Мен – “Президенттің ұлымын”

22 қараша 2015 - Несипкул Утебаева

Санжар Ғұлама,

Түркістан қаласы.

Мен – “Президенттің ұлымын”

«ХХІ ғасырдың Қазақстаны – талантты, еңбекқор, толерантты халықтың небәрі екі он жылдықта нөлден бастап құрған елі. Бұл –біздің бәріміз мақтан тұтатын ортақ жемісіміз. Бұл – біздің шексіз ортақ туындымыз...» Мен бүгін сөзімді Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған осы бір мәні терең үндеумен бастағым келіп отыр.

Мен, Ғұламов Санжар Пархатұлы, Түркістанның төлтумасымын. Еңбек жолын енді бастаған жас маманмын. Бүгінгі күнде қаламыздағы Ата-түрік атындағы №17 мектеп-гимназиясында мұғалім болып жұмыс істеп келемін. Келешегінен үміт күттірер Қазақстанның жалын атқан жастарының бірімін. Жастар – елдің болашағы, деп атап өткен Елбасымыз бүгінде жастарға арнап жаңа бағдарламалар жасап, жаңа мүмкіншіліктер тудыруда. Кезінде «Мен жастарға сенемін» деп, Мағжанның жырлап өткен жастарына бүгінде Елбасымыз да ерекше сенім артып отырғаны ақиқат. Содан болар жастарға деген қамқорлық жыл өткен сайын жоғары деңгейде жүзеге асырылып келеді. Елбасымыздың жастарға деген ерекше қамқорлығын бүгін мен теориялық тұрғыда емес практикалық тұрғыда дәлелдеп өткім келеді. Оған менің өмірім анық куә. Елбасымыздың аты аталған кезде ойыма оралатын жәйт те осы…

Мен өзім бала кезден тума жүрек ауруымен ауырдым. Отбасылық жағдайымыз төмен болғандықтан жүрегіме ота жасаудың сәті түспеді. Тоғызыншы сынып оқып жүрген кезім болатын. Жиі дем жетпей ентігетінмін. Шыбын жаныма ем іздеп анам екеуіміздің бармаған тауымыз, баспаған жеріміз қалмады. Сол бір қысылтаяң кезде бүкіл Қазақстан жастарының жан аямас қамқоршысы екенін біліп, Елбасымызға хат жолдағаным бар еді. Мен тек теледидардан көріп жүретін тұлғаның ерекше қамқор, ерекше мейірімді екенін іштей сезетінмін. Бала жүрегім алдамапты. Көп ұзамай жазған хатқа жауап алдым. Қамқор Елбасымыз мені Астанадағы 2004 жылы енді ғана жаңа Кардиологиялық Орталыққа жолдады. Осылайша Кореядан арнайы шақыртылған Пья атты дәрігерге тегін ота жасату бақытына ие болдым. Елбасымыздың ерекше қолдауымен жасалған ота сәтті аяқталды. Жаңадан өмірге келгендей сезіндім. Ауылға оралғанда көрші-қолаң, дос-жарандар айналамды қоршап алып «Назарбаев папаңның жағдайы қалай екен, отаны сылтауратып «Әкеңді» бір көріп келдің бе?» деп, мені қалжың аралас сөзге тартатын. Елбасымен жиі хат алмасып тұратынымды естіген ел мені «Президенттің баласы» деп, өздерінше әзілдеп қоятынды шығарды. Көпшіліктің олай деп айтатыны, мен екі сөздің бірінде Елбасымыз бүкіл Қазақстан жастарының әкесі болып есептеледі деп, айтып отыратынмын. Кең мағыналы сөзімді қысқа түсінген кейбір алыпұшарлар Назарбаев Санжардың әкесі екен дегенді шығарды. Содан болар, әйтеуір, «Президенттің баласы» аталып кеттім… Міне, бүгін адам болып, жер басып жүруімнің өзі әуелі Алланың қалауы болса, содан соң қамқор Елбасымыздың арқасы. Менің жаңа өмір есігін қайта ашып, жер басып жүруіме себепші болған бірден-бір адам сол кісі. Елбасымызды ерекше жақсы көретінімнің сыры сонда жатыр.

Ота сәтті аяқталып, ауылыма дін аман оралғанда қолыма қалам алып Елбасымызға алғысымды білдіріп тағы да хат жаздым. Ол хатқа қоса арнайы Елбасымызға арнап жазған мына бір жүрекжарды өлеңімді де жолдаған болатынмын.

Ер Нұрсұлтан, Нұр аға,

Ел-жұртыма бір аға.

Сол еліңнің бақытына

Аман-есен жүр аға!

Елін жүретін сүйеп

Бойында бар қасиет.

Алдыңызда Нұр аға

Бүгін халқың бас иед.

Зұлымдықтың күні батып,

Елге орнады бақыт.

Сіз – бақытты, Біз – бақытты,

Азаттық таңы атып.

Ел үшін,һәм жер үшін

Аямаған бар күшін.

Сіз, аға, Ел басына

Қондырған бақыт құсын.

Көп кешікпей бұл хатқа да жауап алдым. Бұл жолы Елбасыдан келген жауап менің өмірге деген құштарлығымды арттырып, бойыма таусылмас күш-жігер бітірді. Бала көңіліме ерекше сенім ұялатты. Елбасымыз ол хатта маған өзінің бар ыстық лебізін білдіре келе, алдағы өмір жолымда сәттілік тілеген болатын. Хаттағы мәтін ішіндегі мынадай жолдар назарымды өзіне ерекше аударған еді: «Құрметті Санжар өзіңдей таудай талап иесі келешекте Тәуелсіз еліміз Қазақстанның дамуына өз үлесін қосады деп сенім артамын...» Сол күннен бастап өз-өзіме серт бердім… Міне, Елбасымыздың менің өміріммен тұтасып жатқан тұстары… «Менің Елбасым» деп, ерекше леппен айтатыным да содан.

Санжар Ғұлама,

Ататүрік атындағы

№17мектеп-гимназияның

ағылшын тілі пәні мұғалімі,

Түркістан қаласы.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ әдебиеті"Адамзаттың Абайы" әдеби кештің сценарийі

ТарихМен және менің оқушыларым қалай өзгерді? (Эссе)

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124314

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар