Қ.О.Бітібаева шығармашылығының жаңашылдығы мен өзектілігі

23 мамыр 2015 - Gulzira Sadybekova

Садыбекова Гүлзира Аманбековна

Семей қаласындағы

«№29 ЖОББМ» КММ-інің

қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Қанипа Омарғалиқызы Бітібаева шығармашылығының

жаңашылдығы мен өзектілігі

Мемлекетіміздің дамыған елдердің стандарттарына қол жеткізуді мақсат етуі еліміздің жаңа сапалық көрсеткіштерге көтерілуі қажеттілігін туындатып отыр. Осыған орай білім беру саласында да өркениетті істер, өзекті ойлар мақсат етілген кешенді іс – шаралар жүзеге асырылуда.

Білім – адамзаттың терең және үйлесімді дамуын бекітетін құралдардың бірі, прогрестік, әлеуметтік тұрақтылық пен ұлттық қауіпсіздіктің маңызды факторы. Бүгінгі таңдағы қоғам кәсіби білімі жетік, құзіретті, бәсекеге қабілетті мамандарды талап етеді.

Даму да, білім де ешбір адамға оңайлықпен беріле салмайды. Кімде кім оған қол жеткізгісі келсе әрекет етуі, күш салуы қажет. Бұл тұрғыдан алғанда кез келген білім — ол өз бетінше білім алу. Шығармашылық әлеуеттің дамуы өз білімін көтеруге негіз болады. Мұғалім шығармашылық әлеуетін дамыта отырып, өзінің құзіреттілік аясын кеңітеді. Кәсіби құзіретті еңбек деп мұғалімнің педагогикалық әрекетті өте жоғары деңгейде атқара алуы, педагогикалық қарым-қатынасқа түсе алуы нәтижесінде оқушылардың білімділік және тәрбиелік деңгейінің жоғары болуы деп саналады.

Шығармашылық әлеуеті дамыған мұғалім өз кәсібін жете меңгеріп қана қоймай, өзін-өзі жан-жақты дамытуға қол жеткізеді. Нәтижесінде мұғалім кәсіби құзіреттілікке қол жеткізеді. Мұғалімнің кәсіби құзіреттілігі — бүгінгі ғасыр талабына сай белгілі бір нәтижеге бағытталған білім берудің негізі болып отыр.

Бүгінгі заман талабы — жан-жақты дамыған, өзіндік «мені» қалыптасқан «тұлға» тәрбиелеу. Оқушы «тұлға» болып қалыптасуы үшін оның бойында түрлі жағдаяттағы проблеманы анықтауға, өзіндік тұжырым жасай білуге, өзіндік бағалауға, ақпараттарды өз бетімен табуға, талдауға, өз шешімін негізді түрде дәлелдеуге, жалпы алғанда жеке адамның құзіреттіліктері қалыптасуы қажет.

Осындай биік нәтижеге қол жеткізуді – кәсіби құзіреттілігі жоғары мұғалім ғана жүзеге асырмақ.

Мен осы өзекті ойды не үшін таратып айтып отырмын?

Жоғарыда айтылған қазіргі заман ұстазы келбетін ашатын проблемалық талаптар бүгін барлығымызды өмірі мен ерен еңбегінің өнегелі өрнегімен тәнті еткен Қанипа Омарғалиқызы Бітібаеваның ұстаздық тұлғасынан өткен ғасырдың 50 – 70 жылдары көрініс тапқан, уақыт өте келе телегей теңізге, асқаралы арманға, парасатты пайымға айналған. Сол кездегі бүкіл одақ көлеміндегі педагогикалық оқулар, ғылыми – эксперименттік жобалар мен конференцияларда ғылым мен тәжірибені тоғыстырып, үздік нәтижеге қол жеткізген Ш.А.Амонашвили, Ю.К.Бабанский, Ю.Л.Львова, В.Ф.Шаталов сынды орыс ғалымдарымен тең түсіп, үзеңгілес болған Қанипа Омарғалиқызы ерен еңбекшілдіктің, талмас талап пен іркілмес ізденімпаздықтың, шыңға шыққан шығармашылық пен ғибратты ғылым сүйгіштіктің үкілеген үлгісі болды. Жарты ғасырға жуық ұстаздықтың жалауын жоғары ұстаған Қанипа Омарғалиқызы бүгінгі таңда авторлық эмпирикалық – ілімдік оқыту жүйесі қалыптасып, дамыған, педагогика ғылымының зерттеу объектісіне айналған тұлға. Ш.А.Амонашвилидің дәстүрлі оқытуды оқушылардың ынтамен, саналы түрде білім алатын ортасына айналдыру, Ю.К.Бабанскийдің оқу – тәрбие үдерісін оқушылардың мүмкіндіктеріне сай жүргізу арқылы нәтижеге бағыттау сынды әдістерін педагогика ғылымы толық мойындаса, Қ.О.Бітібаеваның оқушыларға ой салу, ойланту, ойландыру қағидасы өміршең өзектілігімен таңғалдырады. Жасампаз жаңашылдығымен таңғалдырады. Атап айтсам, 2012 жылдан бастап көптеген әріптестеріміз кәсіби біліктілік арттыру үшін оқытудағы Кембридж тәсілінің теориялық негізінде құрылған деңгейлік курстарынан өтіп жатыр. Қазақстандық мұғалімдердің тәжірибелерін жетілдіру мен бағалауға көмектесу мақсатында құрылған Бағдарлама жеті модульден тұрады. Осы Бағдарламаның әр модулі Қанипа Омарғалиқызының іс – тәжірибесіне қалай кіріктіріліп тұрғанын айтып өтсем деймін. Бағдарламаның бүкіл мазмұнын ашатын модуль —

сыни тұрғыдан ойлауға үйрету модулі. Қ.Бітібаеваның "өмір сабағы, өнер сабағы, ой сабағы, ойлану сабағы" – деп білетін әдебиет пәнін оқыту тәсілдері оқушыларды сыни тұрғыдан ойлауға, оқу материалын саралауға, сараптауға, өзіндік көзқарастарын қалыптастырып, оны қорғауға, ой қорытуға жетелейтінін байқамау мүмкін емес. Шульман /2007/ «мұғалімнің үш көмекшісі» деп атап көрсеткен үш қасиет: бас – кәсіби түсінік, қол – оқытудың тәжірибелік дағдылары, жүрек – кәсіби – өнегелілік тұтастық Қанипа Омарғалиқызының толағай тұлғасынан көрініс тауып, шәкірттерін табысты оқытуға жетелейтін құзыретті ұстаз екенін тағы да бір рет дәлелдеп тұр. Бағдарламаның оқу мен оқытудағы жаңа тәсілдер немесе диалогтық оқыту модуліҚанипа Омарғалиқызының әр сабағына қалай кіріктірілгеніне мысал келтірудің қажеті де жоқ. Бағдарламада «диалог негізінде оқыту мен оқу оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтың шәкірттердің өзіндік ой – пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді» деп жазса, Қанипа Омарғалиқызы әр сабағын шәкірттерімен сырласа отырып өткізетінін кім білмейді?

Бағдарламаның тағы да бір маңызды модулі оқыту мен оқуда ақпараттық – коммуникативтік технологияны /АКТ/ пайдалану. Ғылым мен техника қарыштап дамыған қазіргі кезеңді былай қойып, қарапайым телефонның өзі жетістік болып саналатын өткен ғасырдың орта шенінің өзінде ғылыми – әдістемелік жаңалықтарды қалт жібермейтін ізденімпаз ұстаз Қанипа Омарғалиқызы үшін бұл да алынған асу, шыққан шың.

Талантты және дарынды балаларды оқыту модулін игеру жолдарын Кембридждік тәсілден іздемей – ақ Қ.О.Бітібаеваның озық тәжірибесінен үйренсек те ешкімнен кенже қалмас едік. Өйткені Қанипа Омарғалиқызы өткен ғасырдың аяқ кезінде республикалық атаулы мектебінде интеллектуалдық дамуы басқаның білімін қажет етпей, өз еншілігіне тиесілі іс – тәжірибесін жаңа заман сұранысына сай өңдей білім беріп, талантты ұл – қыздарын қияға самғатқан ұлағатты ұстаз.

Оқыту үшін бағалау және оқуды бағалау модулі де Қанипа Омарғалиқызының тәжірибесінен өз орнын тапқаны қашан. Ұстаздың «Сабақ аяқталғанда шығып бара жатқан әрбір оқушының артына зіл сақтамай қоштасуы мен үшін өте маңызды» деген сөзіне рефлексия да, кері байланыс та сыйып тұр.

Оқушыларды жас ерекшелігіне сәйкес оқыту модулі Қ.Бітібаеваның іс – тәжірибесіндегі басты қағида десем қателеспеймін. Өйткені мұғалімнің оқу материалын мәнерлетіп оқытудан бастап үйреткен шәкірті ғылыми – зерттеу жұмысын орындау дәрежесіне дейін жетеді. Бұл оқытушының баланың жас ерекшелігі ғана емес психологиялық, әлеуметтік мүмкіндіктерін ескере отырып жүргізетін жүйелі жұмысының нәтижесі.

Оқытудағы басқару көшбасшылық модулінің Қ.О.Бітібаеваның іс – тәжірибесінің құрамдас бөлігі. Ұстаздың шәкірттері арасында 6 ғылым докторы, 30-дан астам ғылым кандидаттарының болуы көшбашылық көшінің қуаттылығын көрсетеді.

Ендеше, құрметті әріптестер, Александер мен Флавеллдың, Мерсер мен Вульфтың, Гарднер мен Маслоудың, Роджерс пен Харристің түсінуге қиын тиетін, ағылшын тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне аударылғанда бізге мағынасы мүлдем өзгеріп жететін қағидаларын тәжірибемізге тартпақтап енгізуден бұрын Бітібаеваның салыстыру, іздеу, дәлелдеу мен табу арқылы жүзеге асырылатын дамыта оқыту технологиясын меңгерсек шығармашылықпен жұмыс істеуге шыңдалар едік.

Атақты ғалым, психолог Л.С.Выготскийдің «Бала» «таза тақта» емес, ол бұл өмірге құралақан келген жоқ. Оның тұңғиығында терең бойлап жатқан өскін бар, ол белгілі бір жағдай жасалғанда ашылады. Баланың тумысындағы табиғаттың берген байлығы ол арқылы басқа адамдарға, мүмкін бүкіл адамзат атаулыға беріледі» деген тұжырымдамасын өмірлік ұстаным етіп алған Қанипа Омарғалиқызы оқушыны ертеңгі күнге бағыттаудың қажеттілігіне, баланың бүгінгі күні ертеңімен өлшенетіндігіне сенген. Баланың бүгінін анықтау, болашағына болжам жасау жалаң ғылыми педагогика арқылы емес, оқушы мен мұғалім арасындағы тығыз байланыста, баланың алған теориялық білімін практикада жүзеге асыра алуында жатқандығын білген. Демек, біз «Оқушылардың функционалдық сауаттылығын дамытудың Ұлттық жоспары» 2011 жылы қабылдап, оны жүзеге енді асырып жатсақ, Қанипа Омарғалиқызы балалардың функционалдық сауаттылығын қалыптастырудың қаншалықты маңыздылығын болжап, жай ғана болжап қоймай іс — тәжірибесіне өткен ғасырдың аяғында енгізген ғой. Мұны Тарбағатайдың төсінде дүниеге келіп, ұлылардың мекені саналған Семейде білім алған, өр өлке Өскеменде қатардағы мұғалім болған қазақтың қарапайым қызы Қанипа Омарғалиқызының тапжылмас түйсігі, парасатты пайымымен ұштасқан кемел көрегендігі десем артық болмас деп ойлаймын.

Ұстаз «Әдебиетті оқытудың тиімді жолдары», «Әуезов шығармашылығын оқыту», «Сабақ түрлері мен үлгілері», «Мектепте Абай шығармашылығын оқыту», «Әдебиетті оқыту әдістемесі», «Әдебиетті тереңдетіп оқыту», «Абайды таныту», «Әдебиеттану» сынды 23 әдістемелік құрал мен оқулықтың, 70-тен астам мақаланың авторы. Әр туындының мазмұны, құрылымы, маңызы, көркемдік – эстетикалық құндылығы жағынан қазақ әдебиетін оқытуға, отандық педагогика ғылымына қосқан үлесі, жаңалығы орасан зор. Бір ғана «Әдебиетті тереңдетіп оқыту» әдістемелік құралының өзінде тереңдетіп оқыту оқытылатын шығармалар санының көптігімен емес, оқушының икем – дағдысының дамуы, өзіндік пікір айтуға, әдеби таласқа қалыптасуы, тілінің шебер де шешен болуы мен шығармашылық әлеуетінің артуы арқылы жүзеге асатындығын ғылыми және тәжірибелік тұрғыдан дәлелдеді. Сонымен қатар ұлттық сөз өнерін оқытуда жаңаша көзқарас пен әрекеттің қажеттілігін, пәндерді интеграциялап оқыту идеясын негіздей отырып, нәтижені функционалды сауатты жеке тұлғаны қалыптастыруға бағыттауды ұсынды. Сондықтан да Қанипа Омарғалиқызының шығармашылығы жаңашылдығы мен өзектілігін ешқашанда жоғалтпайтындығына сенімдімін.

Қолданылған әдебиеттер:

    1.Жаңашыл педагогтардың іс – тәжірибелері. – Алматы, 1991.

    2.Курманалина Ш.Х. Функциональная модель электронной методической системы в колледже: Учебное пособие. – Алматы: Алем, 2000.

    3.Педагогикалық ізденіс. – Алматы, 1990.

    4.Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.

    5. Вольф С. пен Александер Р. «Дәлелдеу және диалогтік оқыту: өзгермелі өмірге арналған балама педагогика» /2008/.

    6. Александер Р. « Мәдениет және педагогика: бастауыш білім берудегі халықаралық салыстыру» /2001/.

    7. Мерсер Н. «Жетекшілікпен білім алу: мұғалімдер мен оқушылар арасындағы әңгімелер» /1995/.

    8.Құдайбергенова К.С.Құзырлылық амалының негізгі ұғымдары. – Алматы, 2007.

    9.Тұрғынбаева Б.А. Ұстаздық шығармашылық. – Алматы, 2007.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиеті6 орыс сыныбындағы қазақ тілінен "Жұмбақтар" тақырыбы бойынша қысқа мерзімді сабақ жоспары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1151016

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар