Шәкірт шығармашылығын ұштау

12 қаңтар 2015 - Бағила Шыңғысбаева
Шәкірт шығармашылығын ұштау

Бүгінгі Қазақстан жаңа принциптерге негізделген егемен мемлекет құруда. «Біз өзіміздің болашағымызды және балаларымыздың болашағын қандай күйде көргіміз келеді, осыны айқындап алатын уақыт жетті»,- деп көрсетілген Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың 2030 жылға арналған стратегиялық баяндамасында. Осы тұрғыда үкіметіміз білім беру мекемелеріне тәуелсіз мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өр талабына тұғыр боларлықтай ұрпақ оқыту, тәрбиелеу ісін жаңа сапалық өзгерістер деңгейіне көтеруді талап етіп отыр. Мектеп құрылымында болып жатқан өзгерістер, білім беру мақсаттарының алмасуы, оның дамытушылық сипаттарының бекітімді, көпнұсқалық оқытуға көшу сияқты мәсәлелері мұғалімдерден шығармашылық бастамалылық, жөні бөлек көзқарастарды, жұмыстың жоғары сапасын және кәсібилікті талап етеді. «Халықты халықпен, адамды адаммен теңестіретін- білім»,- деп М.Әуезов көрсеткендей, егемен елдің келешегі кемел білім мен ұлағатты тәрбиеге байланысты.Қазақстан Республикасының «Білім туралы» заңында мемлекеттік саясат негізінде ең алғаш рет «Әр баланың жеке қабілетіне қарай интеллектуалдық дамуы, жеке адамның дарындылығын дамыту» сияқты өзекті мәселелер енгізіліп отырғаны белгілі.

Оқушы дарындылығының дамуы, қабілетінің ашылуы мұғалімнің кәсіби шеберлігіне және тұлғалық қасиетіне байланысты екені баршаға мәлім. Ұлы ойшыл Плутарх жеке тұлғаның дарындылығын танып білуге, қабілеттілікті ашуға үлкен мән бере: «Көптеген табиғи талант дарынсыз ұстаздарының кесірінен жойылып кетеді.Олар дарынның табиғи құбылысына терең бойлай алмай, тұлпарды есекке айналдырып құртып тынады» -деп атап көрсетті. Баланың бойындағы табиғат берген ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның әрі қарай дамуына бағыт-бағдар беру қажеттілігін әр мұалім осыдан түсінуі керек.Ол үшін дарынды оқушымен жұмыстың әлеуметтік қажеттілігін сезінуі, нәтижелі әдіс-тәсілдерді талмай ізденуі, жоғары нәтижелерге жетуге ұмтылуы, ата-анасымен тығыз байланыс орнатуы, оқушымен жиі қарым-қатынаста болуы сияқты талаптарды орындайды. Ж.Ж.Руссо баланың өз бетінше білім танымдық, шығармашылық әрекет идеясына үлкен мән берді. Руссо дидактикасында оқыту үрдісінде ең бірінші орынға танымдық қабілеттілікті, белсенділік пен өзбеттілік принциптерінің маңыздылығына көңіл бөлді. Міржақып Дулатов қазақ арасында көбіне көзге түспей, түссе де еленбей жүрген ғылым-білімге, өнерге зерек, дарынды балаларды оқытып тәрбиелеудің мәні жайында сөз ете келіп, дарындылықтың кейбір психологиялық астарына үңіледі. М.Дулатов: «Туысында қанша зеректік болса да – ғылымсыз, тәрбиесіз кемеліне жетпейді. Кімде-кім өзінің табиғатында не нәрсеге шеберлік барын сезіп, өз жолына түссе ғана, көзге айнытпай сала білсе, жақсы жазушы да адамның ішкі сырын, мінезін, әдетін бұлжытпай көрсете біледі, оқығанда – көріп тұрғандай боласың… »

Дарынды балаларды анықтау үшін бастауыш сыныптан бастап зерттеу жұмыстары жүйелі жүруі керек. Мектеп табалдырығын алғаш аттаған оқушылардың оқуға деген құштарлығы қазіргі таңда өте жоғары. Оған ата-анасының мән бере жасаған дайындығы, үлкендердің қуанышты көзқарасы, мектептің беделі, жаңа киімдер мен әдемі оқулықтар баланың қызығушылығын арттырып, білім алуға жетелейтіні сөзсіз. Осы орайда бастауыш сынып мұғалімдері шеберлігімен, жаңа әдіс-тәсілді сабақтарымен, ұшқыр ойлы ойындарымен оқушы зейінін жаулап алып, білуге деген құштарлықтарын шыңдай түсуі қажет. Бірінші сынып оқушыларының барлығы дерлік мектепалды даярлықтан өтіп келгендіктен, оқу қиынға соға қоймайды. Әріптерді тез танып, әдемі жазып кетеді.Білікті ұстаз оқушының жас ерекшелігіне сай оқу жүгін анықтап, шығармашылық жұмыстармен толықтырып отырады. Ізденіспен жасалған әр сабақта оқушы мұғалім әрекетіне ілесіп, нәтижелі жетістікке жетіп отыратынын байқамай да қалады. Мұғалімнің атқарылған еңбегінің жемісі осында. Қазіргі заманға сай оқытудың жаңа технологияларын оқып-үйреніп, күнделікті сабақтарда шығармашылықпен пайдаланып отырса, нәтижесін берері сөзсіз. Білім сапасы мен деңгейін анықтап салыстырмалы мониторингтер жасап отыру оқушы қабілетін зерттеуге көп көмегін тигізеді. Қабілет іс-әрекеттің белгілі бір түрін ойдағыдай нәтижелі етіп орындауда көрінетін адамның жеке қасиеті. Дегенмен табиғат оны бәріне бірдей етіп бөлмей, біреуге көптеу, біреуге аздау, ал үшіншілеріне мүлдем жарытпай тарататыны да анық. Қазірге дейін ғылым мен тәжірибеде дарындылық туралы екі түрлі көзқарас бар. Біреулері кез-келген бала дарынды, тек уақытында нақты қабілетін анықтап, дамыту керек. Ал қарсы көзқарастағылар дарындылық өте сирек құбылыс, жалпы адамдардың өте аз тобына ғана тән. Сондықтан дарынды балаларды іздеу алтын түйірін іздегенмен бірдей дейді. Дарынды деп – белгілі бір қабілеті көпшіліктің орташа қабілетінен ерекшелінетінін айтып жүрміз. Өмір сүретін орта, берілетін тәрбие осы ерекшеліктің одан әрі дамуына көмектеседі. Қолайлы ахуал, тамаша кәсіби ұстаздық ерекше қабілетті оқушыны дарынға айналдыра алады. Бастауыш сыныпта жазуының әдемі, сауатты, оқығанын, көргенін жүйелі түрде баяндауы, өлеңдерді жатқа айтуы, табиғат көріністері мен жыл мезгілдеріне шағын әңгіме жаза білуімен оқушы дарындылығын анықтау жеткіліксіз. Осы орайда мектеп психологының көмегі қажет. Ресей психологтары дарындылық жайлы төменгідей анықтама береді: «Дарындылық – психиканың жүйелі, өмір бойы дамитын қасиеті. Ол басқа адамдармен салыстырғанда іс-әрекеттің бір немесе бірнеше түрінде адамдардың ең жоғары нәтижеге жету мүмкіндігін анықтайды. (Бурминский Г.В., Матюшкин А.М., Слуцкий В.М.).

Мектеп психологымен оқушының жеке бас даму картасын толтырып, психодиагностикалық зерттеу жүргізіледі. Нәтижесінде дарынды оқушыны анықтап, оқушының қабілеті қай бағытта, қосымша жұмыс түрлері, және дамыту әдіс-тәсілдерін айқындауға болады. Тереңдетілген қосымша бағдарлама жасалынады. Бастауыш сынып мұғалімдері басқаратын «Балбұлақ», «Балауса», «Қызықты математика», «Он саусақ», «Қуыршақ театры», «Лағыл» би үйірмелеріне қатыстырылады. Жетістіктері ата-аналар жиналысында марапатталады, есепке алынады, қорытындысы шығарылады. Мектепішілік «Тағылым жаршысы» газетіне басылып, «Ақжолтай» айдарында жарияланады. Білікті ұстаз дарынды оқушының өздігімен жұмыс істеуіне, шығармашылық ізденістеріне қажетті кеңестер береді. Дарындылықты дамытуда оқытудың әр түрлі жаңа технологияла-рын тиімді пайдалануы тиіс. Оқу үрдісінде дарынды оқушының қабілетін іске асыруға дайындығын қалыптастыру мақсатында мына жұмыстар сүбелі орын алары сөзсіз.

·Шығармашылық жұмыстар

·Мәтіннің толық нұсқасын оқу

·«Жауабы жоқ сұрақтар» дайындау

·Сайыстарға қатысу

·Интеллектуалды ойындарды жүргізу

·Қазылар алқасы құрамына енгізу

·«Алғашқы пікір, соңғы тұжырым» иесі болу

·Мектепішілік олимпиадада ұту

·Дебат, рекорд сабақтарына қатысу

·Тест тапсырмаларын орындау

·Тренинг байқауларда көшбасшы болу

·«Дарын» орталығы ұйымдастырған конкурстарға қатысу

Осындай жұмыстардың нәтижесімен қалалық, облыстық олимпиада, конкурстарға жолдама алуға тартылады.

Ата-анасымен тұрақты байланыс жасап, педагогикалық-психологиялық кеңестер беріліп отырады. Бастауыш сыныпты аяқтаған соң орта буын мұғалімдері қатыстырылып қабілетті, дарынды оқушымен жұмыс нәтижелері, болашақтағы бағыт-бағдар туралы ортаға салып консилиум өтеді. Орта буынға барған соң педагогикалық кеңесте пәндік үйлесімділік тақырыбы қорытылады, сонда дарынды балалармен жұмыс нәтижесі де тыңдалады.

Оқушы орта және жоғары буынға барғанда дарынды оқушымен жұмыс өз жалғасын табады. Мектептің педагогикалық-психологиялық зертханасы оқушы тұлғасын қалыптастыру және дамыту барысындағы жұмысын жетілдіріп, оқушы – мұғалім – ата-ана арасындағы қарым – қатынас сарапталады, оқушының білім сапасы мен тәрбиелілігінің мониторингілері салыстырылады, сабақтардың рейтингісі анықталады. Мұғалімдердің тиімді педагогикалық технологияларды игеру диагностикасы жасалады.

Оқушының өз бетімен жұмыс істеу дағдысы жүйелі жұмыстардың қорытындысы, жеке тұлғаның қалыптасуының бастауы.

Осы бағытты әдебиет сабағында оқушыларға білім мен тәрбие беру ісі қатар өрбитіні сөзсіз. Оқушының шығармашылық қабілеттерін арттыра отырып оқу материалдарын өздері игере алуға мүмкіндік туғызудың шешуші факторы – оқытудың жаңа әдістемелік жүйелерін құру болып табылады.

10 сыныпта Шәкәрім Құдайбердіұлының «Еңлік – Кебек» дастанын оқытуда оқушылардың шығармашылықпен жұмыс істеу дағдысы, топтаса оқу және таланттыларды анықтау жұмыстары мұғалімнің басты назарында болады.

Сабақтың тақырыбы: Ш.Құдайбердиев «Еңлік-Кебек» поэмасы

Мақсаты: Оқушыларға «Еңлік-Кебек» поэмасының мазмұнын, идеясы мен

құрылысын таныту.

а/ Білімдік міндет: Поэманың мазмұнымен таныстыру, жоспар жасап,

талдауға дағдыландыру.

ә/ Тәрбиелік міндет: Әдебиетті сүюге, биік адамгершілікке тәрбиелеу.

б/ Дамытушылық міндет: Өз ой пікірін айтуға қалыптастыру.

Әдісі: Сұрақ – жауап, баяндау, тұжырымдау.

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, суреттер, ән.

Сабақтың барысы

Ұйымдастыру. Үй тапсырмасын сұрау.

1.Шәкәрім кім?

2.Ақынның қандай шығармаларын білесің?

3.Ақын өлеңдерінде кандай тақырыптар қамтылған?

4.Қай өлеңін жатқа айтқың келеді

Оқушылар слайдқа сүйене отырып, жауап береді.

Үй тапсырмасы қорытылып, жаңа сабақты бастау.

Шәкәрім әдебиеттің барлық жанрына қалам тартқан ақын. Ақын, сазгер, лирик, эпик, аудармашы ретінде танып, білгенбіз. Шәкәрімнің бірнеше поэмасы бар. ( Поэма туралы түсініктері анықталып, толықтырылады.) Оның «Қалқаман-Мамыр», «Нартайлақ пен Айсұлу», «Еңлік-Кебек», «Ләйлі-Мәжнүн» поэмалары бар. Біз бүгін «Еңлік-Кебек» поэмасына тоқталамыз. Поэманың жазылуына Абай себепші болған. М.Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясында қасындағы жас өнерпаздарға, шәкірттеріне:

«Осы жалғыз мола осынау елсіз жотаға пайда болғалы, міне жүз рет жадырап жаз, кірбең тартқан күз келіпті. Сол бір ықылымнан бергі көп буындар тіршілігінің үнсіз куәсі осы мола. Бұл мола — ішіне ауыр сыр бүккен мола. Мұнда жатқан бір қыз, бір жігіт. Жігіті — Кебек, қызы — Еңлік аталушы еді,»- деп сол оқиғаны әңгімелей келіп, жас ақын інілеріне осыны жыр етіп жазуды тапсырады. Міне, осылай Абай ағасының тапсыруымен дүниеге келген «Еңлік — Кебек» дастаны бүгінгі жастардың сүйіп оқитын шығармасы, ғашықтарға қойылған мәңгілік ескерткіштей.

Өткенді қайталау сұрақтары:

1.Еңлік пен Кебек қай кезде, қандай жағдайда кездеседі?

  1. Араларында не туралы сөз болады?
  2. Екеуі қандай шешімге келеді?
  3. Найман неге бітімге келмейді?
  4. Тобықты Еңлік пен Кебектің тығылған жерін айтуға неге мәжбүр болады?
  5. Найман қандай шешім қабылдады?
  6. Поэма қалай аяқталады?
  7. Поэмаға қандай ой қосар едің?

Сендер 8-сыныпта Қалқаман-Мамыр поэмасын оқығансыңдар. Ол да екі жастың махаббаты, арманда кеткен жандардың аз күндік қызық дәурені, заман шындығы әлеуметтік теңсіздік туралы, оның да бас кейіпкерлері –қыз бен жігіт.

Сол екі поэмадағы Мамыр мен Еңліктің қандай ортақ белгілері, қандай айырмашылықтары салыстырылады.

Қалқаман- Мамыр мен Еңлік Кебек жеке адамдар ғана емес, бүкіл халық басындағы трагедияны суреттеген реалистік шығармалар. Бұл салада да Шәкәрім Абай үлгісін жалғастырушы.

Ұлға бұғау, қызға тұсау болған зар заманда запыран жұтып, бір-бірін сүйгені үшін қатал заман құрбаны болған қос ғашық.

Еңлік Кебектің басына бұл күнде үлкен сүйіспеншілік мұнарасы қойылған.

Үйлену тойын жасағалы жатқан жастар ескерткішке соғып, гүл шоқтарын қойып тағзым етеді.

Міне, Шәкәрім жырына арқау болған Еңлік-Кебек дастаны осындай.

Сұрақтарға жауап алынған соң, поэмаға композициялық жоспар жасалады.

Композициясы

Жоспар

Әдісі

Тілі

Пролог

Метафора:

Жаны отты.

Эпитет:

Көзі өткір,қараторы- Биік қабақ, сұрлау қыз

Мақал: «пәледен машайық қашыпты», «Ас иесімен тәтті». «Ел құлағы – елу». «Сақтықта қорлық жоқ».

Басталуы

Кебектің боранда адасып, Мамай ауылына келуі

Баяндау

Байланысы

Еңліктің өз қайғысын айтуы, екеуінің сөз байласуы

Диалог

Дамуы

Екеуінің тауға қашып кетуі

Шиеленісуі

Найманның бітімге келмеуі

Шарықтау шегі

Тобықтының Кебектердің тығылған жерін көрсетуі

Шешімі

Еңлік пен Кебектің өлімі

Эпилог

Пролог пен эпилог туралы ереже дәптерлеріне жазғызылады.

Сабақ қорытындыланып, бекітілген соң, үй тапсырмасы беріледі.

Үйге: «Еңлік – Кебек махаббаты және бүгінгі жастар» тақырыбы бойынша дебат сабағына дайындалу.

Жас өркеннің бойындағы табиғат берер ерекше қабілетті, дарындылықты тани білу, оның ары қарай дамуына бағыт-бағдар бере білу ерекше қиын да қызықты іс. Алайда әр баланың жеке қабілетін анықтап, оны сол бағытта жетелеу – ұстаз парызы. Баланы заман талабына қарай көрегендікпен икемдеп, өз заманының озық өнегесін санасына сіңіре білу, оларды шығармашылық бағытта жан-жақты дамыту – бүгінгі күннің басты талабы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141218

Пікірлер (1)
Таланттар мектебі # 12 қаңтар 2015 в 16:48 +1
«Еңлік – Кебек махаббаты және бүгінгі жастар» тақырыбы бойынша дебат сабағына дайындалу. - депсіз. Шіркін, осы сабақтың видеосын болса да көрсе ғой!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар