«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!"

22 шілде 2015 - Айгуль Казимова
«Тіл – тірегіміз, соғып тұрған жүрегіміз!"

Атырау облысы, Атырау қаласы,

Ы.Алтынсарин атындағы орта мектебі,

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Казимова Айгуль Максутовна

«Тіл – тірегіміз, соғыптұрған жүрегіміз!»

Мақсаты:

1.Оқушыларды өз ана тілінің қадір-қасиетін біліп, өз ана тілінің көркемдігін сезініп, сөз құдіретін түсініп, оның адам өміріндегі маңызын ұғынуға үйрету.

    2.Тіл әуезділігін, көркемдігін, байлығын, шешендігін көрсететін нақыл сөздер, ұлы ақын-жазушыларымыздың тіл туралы жырлаған өлеңдерінен үзінділер оқу арқылы оқушы дүниетанымын, ой-өрісін дамыту.

    3.Тіл тазалығын сақтау, мәдениетті сөйлеу, шешендік өнерді оқушы бойына сіңіре отыра, ана тіліне сүйіспеншілігін қалыптастыру, мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру. Ұлтшыл емес, ұлттық сана-сезімі мол, Отанын, өз Ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Нақыл сөздер, «Ана тілі – рухани даму негізі» кітап көрмесі, «Менің елім» сурет

көрмесі, ҚР «Тіл туралы Заңы», Microsoft Pover Point программасында безендірілген

презентация, шарлар, жалаушалар т.б

Барысы:

Мұғалім: Құрметті қонақтар, ұстаздар және оқушылар! 22 – қыркүйек Тіл мерекесіне орай, 5 және 8 сыныптар арасында өтетін «Тіл – тірегіміз, соғыптұрған жүрегіміз!» атты тәрбиелік шарамызға қош келдіңіздер! Барлықтарыңызды бүгінгі төл мерекемізбен құттықтаймын. Бүгінгі оқушы – мемлекеттің болашағы, ертеңгі күннің азаматы. Ал, оның бақытқа жетер даңғыл жолы – туған Отанын, туған тілін сүюден басталады. Сондықтан да, бүгінгі тәрбиелік шарамыздың мақсаты – оқушыларды мемлекеттік тіл мәртебесін көтеруге атсалысуға шақыру. Ұлтшыл емес, ұлттық сана-сезімі мол, Отанын, өз Ана тілін өз анасынан кем сүймейтін азамат пен азаматша тәрбиелеу.

Жүргізуші:

Дүбірлетсін өңірді,

Дүрілдетсін дүлдүлі.

Қазақ деген елімнің,

Құтты болсын, бұл күні!- дей отырып, тәрбиелік шарамызды ашу үшін Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалсын.

Әнұран орындалады.

Жүргізуші:

Қуан далам, қуанатын күн бүгін,

Серпіп таста, мұңды көңіл түндігін,

Тіл туралы Заңым енді күшіне

Паш еткендей кескен жаңа кіндігін.

Қуан халқым, күшіне енді тіл заңы

«Сүйінші» деп ақындарың жырлады.

Ел елдігі сыналады тілімен,

Сол арқылы жайқалады гүл бағы-дей отыра «Тіл – тірегіміз, соғыптұрған жүрегіміз!» атты тәрбиелік шарамызды әрі қарай жалғастырамыз.

Асылай:

-1997 жылы 11 шілдеде Қазақстан Республикасының «Тіл туралы Заңы» қабылданды. 22 – қыркүйек «Қазақстан халықтарының тілдері күні» болып жарияланды. Міне, содан бері қазақ халқы тіл мерекесін тойлап келеді.

Ана тілім, жүрегісің анамның,

Жүрек-Ана, мен өзіңнен жаралдым.

Сағат сайын саулығыңды тілеймін,

Сенсіз маған керегі жоқ ғаламның.

Сенің арқаң қанып ішсем тұнықтан,

Сенің арқаң дүниеден сыр ұқсам.

Анашымды ұмытқаным емес пе?

Ана тілім, егер сені ұмытсам.

Сенің әрбір тынышыңнан күн кешем,

Сен арқылы тіршілікпен тілдесем

Ел бетіне қалай тура қараймын

Ана тілім егер сені білмесем.

Аружан:

Ана тілін жырлап өткен талайлар

Жырлап өткен Ыбырай мен Абайлар.

Қасиетті менің ана тілімде

Өшпес мәңгі алаулаған арай бар.

Аяна:

Туған тілім, бабам тілі өз тілім

Туған тілім-анам тілі –өз тілім

Туған тілім-далам тілі-өз тілім

Туған тілім-адам тілі –өз тілім.

Бейбіт:

Туған тілде сыры терең жаным бар,

Туған тілде әнім менен сәнім бар.

Туған тілім тіл болудан қалса егер

Жүрегімді суырып-ақ алыңдар!

Шолпан:

Тілім менің!

Ұлы Абай, Мұхтардай пірім менің

Тұнығым, рухани жан азығым

Ол бүлінсе, менің де бүлінгенім.

Ана тілім, туған тілім, бал тілім

Сен арқылы дүние танып талпындым

Сен арқылы әлемге аян бар ісім

Сен өмірде таусылмайтын алтыным!

Шаризада:

Тілім менің-қазынам, қасиетім

Қасиетім бар әлем бас иетін.

Тілі жоқтың түгі жоқ, түбірі жоқ

Бола көрме ана тіл-қасіретім!

Жүргізуші:

Тіл сенің –

Ең қайратты арыстаның!

Қорғаның дұшпаныңмен алысқан күн.

Тіл сенің –

Жүректегі жүйрік елшің,

Көк орман, көк арайлы бағыстаның!

Тіл сенің –

Өмірдегі өрнек сырың,

Тіл сенің –

Көмейдегі күміс жырың!

Аспаның,

Айың,

Күнің,

Ауаң,

Демің,

Шат күлкің, тәтті әзілің, тапқыр сының.

Тіл сенің –

Жігіттік, балалығың,

Өмірдегі адамдық даралығың.

Тіл сенің –

Шағын жорғаң шын тайпалар,

Сайысса саңлақ сөзде ер байқалар!

Жүйрік тіл жүректерді тебірентпесе,

Шешен деп, шежіре деп кім айта алар?

Ердің құнын бағалар екі ауыз сөз,

Ел тағдырын шешіпті өткен бір кез.

«Сырым шешеннің айтқан сөздерінен көрініс»

    1– ші көрініс «Бала Сырым»

Рольдерде ойнайтындар: 5-сынып оқушылар – Кенесариев Берік, Базаров Бейбіт

Сырым 15 жасында бір құшақ отын құшақтап, Нұралы ханның ауылының сыртынан өтіп бара жатса, иығына шапан жамылып, далада тұрған хан баланы шақырып алып:

Нұралы хан: — Үй ішінің кемдігі отын-сумен жетеді,

Ауыл сыртынан отын ұрлап, есің неден кетіп еді?-дейді.

Сонда бала Сырым:

Тақсыр, даланың оты олжа, суы нұрлық

Елдің ақысы мен ақысын жеу ұрлық-деп жөніне кете беріпті.

____________________________________________________________________________

2-ші көрініс «Бала Сырымның қартқа жолығуы»

Рольдерде ойнайтындар: 5-сынып оқушылар – Кенесариев Берік, Нохан Әділ

    1.Сырым кішкене бала күнінде далада бір қарт кездесіп, оған сәлем беріпті. Сонда қарт:

    Қарт:-Балам аманба? Кімнің баласысың?-депті

    -Сенің балаңмын-депті Сырым.

    Қарт:-Балам, сен кімнің баласысың?

    -Сенің балаңмын.

    Қарт:-Балам, сен кімнің баласысың?

    -Сенің балаңмын

    Қарт:-Неге менің баламсың?

    Сырым: Неге сенің балаң болмайын. Өзің «балам, амансың ба?» дейсің.

    3-ші көрініс «Сырым шешеннің Малайсарыға айтқаны»

Рольдерде: 8 «б» — сынып оқушылары Бұлантаев Ермұрат, Сайынов Асылхан, Ботин Аманат,

Қуанғалиев Нұрлан

    Сырым жігіт шағында бір жолдасымен Нұралы ханның үйіне барса, хан Қараман тана Малайсарымен сөйлесіп отыр екен.

    –Балалар аман ба?-депті де, өздері бұларды елемей сөйлесе беріпті.

    Сонда Сырым жолдасына дауыстап:

    -Жүр кетейік, бұлар бізді адам деп отырған жоқ қой.-дейді.

    Сонда Малайсары жалт қарап:

    -Ата тұрып, ұл сөйлегеннен без

    Ана тұрып, қыз сөйлегеннен без

    Сырнайдай сарнаған мына бала кім еді?-дейді.

    Сырым:

    -Ата тұрып ұл сөйлесе, ержеткені болар

    Ана тұрып қыз сөйлесе бойжеткені болар

    Ата балаға кесір болса, кері кеткені болар-дейді.

    -Сен толған екенсің, мен тозған екенмін, кел Сырым, төрлет-деп Сырымды қасына шақырған екен.

    Ән «Жаса, Қазақстан!»

    Орындайтындар 8б-сынып оқушылары Қуанғалиева Асылай, Ешмаханова Жанат

Мөлдір:

Қымбат маған, ана тілім бал тілім

Қымбат маған дала тілім, ар тілім.

Ақ сүтімен бірге сіңген бойыма

Ана тілім –ардақ тұтар алтыным.

Әділ:

Ана тілім-тірлігімнің айғағы

Тілім барда айтылар сөз ойдағы.

Тілім өссе, мен де бірге өсемін,

Тілім өшсе мен де бірге өшемін.

Айдана:

Қазағым, қайда жүрсең біл тіліңді,

Айтады ана тілсіз кім түбіңді?

Қайсыбір қандастарым шүлдірлесе

Жүрегім біз сұққандай мың тілінді!

Ермахан:

Қалса егер жалғыз сәтке қалғып тілім

Дей бергін ауа жетпей, қарлықты үнім

Сен барда терезем тең, еңсем биік

Қасыңда тұрсам дағы қай мықтының!

Жансая:

Ардағым, ана тілім, жан мерейім

Жүзіңнен әрқашан да таң көрейін.

Сен болсаң, көш бастаушым келешекке

Соңыннан көзім жазбай, мәңгі ерейін.

Жүргізуші:

Көп тіл білсең көкжиегің кең болар

Құрметтейді кісі екен деп төрге озар

Қай елде жүрсең де бұл дұрысы

Мемлекеттік тілді үйренген жөн болар.

Біздің Отанымыз –Қазақстан. Қазақстан Республикасының өз елтаңбасы, әнұраны, туы бар. Ана тіліміз-қазақ тілі. Ана тіліміз мемлекеттік тіл болып, үлкен мәртебеге ие болды. Ол біздің қазақ халқы үшін зор қуыныш!

Жүргізуші:

Ән «Анамның тілі». Орындайтын 5-сынып оқушысы Сапарова Аяна

Жүргізуші:

Ана тілі-біздің туған анамыз

Анамыздай сыйлап, бағып –қағамыз.

Ана тілін бағаласақ қалай біз

Өзіміздің сондай болмақ бағамыз

Ана тілін кім аялай білмесе

Анасынан безген ұл деп қараңыз!

Жүргізуші:

Көрініс «Банктегі жағдай»

Банкте несие беруші қыз отыр. Банкке әже кіреді. Есік алдында күзетші тұр. Әже күзетшіге:

-Балам, аманбысың? Мына әжеңнің зейнетақы алатын мына көк қағазының уақыты бітті дей ме? Қарғам, кімге жолығайын?

Күзетші:

-Әже, ана отырған қыз осы мәселелер бойынша қызмет атқарады. Сол қызға жолығыңыз.

-Рахмет, балам аман бол!

Әже қызға келіп:

-Жарығым, мына көк қағазың…

Қыз:

-Бабушак, что это с вами?

Әже:

-Қызым, айналайын зейнетақымды алайын деп әлгі…

Қыз:

-Ажешка, говорите по русский! Что это с ней? Не понимаю вас!

Әже:

-Жарқыным, Мадина атты қазағымның қара қызы екенсің! Қазақша айтшы қызым-ау!

Қыз:

-Подходите, к другим менеджерам! Я вас не понимаю. И поэтому не могу обслуживать!!!

Әже:

-Айналайындарым-ау, Қазақстанның болашағы сендерсіңдер. Бұл қылықтарың жарамас, жарамас.....! (Орамалының шетімен көзін сүртеді)

Асылхан:

Жатсам, тұрсам «Аман бол, тілім» деймін

Тілді ойлаймын, жүректі тілімдеймін.

Келген ойды айтайын тыңда мені

Кессең дағы тілімді бүгін мейлің.

Түсінбесең бір сәрі түсінесің

Сенесің бе өзіңнің күшіңе шын

Бірінші өз тіліңде сөйлеу қажет

Әйтпесе беделіңді түсіресің.

Мен бүгін көріп жүрмін осындайды,

Ұлтымызға жараспас тосын жайды

Қазақ боп, қазақ тілін ұмытқанға

Ешқашан қаным менің қосылмайды.

Аққу» биі. Орындайтын 5-сынып оқушысы

Жүргізуші: Көрініс «Аялдамадағы екі құрбының әңгімесі»

Шырын: Ой, Асылай, привет, қалын қалай?

Асылай: Норма! Өзін каксың?

Шырын: Тож, жүрміз ғой!

Асылай: Как то өзгеріп кетіпсің ғой!

Шырын: Посмотри өзіңе! Имиджің өзгерген бе қалай?

Асылай: Да нет! Пятерка келе жатыр. Мен кетейін.

Шырын: Давай! Көріскенше! Мына маршрутка 30а по Сатпаева ма? Кетейін.

Жүргізуші:

Бейбіт елде болмаса да қатал күн

Бейқам жүріп шала қазақ атандың.

Арғы тегін анық білмей атаңның

Ар-намыссыз шала қазақ атандың.

Құса болып, құстың талай қақалдың

Бәрібір де шала қазақ атандың.

Өз баласы болам қалай Отанның

Өз үйімде шала қазақ атандым.

Ұят болар «Шала қазақ» атанба,

Жүрген жоқсың алыс елде жапанда,

Осы менің саған айтар ақылым,

Осы менің саған берер батам да.

Әкең қазақ, шешең қазақ қарағым

Сен ұлысың мынау дархан даланың

Әр халықта ұлттық намыс деген бар

Оны биік қасиет деп санағын.

Хор «Атамекен»

Жүргізуші:

Мен – қазақпын мың өліп, мың тірілген,
Жөргегімде таныстым мұң тіліммен.
Жылағанда жүрегім күн тұтылып,
Қуанғанда күлкімнен түн түрілген.

Мен – қазақпын, ажалсыз анамын мен,
Құрсағыма сыйдырдым даланы кең.
Пәк сәбимін бесікте уілдеген,
Дәуірлермен құрдаспын, данамын мен.

Мен – жігітпін, айқасқа сынға асыққан,
Жүрегі бар кеудемде шын ғашықтың.
Жанартаудай жойқынмын жұлқынғанда,
Шарықтасам, қыран боп шыңға шықтым.

Мен – қара көз сұлумын, «сайтан» қызбын,
Сайрай қалсам, тілімнен бал тамыздым.
Сүйер болсам, өмірдей өле сүйдім,
Қас батырмын қайратсам балтам жүзін...

Ұлы аманат етейік еркіндікті,
Ел құлдықты білмесін, жер күңдікті.
Аңсаймын мен, сенемін, туады ертең,
«Қазақ болу – зор бақыт» дер күн тіпті...»

-дей отыра, «Тіл – тірегіміз, соғыптұрған жүрегіміз!»атты тәрбиелік шарамызды аяқтаймыз.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1151013

Пікірлер (1)
Базаргүл Алтынбекқызы # 31 шілде 2015 в 11:29 0
"Басқа тілдің бәрін біл,өз тіліңді құрметте"..., демекші ақын ағаларымыз айтқандай еліміздің жүрегі емес пе!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар