Тәуелсіз елдің ұрпағымыз (тәрбие сағаты)

10 ақпан 2015 - Зауреш Аязбекова

Сабақтың мақсаты:

    ·Оқушыларды ұлтжандылыққа, адамгершілікке, Отанын сүюге тәрбиелеу.

    ·Оқушыларға азаттығымыздың қалай келгендігін түсіндіре отырып, өз елін, жерін сүюге, қадірлей білуге баулу;

    · Оқушы бойында патриоттық сезімнің қалыптасуына ықпал жасау.

Сабақтың түрі: тарихи-танымдық тәрбие сағаты.

Оқыту әдісі: әңгімелесу, пікір алысу.

Көрнекілігі: слайдтар, дербес компьютер.

Пәнаралық байланыс: тарих пәні, әдебиет.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі. Әнұран орындау.

Тәуелсіздік бізге оңай келмеді,

Туымызды бізге ешкім бермеді.

Ел тізгінін қолына алу жолында,

Қыршын кетті талай қазақ ерлері.

Ой ашар:

    1.Балалар біз қандай елміз? (Тәуелсіз)

    2.Қай жылы тәуелсіздік алдық? (1991 жылы 16 желтоқсанда)

    3.Тәуелсіздік дегенді қалай түсінесіздер?

    4.Егемен елдің ерекшелігі неде? (Шекарасы, Елбасы, ұлттық рәміздері, Ата заңы, өзіндік экономикасы, шаруашылығы, әлеуметтік жағдайы, салт-дәстүрі болады)

    5.Қазақ елінің іргетасы қай жылдардан қаланды деп ойлайсыздар, ол кездерде қазақ елін кім басқарды?

-Иә, балалар, XV ғасырдың ІІ жартысында Жәнібек, Керей хандарымыз қазақ елін құрып, біздің ата-бабаларымызды бір тудың астына біріктіріп, ел шекарасын белгіледі. Қазақ елі құрылды. Кейіннен бірнеше хандар елімізді басқарды. Алдарыңызда қазақ елінің алғашқы сол кездегі картасы. Осы қазақ елін құрған хандарымыздың ерен еңбегі бүгінгі таңда еленіп, ҚР Тұңғыш Президенті мұражайының алдындағы саябаққа биіктігі 12 метрлік

ескерткіш орнатылды. Жобаның авторы астаналық жас мүсінші – Ринат Әбенов. Ескерткіштің ашылу салтанатында Н.Ә.Назарбаев: «Елордада тұрғызылған Керей мен Жәнібек хандардың еңселі ескерткіші – мызғымас мемлекеттігімізге арналған мәңгілік белгі» деген болатын. Сонымен бірге, Есілдің сол жағалауындағы екі көшеге Жәнібек пен Керей хандардың аты берілді.

Дегенмен, 1991 жылы егемендік, тәуелсіздік алдық деп қайталап отырмыз. Сіздер үшін бұл түсініксіз жайт болып отыр. Иә, осы аралықта сан ғасырлық тарих, үлкен шежіре жатыр. Ендеше, осы тәуелсіздік қалай келді? Қайдан келді? Жәнібек пен Керейдің құрған елі қайда барып қосылған? Осы сауалдарға қысқаша ғана жауап алу үшін сөз кезегін оқушыларға береміз.

Ой қозғау.

    1.«Тарихы мол сан тарау» (тарихқа щолу)

    Егемендік – ел болудың белгісі,

    Басқа жұртпен тең жұлдызы, тең күші.

    «Егемендік» деген өздер естілер,

    Ата жұрттың арғысы мен бергісі.

Тәуелсіздік алғаннан соң елдің биік рухын бейнелейтін «Тәуелсіздік монументі» Алматыдағы республика алаңына орнатылды. Ескерткіштің жобасын жасаған сәулетші – Тимур Сүлейменов. Сонымен, біз тәуелсіз елміз, азат елміз, егемен елміз. Ал, тәуелсіз елдің өзіндік ерекшелігі, байлығы болады. Бізде не бар екенін топтастырып көрейік.

    1)Біздің басқару жүйеміз қандай? Біздің Тұңғыш Президентіміз туралы кім не біледі?

    2)Еліміздің ұлттық рәміздеріне тоқталайық.

    Ту – елдіктің белгісі. Авторы – Ш.Ниязбеков. 1992 жылы Ту бекітілді. Көгілдір түсті, жиегінде оюмен безендірілген, ортасында күн және қыран бейнеленген.

    3)Елтаңба – бейнесі. Авторлары – Ш.Ниязбеков, Ж.Мәлібеков.

    4)Әнұран-Отанымыздың салтанатты үні, өр үні, өміршең үні. Оның қалықтай көтерілген әуенінде туған жердің рухы мен сазы шымырлай шалқиды. Кеудені мерейлі қуанышқа бөлейді, арманыңды аялай самғатады. Мәні мен әнін еліміздің ұланы жанында сақтап өседі. Әнұранымыз 1992 жылы қабылданып, қоғам арнасына қарай 2006 жылы қайта жаңартылды. Сөзін жазған Н.Ә.Назарбаев пен Ж.Нәжімеденов, әнін жазған Ш.Қалдаяқов.

    5)1993 жылы 28 қаңтарда Қазақстан Республикасының алғашқы Конституциясы қабылданды. 1995 жылы 30 тамызда біздің қоғамымызда өзгерістерге, жаңа талаптарға сай толықтырылған қазіргі Ата заңымыз қабылданды.

    6)«Менің елім – Қазақстан»

    -Қазақстанда қанша ұлт өкілдері тұрады?

    -Қазақстан көп ұлтты мемлекет. 130-дан астам ұлт өкілдері тұрады. Халқының саны – 16 млн. 9600. Негізгі ұлт өкілі – қазақ. Жалпы халықтың 63%-ын қазақтар құрайды. 6 ұлыс тұрады, қалғандары өзге ұлт өкілдері.

7) «Түркі халықтарының ішіндегі ең бай, бейнелі тіл –қазақ тілі. Қазақтар

өзінің шешендігімен де, әсем ауыз әдебиетімен де даңқты» деп орыс

жазушысы С.Е.Малов суреттеген екен. Тіл туралы не білеміз?

Қазақ тілі – 1990 жылдан бастап мемлекеттік мәртебеге ие болды. 2001 жылы наурызда Тіл туралы Заң қабылданды.

    8)Діні – ислам. Ислам дінінің негізін салушы – Мұхаммед Пайғамбар. Ислам дінінің негізі Сауд Арабиясында қаланды. Қазіргі таңда Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Бас мұфта Әбсаттар қажы Дербісәлі.

    9)Валютамыз – теңге. «Валюта» баға дегенді білдіреді. Әр елдің өз бағасы бар. АҚШ-та доллар болса, Ресейде – рубль, Францияда – франк, Алжирде – динар, Қытайда – юань. Ал бізде – теңге. Теңге – тәуелсіздік жемісі. Теңге – ел мен елді таныстырады. 1993 жылы 15 қарашада Қазақстан Республикасының ұлттық валютасы – теңге айналымға енгізілді.

10) 1992 жылы 7 мамырда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері құрылды. 1992-1998 жылдар аралығында Қарулы Күштер қайта құрылып, 1999 жылы түбегейлі тұрақтандырылды. Бүгінгі таңда бас қолбасшысы – Президентіміз Н.Ә.Назарбаев.

11) 1997 жылы Елорда Ақмола қаласына көшірілді, 1998 жылы «Астана» деген ат берілді. Стамбулда өткен түркі тілдес халықтар Саммитінде Астана 2012 жылғы Түркі әлемінің астанасы деп жарияланды. Елордамызда Астананы әлемге паш ететін монументтер көрініс тапты. Соның бірі – «Қазақ елі» монументі, биіктігі — 91 м. Ұшар басындағы салмағы 2,5 тонна алтын жалатылған самұрық құс орнатылған. 1900 шаршы метр кеңістікке

созылған мәрмәр тастан жасалған. Бас сәулетші – Саматбек Бөкебай. Ал, «Бәйтерек» монументінің биіктігі-97 м. Шарының диаметрі – 22 м. «Аялы алақан» композициясы 2 кг. алтыннан, 6 кг. күмістен құйылған. Ол әлемнің 7 кереметінің бірі – Эйфель мұнарасы нысаны қатарына қосылған. Міне, осындай біздің сүйікті астанамызда кеше ғана әлемді аузына қаратқан Еуропадағы Қауіпсіздік және Ынтымақтастық Ұйымына мүше елдердің Саммиті болып өтті. Саммит сөзі – «Шың» дегенді білдіреді. Дәлірек айтсақ, елдердің басшыларының бас қосуы деген түсінікті береді. Саммитте 13 бөлімнен Астана декларациясы (жарғы) қабылданды. 56 елден келген елбасылары мен өкілдері бірауыздан ЕҚЫҰ шеңберіндегі өткір мәселелерді бір ізге түсіріп, бейбіт түрде шешу мәселелерін бекітті.

Ой сергіту.

Бізге қонаққа келген жыр мүшайрасының жүлдегерін шақырамыз.

Ой толғау. «Мен елімнің ұланымын»

Сонымен, тәуелсіз елміз. Тәуелсіздігімізге 23 жыл толды. Бұл-үлкен мәртебе. Үкімет Тәуелсіздігіміздің 23 жылдығына жалпыұлттық дайындық жоспарын жасады. Біз осы тәуесіз елдің ұланымыз, болашағымыз. Елімізді, жерімізді сүйеміз. Ендеше, елімізге арнаған жүрекжарды өлеңдерің мен шығармаларыңды оқи қойыңдар.

Ой қорыту.

Оқушылар бүгінгі сабақтан алған білімдеріне сүйене отырып, өз ой-пікірлерін әңгімелейді.

Тәуелсізбін, егеменмін, азатпын,

Туды міне, ел аңсаған азат күн!

Елдің туын биік ұстар әрқашан,

Болашағы сендерсіңдер қазақтың!

Ән: «Елім менің».

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083473

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар