Ол кезде сегіз жылдық білім берген

Қырық жыл содан бері, талай ұрпақ

Тәлімін, тәрбиесін біліп жүрген

Білімің-таусылмайтын бұлағың» дер

Тер төкті мұнда қанша мұғалімдер!

Жетілді қаншама ұл, қыздарыңыз

«Мектебім-алтын ұя тұрағым» дер

Бәрін де жатыр бүгін жұртым танып

Мектеп қой адастырмас алтын қазық

Жиылды осында еңбек еткен жандар

Баяғы ақ тілеулі қалпында нық

Осында білім жия таңдары атқан

Жиылды түлектері сан тараптан

Олар да қырық жылдық белесті бұл

Көрумен өз тойындай қылған мақтан

Шырайлы бір сәт қой бұл өмірінде

Бәрінің сағыныш мол көңілінде

Мектеп бұл болашаққа аттандырған

Бекітіп арман, мақсат, сенімін де

Бөлісуге шаттықты жарап-тағы

Қош келдің, мерейлі сәт қонақтары!

Бөліскен қуанышты көпті көріп

Көңілге шуақ бүгін қонақтады

Жаңа жылдан жалғасын алып тұр нық

Қуанышты осынау жыр да қылдық

Құтты болсын, бастаймыз, ағайындар,

Салтанатын мектептің қырық жылдық!

Би шашу Қазақ биі

Сіздерідің алдарыңызда мерейтойдың ашылу салтанатына орай мерекелік би шашуымен келіп отырған мектебіміздің түлегі, би маманы Құралай Бақытжанқызы

Бүгінгі мектебіміздің 40 жылдық мерейтойына арналған салтанатқа аудан әкімінің орынбасары Мәди Рахымұлы, аудандық маслихаттың бас маманы Жансих Ғатихұлы, аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Бақберген Қасымұлы, мектептің іргесін қалаған тұңғыш директор Зайдуллин Әнуарбек ағай, аудандық білім бөлімінің қызметкерлері, аудан көлеміндегі білім ордасының директорлары, мекеме басшылары, ардагер ұстаздар, арнайы шақырылған қонақтар, мектеп түлектері қатысып отыр.

Мерейтойдың ашылу салтанатының алғашқы құттықтау сөзін айту және «Ізгілік мекенінің кешегісі мен бүгінгісі» тақырыбында баяндама жасау үшін сөзді мектеп директоры Хайруллина Ұлболсын Садыққызына береміз.

1/ Баяндама «Ізгілік мекенінің кешегісі мен бүгінгісі» /слайд/

2/ Ұландардың мерекелік құттықтауы

3/ Құттықтаулар:

Құттықтау сөз кезегін аудан әкімінің орынбасы Мәди Рахымұлына береміз. Құттықтау кезегі аудандық мәслихаттың бас маманы Жансих Ғатихұлына беріледі. Құттықтау сөзді аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Бақберген Қасымұлына береміз.

Ән «Көк тудың желбірегені» орындайтын мектебіміздің түлегі, мәдениет қызметкері Азербаев Еммат

Құттықтау сөз кезегін Исатай /бұрынғы Октябрь/ орта мектебінің ірге тасын қалаған тұңғыш директор, ардагер ұстаз Зайдуллин Әнуарбек ағайға береміз.

Өзінің жүрек жарды лебізін білдіру үшін сөз 1975-1981 жылдары осы мектепте еңбек майданының көрігін қыздырған аяулы ұстазымыз, бүгінгі күні аудандық білім бөлімінің әдіскері Әлия Фазылқызына ұсынылады.

Келесі сөз Исатай ауданы бойынша санитарлық-эпидиомологиялық қадағалау басқармасының бастығы Өзихан Ғаббасқызына

Музыкалық пауза Ұстазыма орындайтын

дуэт Рахым, Айжанат

Талайға талпынсын деп тұғыр бердің,

Талайға қолдан қайта ғұмыр бердің

Білмеймін, қанша жанның қарыздарын

Өзіңе үстінде бұл жұмыр жердің…

Бұл жыр шумақтарын Нұралы ағамыз санаға ақыл ұялатып, арманды алдан қиялататын, өмірді ұғынуыңа себеп, тірлікке кіруіңе көмек болатын, әр шәкіртін аялап, мейірім шуағын аямайтын, бала жүрегінде тұлғалық табиғатын мәңгілік қалдыратын ұстаздар қауымына арнасы керек.

Өздерінің саналы ғұмырын ұрпақ тәрбиесіне арнап сан мың шәкіртті алдарынан шығарып салған, бүгінде зейнет жасына келген бір топ ардагер ұстаздарымыз бүгінгі мерейтойдың құрметті қонақтары

Олар: Құспанова Мауыт апай, Сейтқалиева Тәнзила апай, Шайхығалиев Аухат ағай, Құмашев Жанатолла ағай, Бегімбетов Тобажан ағай, Жанұзақова Кенжетай апай, Қайырлықызы Алма апай, Сариева Дамира апай!

Қадірменді ардагер ұстаздар!

Бүгін сіздерге қандай құрмет, қандай қошемет көрсетсе де артық емес. Сіздер ортамызда жүргенде, біз сіздермен марқаямыз, мақтанамыз! Ендеше сіздерге деген құрметімізді ыстық шапалақтың үнімен білдіреміз!

/фанфары, ардагерлерге сыйлықтар табыс ету/

Музыкалық пауза вокалды топ «Ұстазым»

Қазақстанның әрбір ауылында бір-бір ізгілік мекені бар. Ол-мектеп. Қарт та, жасамыс та, әке де, ана да, әкім де, қара да бұл мекеннің алдында мәңгілік қарыздар.

Осы ізгілік мекенімен тағдыры тікелей байланысты бір қауым бар. Олар, әрине, ұлағатты ұстаздар қауымы.

Бүгінгі Қазақстан алға Алпамыстай айшылық жерді алты аттап жетіп жатса, сол жандардың арқасы.

Сіздің, біздің, оның-бәріміздің адамдық негізімізді қалаған да сол жандар!

40 жылдық мектеп тарихында біздің ұжымда еңбек етіп, бүгінде өз қызметтерін әр тарапта жалғастырып жатқан мұғалімдердің бір қатары мерейтойда осы сәтте, бізбен бірге. Қош келдіңіздер, Исатай Хидоллаұлы, Батима Жайекенқызы, Тілекқабыл Қожабайұлы, Меллят Балмұханқызы, Жаңылсын Сақтапқызы, Сауия Аманбайқызы, Гүлнар Халекесқызы, Айман Тәшекенқызы, Светлана Ғилманқызы, Мансия Рухоллақызы, Әмина, Сауле Сатыбалдықызы, Бағдел Қабделқызы, Маргарита Алексейқызы. Келіп отырған қонақтар атынан сөз Исатай Хидоллаұына беріледі. /фанфары/

Біздің мектепке Исатай баба есімі берілгелі өткен жылы 20 жыл толды. Осы мектептен батыр бабаның бірнеше ұрпағы түлеп ұшып, шартарапта еңбек етуде, бүгінгі таңда әлі де ұрпақтары осы мектепте білім алуда. Біз баба ұрпақтарымен мақтанамыз. Келесі құттықтау сөз кезегін батыр бабаның 5 ұрпағы, ауыл азаматы, ардагер теміржолшы, «Мінгені Исатайдың Ақтабан-ай» деректі фильмінде Исатайдың рөлін сомдаған Құрменов Аманғали ағамызға береміз.

Құттықтаулар кезегін Исатай ауданына қарасты 10 білім ордасының директорлары атынан Өркен орта мектебінің директоры Роза Ибрайымқызына, Аққыстау орта мектебінің директоры Ғаділ Махуұлына және аудандық маслихаттың депутаты, мектептің ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрағасы Салауат Сахибеденұлына беріледі.

Сіздердің лебіздеріңізге орай мектебіміздің өнерлі оқушыларының бірі, бірнеше дүркін аудандық байқаулардың жеңімпазы Назым Салауатқызының орындауындағы «Жылан» биін қабыл алыңыздар

40 жылдық мектеп тарихында ерекше қолтаңбасы бар, әріптестер арасында «Тірі энциклопедия» атанған республика-лық ХХҮ пед оқудың жүлдегері, әдіскер мұғалім, Қазақстан Республикасының білім беру ісінің үздігі, облыстық «Атырау ұстазы» энциклопедиясына, халықаралық «Таңдаулы адамдар» энциклопедиясына есімі енген, жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі, ардагер ұстаз Жансекер Бәбиқызын сахна төріне шақыра отырып, мерейтойға тарту ретінде мектеп тарихынан жазған «Мектеп шежіресі-тарих тармағы» кітабының тұсаукесеріне кезек береміз. Сондай-ақ кітаптың ІІ бөлімінде «Мектеп шежіресі мұражайда» тақырыбындағы ғылыми жұмысы енген, 11-сыныптың оқу озаты, «Үздік аттестатқа» үміткер, Жансекер апайдың немересі Назерке Нұрлыбекқызы ортамызда. Құрметті Жансекер Бәбиқызы сөз кезегі өзіңізде.

Авторға игі тілектерін білдіру үшін ортаға ҚР Білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин медалінің иегері, халықаралық «Таңдаулы адамдар» энциклопедиясына есімі енген ұлағатты ұстаз, ұжым басшысы Ұлболсын Садыққызына және Жансекер апаймен үзеңгілес келе жатқан әріптесі, ардагер ұстаз, ҚР Білім беру үздігі, халықаралық «Таңдаулы адамдар» энциклопедиясына есімі енген жоғары санатты тарих пәнінің мұғалімі Оразбек Жұмаұлын шақырамыз. /сыйлық беріледі/

Жансекер апай! Сіз ұрпақтан ұрпаққа рухани естелік болып қалатын игілікті іс атқардыңыз. Көңіліңіз ортаймасын, жаныңыз қартаймасын, жүзіңізден әр таймасын, деп тілек айта отырып, сізге ұзақ ғұмыр, мықты денсаулық, жанұя бақытын тілейміз.

Осы жерде апайдың шәкірттері, әріптестері, замандастары, ұрпақтары қатысып отыр. Ізгі ниет, тілектерін білдірем деушілерге кезек береміз.

Музыкалық пауза

«Алғашқы ұстазыма» Айжанат Серікқалиқызы, Құрманбаева Аиданың орындауында «Үнді» биі

ІІ бөлім «Жүректен сыр ақтарып...»

/сыр — сұхбат/

Егер өмір алтын болса, зергері-мұғалім

Егер өмір теңіз болса, гауһары-мұғалім

Егер өмір жүзік болса, көзі-мұғалім

Егер өмір ақын болса, сөзі-мұғалім,

демекші, ұстаз алдынан дәріс алмаған, ұстаз еңбегіне бас имейтін пенде жоқ десе де болады. Мектеп – білім қазынасы, мұғалім-өмірдің арнасы десек, шәкірт өміріндегі ұстаздың орны ерекше. Ол дәріс үйретуші ғана емес, өмірге жетелеуші де.

Бала-ұшқын. Ұстазы келіссе, маздап бір жанар. Ал, сол баланың жалындап жануы үшін барлық күш жігерін жұмсайтын да ұстаз!

Ендеше, салтанатты жиынымыздың келесі «Жүректен сыр ақтарып...» бөлімінде бұрынғы Октябрь орта мектебінің ірге тасын қалап, алғашқы еңбек майданының көрігін қыздырған ұстаздарымыздан бастап, бүгінгі Исатай орта мектебі шығармашыл ұжымының майталман ұстаздары мен басшыларымыздың ыстық лебіздеріне, ой-толғаныстарына сөз кезегін берсек.

Жақсы адам-елдің тірегі

Байлығы туған халықтың,

Шапағын шашар үнемі,

Көгінде тұрған жарық күн

Жүректе тұрар жалқы үнің,

Жанымнан жалын, жігер күт

Ұстазым, сенің әр күнің

Әр сәтің тұрған бір ерлік!-деп жерлес ақын апамыз Фариза жырлағандай, бүгінгі салтанатты мерейтойымыздың кұрметті қонағы, мектебіміздің тұңғыш директоры, ардагер ұстаз Зайдулин Әнуарбек Зайдоллаұлы осынау сәтте біздің ортамызда.

Әнуарбек ағай ұжым басшысы болып тағайындалып мектеп ашылған кезде ұжымда 10 мұғалім болған екен. Солардың арасынан 2 ұстазымыз ҚР Білім беру ісінің үздіктері, 1991 жылы Жезқазған қаласында өткен Республикалық ХХҮ педагогикалық оқулардың жүлдегерлері, жоғары санатты әдіскер мұғалімдер Жансекер Бәбиқызы мен Зауреш Орынтайқызы осы сәтте ортамызда. Ендеше осы ұстаздарымызды қошеметпен сыр сұхбат алаңына шақырамыз.

-Мерейтойға қош, келдіңіздер, құрметті қонақтар!

Қазақта «тұңғыш» деген сөзге ерекше мән беріледі. Бұл сөздің астарында үлкен жауапкершілік, үлкен сенім бар. Ұмытпасам, өткен жылдың 30 тамызында аудандық «Нарын таңы» газетінің №35 санында жарияланған «Тарихта аты қалған мектеп» тақырыбындағы мақалаңызда мектеп басшысы етіп аз уақыт аралығында тағайындалғаныңыз, сол қысқа уақыт ішінде ауыл балаларын жинап, мектеп ашылғандығын еске алған екенсіз. Күрт шегініс жасап, сол 1972 жылдың тамыз айын еске түсірсек.

№1 кадр /кино сюжет/

    -Бейтаныс ауыл, жаңа орта, әр тараптан келген мұнайшылардың балалары, бітпеген мектеп… Осындай қиын ахуалдан жол тауып, тұңғыш мектеп ұжымын қалай қалыптастырдыңыз?

    Жақсы әңгімеңізге көп-көп рахмет, Әнуарбек ағай!

    -Апайлар ендігі сұрағымды өздеріңізге қойғым келіп отыр. Сіздер сол кезде жалындаған жастық жігермен келіп отырған жас маман едіңіздер. Жаңа жоғарыда Әнуарбек ағай атқан қиыншылықты сіздер бірге бастарыңыздан өткердіңіздер.

    Сұрақ: Мектеп ашудағы қиыншылықты жеңуде сіздер қандай үлес қостыңыздар?

    Рахмет, қадірменді қонақтар! Жақсы лебіздеріңізге орай Батыс Қазақстан Ж.Досмұхамедов атындағы музыкалық колледжінің студенті Аққали Рахымның орындауындағы әнді музыкалық сәлемді қабыл алыңыздар

Тіл табысып, тәуба деп тәңірменен

Зейнет көрген уақыттың әмірімен

Ұл мен қыздар бой түзеп, ұрпақ өсіп,

Жайылған бәйтеректей тамырымен

Шынар болып, шың болып санамызда

Жайнап тұрған гүл болып даламызда

Үміт болып, үлгі боп, үлкен болып

Аман-есен жүріңіздер арамызда! дей отырып, сіздерді өз орындарыңызға шығарып саламыз

Мектеп тарихында №1-ші түлектер деген мен мұндалаған есімдерімен тарих беттерінен мәңгілік орын тепкен 1976 жылы мектеп бітірген алғашқы түлектеріміз бүгінгі күні қоғамда өз орындарын тауып, шартарапта еңбек етуде. Мектептің 40 жылдық мерейтойына осы түлектердің бірқатары алыстан ат арытып келіп отырғаны қуанышқа қуаныш қосқандай!

Олай болса ыстық шапалақтың үнімен ортаға мектебіміздің түлектеріміздің атынан Атырау инженерлік-гуманитарлық колледжінің проректоры, педагогика ғылымдарының кандидаты, сазгер Мұстахим ағамызды, Атырау облыстық ауруханасының емдеу ісі бөлімі бойынша бас дәрігердің орынбасары, ҚР денсаулық сақтау ісінің үздігі, 2010 жылғы «Қазақстанның үздіктері мен таңдаулы адамдары» энциклопедиясына есімі енген, жоғары санатты хирург Қайрекен ағамызды және мектептің 3 түлегі интернационалист-жауынгер, ауған соғысының ардагері, облысқа танымал заңге, бірнеше жыр жинақтарының авторы Толыбай ағамызды ілтипатпен ортаға шақырамыз!

-Тұңғыш демекші, алғаш түлек болу бақыты сіздерге бұйырған екен, құрметті ағалар!

Сонау бала кездеріміз есімде

Жүруші едік арман ойдың көшінде

Ұстаздардан жасырынып кешқұрым

Барушы едік қыздарменен «вешірге»

Ия, сонау бал дәурен балалық шақтың жарқын беттерінің есте қалған тұстарынан бір үзік сыр айтып берсеңіздер!

-Толыбай аға сіз ауған соғысын бастан өткерген ер жауынгерсіз. Кейінгі түлектер сіздің есіміңізді мақтан етуде. Сіздің бойыңыздағы патриоттық сезімге мектебіңіздің қосқан үлесі қандай деп ойлайсыз.

Ыстық лебіздеріңіз үшін көп-көп рахмет

Музыкалық пауза Мұстахим ағаның мерекелік ән шашуын қабыл алыңыздар /сыйлықтар табыс ету/

Өмір-өзен, өседі де өшеді

Өмір-қайық, адам ескек еседі

Өмір-қылыш, аямайды еш жанды

Біреуді ерте, біреуді кеш кеседі…

40-жылдық мектеп тарихында бірқатар әріптестеріміз дүниеден озып, бақилық болған екен. Осы әріптестеріміздің мектеп өміріндегі еңбегін мерейтойда ұрпақтар алдында жаңғыртып айта кетуді парызымыз деп санаймыз.

Назарымызды экранға аударып, әріптестеріміздің жарқын бейнелерін көз алдымыздан өткерсек…

№2 кадр

Ия, жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді,-дегендей бұл әріптестеріміз болмағанмен, олар оқытқан шәкірттер мен отбасы мүшелері, ұрпақтары осы залда қатысып отыр. Осы адамдардың рухына тағзым ете отырып, кейінгі ұрпақтарына амандық тілейміз /сыйлық тапсыру/

Өрісім менің өрелі сонау самғау көк,

Өрмелеп келем тұғырым таудай болғай деп,

Арманмен алыс асқарға барсам алдымнан

Ағалар шығар құз кеуде қырандардай боп…

Ағалар жүр-ау ойларымен от елеп,

Ізгілікпен ілгері бізді жетелеп

Дүниеге мынау бақыт боп келсем егер мен,

Соларға қарай жол тартар едім төтелеп,

№3 кадр

Ардақты ағаларымыз Жарылғас Ғұбашұлын, Жеңіс Қондыбайұлын, Нұрлан Халелұлын құрметпен сахна төріне шақырамыз.

Өзінің ширек ғасырлық педагогикалық қызметінің 23 жылын мектеп басқару жұмысына арнаған математик ұстаз Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің үздігі, есімі «Таңдаулы адамдар» халықаралық энциклопедиясына енген бүгінгі күні ауыл әкімі болып отырған қадірлі ағамыз Ж.Ғұбашұлы, сондай-ақ педагогикалық қызметінде 7 жыл кәсіподақ комитетінің төрағасы, 8 жыл интернат меңгерушісі, 4 жыл мектеп директоры болған, есімі «Атырау ұстазы» энциклопедиясына енген, республикалық мұғалімдер әулеті форумына қатысушы Жеңіс Қондыбайұлы, 18 жылдық педагогикалық қызметінің 17 жылын мектеп басқару жұмысына арнаған, майталман математик Нұрлан Халелұлы бүгінгі салтанаттың құрметті қонақтары!

Сұрақ: Сіздер эстафетаны бір-біріңізге салтанатты түрде тапсырған, ұрпақтар алдында өз мендеттерін адал атқарған, іскер басшы ретінде халық қалаулыларына айналған ұлағатты ұстазсыздар. Сіздерге ортақ сұрақ:

Өздеріңіз мектеп ұжымын басқарған тұстардағы қол жеткізген табыстарыңыз?

Рахмет ағайлар!

Бүгінгі кештен естелік сыйлықтарды қабыл алыңыздар. Мектебіміздің түлегі Құралайдың орындауындағы

« Боз жорға » биін тамашалайық.

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен 100 мектеп, 100 аурухана бағдарламасын жүзеге асырушылардың бірі баршаға арман болған жаңа мектептің іргесін қалап, шаңырағын көтерген Нарынның қасиетті топырағынан шыққан халқына қалаулы азамат Өнербек Жанбала ағамыз, ХХІ ғасырдың жаңа мектебінің алтын кілтін қабылдап алу құрметіне ие болған Ерлан Махсотұлын аудандық білім бөлімі жанындағы әдістемелік кабинеттің меңгерушісі, республикалық «Үздік әдіскер» конкурсының жүлдегері Анаргүл Қарасайқызын сыр сұхбат алаңына шақырғымыз келеді.

Қош келдіңіздер мерейтой қонақтары!

    -Исатай орта мектебінің ыстығы мен суығын бізбен бірге бөлісіп, қай кезде де өз тараптарыңыздан игі бастамаларға тілеулес болып жүрген ізгі ниетті жандар ретінде өз тілектеріңізді білдіруге мүмкіндік береміз.

    -Ыстық лебіздеріңізге ризашылығымызды білдіре отырып

    Хордың 3 әні Музыкалық сәлем жолдаймыз.

    -/сыйлықтар табыс етіледі/

Біз сіздермен қоштаспаймыз, біз сіздермен мектебіміздің түлегі Ғұмаров Тілекқабылдың «Дильназ» тойханасында ақ дастархан басында жақсы әңгімелеріміз ден ыстық лебіздерімізді жалғастырамыз.

Шақырылған қонақтарды «Дильназ» тойханасының төріне шақырамыз.

Сценарийді дайындаған Ғұмарова Ағзия Зұлхарнайқызы,

Осыған ұқсас жазбалар:

Сценарий​«Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне кездесу кешінің сценарийі

Тәрбие сағатыТәуелсіз елім - Қазақстаным

Сценарий«Үздік қаржыгер» интелектуалдық ойынының жоспары

СценарийСоңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

ҰстаздарғаЕРЕКШЕ ЕМТИХАН

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1115394

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар