АРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

12 қаңтар 2015 - Таланттар мектебі
АРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

«АРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ.»

(Арыстан, түлкі, ешкі, қасқыр, тауық бикеш)

Түлкі. Қадірлі, достар! «Орман-тоғай» аймағының әкімі Арекеңнің, то-есть, Арыстан ағамыздың орман жұртшылығына есеп беру салтанатын ашық

деп жариялаймын! Президум мүшелерімен таныстырып кетейін, Арекеңнің бірінші орынбасары Қасқыр Көкжалович, белгілі емші Тауық бикеш, оппозиция мүшесі Ешкі мырза, және мен, Түлкі Сайқаловна.Арекеңді құрметпен қарсы алайық!

Орман ГИМНІ.(«Әнім сенсің тың дала» әнімен)

Орындайтын: Түлкі, ешкі, қасқыр, тауық.

Орманның бүгін шырқаған кезі,

Арыстан ағам айтты ғой өзі.

Мақтанса бүгін – мақтансын хайуан.

Орманың бүгін кем емес Айдан!

Түлкі. Есеп беру үшін сөз, Арыстан ағамызға беріледі!

Ареке. Арр-рр! Жоғарыдағы қалықтап ұшқан қыраннан тапсырма алғалы бері біздің «Орман-тоғай» аймағы сол тапсырмаларды бұлжытпай жүзеге асырып келеді. Хайуандарды жаппай жұмыспен қамтып жатырмыз.Мәселен, менің құдам Қасқыр, қаншық құдағиым екеуі «Қозы Көрпеш» деген казино ашып, ол жерге жұмысқа тек қана жас тоқтыларды алып жатыр. Жастарды еңбекке баулу деген міне осы!

Ешкі. Бә-ә-ә! Сол ресторан ашылғалы орманнан маза кетті. Кеш болса бітті шүйебөрі шуылдап, қаздар қаңқылдап, тоқтылар маңырап айқай-шу болады. Ол аз болғандай, Қасқырлар түн ауғанда Айға қарап ұлып отырады! Ол казинода малға шөп орнына кендір береді. Кендір кемірген мал оңа ма? Меңдуана жеген микеще болады. Баяғыда Жолбарыс көкеміз осы «казино» деген бәлеңді орманнан алыс, батпаққа салу керек деп еді, құлақ аспадыңдар.

Қасқыр. Мына ешкінің есебін табу керек екен!

Түлкі. Ешкі мырза, жарыссөзге кейін уақыт береміз. Арекеңнің сөзін бөлмеңіз!

Ареке. Денсаулық саласы да дұрыс жолға қойылды. Аррр! Түлкі ханым құстардың ден саулығына, Қасекең малдардың денсаулығына, Жарқанат жәндіктердің денсаулығына қатты көңіл бөліп жатыр.

Ешкі. Б-ә-ә-ә! Роддомды неге Әтешке бересіңдер!? Бүкіл роддомда тек қана Қораздың семьясы босанып жатыр. Басқалары қорада қоздап, төбеде

төлдеп, ұяда ұлып жатыр!

Тауық бикеш. Қоқ-қоқ-қоқ! Жаппа жалаңды Ешкі мырза! Көкектің де жұмыртқасын басып жатырмыз!

Ешкі. Ол жұмыртқаның әкесі жоғарыда отырған Қырғи болған соң басып отырсың!

Түлкі. Ешкі мырза! Тәртіп сақтаңызІ

Ареке. Тәртіп демекші орманда қылмыс азайды. Аңдардың бәрі сыбайлас қамқорлықпен жұмыс істейді.

Ешкі. Заңсыз аңшылыққа қашан тосқауыл қоясыңдар? Апанда жатқан, өзіңіздің досыңыз Жолбарысты үш оқпен атып кетті. Ал сауысқан болса «Жолбарыс өзін-өзі талаған» деген өсек таратып жүр. Шың басында тұрған жақын серігіңіз Арқарды да аңшылар атып құлатты. Оны «шүйебөрілер талаған» деп жылы жауып қойдық…

Қасқыр. Ар-ррр! Мынаның үні өше ме, жоқ па?!

Тауық бикеш. Біздің жиналыс аңшылардың мәселесін қарайтын орын емес, қо-қоқ!

Түлкі. Ешкі мырза, бос сөзбен уақытты алмаңыз. Көпшілік жиналыс соңынан болатын концертті асыға күтіп отыр…

Ешкі. Білеміз қандай кәнсерт екенін! Айсбергтен келген Пингвиндер тыр жалаңаш билеп, Джунглиден келген Какаду ән айтып, Сібірден келген Тоқылдақ тоңқылдап, орманның бар жемісін қалталарына толтырып тайып тұрады! Сол сырттан келетін әртістерден не пайда? Өзіміздің Сандуғаш, Бұлбұл, Бозторғайлар шырылдап дән таппай жүр.

Түлкі. Ыр-ррр!

Қасқыр. Ар-ррр!

Ареке. Ырр-рр! Баспана мәселесі де шешіліп жатыр…

Ешкі. Б-ә-ә-ә! Үй салуды Суырға тапсырған кім осы? Көртышқанның інін бұзып, Аюға апан салып беріпті! Көртышқан байқұс баспанасыз қалды. Не көзі көрмейді, бұл қай басынғандық?! Көртышқанның ата бабасы сол інде өмір сүрген, ал Аю талтаңдап Тайгадан келіп, енді жер менікі дейді!

Түлкі. Әй, Ешкі!

Ареке. Ар-ррр! Қазір ормандағы елдің тұрмысы жақсы, бәрінің көлігі бар…

Ешкі. Мә-ә-ә-ә! Бә-ә-ә-ле-е-е! Біздің көлік сол баяғы Бұғы, Ат, Есек; анда-санда Өгізге мінеміз. Сендер оларды менсінбейсіңдер ғой! Иномарка Пони деген кішкене ат мініп алдыңдар шетіңнен.

Қасқыр. Енді Пони деген экономный ғой! Аз жейді, шағын, жеңіл. Ат, Өгіз дегенің көп жейді. «Ішуі жаманның...» артынан түскенде де былш-былш-былш етіп… Ал Пони жеуі де аз, көп жерді ластамайды…

Ареке. Уа-а-р-ррр! Орман жолдарын жөндеп жатырмыз…

Ешкі. Жолдың бәрін бұзатын мына үлке-е-ен көлік – Түйе! Жүрген жерін ойып кетеді! Жүкті екі жағына теңдеп басқаны аздай, өркешіне де таңып алады ғой! ГАИ-да тиіспейді оларға. Кеден де тексермейді. Біздің есектерді кеденде тоңқайтып қойып тінтиді де, Түйелерді органдағы Борсықтар сопровождать етіп жүреді. Түйе орманда жүретін көлік емес. Орман жолын бүлдірмей сыртымен жүрсін!

Ареке. А-А-ррр, Ешкі мырза, сөзді бөле бердің-ау!

Түлкі. Ы-ррр! Ешкі мырза, Шыбыш ханым іздеп жатпасын сізді!

Ареке. Мә-ә-әдениет саласында да үлкен өзгерістер болды. «Қарсақфильм» киностудиясы «Жануарлар» фильмін түсіріп бітірді! Кино өте сәтті шықты!

Ешкі. Бә-ә-әре-екелді! Қайдағы сәтті шыққан?! Арыстанның ролін Джунглидан келген Шимпанзе ойнап, Бұқаның ролін Кенгуру ойнап жүрсе!

Қасқыр. Ыр-ррр!

Түлкі. Ыр-ррр!

Тауық. Қоқ-қоқ-қоқ!

Ареке. Осымен сөз бітті, іс тәмәм!

Түлкі. Арекеңнің есеп беру жиналысы осымен жабық. Енді бәріңізді Қасқыр мырзаның «Қозы Көрпеш» мейрамханасына түскі асқа шақырамыз.

Әтеш. Қаншық жеңгеміздің қолынан дәм татпағалы көп болды…

Ареке. Қандай тағам татамыз?

Қасқыр. Ешкінің етінен «Жаубүйрек» жейміз!

Ареке. О-о-о!

Ешкі. Немене!? Бә-ә-ә-ә…

Тағы да Гимн.

Аңдардың бүгін шаттанған кезі,

Жетті ғой оған талайдың көзі.

Хайуанды ешкім етпейді мазақ,

Төбесі көкке жетпей тұр азақ!

Осыған ұқсас жазбалар:

Қосымша пәндер"Өлімнің рөлі" немесе жаңа кино. (сатиралық монолог)

Ұстаз үніӨнер үйренем деген балаға ала көзбен қарамаңыз.

Қосымша пәндерАКТЕРЛЫҚҚА ТҮСУ ҮШІН НЕ,ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК?

Ұстаз үніХАТ (Асқар Наймантаев. "Мұқағалиға")

Қосымша пәндер"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1147827

Пікірлер (1)
Askar Naymantaev # 12 қаңтар 2015 в 13:02 +1
Бұл сатиралық шығарма ғой. Мектеп сахнасына ертелеу болар оның үстіне.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар