Диалогтік оқыту-оқушының когнитивті дамуына ықпал етуші фактор

16 қаңтар 2015 - Гульсара Исмагулова

Диалогтік оқыту-оқушының когнитивті дамуына ықпал етуші фактор

Орта білім беру жүйесінде әлемдік жоғары деңгейге қол жеткізген анағұрлым танымал оқыту әдістемелері арасында сындарлы оқыту теориясынанегізделген тәсіл кең тараған.

Өткен ғасырда кеңінен қалыптасқан және әлі күнге дейін қолданылып келе жатқан «дәстүрлі» білім беру үдерісін алып қарасақ, оқушы алған білімдерін басқа білімдермен ешқандай байланыстыра алмайды, өйткені берілген білім тар шеңберде қалып, ол жаттандылыққа негізделгендіктен сыныптан тыс жерде керексіз болып қалады, оқушы оны пайдаланбайды, ал қазіргі ақпараттық қоғамда табыспен өмір сүру үшін балалар мен жастар мән-жайды түсініп, тәуелсіздік алу мақсатында белсенді, сындарлы оқудың тиімді тәсілдеріне тартылуы қажет. Сындарлы оқытудың тиімділігі оқушы пәнді терең түсініп қана қоймай, білімдерін сыныптан тыс жерде тиімді пайдалануға дағдыланады, яғни алған білімін іске асыра алады, сондай-ақ оқушылардың ойлауын дамыту олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан және достарынан алған білімдерімен астастырыла жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді. Оқытудың бұл түрінде оқушылар өте маңызды рөл атқарады: олар құрбы-құрдастарымен әлеуметтік байланыс жасау арқылы белсенді түрде білім жинақтайды, диалогке түседі.

Диалогтік оқытудың ерекшеліктері туралы шетелдік ғалымдар Александер, Мерсер, Литлон, Фриери және орыс ғалымдары Выготский, Бахтиндер өз еңбектерінде атап өтеді.

Александер диалог түрінде оқыту оқушыларды ынталандыру және дамыту үшін әңгіме күшін қолдануға мүмкіндік береді деп санайды. Александердің пайымдауынша, диалог арқылы мұғалімдер күнделікті ойталқыларда «саламатты» келешек мүмкіндіктерін анықтап, оқушылардың дамып келе жатқан идеяларымен жұмыс жасауларына және түсінбеушілікті жеңе білулеріне көмектесе алады. Оқушыларға сыныпта әртүрлі тәсілдер арқылы жүргізілген және кеңейтілген диалогтарға қатысуға мүмкіндік берілгенде, олар өзіндік жеке түсініктерінің өрісін зерттей алады. Бұл мүмкіндіктер олардың тілді, білімді құру құралы ретінде қолданудың жаңа тәсілдерін тәжірибесінен өткізуіне жол ашады.Фриери мұғалім оқушымен диалогқа түсе отырып, оның бойындағы білімді тауып, дамыту арқылы тереңдету қажеттілігін атап өтеді.

Диалогтік талқылау –таным саласы мен құрылымындағы ойталқы. Кез келген мәселені немесе көзқарасты қараған кезде олардың басқа көзқарастар мен мен проблемалардан ерекшелігіне қарамастан олармен байланысты болатындығын байқаймыз.Зерттеушілік диалогта оған қатысушылар өз идеяларының түп тамырын анықтап ұсынады, оны тексереді және басқа көзқарастармен ұштастырады, осылайша біз өз-өзімізбен немесе қоршаған ортамен диалогке түсеміз.Осы жерде сыни ойлау дағдысын мүмкіндігінше диалогпен ұштастыру қажет.Диалогтік ойлаудың ең маңызды формасы сұрақ қоюдың сократтық тәсілі.

Сократтық сұрақ өзінің немесе өзгелер арқылы ойланудың маңызды сәттерінің сыртқа шығуын қамтамасыз етеді:

1)Мәселе неде? Мәселенің осылайша құрылуы дұрыс па?

2)Қандай дәлелдерге арқа сүйер едіңіз? Проблеманы шешудің басқа жолдарын ұсынуға бола ма?

3)Қандай болжам жасауға болады? Олар ақтала ма?

4)Қандай тұжырым қолданамыз? Олар сәйкес келе ме?

5)Қандай дәлел таптық немесе табуымыз қажат? Біздің ақпарат көзіміз сенімді ме?

6)Қандай қорытынды жасауға болады? Бұл қорытынды нақты ма?

7)Біздің пікіріміздің қандай салдары бар?

8)Біздің көзқарасымыздың артықшылығы неде?

9)Біздің көзқарасымызға қарауға тұрарлықтай қарсылық болды ма?

Осы тектес сұрақтар арқылы диалогтің қаншалықты маңызды және оның қабылдаудың дамуына ықпал еткендігін айқындауға болады.

Сонымен қатар диалог барысында кез келген проблема талдануы қажет, сол сияқты талас тудыратын мәселені шешу барысында да мәселенің мәнісін түсіну арқылы шешу жолдары қарастырылады,өйткені ол мәселенің де өз талаптары бар.Диалогта баламалы көзқарастарды да ескеріп, релеванттық көзқарасты анықтауға немесе қайта қарауға болады.

«Өмірдің өзі диалогтік қатынастар»-деп кеңестік зерттеуші М.М.Бахтин айтқанындай қазір сабақты да диалогсіз елестету мүмкін емес, себебі диалог- сенім мен ынтымақтастыққа, сондай-ақ педагогикалық міндеттерді шешуде педагогикалық шеберлікті ұштауға негізделеді. Сабақтар барысында диалогтік оқыту бағытын кеңінен қолданған жағдайда оқушылардың қызығушылығы артып, оқушының когнитивті дамуы соның ішінде, оның қабылдауы, есте сақтауы, ойының,қиялының, тілінің қалыптасуы мен даму деңгейі көтеріледі.

Диалогтік оқыту барысында мынадай міндеттер шешіледі:

-Сөйлеу барысындағы тіл жұтаңдығы азайып, оқушы өз ойын еркін жеткіе алу деңгейіне көтеріледі;

-Сөйлеу мәдениеті қалыптасады;

-Оқуда ынтымақтастық дамиды;

-Сыни ойлауы қалыптасып, дамиды;

-Оқушының қызығушылығы артады;

-Ішкі уәжі арқылы білімге деген қажеттілікті сезіне отырып, білімін дамытуды мақсат етеді.

Өткізілген сабақтарым көрсеткеніндей, оқушылар бір бірімен қарым-қатынас жасау барысында бір-бірін «оқытып», білімдерін толықтыруға үйренді.Ол үшін оқушыларға түрткі болу, сынақтан өткізу, қайта бағыттау сұрақтары қойылып, оның сұрақтарға толық жауап беруге, өз ойын анық білдіруге, өз идеяларын дамытуға бағыттау қажет екендігін аңғардым.Мысалы: «XIXғ 60жж реформасына сәйкес қазақ жерін басқару неше сатыдан тұрды? Оларды атай аласыз ба? Олардың қандай ерекшеліктері бар? Осы сатылардың ішінде Сізге қайсысын басқару ыңғайлы болар еді? Оның себебін түсіндіре аласыз ба? Сіз осы реформа ның авторы болсаңыз қазақ жерін басқаруды қалай ұйымдастырар едіңіз?», т.б сұрақтар арқылы оның ойы дамып, өз пікірін дәлелдеуге үйренеді.Сондай-ақ тарихи жағдаяттарды шешу немесе жеке рефлексиялық қабілеттерін де дамытуға болады.

Кез келген білім объектісі зат ретінде қабылданып, танылуы мүмкін, бірақ субъект зат ретінде қабылданып, оқылмайды, субъект субъект ретінде тасада қалмайды, бұдан шығатын қорытынды, таным тек диалогтік тұрғыда ғана жүзеге асады.

Оқушыларды ҰБТ-ға дайындау барысында да жаңа оқыту тәсілдері арқылы оқушымен диалогке түсе отырып, оның білімін жүйелеуге, дәйектер мен дәлелдерді өздерінің тауып алуы арқылы білімін шыңдай түсуіне көңіл бөлінген жөн.Айталық, Қазақстан тарихынан кездесетін сұрақтардың кейбіреулері әртүрлі жауап нұсқасымен кездеседі.Оқушы осы айырмашылықтарды табады және өз бетімен жұмыстана отырып, баламалы оқулықтарды салыстырып, оны дәлелдейді.Сонымен қатар оқушының ізденіп, нәтижеге жетуінде топпен жұмыстануы,өзі білмей жүрген мәселерді басқалар арқылы білу де оған тестке дайындық барысында үлкен көмек болып, бұл ретте де «оқушы-оқушы» қарым-қатынасы үлкен рөл атқарады.

7 сыныптағы «XV-XVIIғғ қазақ хандығы» тақырыбындағы сабақ барысында оқушылардың топтық жұмысының нәтижесі олардың шығармашылық белсенділіктерін де шыңдады, олар хандар туралы ақпараттарын келісті шағын қойылым арқылы білімдерін импровизацияласа, келесі топ халықтың шаруашылығы жөніндегі ақпараттарын «жәрмеңке»әдісімен ортаға салды, ал үшінші топ оқушылары ортағасырлық қалаға «саяхат»жасауға шақырып, өздері жолсерік(гид) рөлін атқара отырып, қалған оқушылардың білімдерін толықтыра түсті.Бұл жерде оқушы өзгелер көмегімен және өзгелерге өз көмегін тигізе отырып, мәселені шешуде пікірін қоса, қалғандардың пікірімен санаса отырып, шығармашылық қабілетін дамыта алды.

Осыдан шығатын қорытынды, диалогтік білім беру мен білім алу оқушылардың өзара сұхбаттасуы және мұғалім мен оқушы арасындағы диалогтің оқушының өзіндік ой-пікірін жүйелеуі мен дамытуына көмектесетін амал екенін меңзейді.Оқушылардың қалай оқу керектігін үйреніп, соның нәтижесінде еркін,өзіндік дәлел-уәждерін нанымды жеткізе алатын, ынталы, сенімді, сыни пікір-көзқкаркастары жүйелі дамыған, сандық технологияларды тиімді пайдалана алатын білікті тұлға ретінде қалыптасуын қамтиды.

Пайдаланылған әдебиеттер:

1.Мұғалімдерге арналған нұсқаулық.І деңгей

2. «Қазақстан тарихы:әдістемелік журнал».2014ж

3.Бахтин.М.М.Эстетика словесного творчества.М.Искусство.1986

4.Интернет-ресурстар:

http:// evolkov.net

http://ru.wikipedia.org

http://www.moluch.ru/

http://bilimdiler.kz/

Осыған ұқсас жазбалар:

Баяндама«Оқушылардың білім алғандығының дәлелдемелері»

ҰстаздарғаМенің жаңа форматтағы педагог ретінде қалыптасуым

ҰстаздарғаМенің жаңа форматтағы педагог ретінде қалыптасуым

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1068792

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru