Топтық жұмыс арқылы сыни тұрғыдан ойлауға үйрету

Г.Ш.Нарымбекова

Қарқаралы қаласы Академик О.А. Жаутыков атындағы №1 қазақ орта мектебі

Топтық жұмыс арқылы оқушыларды сыни тұрғысынан ойлауға үйрету

«Сын тұрғысынан ойлау» деген сөз тіркесінде қолданылатын «сын тұрғысынан» деген термин ойдың мәселені немесе проблеманы шешу үдерісіне шоғырлануын білдіреді. Сын тұрғысынан ойлау – Қазақстандағы білім беруді дамыту үшін маңызды болып табылатын қазіргі ең басты педагогикалық түсінік. XX ғасырда осы проблеманы Франкфурт сыни әлеуметтік теория мектебі қарастырды. Джон Дьюи білім беру саласында осындай зерттеуді бастаған алғашқылардың бірі болды, ол оқушылардың ойлау дағдыларын қалыптастырудың білім беру бағдарламасын тек оқушылар үшін ғана емес, қоғам үшін және барлық демократиялық құрылыс үшін тиімді болуына бағыттау керек екендігін мойындатты.

Сондықтан да мен үш айлық екінші (неізгі) деңгей бойынша курстан өтіп, сертификат алып келгеннен бері қазақ тілі мен әдебиеті пәнінен іс-тәжірибемде оқыту мен оқудағы жаңа тәсілдерді яғни, диалогтік оқыту, сындарлы (конструктивті) теорияны оқытуға негіздеп жеті модульді кең көлемде сабағыма енгізе бастадым.

Шағын топтық, жұптық жұмыстар оқушыларда бірлік, бірегейлік сезімдер қалыптастырып, сол арқылы ұжымға тікелей қатысы бар екендігін аңғартады. «Бірлесе көтерген жүк жеңіл» демекші топ болып қандай да болмасын тапсырманы орындау қызық та тартымды жұмысқа айналады.

Оқушының өз еркімен топқа бөлінуі қалыпты, үйреншікті болып, олардың топқа жақсы оқитын, дарынды баламен отырғысы келетіні айқын. Себебі, ол кімнің көбірек жұмыс атқаратындығын сезініп, кейбір кезде жалқаулыққа беріледі. Ал, қай топта отыратындығын білмей келсе, сабаққа ерекше жауапкершілікпен келеді және сабақтың тез уақытылы басталуын тағатсыздана күтеді.Топқа бөлінудің қызықты әрі танымды тәсілдері оқушылардың алдағы жұмысқа деген қызығушылығын және ынтасын арттырады.Жаңа топта бір-біріне деген сенімдері, жылы сезімдер орнайды.Сабақ жоспарын құру барысында дарынды және талантты оқушыларға арнап олардың Блум таксономиясына сәйкес жоғары деңгейде ойлайтынын (яғни талдау, жинақтау және бағалау үдерістері) көрсетуге мүмкіндік беретін және де көшбасшылықты көздейтін тапсырмаларды енгізіп отырамын.

Сын тұрғысынан ойлау- ойлау үдерісінің анағұрлым жоғары деңгеймен байланыстылығына қарамастан, Блум таксономиясына сәйкес, аталған барлық деңгейлер сын тұрғысынан ойлау үшін қажет деп қаралады. Білімді сын тұрғысынан қолдану, талдау, жинақтау, бағалау алдында оны жинап, ұғынып алу керек. (Мұғалімдерге арналған нұсқаулық 44-бет)

Қазақ әдебиеті пәнінен 5 «А» сыныбында Фариза Оңғарсынованың «Оюлар» өлеңін өткенде сабақты топтық жұмыс арқылы өтуді жоспарлап, Блум таксономиясының деңгейіне сала отырып құрдым. Сын тұрғысынан ойланатындай тапсырмалар бердім. Мұғалім мен оқушы, оқушы мен оқушы арасында топта диалогтік әдісті қолдандым. Балалардың қызығушылығын арттыру мақсатында АКТ-ны пайдаландым. Оқушыларды топқа мақал-мәтелдер жазылған қағаз қиындылары арқылы бөлдім.

Білу. «Миға шабуыл» стратегиясы бойынша тақырыптың атын қойған кезде «Қазақтың ою — өрнектері» тақырыбы бойынша материалдар таратып, бұрыннан білген білімдерін қолдана отырып, топтың атын қорғауға тапсырма бердім. Бұл тапсырмада қарастырылатын тақырыпты жеке тәжірибе тұрғысынан ой елегінен өткізіп, ол бойынша не білетіндігін естеріне түсірді, оларды талдады. Оқушылар өз ойларын шебер ортаға салды. Фариза Оңғарсынованың өмірі мен шығармашылығы жайлы оқып келуге алдын-ала тапсырма берілді. Оқушылар белсенді әрекет жасап, оқығанын сыныптастарымен талқылап, тақырыпты өздігімен игерді.

Оқушылар «топтастыру стратегиясы» бойынша «Оюлар» деген сөзді флипчартқа қондырып, оны қорғап, топтық жұмыста көп балалар ашыла түсті.

Түсіну деңгейінде «Оюлар» өлеңінің мазмұнымен танысып, өлеңдегі түсініксіз сөздерді әр топта талдап, “Желбау”, ”басқұр”, “текемет”,«тарамысты» сөздерінің мағынасын бір-біріне түсіндірді.Оқушылар қазақтың қошқармүйіз өрнектері ғасырлардан асып жеткенін айтып,өз көзқарастарын білдіріп, өлеңнің идеясын ашып айтты. Бір-біріне түсіндіру арқылы есте сақтауы жоғарылады.

Қолдану деңгейінде тапсырма дайын күйінде берілмей, бағыт-бағдар берілді. «Болжам жаса және дәлелде»стратегиясы арқылы оқулықпен жұмыс жасап, оқушылар тапсырманы бірлесе, дәл, түсінікті түрде дәлелдеді. RАFT стратегиясы арқылы оқушылардың шығармашылық қабілетін байқатуға, дарынды, талантты балаларды айқындау үшін дұрыс нәтижеге қол жеткізу үшін топ мүшелерінің қатысу нәтижелерін жүйелеуге көңіл бөлдім. Бұл жұмыстар оқушы шығармашылығы деңгейін көтерді. Шәкірттерім бұрын байқалмаған қырынан байқалды. Көптеген оқушылар шығармашылықпен жұмыс жасап, салған суреттеріне көркем тілмен жан бітірді. Талдау кезінде оқушының білім алуын қолдау үшін сұрақ қоюдың түрткі болу, сынақтан өткізу және қайта бағыттау сияқты әдістерін пайдаландым.

Жинақтау кезеңінде оқушылар өздерінің шығарған өлең жолдарын шығармашылықпен орындап, жоғарыдан көрінді.

Оқушылар бағалау тапсырмаларын орындауда келесі әрекеттерді атқарды. «Қандай сұрақ сендерге қиын болды?- деген сұраққа Анель:

    -Сұрақтар мен үшін қиын болған жоқ. Бірақ мені ақынның өлең жазудағы түпкі ойы не? деген сұрақ қатты ойландырды мен болашаққа көз жібердім, ұлттық құндылығымызды жоғалтпау керек, дамыту керек деген ойға қалдым..,- деп жауап берді.

    Бұл жауаптан тапсырманың оқушыларды ойлауға жетелегенін байқадым. Жаңа әдіс-тәсілдермен жасалған тапсырмаларды орындаған сайын оқушылар ашылып, білімдері арта түсті. Бағалау бөлімінде оқушыларға ой тастап, «Оюлар сөйлей ме?» деген тақырыпта эссе жазуға тапсырма бердім. Топ мүшелері және өзім оқушыларды бағаладым.Кері байланыс жүргіздім.Нәтижесінде сабақты оқушылардың толық түсінгенін біліп, тағы да осындай сабақтар болса деген пікірлерімен таныстым. Осы сабағыма «Жауап берілген сұрақтарды есептеу нысаны» кестесін жасадым.Сабақ барысында оқушыларымды оқыту үшін бағалау (ОүБ) бағаладым.

Блум таксономиясына сәйкес ойлаудың деңгейі

Осы ойлау түрі бойынша қойылған сұрақтардың саны

Осы ойлау түрінің болғанын көрсететін жауаптардың жалпы саны

Қойылған сұрақтардың мысалдары

Білу

5 сұрақ

21 жауап

«Ою» деген сөзді естігенде қандай ой келеді? Мақалдың мәнін аш.

Түсіну

14 сұрақ

18 жауап

Қазақтың ою-өрнектерінде «Қошқармүйіз» көп айтылады.Не себепті?

Қолдану

4 сұрақ

16 жауап

Оюды ою өнері жойылып кететіндігіне ақын неге күманданады?

Талдау

4 сұрақ

8 жауап

Өлеңде теңеу не үшін қолданған?

Өлең ұйқасын тап.

Жинақтау

2 сұрақ

10 жауап

Өлеңнің екі жолын жалғастыра аласыңдар ма?

Бағалау

4 сұрақ

4 жауап

Бүгінгі сабақта қандай сұрақ оңай болды?

Қай сұрақ ойландырды?

Қай сұрақ қиын болды?

Оюлар сөйлей ме?

Барлық сұрақтар

33 сұрақ

77 жауап

Жауап алу деңгейі тиісті дәрежеде болды.

Сұрақтарды білім деңгейін тексеру үшін ғана емес, креативтік ойлар мен идеяларды туғызу қабілетін дамыту үшін, кейбір мәліметтерді нақтылау үшін, оқушы әрі ілгерілеу үшін, түсіну мен ұғыну үдерісінде әжептәуір секіріс жасауға көмектесу үшін беріп отырдым.

— Топтық жұмыс жасатуда түрлі іс-әрекеттің нәтижесінде топтық жұмысты ұйымдастырудың сын тұрғысынан ойлауға әсері бар ма?- деген сұраққа жауап алдым.Себебі топтық жұмыстар жасау барысында әр оқушы өз ойын ортаға салып, жинақталған әрбір ой топ арасында еленіп, екшеленіп, сарапталып барып жарыққа шығады.

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

    1.Құдайбергенева К.С. Құзырлылықтың педагогикалық категория ретінде дамуының теориялық-әдіснамалық негіздері. Алматы,2012

    2. Мұғалімге арналған нұсқаулық/ Қазақстан республикасының жалпы білім беретін мектептері педпгогтерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ, 2012

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1152286

Пікірлер (1)
Нургиза # 12 шілде 2014 в 01:32 0
Сындарлы оқытудың 7 модулінің бірі сыни тұрғыдан ойлау есмес пе? Сіз тақырыптың атауында дұрыс жазғансыз,ал мәтінде сын тұрғысынан ойлау деп көрсетіліпті.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар