Тұлға тәрбиелейтін ұстаздың өзі тұлғаға лайық болу керек

20 тамыз 2014 - Талғат Ануарбек

Тұлға тәрбиелейтін ұстаздың өзі тұлғаға лайық болу керек

Бүгінгі таңда жиырма бірінші ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім – тәрбие мен білім беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейтесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық. Сондықтан болашақ ұрпақты ұлттық, халықтық тұрғыдан тәрбиелеу қажет. Жас ұрпаққа ұлттық тәрбие берудің негізгі бағдарлы идеялары туралы еліміздің Президенті Н.Ә Назарбаевтың «Қазақстан -2030» стратегиялық бағдарламасында: «Толық өркениетті ел болу үшін алдымен өз мәдениетімізді, өз тарихымызды бойымызға сіңіріп, содан кейін өзге дүниені үйренуге ұмтылғанымыз жөн», — деп атап көрсеткен.
Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында, «2015-жылға дейінгі білім беруді дамыту тұжырымдамасында» оқушыларға нәтижеге бағытталған білім беру арқылы оның ресурстық мүмкіндіктері мен шығармашылық дағдыларын дамытуға қолайлы жағдай туғызу ең негізгі міндеттер деп айқындалған.
Нәтижеге бағытталған орта білім берудің негізгі мақсаты: жылда өзгеріп отыратын дүние жағдайларында алынған терең білімнің, кәсіби дағдылардың негізінде еркін бағдарлай білуге, өзін-өзі іске асыруға, өзін-өзі дамытуға және өз бетінше дұрыс, адамгершілік тұрғысынан жауапты шешімдер қабылдауға қабілетті жеке тұлғаны қалыптастыру деп атап көрсеткен. Бұл дегеніміз: Оқу үрдісінде баланың бойына ұлттық құндылықтарды сіңіру арқылы оның жеке тұлға ретінде жан-жақты үйлесімді дамуына, өз пікірі мен ойын анық жеткізе білуіне, шығармашылық әлеуетін толық іске асыруына ықпал ете отырып қоғамға бейімді жаңа буын тәрбиелеу. Олай болса адамзат жинақтаған тәжірибені келесі ұрпаққа беру мақсатын сақтай отырып, негізгі бағдардың жеке тұлғаның азаматтық белсенділігін арттыруға, рухани адамгершілік қуатын қалыптастыруға бағытталғаны аса қажет.
12-жылдық оқытудың методологиялық негізі – білім берудің адамға, тұлғаға бағытталуы, оқушы тұлғасын орталыққа айналдырып, барлық педагогикалық әрекеттер оның айналасына шоғырландырыла жүргізілуі. Жаңа жүйеге көшу үрдісі білім парадигмасының өзгеруімен қатар жүреді. Білім парадигмасы бірінші орынға баланың білімін, білігін ғана емес, оның жеке тұлғасын, білім арқылы дамуын қойып отыр. Тұлға тәрбиелейтін ұстазда өзінің тұлғаға лайық қасиеттерінің болуы, жеке тұлғалық білім парадигмасының алғы шарттарының бірі. Бүгінгі тұлға мәдениеті жылдар өткеннен кейін тарих беттерінен табылып ұлттық менталитетті қалыптастырады. Сонда кешегі тұлға тәжірибесі негізінде қалыптасқан менталитет бүгінгі ұрпақ үшін тұлға тәжірибесі ретінде үздіксіз білім беру жүйесі арқылы білім мазмұнына енгізіліп, тұлға тәжірибесінің ұлттық менталитетіміздің тәлімдік мәні ашылады. Яғни, кешегі өткен тұлғалар тәжірибесін, тұлғалық қасиеттерін адамдық болмыстарын, құндылықтарын оқи, зерттей, үлгі тұта отырып қана өз тұғырындағы бүгінгі өмір талабына сай тұлға жетістіктерін мәдениетін қалыптастыра аламыз.
Жеке тұлғалық парадигма- бұл қасиеттері алдына-ала анықталған тұлға қалыптастыру емес, тәрбиеленушінің тұлғалық қасиеттерінің жарық көруіне, тұлғалық дамуына жағдай жасау. Оқушылардан өз жүрегіне ұялаған оқытушының ең жақсы қасиеттерін сұрағанда, олар;
-Балаларды раясыз жақсы көру,
-Әділдік,
-Талап қоюшылық,
-Жанашырлық,
-Сергектік,
-Өз ісіне шығармашылықпен және жауапкершілікпен қарау сияқты қасиеттерді бірінші атайды. Мұндай қасиеттерді бойына қалыптастыру үшін оқытушы рухани бай, зиялы және шығармашылық тұлға болуы қажет. Мұғалімге қойылатын басты талаптардың бірі шығармашылық. Ұлы педагог К.Ушинскийдің: «Көп жағдайда оқыту мен тәрбиелеу сапасы сол мекеменің талабына байланысты екеніне күмән жоқ, алайда, ең маңыздысы тәрбиешінің тәрбиеленушімен бетпе-бет жүздесуін, тәрбиеші тұлғасының жас ұрпаққа әсерін ешбір оқулықпен, мақтау-мадақтау немесе жазалау жүйесімен алмастыруға болмайды», деуінің өзі мұғалім беделінің қаншалықты жоғары екендігін көрсетеді.
Оқытушыда тұлғалық қасиеттердің ең бастылары қандай болу керек деген сұраққа төмендегідей жауап беруге болады. Заман талабына сай мұғалім:
-Зиялы тұлға,
-Рухани бай тұлға,
-Шығармашыл тұлға,
-Ізгілікті тұлға,
-Азаматтық белсенді тұлға,
-Еркін тұлға,
-Бәсекелесті тұлға.
Қандай жағдай болмасын оның ең негізгі міндеті – ТӘРБИЕШІЛІК болып табылады. Келесі қызметі – ОҚЫТУШЫЛЫҚ, ол да өте күрделі әрі маңызды. Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру мұғалім тарапынан әр оқушының өзіндік жақын даму аймағында дербес қабілетін дамытуға түрткі болу, оларды оқыту мен оқу құндылықтары жүретін практикалық әрекеттерге баулу, баланың қолынан келетін істерге баулу, қолдау көрсету арқылы қиын проблемаларын шешуге көмектесу болып табылады.
Оқушы тұлғасына шоғырланған білім берудің мәні неде?
1.Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру – адамның қалыптасуы, тұлғаның өз мәдениетінің субьектісі болуына көмектесу, шығармашылық өмірге үйрету.
2.Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру сырттан келетін тәрбиелеу емес, адам бойынан адамдықты табу, оны қолдау және дамыту негізінде өзін-өзі реттеуге, тәрбилеуге әкеледі.
3.Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру – адамның дене және рухани денсаулығы, адамгершілігі, бостандығы. Ол тұлғаны түсіну, өзара түсіністік, ынтымақтастық, қарым-қатынастың, салауатты өмір мен парасаттылықтың, өзіндік қатынастың негізін қалау.
4.Оқушы тұлғасына шоғырланған білім беру тұлғаның қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағыталады. Сондықтан оның мазмұны баланың өзін тұлға ретінде даму үшін өмірінің субьектісі болу үшін жағдай туғызуға негізделеді.
Талғат Әнуарбекұлы
Ақмола облысы
Атбасар ауданы
Мариновка қазақ орта мектебі
Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз ұйымдастырушыПедагогикалық шеберлік

Ұстаз үніБІЛІМ ОРДАСЫНДАҒЫ АЛАЛАУ НЕМЕСЕ ІРІКТЕУ МЕ, ӘЛДЕ ІРІТУ МЕ?

Ұстаз үніҰЛТ БОЛАМ ДЕСЕҢ, ҰСТАЗЫҢНЫҢ ХАЛІН БІЛ!

Сайт туралыПортал туралы аз сөз

ЖаңалықтарОқулық сапасының жыры әлі де жалғасуда

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072425

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар