ЕРЕКШЕ ЕМТИХАН

11 қаңтар 2015 - Таланттар мектебі
ЕРЕКШЕ ЕМТИХАН

Асқар Наймантаев.

« ЕРЕКШЕ ЕМТИХАН »

Қатысатындар: Профессор — Төшке Үтіровиш Ноқатин.

Декан — Ылдым Жылдымовиш

Студент — Айтбай

******************************************************************

Студент. Ассалау, профессор ағатайым!

Профессор. Аликсалам, мерт болып кетпеші жазатайым! Қай баласың? Түрің таныс… «Розыскіде» жүрген жоқпысың?

Студент. Апырмау, осыдан алты-ақ ай бұрын тағы бір курсты тәмәмдап, алдыңызда бір сағат отырып емтихан тапсырып кетіп едім ғой, қалай ұмыта қалдыңыз?

Профессор. Бәлі, алты ай көрмесем әйелімді де жыға танымай қалар едім… Бірақ оларды алты ай емес, алты күн көрмеу арман ғой… Сонымен, не шаруа?

Студент. Шаруа сол, сессия… емтихан… билеттерге жауап беріп дегендей…

Профессор. Билет? Қайдағы билет? Билетпен жауап беру келмеске кеткен, қазір жаудыртып сұрақ қоямыз, зуылдатып жауап бересіз!

Студент. Мақұл, енді сол сұрағыңыздан болса, енді…

Профессор. Сұрақ жоқ, өтіп кетті. Түгел кетті, тып-типыл.

Студент. Өтіп кеткені қалай? Қайда өтіп кетті?

Профессор. Сатылып кетті! Қайда, күзден бастап өтті ғой. Қалған жоқ.

Студент. Қап! Бір-екі оңай сұрақ қалған жоқ па?

Профессор. Оңай сұрақ алдымен кетеді ғой. Оның үстіне биыл оңай сұрақ екі есеге қымбаттап кетті ғой! Сонда да қалмады! Қазір оңай сұрақтың қалғандарын анау Республика сарайының алдында билет сатқандар бес есе қымбат бағамен сатып жатыр дейді! Оңай сұрақ дегенің қазір «Тамашаңның» билетінен қымбат! Үлгерсең аларсың… әй, бірақ, оларда да қалмады-ау деймін!

Студент. Енді қайттім… Ағатай-ау, енді, өзім деп алып қойған, сары майдай сақтап қойған наша-а-а-ар сұрағыңыз бар шығар. Маған ең нашары болса да бола береді. Срогі өтіп кеткен, иістеніп, бұзылып кеткен сұрақ болса да…

Профессор. Көке бала, «бұзылған сұрақ — бюджет», «иістенген сұрақ — инвестиция» болып тұр қазір! «Нашар — сұрақ налогқа кетеді!» Ондай сұрақтарды қазір өзіміз де көрмейтін болғамыз. Олар жылдың басында, бюджет бекіген кезде, жоғарғы жақтан жоқ болады. Ректордың тізімі арқылы тарап кетеді.

Студент. Құрдымға кетті деген осы! Бірлі жарым сұрақ та қалған жоқ па?

Профессор. Енді аздаған қиын сұрақтар қалды енді… Қиын сұраққа сұраныс жоқ қой, өтпейді. Ептеп арзандатсақ та өтпей тұр…

Студен. Енді жоқтан көрі жоғары дегендей… Қандай сұрақтар олар?

Профессор. Айтып отырмын ғой қиын сұрақтар деп! Өте қиындары да бар. Бірақ, арзан! Алғын келсе, ойлан, әлі де біраз түсіріп беруіме болады…

Студент. Арзан болғанда, енді ол қандай сұрақтар? Алуын алармыз-ау, пайдаға жарамаса керегі не?

Профессор. Мәселен мына сұрақты қара; « Абылай ханның атқосшысы ат суарып тұрғанда, жанынан шауып өтіп, көрші ауылдың қызына бара жатқан жігітті жолда күтіп жүрген қыздың астындағы атын үркіткен иттің тісі нешеу?»

Студент. Не !!!???.. Жауаптарының былай варианттары бар ма?

Профессор. Бар: а) « Отыз екі тіс»;

б) « Кәрі ит болатын, аузында тісі жоқ»;

в) « Оның тісін кім санады ғой дейсің»;

г) « Жауаптардың ешқайсысы дұрыс емес». Алатын болсаң осы сұрақты… тәк, о баста бір өгіз деген екенбіз, қазір,… қазір,… бір «обедке» түсіріп берем… аласың ба?

Студент. Оу, ағатай, жауабы жоқ сұрақты қалай бір «обедке» алам… Қазір «обед» дегенің удай ғой. Сіздің бір «обедіңізге» Совет өкіметі кезінде бір «Жигули» сатып алуға болады… Тағы көрейік те, ағасы, қоржын түбі бос емес сияқты ғой?

Профессор. Қалғаны осындай сұрақтар енді, қиын, бірақ арзан,…

Студент. Енді аса арзан емес, аса қымбат емес, енді,… студенттің қалтасына сай бірдеңе болса?

Профессор. Мына сұрақ қалай? Бастапқы бағасы бір қой болған екен, қазір,… қазір,… бір қап Нарынқолский картошкаға берем? Аласың ба?

Студент. Көрелік… қандай сұрақ екен?

Профессор. Тыңда; «Екіге екіні қосса неше болады?» — дейді… Қалай?

Студент.… ???… варианттары қандай?

Профессор. Жауаптың түрлері көп; а) «Төрт болуы мүмкін»;

б) « Тарызыдан жесең – бес болады,

Жей алмасаң, еңбегің еш болады!»

в) «Өзің қоссаң дәл болады,

Бастығың қосса нөл болады!»

г) «Осы уақытқа дейін екіге екіні қоса алмасаң әкеңнің басына профессор болып отырмысың!?» — дей ма?.. Не дейді?.. «Осы уақытқа дейін екіге екіні қоса алмасаң…

Студент. (нықтап, шегелеп) «… әкеңнің басына профессор болып отырмысың!?»-дейді!!! Осы соңғы жауап дурыс қой деймін?.. Бірақ, бір қап Нарынқолский картошка деген слишком қымбат… арзандатпасаңыз болмайды.

Профессор. Ну, жарайды, жарты қап болсын… Жо-жоқ, профессорға тіл тигізетін сұрақ арзан болмайды! Үш қап!

Студент. Жаңа ғана жарты қап еді ғой? Түсірсеңізші енді?

Профессор. Үш қап! Бітті, шаруа! Атың кім еді? Кімсің?

Студент. Айтбаймын! Айтба…

Профессор. Неге айтпайсың? Мұғалімге аты-жөніңді айтқың келмей ме? Әлде арланасың ба? Өз атыңнан өзің ұяласың ба?

Студент. Жоқ, ұялмаймын…

Профессор. Ендеше айтсаңшы, кімсің?

Студент. Айтбаймын деп тұрмын ғой…

Профессор. Неге айтпайсың?! Менің атым, профессор -Төшке Үтіровиш Ноқатин! Ал сен кімсің?

Студент. Айтбаймын!

Профессор. О, нахал! Бар, декансыз қайтып келме! Жоғал!

Студент. (көрерменге) О, тоба, атынды айтсаң да кінәлісің!? Атым Айтбай деп айттым ғой!.. Декан ағай, оу, Ылдым Жылдымовиш! Сізді профессор кіріп кетсін дейді.

( Деканмен бірге келеді)

Декан. Иә, профессор мырза, не жағдай?

Профессор. Бәрекелді декан мырза, Сіз маған аты-жөніңізді айтыңызшы?

Декан. Ылдым Жылдымовиш Қылдымов. Ал?

Профессор. Ал, мына бәтшағар маған атын айтқысы келмейді!

Декан. Неге?

Студент. Жоқ, мен Айтбаймын деп айттым…

Профессор. Әне, естідіңіз ғой? Айтпаймын дейді?

Декан.(студентке оңаша сыбырлап) Неге айтпайсың? Өле алмай жүрсің бе? Емтиханнан үш ала алмай журіп, атыңда айтпағаның не?

Студент. (бұл да сыбырлап) Декан ағай, Сіз түсініңізші менің атым Айтбай ғой! Мен енді сол атымды айтып тұрмын ғой – «Айтбаймын»-деп…

Декан. Айтбай? «Айтбаймын ...» Ә-ә, солай екен ғой! Аса құрметті профессор, бұл бала сізге Айтбаймын деп айтып тұр екен ғой!

Профессор. Сол ғой мені де күйдіріп тұрғаны, айтқысы келмейді!

Декан. Жоқ, айтқысы келмей тұрған жоқ, Атбаймын деп айтып тұр ғой!

Профессор. Ал? Сонысы дұрыс па, Сіздіңше?

Декан. Әрине, дұрыс.

Профессор. Тоба! Сұмдық! Студенті атын айпаймын дейді, деканы соны дұрыс дейді! Масқара! Мен ректорға рапорт жазам!

Декан. Жо-жоқ, қадірлі профессор, сіз түсінсеңізші, бұл бала «Айбаймын» деп тұр ғой.

Профессор. Мен түсініп тұрмын, ойбай! Айтпаймын деп тұр! Неге? Онда тұрған не бар? Әлде айтуға ұят па? Қазақта Көтібар деген де ат болған! Оны да ұялмай айтып жүрген ғой. Мен атымды айтудан арланбаймын, мен – ТӨШКЕМІН, ал сіз…

Декан. ЫЛДЫММЫН:

Профессор. Ал, сен?

Студент. Айтбаймын!

Декан. Дұрыс айтады!

Профессор. Бітті! Ректорға рапорт жазам! Ал саған «Екі!»

Студент. Жазығым не?

Профессор. О, тоба, «жазығым не?»-дейді! Атыңда айтшы, ең болмаса «үш» қойып берейін!

Декан. Дұрыстап айтшы енді!

Студент. Айт-Бай –Мын!!!

Профессор. Айтпасаң — Айтбайдың тоқалы бол!

Студент. Тоқалы емес, өзі болам!

Профессор. Өзінен садаға кет!

Декан. Вот! Сол тоқал алатынның өзі ғой бұл!

Профессор. Қайдағы тоқал? Атын айтпаса бұған бәйбіше де жоламайды! «Екі!» Оқудан шығарам, ректорға айтып енді университеттің маңайынан жүргізбей қоямын!

Студент. Айтбаймын! Айтбай! Айтып отырмын ғой Айтбаймын деп!

Декан. Бұл баланың аты Айтбай! Айт-бай!

Профессор. ...???.. Айтббб… ббббай… Айтбббаййй? Ал, әкеңнің аты кім?

Студент. Үндемес.

Профессор. Үндемес? Тоба… Фамиляң кім, атаңның аты?

Студент. Тілқатпас.

Профессор. О, сұмдық! Сонда, Айтбай Үндемесовиш Тілқатпасов боласың ба?

Студент. Иә.

Профессор. Шешеңнің аты кім?

Студент. Тымпи.

Профессор. Тымпи – аузыңа құм құй. Семьясымен мылқау болды ғой бұл бала.

Декан. Иә, солай екен. Енді бір екі оңай сұрағыңызды қойып жіберіп құтылайық бұл баладан.

Профессор. Декан мырза оңай сұрақ қымбат қой қазір… оның үстіне түгел өтіп кетті ғой

Декан. Бұл бала ерте-е-е ақысын төлеп қойған ғой. Өшіреттің алды осы бала болатын. Былтырғы соғым осы ауылдан ғой, күздегі семіз тоқты да осы жақтан еді ғой.

Профессор. Солай ма? Бұл бала сәбсім оңай сұрақты алып алған екен ғой,ә? Ә, қу бала, маладес! Ал, олай болса айта ғой, «Абайдың әкесінің аты кім?»

Студент. Абайдың әкесі ...???…

Декан. Апырай, профессор ағасы-оу, тым оңай сұрақ қойдыңыз ғой. Сәл қиынырағын қоймайсыз ба? Абайдың әкесі Құнанбай екенін біледі ғой бұл. Иә, білесің ғой Құнанбай екенін? Иә, солай ма? Құнанбай деші?

Студент. Құнанбай…

Декан. Әне!

Профессор. Мынау бір ағып тұрған бала ғой! Келесі сұрақ, «Менің атым- Қожаның» авторы кім?

Студент. «Менің атым ...»

Декан. Тух, балаға қоятын сұрақты студентке қойып тұрғаныңыз-ай! «Менің атым Қожаны» Бердібек Соқпақбаев жазғанын бала бақшаның баласы да біледі ғой, солай емес пе?

Студент. Солай…

Профессор. Немене солай?

Студент. «Менің атым Қожаны» бала бақшаның балалары жазған…

Декан.… «деп ойлап қалмаңыз, оны Бердібек Соқпақбаев жазған»- дегің кеп тұр ғой, ә?

Студент. Иә!

Профессор. Ой, маладес! Мынау нағыз оқымысты бала ғой.

Декан. Айтып отырмын ғой, алғыр бала!

Профессор. Мә, «Бес!»

Студент. Ура!!!

Осыған ұқсас жазбалар:

Сценарий​«Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне кездесу кешінің сценарийі

СценарийСоңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

Сценарий«Үздік қаржыгер» интелектуалдық ойынының жоспары

Тәрбие сағатыТәуелсіз елім - Қазақстаным

ҰстаздарғаӘРІПТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083434

Пікірлер (3)
Askar Naymantaev # 11 қаңтар 2015 в 16:50 +1
Иә, шынымен де "Өнер" не "Сахна" дене бөлім керек екен. "Музыка" бар, бірақ ол бізден сәл алшақтау ғой. Ең болмаса "Сценарилер" деген бір қалта жасап қою керек болар. Біз сонда сала берейік, жұрт қалағанын ала берсін.
Таланттар мектебі # 11 қаңтар 2015 в 17:08 0
"Тамашадан" көргеміз осыны! dance dance dance
Базаргул Агимбекова # 28 маусым 2015 в 23:47 0
Өмірде бәрі болады. v zlo dance

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар