Оқытудың жаңа технологияларын педагогикалық процесте пайдаланудың тиімділігі

17 наурыз 2015 - Меруерт Аманова

«Еліміздің ертеңі бүгінгі жас ұрпақтың қолында, ал жас ұрпақтың тағдыры ұстаздардың қолында»

Н.Ә.Назарбаев

Аманова Меруерт Ашимхановна «Есепші» мамандығы бойынша цикл бірлестігінің төрайымы, арнайы пән оқытушысы

Әлемнің жетекші елдерінің көпшілігі білім беру жүйесін, білім берудің мақсатын, мазмұны мен технологияларын оның нәтижесіне қарап бағалайтын болды. Білім берудің қазіргі негізгі мақсаты білім алып, білік пен дағды, іскерлікке қол жеткізу ғана емес, солардың негізінде дербес, әлеуметтік және кәсіби біліктілікке – ақпаратты өзі іздеп табу, талдау және ұтымды пайдалану, жылдам қарқынмен өзгеріп жатқан бүгінгі дүниеде лайықты өмір сүру және жұмыс істеу болып табылады.

XXI ғасырда әлемдегі қайта құрулар, экономиканы дамытудағы жаңа стратегиялық бағдарламар, қоғамның ашықтығы, оның жедел ақпараттануы мен қарқынды дамуы білім беруге қойылатын талаптарды түбегейлі өзгертті.

Дүние жүзіндегі инновациялық процестердің барлығы кез — келген мемлекеттің экономикалық дамуының жоғары деңгейін қаматамасыз етумен бірге, ғылыми-техникалық ілгерілуін де едәуір жылдамдатады. Өйткені, мемлекет дамуының негізі болып табылатын инновациялық саясат кез — келген бәсекеге қабілетті мемлекеттегі ғылым дамуының бағытын анықтайды. Сондықтан да ғылыми — техникалық процесс бүкіл әлемде «инновациялық процесс» — ұғымымен тығыз байланыста болуды талап етеді. Инновациялық процесс жаңа бір өнімнің алынуын білдіреді де, ол идеяның пайда болуынан бастап, оның коммерциялық тұрғыда жүзеге асырылуына дейінгі ұзақ жолды қамти отырып, әр түрлі қарым — қатынастар (өндіру, алмасу, тұтыну) кешенін өз қарамағына алады.

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңының 8-бабында «Білім беру жүйесінің басты міндеті — оқытудың жаңа технологияларын енгізу, білім беруді ақпараттандыру, халықаралық коммуникациялық желілерге шығу, ұлттық және жалпы адамзаттық құндылықтар, ғылым мен практика жетістіктері негізінде жеке тұлғаны қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасау» — деп атап көрсеткендей, қазіргі кезеңде әрбір мұғалімнің алдына қойып отырған басты міндеттерінің бірі- оқытудың әдіс-тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және жаңа педагогикалық технологияны меңгеру.

Осы орайда, білім берудің мақсаты – қазіргі қоғам талабына сай алынған терең білім, білік, дағдылар мен құзырлықтардың негізінде еркін бағдарлай білетін, қойылған мақсатқа танымдық қызмет жасау арқылы жете алатын, өз бетінше дұрыс, тиімді шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру болып табылады. Оны жүзеге асыру – білім беру мекемелерінде жеке тұлғаның танымдық белсенділігін арттыруға септігін тигізетін оқу процесін ұйымдастырудың тәсілдерін, әдістері мен нысандарын іздестіруге өзекті сипат береді.

Білім беру мекемелерінің алдына қойып отырған мақсаты — инновациялық оқыту технологиясы арқылы оқу мен тәрбие жұмысын дамыту, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту бағытында жеке тұлғаға жүйелі, нақты білім беру. Алайда, инновациялық педагогикалық технологияларды қажетті деңгейде қолдану және осы арқылы жеке тұлғаның білім деңгейін, шығармашылық қабілетін қоғамдық сұранысқа сай қалыптастыру барлық білім беретін мекемелердің дағдылы ісіне айнала қойған жоқ. Әлі де болса көптеген оқу орындары оқыту процесін ұйымдастыру мен жүргізуде оқытудың дәстүрлі әдістері мен тәсілдерін пайдаланумен шектелуде. Инновациялық педагогикалық технологияларды қолдану оқу процесін сапалы түрлендіруге, жаңашыл жобаларды енгізуге, оны тиімді басқаруға негіз болып, әрбір білім мекемесінде өзіндік даму жолын табуға, әрбір мұғалімге өзінің әдістемелік жүйесін құруға септігін тигізер еді. Сондықтан қазіргі кезеңде оқытудың инновациялық технологияларын оқу орындарының практикасына белсенді түрде ендіру – қоғам талабы.

Инновациялық педагогикалық технологияларды теориялық және ғылыми-қолданбалы бағыт тұрғысынан зерттеу арқауы етіп, оларды оқу үрдісін жетілдіру бағытында қолдану мәселелерімен В.П.Беспалько, К.Ж.Бұзаубақова, Қ.А.Сарбасова, М.М.Жанпейісова, Ш.Таубаева, Ж.М.Қараев, Л.А.Шкутина және т.б. ғалымдар айналысты.

«Технология» — ұғымы соңғы кездері ең көп қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Технология ұғымының оқытудың технологиясы, педагогикалық технология, білім беру технологиясы, тәрбие технологиясы, қарым-қатынас технологиясы, даму технологиясы, қалыптасу технологиясы, модульдік технология, топтық оқыту технологиясы сияқты психологиялық-педагогикалық ұғымдармен байланысы сан алуан. Жоғарыда аталған технологиялардың қай түрі болмасын, өзінің мәнін анықтап, сипаттама беруді қажет етеді.

«Технология» ұғымы «тehne» — өнер, шеберлік, «logos» – ілім, білім, оқу, ғылым деген мағыналарды білдіретін, грек тілінен енген екі сөзден тұрады. Сондықтан, «технология» — терминін — өнер туралы ғылым немесе шеберлік туралы ғылым — деп аударуға болады.

АҚШ пен Батыс Европада XX – ғасырдың екінші жартысынан бастап оқыту процесінің технологиясын жасау бағытындағы ізденістер белсенді түрде жүргізіле бастады. Осы уақытта оқыту үрдісіне техникалық құралдардың енуіне байланысты «білім берудің технологиясы» — термині кеңінен қолданыла бастады. Кейінірек, түрлі техникалық құралдарды қолдану әдістері жөніндегі еңбектердің ықпалымен бұл терминдер «педагогикалық технология» — деп атала бастады. 60-шы жылдардың ортасында технологиялық әдіс шет елдерде кеңінен қызу талқылана бастады. Мұнда негізгі екі бағыт көзге түсті. Біріншісі, бұрынғыша технологиялық әдісті, техникалық құралдарды қолданумен байланыстырылса, екіншісінің құрамында оқу процесінің өзін ұйымдастырудағы технологиялық әдістер дами бастады да педагогикалық технология «оқытудың технологиясы» — деген термин пайда болды.

Педагогикалық технологияларға барлық елдер ғалымдары қызығушылық танытуда. Шетел зерттеушілері педагогикалық технологияны психология

, әлеуметтік философия, басқару және мақсат қою теориясы, техника, қарым-қатынас, аудиовизуалды білім беру және кибернетика элементтерінен тұратын пәнаралық конгломерат ретінде қарастырады.

Сонымен, педагогикалық технологияны — оқыту үрдісін түгелдей қолдану және бағалау, сол сияқты, білімді адамдар мен техника ресурстарын ескеру арқылы білімді игеру, және осы жолда тиімді түріне жету үшін оларды жоспарлаудың жүйелі әдісі ретінде қарастыруға болады.

Білім берудің технологиясы педагогикалық пән ретінде дидактикадан кейінгі орынды алады. Оқытудын технологиясын — қолданбалы дидактика десе де болады. Бір сөзбен айтқанда, оқытудың технологиясы — оқыту іс — әрекетінін әдіс-тәсілдері мен құралдарын ұйымдастыру және қолдану теориясы.

Қазіргі білім беру саласындағы оқытудың озық технологияларын меңгермейінше сауатты, жан-жақты маман болу мүмкін емес. Жаңа технологияны меңгеру тұлғаның интеллектуалдық, кәсіптік, адамгершілік, рухани, азаматтық және де басқа көптеген адами келбетінің қалыптасуына игі әсерін тигізеді, өзін-өзі дамытып, оқу-тәрбие процесін тиімді ұйымдастыруына көмектеседі. Қазіргі педагогика жаңалықтарын пән ерекшелігіне қарай қолдана білу — оқыту мақсатына жетудің бірден — бір жолы. Осы жолда педагогикалық технология оқыту мақсатына жетудің тиімді, нақты жолдарын көрсетеді. Оқытудың жаңа технологиясы іс-әрекеттің жоспарланған нәтижесіне жетудің шартты тәсілі ретінде қарастырылатын жаңа әдістердің жиынтығынан тұрады.

Оның дәстүрлі оқыту технологиясынан ерекшелігі мынада:

— білім алушы тұлғаның интеллектуалды дамуы аз уақыт ішінде қабылдау дәрежесінің жоғары мөлшеріне жетуіне бағытталғандығы;

— білім алушы мен мұғалімнің белсенділігінің сәйкес болуы;

— мұғалім мен білім алушының өзара қарым — қатынасында жауапкершіліктің міндеттілігі.

Оқытудың дамыту функциясы білім алушы тұлғасын жетілдіруге бағытталған арнайы дайындалған кейбір оқыту технологиясында, әдістемелік жүйелері мен әдістерде жүзеге асырылады. Оларға жаңа сипаттағы жаңа технологияларды жатқызуға болады. Олар: «Деңгейлеп оқыту технологиясы», «Модульдік оқыту технологиясы», «Сын тұрғысынан ойлауды дамыту технологиясы», «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» және т.б. жатады.

Деңгейлеп оқыту технологиясының тиімді жақтары:

1. Өтілген материалды толық меңгереді, өйткені сабақ сайын қайталанып, пысықталынып отырады.

2. Тақырыпқа байланысты оқулықта берілген тапсырмалар толығымен орындалады.

3. Оқушы өзін-өзі тексереді,өзінің жіберген қателерін біліп отырады.

4. Талдау жұмыстарын үнемі жүргізіп отырады.Талдаудың барлық түрінде сабақ сайын қайталап отырады.

5. Білім сапасы әр сабақ сайын тексеріліп отырады, алған білімдерінің нәтижесі айқын көрініп тұрады.

6. Ойлау қабілетін арттыратын тапсырмалар орындайды.

7. Әр оқу пәнінің барлық тақырыбы бойынша ең болмағанда міндетті 1-деңгейді игеруін толық жүзеге асырады.

8. Әр деңгейдің барлық тапсырмаларын дұрыс орындағаны үшін оқушылар сол деңгейді игергеніне сәйкес балдық жүйемен ерекше бағаланады.

9. Топ оқушыларын жаппай жұмыс істеуге әкеледі, бос отырған оқушы болмайды

Деңгейлеп оқыту технологиясының ерекшелігі:

1. Таланттылар, дарынды оқушылар өздерінің қабілеті мен икемділігін одан әрі бекіте түседі, әлсіздер оқуға ниет білдіріп, сенімсіздіктен арылады.

2. Деңгейлік тапсырмалар оқушылардың әр түрлі білім дәрежесіне сай ұсынылады. Оқушылардың оқуға деген ынтасы артады.

3. Деңгейлік тапсырмаларды орындағанда оқытушы – бақылаушы, кеңесші.

Күтілетін нәтиже:

1. Оқушылардың психологиялық ерекшелігін, ақыл-ойының дамуы және өзін-өзі жетілдіру.

2. Дарынды балалар болса оқушының – зерттеу жұмыстарын дамыту.

3. Мұғалімнің жан-жақты дамуына мүмкіндік туғызады.

ІІ.Үшінші мыңжылдық кезінде қоғамның даму көрсеткіші ретінде ақпараттық қоғамға өту ісі алынады да, ал оның ең анықтаушы рөлін ақпарат түсінігі атқарады. Ақпаратта жинау, сақтау, өңдеу және тарату тәсілдері мен құралдары динамикалық түрде өзгеріске ұшырап, солар арқылы қоғамның инфрақұрылымы қалыптаса бастады.

Колледж оқытушылары үшін ақпараттық технологияларды пайдаланудың тиімділігі:

— оқушының өз бетімен жұмысына;

— уақытын үнемдеуге;

— білім-білік дағдыларын тест тапсырмалары арқылы тексеруде;

— шығармашылық есептер шығару кезінде физикалық құбылыстарды түсіндіру арқылы жүзеге асыру;

— қашыктықтан білім алу мүмкіндігінің туындауы;

— қажетті ақпаратты жедел түрде алу мүмкіндігі;

— экономикалық тиімділігі;

— іс-әрекет, қимылды қажет ететін пәндер мен тапсырмаларды оқып үйренуде (би өнері, қол еңбегі, дене шынықтыру сабақтары т.с.с);

— қарапайым көзбен көріп, қолмен ұстап сезіну немесе құлақпен есту мүмкіндіктері болмайтын табиғаттың таңғажайып процестерімен әр түрлі тәжірибе нәтижелерін көріп, сезінуге мүмкіндік береді;

— оқушының ой-өрісін дүниетанымын кеңейтуге де ықпалы зор.

ІІІ.Модульдік оқыту технологиясының бір ерекшелігі — оның білімде меңгертуде, жеке тұлғаның танымдық қабілеттерін және танымдық процестерін: яғни, жадының алуан түрлерін (есту, көру,қимыл және т.б) ойлауды, ынтаны,қабылдау қабілетін арнайы жасалған қауіпсіздігін,өзін-өзі бекіту,қарым қатынас жасау, ойын, танымдық және шығармашылық қажеттіліктерін қанағаттандыуға: белсенді сөздік қорын (ауызша және жазбаша тілде) дамытуға бағытталуында.

Бұл технологияның тағы бір ерекшелігі — дарынды балалармен тұрақты және жүйелі түрде жұмыс істеуге мүмкіндік беретіндігінде. Оқу модулі қайта жаңғыртушы оқу цикілі ретінде үш құрылымды бөліктен: кіріспеден, сөйлесу бөлімінен және қорытынды бөлімнен тұрады.

Әр оқу модуліне сағат саны әр түр лі болады.Бұл оқу бағдарламасы бойынша сол тақырыптар тобына немесе сағат санына байланысты.Біздің зерттеулеріміз 7-12 сағаттан тұратын оқу модулінің неғұрлм тиімді екенін көрсетті.

Оқу модулінің ерекшелігі — жалпы сағат санына қарамастан, кіріспе және қорытынды бөлімдерге 1-2 сағат беріледі.Қалған барлық сағат сөйлеу бөліміне бөлінеді.

Кіріспе бөлімде оқытушы оқушыларды оқу модулінің жалпы құрылымымен, оның мақсат-міндеттерімен таныстырады.Сонан соң оқытушы осы оқу модулін барлық уақытына есептелген оқу материалын қысқаша (10-20 минут ішінде) сызба, кесте және т.б белгілі үлгілерге сүйене отырып түсіндіреді.

Сөйлесу бөлімінде танымдық процесс топты шағын топтарға бөлу арқылы негізінен оқушылар-дың өзара әрекет етуіне құрылған.

Оқушылардың танымдық қызметі әрбір оқушының әр сабақта үш күрделілік деңгейде берілген оқу материалын таңдау, жазу, көру және айту мүмкіндігі болатындай құрылған.Сөйлесу бөлімінде алғашында оқу материалын қайта жаңғырту және қарапайым білік пен дағды қалыптастыру мақсатында, кейіннен алынған білімді талдау, жинақтау және бағалау мақсатында оқытудың белсенді формалары қолданылады.

3,4 — сабақтардан бастап оқушыларға стандарт талаптарына сай сараланған тапсырмалар беріледі (I, II және III деңгейлер)

I деңгей тапсырмалары дарындылықтың екі түріне — интеллектуалдық және креативтік дарынды балаларға арналған.

Оқушылар қандай да бір деңгейдегі тапсырмаларды өздері таңдайды.Тапсырмаларды қарапайымнан күрделіге қарай кезек-кезегімен орындау міндетті емес. Оқушы тапсырманы өзінің орындау мүмкіндігіне қарай таңдауға ерікті.

Оқу модулінің сөйлесу(даярлық) бөлімінің тағы бір ерекшелігі бар.Зерттеу көрсеткеніндей, оқудың белсенді және ойын формаларын кеңінен қолдану оқушылардың оқу материалына бірнеше мәрте қайта оралып, жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Үшінші «жеңілдетілген» деңгей тапсырмаларын орындау білім деңгейі төмен оқушыға кейіннен жоғарырақ деңгей тапсырмаларына көшуге мүмкіндік береді.Тапсырмаларын оқу модулінің орта кезеңінде-ақ орындап болған оқушылар,қалау бойынша мұғалімге көмекші бола алады. Олар кеңесшілер, жүргізушілер, т.б.рөлдерді атқара алады. Оқу модулінің сөйлеу бөлімі оқушылардың өзін-өзі бағалауына, бірін-бірі оқытуына және бірін-бірі бағалауына құрылған.Бұл әрбір оқушы үшін тек үш деңгейлік тапсырмалар емес, олардың үлгі жауаптарын да даярлау арқылы іске асырылады.

Оқу бөлімінің қорытынды бөлімі — бақылау.Егер сөйлесу бөлімінің барлық сабақтарында оқушылардың бір-біріне көмегі, бірін-бірі оқытуы, түрлі ғылыми көздерді пайдалану құпталынып келсе, енді қорытынды бөлімінде оқушы өзінің сөйлесу бөлімінде алған білімін, білігі мен дағдыларын ешкімнің көмегінсіз көрсетуі тиіс.

Оқушылардың өз бетінше ізденіп шығармашылықпен айналысуына «Модульдік оқыту» технологиясы тиімді. Оның ерекшелігі оқушының білімді өз бетінше меңгеруге ұмтылғандығы, алуан түрлі (есту, көру) арнайы жасалған оқу және танымдық жағдайлар арқылы дамытуға, шығармашылық қажеттілігін қанағаттандыруға, сөздікқорын (ауызша, жазбаша) дамытуға бағытталады.

Қорыта айтқанда, инновациялық технологиялардың қай түрін алсақ та, олардың тиімділігі тек қана оқытушының шеберлігімен және осы шеберлікті шыңдай түскендігімен ғана шын күшіне ие бола алады. Сондықтан білім алушылардың ынтасын арттыруға арналған әдістемелік құралдардың жүйесі мен амалдары әр білім берушіден оларды терең игеруін, іске асыруын және оған сай болатын іскерлікті талап етеді.

Әдебиеттер:

1. Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңы.

2. Бұзаубақова К.Ж. Жаңа педагогикалық технология. Алматы, 2004, 21-бет(5).

3. Сарбасова Қ.А. Инновациялық технологиялар. Алматы

4. М.М.Жанпейсова. Модульдік оқыту технологиясы оқушыны дамыту құралы ретінде.

Маркетинг негіздерінен тәжірибелік жұмыс тапсырмалары

Б-27 15.02.14ж.

І.Шабуыл сұрақтар

    1.Сұраныс дегеніміз не?

    2.Маркетинг деген сөз қандай мағынаны береді?

    3.Мұқтаждық түсінігі

    4.Айырбас не үшін қажет?

    5.Қажеттіліктер неден туындайды

    6.Нарық дегеніміз не?

    7.Келісім дегенді қалай түсінесіз?

    8.Тауар ұғымы

    9.Маркетингті кім басқарады?

    10.Маркетингке стратегия қажет пе?

ІІ.Келесілердің қайсысы маркетингтік ортаға тән және қай ортаға екенін анықтау керек.

1.Жеткізушілер

2.Маркетингтік орталар

3.Табиғи орта

4.Саяси орта

5.Сауда делдалдары

6.Мәдени орта

7.Қоршаған орта

8.Клиенттер

9.Қаржы несие мекемелері

10.Бәсекелестер

11.Сауда делдалдары

12.Демографиялық орта

13.Экономикалық орта

14.Қоғам

15.Колледж

16.Ғылыми-техникалық орта

17.Маркетингтік агенттіктер

18.Қаржы топтары

ІІІ.Сатып алу туралы шешім қабылдау процестерін орнымен қойып шығу

1.Сатып алу туралы шешім қабылдау

2.Ақпарат іздеу

3.Проблеманы ой елегінен өткізу

4.Сатып алуға жауап әрекет

5.Нұсқаларға баға беру

Дұрысы:

1.Проблеманы ой елегінен өткізу

2.Ақпарат іздеу

3.Нұсқаларға баға беру

4.Сатып алу туралы шешім қабылдау

5.Сатып алуға жауап әрекет

ІV.Экономикалық сөздер жасыру

Тақтаға бір оқушы шығып экономикалық терминді тақтаға жазады, ал бір оқушы тақтаның алдында оқушыларға қарап тұрады.Қалған отырған оқушылар тақтадағы жазылған сөздің нақты анықтамасын айтпай, тек балама түсініктерді айту арқылы түсіндіреді.Мұндағы мақсат оқушының есте сқтау және ойлау қабілетін дамыту,өтілген тақырыптарды ой елегінен өткізе отырып, соның ішінен дұрыс жауапты табуға тырысу.

Маркетинг негіздері пәнінен тәжірибелік сабақ

Б-27 тобы 16.04.2014ж.

Сабақтың мақсаты:Оқушылардың меңгерген теориялық білімдерін есте сақтау қабілеттерін дамыта отырып, тәжірибеде қолдана алуға машықтандыру,іскерлік қабілеттерін дамыту.

Оқушыларды екі топқа бөлу.

І.Үй тапсырмасын сұрау:

1-топтың сұрақтары:

    1.Тауар дегеніміз не?

    2.Тауарлар қалай жіктеледі?

    3.Тауардың өмірлік циклі қанша кезеңнен тұрады?

2-топтың сұрақтары:

    1.Тауарлық белгі, авторлық құқық деген ұғымдарды түсіндіріңіз.

    2.Тауарлық ассортимент

    3.Тауарлық марка деген не?

ІІ.Сөз тізбегін құрай біл! Бұл жерде топ оқушылары маркетинг пәнінен қатысты сөздерден сөйлем құрауы керек.Сөлемдегі әр бір сөз бірдей әріптен басталуы керек.

Мысалы:Жолдастың жақындығы жолда жүргенде.

Тауардың түрін талдау.

ІІІ.Сергіту сәті.Логикалық сұрақтар:

1-топқа:

    1.Қараңғы бөлмеде май шам мен керосин лампасы бар. Бірінші не жағасыз?

    2.Суға қолды қай кезде кесіп алуға болады?

    3.Машинаның қай дөңгелегі айналмайды?

    4.Әлемдегі ең үлкен алма қайда өседі?

2-топқа:

    1.Тарихта ең үлкен қалпақ киген кім?

    2.Есікті ашу үшін не қажет?

    3.Ненің көлеңкесі жоқ?

    4.Әліпбидің ең соңғы әрпі.

    ІV.Топ мүшелерінің әр қайсысы тауардың өмірлік циклының кезеңдері туралы айтып өтуі керек, егер, жауап беруші тұлға жауап бере алмаса, онда қарсылас топтан жауап берсе болады.

    1-кезең-зерттеу және әзірлеу кезеңі

    2-кезең-енгізу

    3-кезең-өсу

    4-кезең-толысу

    5-кезең-құлдырау

    Жеңіске жеткен топты атап өту, оқушыларды бағалау

    V.Үйге тапсырма: Тауардың өмірлік цикл кезеңдері.

    С.Х.Тойкин «Маркетинг негіздері» 97-99 б.

Осыған ұқсас жазбалар:

БаяндамаҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІЛДЕРДІҢ ҮШТҰҒЫРЛЫҒЫ

Баяндама12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУДЕГІ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

БаяндамаДарынды балалармен жүргізілетін жұмыс түрлері

БаяндамаОқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту

Химия​ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМ ДЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ ҮШІН, ХИМИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141166

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар