Мұғалімге кімнің жаны ашиды?

8 ақпан 2015 - Талғат Ануарбек
(Мұғалім күнделігінен)
Бұл күнделік 1995 жылы сәуір
айында жазылған екен. Аздап толықтырып
сіздердің назарларыңызға ұсынып отырмын

1995 жыл сәуір айы
Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға, ақырын жүріп анық бас, еңбегің кетпес далаға», деп ұстаздың қамын жеп, қараңғы қазақты ағартам деп, сол еңбегің құмға сіңген судай боп далаға кеткеніне құсаланып өмірден өткен жоқсың ба, қайран Абай ата!
Мұғалімнің еңбегін бағалап, мұғалімге жаны ашитын кім бар? Тәуелсіздігімізді алғаннан бері мұғалімдікке кім келіп, кім кетпеді. Кеткендер заман ағымына сай мол ақша табудың соңында кетті. Келгендер нағыз мұғалімдер емес, күн көрістің қамын іздегендер. Қалғандар кім? Олар – нағыз мұғалімдікке берілгендер. Басқа жұмыс туралы көз алдына ештеңе елестете алмайтындар. Мұғалімдіктің нанын адал теріп жеп жүрген – нағыз ұстаздар.
Ұстаз. Бұл сөз, ұста деген сөзден шыққан шығар. Ұста – ол темірден түйін түйетін адам. Шикі темірден адам өміріне қажетті неше түрлі бұйымдар шығаратын адам. Ал ұстаз – ол «шикі» адаммнан адам өміріне қажетті нағыз адамдарды тәрбиеп шығаратын жандар. Осы адам ұстасының қатарына ұста еместердің келуі болашақта қандай адам тәрбиелеп шығатынын кім білсін.
Осы ұсталық міндетін кім қалай атқарып жүр?
2015 жыл ақпан айы.
Әйтеуір, шәкірттердің білім деңгейі төмендеп, тәртібі нашарлап, оқудың сапасыздануы осы, ұстаздар қауымына үлкен айып болып тағылуда. Иә, ол сөзсіз ұстаздарға байланысты. Өйткені, сенің жеп отырған наның сол.Сен бәріне жауап бересің. Ол дұрыс-ақ. Бірақ, баланың үйінде жүріп, тіпті жазғы демалыс кезінде дәрі ішіп улануының себебін мұғалімдерден іздегенді де көзімізбен көрдік. Осы, бәріне мұғалім кінәлі деген қисық ұғым қашан, қалай қалыптасты?
1995 жыл сәуір айы.
Кеңес үкіметі ыдырап, социалистік қоғам келмеске кетіп орнына жаңа қоғам жүйесі құрылған кезде мұғалім мәртебесі аяққа таптала бастады. Ұстазды қоғамдық әлеуметтік жағынан ешкімде қорғамады. Меншік түрлері таратылған кезде мұғалім шет қалып қойды. Тіпті біздің ауылда мұғалімдерге жер үлесі де берілмеді. Міне, осы кезден бастап мұғалім мәртебесі табан астында қалды. Олар қоғамда төмен сатыдағылардың қатарына кірді. Өйткені, қоғамның барлық байлығы басқалардың қолына көшті. Байлықтан қағылған мұғалімдер басқаға жаутаңдап қол жаятын болды. Ондай адамды кім жақсы көрсін. Мұғалімді менсінбеушілік пайда болды. Ата-анасы менсінбеген, құрметтемеген адамды баласы қайдан құрметтесін. Оларға шәкірттері де шекесінен қарады. Байғұс ұстаздарды сатып алуға мүмкіндік туды. Байлығы барлар мұғалімдерге өз үстемдігін жасады. Міне, осыдан білімсіз оқушы пайда болды. Білімсіз оқушы орта мектепті бітірді. Одан жалғасып жоғарғы оқу орнына түсті. Онда да бәрі сатылды. Қоғамда «бәрін ақша шешеді» деген ұғым қалыптасты. Білім далада қалды. Осылай бүкіл елді тұтастай білімсіздіктің жұты жайлады.
2015 жыл ақпан айы.
Бұл жұттың аяғы қазірде жалғасуда. Бұдан қашан құтыларымызды бір құдай өзі білсін. Бұдан құтылудың жолын мұғалімдер тек ғана өздері іздеу керек, тек өздері. Мұғалімдер өздеріне сенсін. «… Өзіңе сен өзіңд алып шығар, еңбегің мен білімің екі жақтап»,- деген Абай атамыздың сөзін тыңдасақ; мұғалімдерге үнемі білімін жетілдіріп, тыным таппай еңбектену, іздену керек сияқты.
1995 жыл сәуір айы.
Бүгінде мұғалімді, мұғалім еңбегін бағалайтын ешкім таппайсың. Мұғалім деген бір тегін жатқан жұмыс. Оны кімде істей алады. Екінің бірі мұғалім бола алады. Бұрын дәрігер, мал дәргері, агроном, т.б мамандықтың дипломы бар болса мұғалім істеуге болады. Орта білімің бар ма, мұғалім істеуге болады. Мұғалім болу деген соншалықты ойыншыққа айналды. Тіпті мектепке тазалаушы болып кіріп, мұғалім болып кеткендердің де куәсі болдық. Сондай мамандықта не қадір қасиет қалсын. Шын мәнінде бұл дұрыс емес. Ұстаз болу – талант. Талант – ол туғанда адам бойына дарыған қасиет. Оны дарын дейді. Сондықтан ұстаз болу тек ғана талантты дарын иесіне ғана тән. Жазушыларды талант және еңбекқор жазушылар деп екіге бөлуге болады деп бір жерден оқып едім. Мұғалімдер, біздер талант ұстаз болмасақ та, еңбекқор ұстаз болсақ жеткілікті.
2015 жыл ақпан айы.
Бүгінгі таңда мектепте оқып жүрген, оқушы кезінен ұстаздыққа бейім, адамдармен тіл табысып жұмыс жасай білетін талай шәкірттерімізді көзіміз көріп жүр. Сол шәкірттеріміздің бойындағы сол таланттарын дамытып олардың ұстаздық жолға түсуіне жол көрсетсек жақсы болар еді. Бірақ олар оңайлықпен мұғалімдікті таңдай қоймас. Өйткені, мұғалімдердің еңбегінің қадірінің қашқанын олар жақсы біледі. Дарынды жастарды мұғалімке әкілу үшін ең алдымен мұғалімнің қоғам алдындағы беделін көтеру керек. Мұғалімнің табан астында қалған құқықтарын қорғауды, әлеуметтік жағдайларын қалыпқа келтіруді қолға алу керек. Және де мұғалім еңбегін бағалаудың жаңа жүйесін қалыптастыру керек деп ойлаймын. Қоғам алдындағы мұғалімнің еңбегінің өлшеусіз екендігін бәріміз білеміз. Ал мұғалім еліне, қоғамға қырық жыл еңбек етіп ешбір марапатсыз зейнеткерлікке шығып жатқанына куә болып жүрміз. Шынын айтсақ, аудандық білім бөлімінің мақтау қағазы, азын-аулақ ыдыс-аяқты сыйға тартып шығарып салу — тіпті ұят дүние. Кейбіріне ол да жоқ. Қырық жыл еңбек істеген мұғалімге мемлекеттік деңгейде, отыз жыл істегенге министрлік деңгейінде, жиырма жыл еңбек істегендерге облыстық деңгейдегі марапаттал жасалса құба-құп. Ал жемісті еңбек еткен мұғалімдерге уақыт күттірудің қажеті жоқ. Дер кезінде еңбегінің нәтижесіне сай марапаттар, материалдық көмектер жасалса орынды болар еді.
1995 жыл сәуір айы.
Біздің мақсатымыз не? Оған бір ауыз сөзбен жауап берсек; басында айтқандай «шикі адамнан» адам тәрбиелеп шығару. Иә, тәрбиелі адамнан саналы азамат, білімді маман өсіп шығады. «Заманына қарай түлкісі» демекші әртүрлі адамдар мұғалімдікті кәсіп қылып жүр. Мұғалімдікті оңайлыққа балап жүргендер – адасқандар. Ал оған жол бергендер ақшаға сатылғандар. Олар бәрін ақшамен өлшеді, ақшаға құл болды. Осы көрініс оқушыларымызға да әсер етпей қоймады. Шәкірттерімізде сусындай бастады. Дәмін алып, балын татқандары да кездеседі.
Мұның бәрін тек қана ұстаз жөндемек. Өйткені ұстаз, ол – қоғамның дәрігері.
2015 жыл ақпан айы.
Ал «қоғамның дәрігері» білімсіз болса, қоғамның ауруы ешқашан жазылмайды. Сондықтан бүгінгі таңда біздің мектептерімізге қоғам алдындағы міндетін жақсы түсінген, өз мамандығына шын берілген, сабақтарын ұлттық мүддемен ұштастыраа білетін, болашақ ұрпаққа шын жанашырлықпен қарай алатын, елін сүйетін елжанды, ұлтын сүйетін ұлтшыл мұғалімдер керек.
1995 жыл сәуір айы.
Абай атамыз айтып кеткендей заманды және адамды түземекке екі түрлі нәрсе керек. Бірі — билік, екіншісі – байлық.
Билік, ол –білім. Білімді адам қашанда көшбасшы бола алады. Бұл жерде басшы болуды айтып тұрғам жоқ.
Байлық, ол –ақша. Ақша – материалдық байлық. Бүгінгі таңда мұғалімге екуі де қажет. Бірақ билік пен байлық адамды адалдық пен адамдықтан шығармауға тиіс. Менің бұл жерде айтып отырғаным, ұстаз адам қашанда адамдықтың алдыңғы сапында, қатарында болуы шарт.
«Бұлақтың көзі лай болса, аяғы бұлыңғыр», деген халық мақалында айтылғанындай ұстаз бәрі жағынанда мөлдір бұлақтай таза болып, сол мөлдір бұлақтан сусындап өскен құрақтардың соншалықты таза болатындығы ешкім айтпай-ақ бірімізге мәлім.
2015 жыл ақпан айы.
Мұғалімге мұғалімнен басқа кімнің жаны ашиды. «Бәріміздің илеп жатқанымыз бір терінің пұшпағы» болғандықтан, соның илеуі дұрыс босын дейсің. Ел болашағы білімде болғандықтан, елдің ұстазы білімді, білікті болсын дейсің, мұғалім түзелсе оның еткен еңбегі түзелер. Еңбегі түзелсе, ол еңбек дұрыс бағаланса деген ой біздікі.
«Қазақтың тағдыры, келешекте ел болуы да мектебінің қандай негізде құрылуына барып тіреледі. Мектебімізді таза, берік һәм өз жанымызға /қазақ жанына/ үйлесетін негізде құра білсек, келешегіміз үшін тайынбай- ақ серттесуге болады», — деп алаштың ұлы ақыны Мағжан Жұмабаев айтқандай ұстаздық жолды таңдаған екенсің, ұрпақ тәрбиесін, ел тағдырын ойлаған екенсің, олай болса, серт бер де, сертіңде тұр.
Ақмола облысы
Атбасар ауданы
Мариновка қазақ орта мектебі
Талғат Әнуарбекұлы

Осыған ұқсас жазбалар:

ҰстаздарғаҮздік мұғалім

Жаңалықтар2015 жылы шілдеден бастап мұғалімдердің жалақысы өседі

Ұстаз үніҚоғамдық қатынастардың жаһандану жағдайындағы мұғалімнің жаңа мәртебесі

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103559

Теги: мұғалім
Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар