Тізбектелген сабақтар топтамасына Бағдарламаның бір модулі қалай және неге енгізілгені туралы рефлексивтік есеп.

17 қараша 2014 - Дауренбек Хурмет

Бұл жылқы жылының алғашқы айының соңғы күндері еді. Мені мектебіміздің директоры Хадиша Таубағылқызы өз кеңсесіне шақырып алды. Директор ханым маған « Дауренбек сен ақпан айында болатын мұғалімдердің біліктілігін арыттырудың ІІІ негізгі деңгейіне барасың! Не айтасың?» — деді. Мен ойланбастан барамын дедім. Себебі маған дейін мектебімізде осы ІІІ деңгейлік оқуда болған мұғалімдердің сабағына, оқушылармен жұмыс жасауына қызыға да қызғана қарайтынмын. Тәжірибеден өтіп келген мұғалімдердің сабағына қатысқанда оқушылардың сабаққа қалай ынталы қатысқанын көргенде, тақырыпты қалайша тез жеңіл меңгеріп алғандығы, топпен жұмыс кезінде бір-бірін тыңдап, ұжымдық жұмыс көрсеткендері мені жаңа мақсаттарға жетелеп, шабыттандыратын. Өзім де сол мұғалімдер сияқты біліктілігімді арыттырып, жаңа форматтағы, жан-жақты, оқытудың жаңа әдіс — тәсілдерін меңгерген мұғалім болуды қаладым. Бұл мүмкіндікті бір жарым жыл күттім. Директорға «мен қашан барам, мен неге бармаймын» деген мәселемен бірнеше рет жолыққан да едім. Бұл мен үшін үлкен мүмкіндік еді.

Көкшетау қаласында бір ай оқып, «бетпе­бет» аудиторлық оқудың бірінші кезеңінен алған білімімді өз мектебімде, өз тәжірибемде, сабақтарымда қолдануға үлкен бір күш — қуатпен, жігермен асыға келдім. Өз оқып білгендерімді, үйренгендерімді іс — тәжірибемде қолдануға асықтым. Бұл ІІІ деңгейлік курстағы алған, жинаған білім — тәжірибеміз қазіргі білім беруде өзінің оң әсерін тигізеді. Бұрынғы бізде қалыптасқан дәстүрлі сабақтардан  арылудың бірден бір жол деп сенемін. Бұл бағдарламаны толық меңгерген сәтте менің тәжірибелік дағдыларым қалыптасады, сыни тұрғыдан ойлану дағдыларым, өз өзімді жетілдіру қабілетім артады, оқушыларды білім алуға тартудың жаңа әдістемесін меңгеріп, ұжымда белсенді жұмыс жасауға дайын боламын. Курс сындарлы оқыту теориясына негізделгендіктен оқушының пәнді терең түсіну қабілетін дамытып, алған білімін сыныптан тыс жерде, кез­келген жағдайда тиімді пайдалана білуін қамтамасыз етеді. Берілген тапсырмалар бойынша бір сыныпта төрт тізбектелген орта мерзімді сабақ жоспарын жоспарлап, оған алғашқы «бетпе­бет» аудиторлық оқудың бірінші кезеңінен алған негізгі жеті модульді, жаңа тәсілдерді қолдана отырып сабақтарымды нәтижелі өткізу. Мен жетінші сыныпты тәжірибе сабақтарымды өткізетін сынып ретінде таңдап алдым. Себебі, біріншіден бұл сыныпта бұрын басқа біліктілігін арыттырып келген мұғалімдер тарапынан іс – тәжірибе болмаған. Ал екіншіден бұл сыныпта оқу үлгерімі әртүрлі балалар оқиды. Дарынды оқушылар да, оқуы төмен оқушылар да осы сыныптан табылады. Өте жақсы оқитын бір оқушы, төрт оқушы жақсы оқиды. Бұл сыныпта тек қана бәрін мен ғана білем, мен ғана жұмыс жасай алам дейтін оқушылар да бар. Менің алға қойған мақсатым осындай проблемалы, оқуда кедергі тудыратын  сыныпта, алғашқы «бетпе­бет» аудиторлық оқудың бірінші кезеңінен алған білімімді қолдана отырып тәжірибе сабақтарымды өткізу, алда шығатын кедергілерді жеңе білу еді. Бұл үшін мен жеті модульді толық қолдануға тырыстым. Әр модульді пайдалана білген мұғалім оқушылардың оқуға деген ынтасын, талпынысы мен жігер –қайратын арыттыра түседі.

Тізбектелген сабақтарымда мен сындарлы оқытуды жан жақты пайдаланып, оның ішінен диалогтік оқытуды, ондағы әдістерді жан жақты қолдануға тырыстым. Себебі көптеген ғалымдар диалогтің сабақта маңызды рөл атқаратынын зерттеп көрсеткен. Мерсер  мен  Литлтон  (2007)  өз  еңбектерінде  диалог  сабақта  оқушылардың  қызығушылығын

арттырумен  қатар,  олардың  білім  деңгейінің  өсуіне  үлес  қосатындығын  атап  көрсетеді [1]. Ал Выготскийдің  оқыту  моделі  оқушы  диалог  құру  нәтижесінде  білім  алады  деп жорамалдайды[2]. Барнс болса  (1971)  сыныпта  тіл  қаншалықты  қолданылса,  оқушылардың оқуына соншалықты әсер ететінін айтады. Барнс оқытудың мұғалімді селқос тыңдағанда ғана

емес,  вербалды  құралдарды  қолдану  нәтижесінде,  яғни  сөйлесу,  талдау  және  дәлелдеу барысында жүзеге асатынын көрсетті. Кейінірек Мерсер және Ходжкинсон (2008) зерттеулері Барнстың  ертеректегі  жұмысына  негізделе  құрылып,  оқыту  барысындағы  диалог  атқаратын негізгі рөлге назар аударуды мақсат етеді[3]. Диалогтік оқыту оқушылардың жан жақты білім алып, заманға сай дамытады. Бұл әдісті неге алдым? Бұл оқушылардың білім алуында еркіндік береді. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын арыттырады. Оқушы – мұғалім арасындағы бұрынғы «мен сұраймын, сен жауап бер», «қозғалмай отыр, үндеме, бір – біріңе қарама» және осы сияқты көптеген шектеуші, бұйрықтарды болдырмайды. Білім алу деңгейлерін жоғарлатады және заманға сай білім алуына жол ашады, үлкен мүмкіндік. Диалогтік оқытуда оқушы білмегенін мұғалімнен, қасында топтағы білетін оқушылардан  сұрап біле алады. Басқаға көмек көрсетеді. Выготский  айтқандай оқушылар «Жақын  арадағы  даму  аймағында»  (ЖАДА)  жұмыс  істесе когнитивті дамудың жақсаратыны белгілі. Бұл арқылы оқушылар өздерінің шамасы жетпейтін тапсырмаларды анықтай алады, және басқадан көмек сұрай алады. Диалогтік оқыту арқылы оқушы тақырып бойынша өз ойын білдіруге мүмкіндік алады, басқа оқушылардың идеяларымен бөліседі және өз идеясын дәлелдей алады. Ал мұғалім болса осы арқылы оқушыны нақты бағалап, қандай деңгейде екенін түсіне алады. Сондықтан Александердің (2004) оқытудағы әңгімелесу  –  қарым-қатынас жасаудың бірсарынды үдерісі емес, керісінше, идеялар екіжақты бағытта жүреді және осының негізінде оқушының білім алу үдерісі  алға  жылжиды  деген тұжырымы белгілі[4]. Міне, осындай себептерге байланысты диалогтік оқытуды жан — жақты алып қолдану мен үшін, оқушылардың білім алуы үшін қолайлы болып табылады.

Менім  тізбектелген сабақ жоспарым бойынша бірінші сабағым «Жорғалаушылар класының жалпы сипаттамасы» деген тақырыпта болды. Сыныпты алдын ала дайындап, «Оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдердің» ішінен топпен жұмыс жасауға ыңғайлы етіп парталарды қойдым. Бұл сыныпта неге топпен жұмыс болу керек? Себебі сыныпта ерке өскен бала, эгоист менменшіл оқушылар, менталитеті басқа оқушы мен әлеуметтік деңгейі әртүрлі оқушылар бар. Мен оларды топқа бөлу арқылы бір – бірінен артық емес екенін, бәрінің тең құқықты екенін, бірінің істегенін екіншісі де істеуге мүмкіндігі бар екенін сездіру, оларды «бәріміз біріміз үшін, біріміз бәріміз үшін» деген оймен ұштастыру. Ал топпен жұмыс әрине диалогтік оқытудың бір әдісі.

Оқушыларым үзіліс кезінде сыныпқа кіріп, «енді не істейміз? Қайда отырамын? Неге партаны қосып қойды?» деген сұрақтарды іштей қайталағанын түсініп, әркім қалаған жеріне отырсын дедім. Бір –бірімен жақын араласатындар бір жерге, ұлдарда әдеттегідей бір жерге, топ құрып отыра қалды. Сабақ басталды. Оқушыларыммен жақсылап сәлемдесіп, сәттілік тіледім. Сабақтан еш қорықпауын, өздерін еркін сезінуін, өз мүмкіндіктерін қолдануын айттым. Ортаға шығарып «АКТ-ны» қолданып сергіту сәтін жасадым. Үш топқа бөліп орындарына жайғасуын өтіндім. Топ болғандықтан топ ережесінің болатындығы айтылып, әр топ топтың ережелерін айтты. Ішінен маңызды деген төрт бес ережені таңдап алып, ол ережені орындап отыруға келістік. Сабақты үй жұмысын  «сыни тұрғыдан ойлау» модульінің семантикалық картамен жұмыс әдісі арқылы тексеріп бастадым. Жауаптарын интербелсенді тақтада көрсетіп, әркім өз жұмысын көршісіне тексерту арқылы анықтап, тез арада бағалай қойдым.

Ал сабақтың тақырыбын анықтау және мақсат қою оқушылар үшін өте қызықты болды. Тақырыпты анықтауға жорғалаушылардың суреті жасырылған  мозайка таратылды. Топта көшбасшы оқушылар бірден жұмысқа кірісті, бірақ басқаларын да ұмытпады. Тақырыпты анықтап болған соң әр топқа мәтін тараттым. Оқушылар мәтінді оқып, бір біріне түсіндірді. Осылай «Оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес оқыту және оқу» модульн қолдандым. Әр топтан бір оқушы басқа топқа барып сұрақтарына жауап беріп, өздерінің түсінгендерін мазмұндап берді. Бұл әдісте жақсы оқитын оқушы А, жай сабақтарда аузынан сөз алу қиын оқушы, өз ойын, түсінгенін екінші топқа түсіндіруде белсенді болды. Ал сыныптағы үздік оқушы А, мен зерттеуге алған дарынды оқушы, өзін тағы бір мәрте үздік екенін көрсетті. Ал А оқушы болса берілген тапсырманы ойдағыдай орындады. Мәтінді түсінгендігін анықтау мақсатында диалог құрдым, қысқа оңай сұрақтар қойып тез жауап алдым. Оқушылардың бір біріне сұрақ қойып жауап алуларына мүмкіндік бердім. Сабақтың келесі бөлімінде мәтінде оқып талқылағандарын флиртчатқа салу тапсырылды. Топтағы оқушылар бір бірімен ақылдасып, ортақ шешімге келіп жобаларын жасап қорғады.

Екінші сабағымның тақырыбы жыландар жайлы болды. Бұл сабағымда диалогтік оқытуды қолдану бірінші сабаққа қарағанда оңай болды. Себебі бірінші сабақта ІІІ топтағы Ә деген оқушы топтағы Г-мен сөзге келіспей мүлде жұмыс жасамай, топтың жұмысына кедергі болды. Бұл кедергіні жеңу жолын екі оқушыны белгілі бір уақыт арасында бір топта жұмыс жасатпау керек деп шештім. Ал екінші сабағымда Ә мүлде басқаша жұмыс жасады. Сергіту сәтінде ең көңілді оқушы да сол болды. Өз тобында жоба жасауда белсенділік танытып, жобаны қорғауға шықты және басқа оқушыларға қарағанда өзін тақтада еркін сезінді. Топпен жұмыс жасауда оқушылар өздерін еркін сезіне бастады. Жобаларды бағалауда белсенділік танытты. Г болса, бірінші сабақта тек мен ғана деп отырған оқушы, топпен жұмыс жасауда басқаларының пікірін тыңдап, олармен ой бөлісе бастады. Оған кері байланыс кезінде Г-нің өзін бағалауда төрт алғанын, топ сол себептен орта баға алғанын жазған. Қолтырауындар мен тасбақалар тақырыбында сыныпты «атомдар» ойыны арқылы топқа бөліп жұмыс жасаттым. «Жигсо» әдісі арқылы жұмыс жасатып, қаламның түсімен «отбасы» мұшелерін тағайындадық. Алғашқы сабақтарыма қарағанда оқушылар бір — бірімен топтасып жұмыс жасауда жетістіктерге жете бастады. Топта бәрінің пікірі тыңдалып, әркім өз ойын айтып, келіспейтін жақтары болса оны да талқылай бастады. Бұл мен үшін сабақтарымның нәтижелі бола бастағаны еді. Сол себепті төртінші сабақты оқушыларға басқартып көрдім. Нашар оқитын оқушы Төлепбергенге сыныптағы сергіту сәтін ұйымдастыруды ұсындым, ол үшін мектептегі басқа мұғалімдерден кеңес алып, сынып жетекшісінен ақыл сұрауға болады дедім. Т оқушы өзіне берілген тапсырмаға шын көңілімен кірісті. Манарбек ағайдан және Жайнагүл апайдан кеңес алып, сергіту сәтін дайындап әкелді. Яғни, Т. бұрынғыдай емес өзін еркін сезіне бастады, сыныпта топтық жұмыста белсенді қатысты. Сабақтардың қатты ұнағаны және сабақ барысында бұрынғыдай емес түсініп, жаңа қызықты мәлімет алғандығын да жазып берді. Ал топқа бөлуді А-ға тапсырдым. А сыныпты қалай топқа бөлу керек екенін сынып жетекшісінен сұрап сабаққа дайын келді, сыныпты жорғалаушылардың екі түрлі суреті арқылы екі топқа бөлді. Оқушылар да еш қиындықсыз А-ның айтқандарын, тапсырмасын орындап екі топқа тез арада бөліне қалды.

Бұл сабақтар топтамасында бағалауды оқушылардың өздеріне тапсырдым. Алғашқы сабақта өздерін өте жоғары бағалап, кейінгі сабақтарда нақты баға қоюды игере бастады.

Тізбектелген төрт сабағымда диалогтік оқытудың маңызы зор болды. Оқушылардың бәрі жаңа сабақты түсінгендігін, жаңа сабақтан көп мәлімет алғандығын кері байланыста көрсетті. Бұл сабақтар бұрынғы сабақтардан өзгеше болды. Оқушылар бір — бірімен еркін араласып, білмегендерін сұрап, білгендерін басқалармен бөлісті, пікір алмасты. Оқушыларым өздерін еркін сезініп, өз ойларын айтуда жетістіктерге жете бастады. Бұрынғы дәстүрлі сабақтарда үй жұмысын орындамай, сыныпта үндемей отыратын оқушылар тізбектелген сабақтарды белсенділік танытып, сабаққа басқалардан қалыспай қатысып, өз мүмкіндіктерін көрсетті. Мысалға Ә-ні алар едім. Бұрын бұл оқушыға сабақ мүлде қызықсыз болатын, үй жұмысын көзбояушылықпен жасайтын. Сабақ барысында өз жайында отыратын. Ал осы сабақтарымда мені таң қалдырды. Өз ойын еркін айтып, жоба қорғауда Ә-нің осындай белсенді болатынын ойламап едім. Бұдан түйіндегенім оқушыларды толық түсіне білу, олардың нақты неге қызығатынын толық анықтау, міне жетістікке жеткізеді. Л.Выготскийдің айтқанындай оқушылар бір — бірімен диалог құрыуы арқылы білім алатыны және диалог құру болған жағдайда білім беру оңай болады деген ойы өз сабақтарымда нақты көрініс алды. Бұл диалогтік оқытуда тек қана оқушымен оқушы ғана емес, мұғалімнің орынының да зор екенін ұмытпаған жөн. Мұғалім әрқашан оқушыға жол көрсетуші, үлгі бола білу керек. Мен сабақтарымда Мерсердің зерттеп, айтқан әңгімелесудің үш түрінің ішінен әңгіме дебат және топтық әңгімені қолдандым. Зерттеушілік әңгіме де болды әрине.

Дегенмен бұл сабақтарда диалогтік оқытуды қолданғанда қиыншылықтар болған жоқ деуге болмайды, әрине болды. Оқушылардың топпен жұмыс жасау дағдысының жоқ болуы, оқушылардың өз ойын толық жеткізе алмауы, сөздік қорының аз болумен байланысты кедергілер болды. Кейбір оқушылардың менменшілдігінің басым болуы да топтық жұмысқа кері әсерін тигізді. Бұл кедергілерден шығу үшін мен топтық жұмысты қызықты етіп өткізуге, әр топтың еркін жұмыс жасауына, оқушылардың өз ойларын толық жеткізуге, ойын қысылмай жеткізуіне, еркін сөйлеп, басқалармен тақырып бойынша еркін әңгімелесуіне мүмкіндік бердім. Оқушылардың ынтасын арыттыру үшін оларды әрбір дұрыс, жақсы жұмыстары үшін сыныптың алдында мақтап, мадақтап, оларға жұлдызша таратым.

Бұл тізбектелген сабақтарымда диалогтік оқытуды қолдану маған не әкелді? Әрине ең бастысы оқушылардың білім алуында жаңа бағыт бағдар, олардың білімдерін толықтырып тереңдете түсті. Оқушылардың сабаққа деген қызығушылығы арта түсті. Олардың бір — бірін тыңдап, сыйлауы, ойларын еркін жеткізуі, «қате айтсам ұрсама» деген ойдан арылуы. Бірақ мен бұл сабақтарым арқылы оқушыларды жаңадан бәріне үйреттім деген ойдан аулақпын. Оқушылардың бұрын да осындай қабілеттері болғаны рас, тек бұл оқушыларды танып, түсіне білу, оларды аша білуіміз біздің мақсатымыздың бірі. Менің оқушыларым менің алдымда тұрған жабық есік, ал мен болсам, жалпы мұғалімдер осы есікті кілтін тауып, тарылтып аша білуі керек. Қалай ашады, немен ашады, қайтып ашады бұл әрине әр мұғалімнің өз қолында. Тек сол нәзік, құпия есікті сындырып, бүлдірмей ашу әркімнің шеберлігіне байланысты. Ал осы біздің мұғалімдердің біліктілігін арыттырудың ІІІ негізгі деңгейінде алған, жинаған білімдеріміз, тәжірибелеріміз біздің шеберліктерімізді, оқытудағы қабілетімізді ашады. Орнында тұрған су сасыйды дегендей біздерде, мұғалімдер, оқушыларға білім, тәлім тәрбие беру үшін өзімізде ізденіп, оқып үйренуіміз керек. Жаңа заманға сай жаңа заман мұғалімдері болуымыз керек. Білім берудегі жаңа технологияларды меңгеруіміз тиістіміз. Осы Кэмбридж университетінің бағдарламасы негізінде білім беру бізге осылардың бәрін орындап жасауға мүмкіндік береді. Мұғалім мен оқушының білім берудегі, білім алудағы көзқарастарын өзгертеді. Жалпы еліміздегі білім беру жүйесіне көп өзгерістер енді. Нәтижесі де жоқ емес. Оған қазіргі кезде әлемдік білім додаларында биік шыңдардан көрініп жүрген оқушыларымызды айтсақ артық болмас. Осы тізбектелген сабақтар топтамасы оқушылардың көңілінен шықты, олар да бұл сабақтарды ұнатып, басқа сабақтар да осылай өтсе ғой деген пікірлерін білдірді. Тізбектелген сабақтар топтамасынан кейін оқушылар еркін сөйлеп, өз ойларын толық жеткізе алатын болды. Мені оқушыларымның жаңа бағытта жұмыс жасауға тез үйренгені таң қалдырды.

Алдағы мақсатым осы жеті модульді дамыта оқып, өз іс — тәжірибемде толық қолдана білу. Оқушыларды білім берудегі жаңа әдіс тәсілдермен оқытып, білім беру арқылы елімізге қызымет ететін азаматтар дайындау, еліміздің жарқын болашғы үшін аз да болса өз үлесімді қосу. Бұл білім берудегі жаңа бағдарлама мені үлкен белестерге жетелейтініне сенемін. Жас ұрпақты бәсекелестікке қабілетті тәрбиелі, білімді етіп тәрбиелеу әр мұғалімнің шеберлігі мен білімін қолдана отырып атқаратын қасиетті міндеті деп білем.

 

Қолданған әдебиеттер тізімі:

1.                         «Мұғалімдерге  арналған нұсқаулық». 2012 жыл. “Сыныптағы диалогтің маңызы”, 39 бет.

2.                         «Мұғалімдерге  арналған нұсқаулық». 2012 жыл. “Сыныптағы диалогтің маңызы”, 39 бет.

3.                         «Мұғалімдерге  арналған нұсқаулық». 2012 жыл. “Сыныптағы диалогтің маңызы”, 39 бет.

4.                         «Мұғалімдерге  арналған нұсқаулық». 2012 жыл. “Сыныптағы диалогтің маңызы”, 40 бет.

Осыған ұқсас жазбалар:

БастауышСабақ-саяхат. Математика.4 сынып

Іс-шара мәліметтері«Мектептегі тәжірибе» кезеңінде орындауға арналған тапсырмаларға қатысты топтық таныстырылымдар бойынша есеп

ҰстаздарғаТізбектелген сабақтар топтамасы өткізілгені туралы бір рефлексивтік есеп

ҰстаздарғаДиалогтік оқытудың оқу үдерісіне оң ықпалы

ХимияХимия пәнінен олимпиада есептерінің шығарылу жолдары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141914

Теги: есеп
Пікірлер (1)
Дауренбек Хурмет # 24 ақпан 2015 в 00:19 0
деңгейлік курстан өткен кезде жазған есептерімнің бірі

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар