Астанадан бас жүлдемен оралды

15 қараша 2015 - Несипкул Утебаева
Астанадан бас жүлдемен оралды

Астанадан бас жүлдемен оралды

Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына орай Астанада Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің, Жастар саясаты департаментінің басқарма басшысы Айтбай Досановтың ұйымдастыруымен өте тату, интернациональды жас отбасы — «Бірге өмір сүру» атты республикалық мазмұны терең фестивалі өтті. Байқаудың мақсаты — қоғамның назарын отбасылық құндылықтардың дамуына, қоғам арасында қайырымдылықтың орнығуына және де отбасылар арасындағы достық қарым-қатынасқа негізделген бәсекелестікті қолдау болып табылады. Шараның негізгі мақсаты — ұрпақтар сабақтастығы мен мәдениетін, отбасылық құндылықтарды сақтау болатын.

“Келісіп пішкен тон келте болмайды” дегендей, Түркістан қаласының әкімі Әліпбек Өсербаевтың, қоғамдық келісім бөлімінің меңгерушісі Ораз Асханның келісімімен, Славян орталығының директоры А.Н.Пудовкинаның және мектеп басшысы Ж.А.Орынбаеваның, директордың орынбасарлары Г.Муратова, Г.А.Михайлиналардың бірлескен ұсынынысымен Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияның қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Өскенбаева Гүлжан Центрханқызын және оның отбасын осы аталған фестивалге қатысуға лайықты деп, “отбасылық жолдаманы” оған табыс еткен болатын. Қала әкімшілігінің тапсыруымен Абдукаримовтар отбасын байқауға жауапкершілікпен тыңғылықты дайындап (бейнебаян түсіріп), оларды қолдау мақсатында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Гүлжан Муратова да осы аталған байқауға қатысып Астана қаласында болып қайтты.

Фестивальдің талабы бойынша, аймақтардағы отбасылар алдымен онлайн-режимде іріктеуден өткен болатын. Фестиваль аясында әр түрлі ұлт өкілдерінен құралған жас отбасылар сынға түсті. Осылайша, ең талантты, екі адамның да қандай да бір салада жетістіктері бар әр облыстан іріктелген 10 отбасы өнерлерін әсем қала – Астананың төрінде паш етті. Бүгінгі таңдағы өзекті мәселе — салт-дәстүр, мәдениет, рухани құндылықтарымызды жас ұрпаққа жеткізу мақсатында байқауға ең талантты, отбасында тату, өз ортасында беделді, көп ұлттан құралған жас отбасылар өзара бақ сынасты. Іс-шара бағдарламасына: отбасының визит карточкасы, шығармашылық нөмірлер, зияткерлік тур рәсімдері кірді. Ақтық сынға өткен Түркістан қаласынан барған Абдукадировтар отбасы да дүйім жұрттың алдында өздерінің айрықша таланттарын Астанадағы “Тілеп Қобыз Сарайының” сахнасында жоғары деңгейде көрсетті. Сегіз қырлы, бір сырлы атанған отағасы – Абдукаримов Дильшад, отанасы –Өскенбаева Гүлжан, алтын асықтай перзенттері – Ерназар, Азамат, Асылзат, Гауһармен бірге өнерлерін ортаға салып, мың бұрала би билеп, өнерлі Гүлжан екі шекті домбырамен жүректі шымырлатар Н.Тілендиевтің “Аққу” күйін тартты. Түркістандық отбасының өнерлеріне тамсанған әділқазылар алқасы және астаналықтар ду қол шапалақтады. Финалға қатысқан 10 отбасы да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Нәтижесінде, Астанада өткізілген қорытынды фестивалде, жеті жыл бойы тату-тәтті бірге өмір сүріп келе жатқан Абдукаримовтар отбасы бас жүлдені қанжығаларына байлады. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Тәуелсіз Қазақстанның рухани әлеуметтік дамуы жолында қол жеткізген табыстары мен білім беру саласына қосқан үлесі үшін Өскенбаева Гүлжанды арнайы Құрмет грамотасымен марапаттап, кәделі сыйлық ретінде Абдукаримовтар отбасына кинотеатр табыс етті. Жаңыл Әнішқызы Орынбаева басқарған Некрасов атындағы №9мектеп-гимназия ұжымы да шат-шадыман көңіл күйде жеңіспен оралған Абдукаримовтар отбасын яғни, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Гүлжан Өскенбаеваны арнайы құттықтап лайықты құрмет көрсетті.

Артқа шегініс жасасақ, 2008жылы елордамыз – Астананың 10 жылдық мерейтойын дәріптеу мақсатында Түркістан қаласында өткізілген “Ең өнерлі

отбасы” байқауында Абдукаримовтар отбасы ІІ орын алған болатын. Гүлжан Өскенбаева – Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназияда ойы озық жоғары санаттағы үздік педагогтардың бірі. Мысалы, оның еңбегі “Білім беру үдерісінің ізденістері мен даму тенденциялары” атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жинағына енген. 2015жылы өзінің әріптестерімен бірге “Қатысымдық құзыреттілікті дамытатын ойындар” атты әдістемелік құралды аударма жасап Алматы баспасында жинақ ретінде (қазақ тілінде) жарыққа шығарды. Сондай-ақ, 2014жылы ол педагогикалық шеберлік орталығында деңгейлі бағдарламалары аясында бірінші (ілгері) деңгей бағдарламасы бойынша курсты тәмамдаған.

Оңтүстік өңірінің намысын қорғап, мерейін үстем еткен сүттей ұйыған Абдукаримовтар жас отбасына рухани құндылықтарыңыз арта берсін, шаңырақтарыңызға шаттық ұялап, әркез үлкен абыроймен үлгілі де өнегелі отбасы болып аман-есен ортамызда жүре беріңіздер, демекпіз. Тәрбиелеп отырған маңдайы жарқыраған ұл-қыздарыңыз мақтаныштарыңызға айналып, бейбіт елдің ақ көгершіні болып, аман-есен ер жетіп айтулы азамат болып өсуіне шын жүректен тілектеспіз.

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы.


Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1130062

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар