Шынайы сыныптағы білім беру мен оқыту тәжірибемдегі менің өзгерістерім

9 қараша 2014 - Раушан Калибекова
Шынайы сыныптағы білім беру мен оқыту тәжірибемдегі менің өзгерістерім

"Шынайы сыныптағы білім беру мен

оқытутәжірибемдегіменіңөзгерістерім"

Р.О.Калибекова

Шет тілі мұғалімі

Қарағанды облысының Балқаш қаласындағы

лингвистикалық бағыттағы ЖББ 16 орта мектеп

 

      Жеті модуль идеясы білім беру мен оқыту әдістерін қарастырып, сындарлы оқыту теориясының  негіздерін қамтыған. Бұл теория оқушылардың ойлауын дамыту, олардың бұрынғы алған білімдері мен жаңа немесе сыныптағы түрлі дерек көздерінен, мұғалімнен, оқулықтан  және достарынан алған білімдерімен өзара әрекеттесуі жағдайында жүзеге асады деген тұжырымға негізделеді.    

      Мишра мен Келердің пайымдауынша, барлық  үш білім саласы (білім, педагогика, технология) арасында өзара байланысты іске асыруға қабілетті мұғалім жоғары деңгейдегі кәсіпқой болады екен. Бұл пайымдауды ескере келе, үш білім саласын  тәжірибемде ұштастырып, ой легімнен өткізіп, баға беріп, өзгерістер енгіземін. Жеті модульдіңбірінде осы үш білім саласының бірі  ақпараттық технологияның тиімді жақтары қарастырылғандықтан, өз тәжірибемдегі осы модульмен байланысты өзерістерге тоқталғым келеді.         

     Ақпараттық технологиялар оқушыларға ғылыми ұғымдарды жеңіл түсінуге, қабылдауға мүмкіндік беріп, мұғалімдердің маңызды құралына айналып келеді. Ақпараттық технологияларды игеріп, ақпаратты пайдалануға қол жеткізген әрбір оқушы  өзінің күнделікті ақпараттық  қажеттілігін қанағаттандыра алады, әлеуметтік өмірге белсенді түрде қатысады. Оқушының сыныптан, үйден шықпай-ақ үлкен ғалымдар мен педагогтердің дәрістеріне қатысуына, өткен және қазіргі тарихи оқиғаларға куә болуына, әлемнің ең белгілі мұражайлары мен мәдени орталықтарына, жер шарының ең алыс және қызық түкпірлеріне сапар шегуіне мүмкіндігі бар. [1, б.61]

     Технологиялық пен пәндік білімдердің тәсілдерін әр сабақта қолдану  арқылы  оқушылардың «ішкі уәж»қасиеттерін, сабаққа деген  ынтасын арттыруға болады.[1, б.63]Шет тілін үйреніп жатқан оқушылар сөйлеудің ғылыми стилін шебер қолдануды қажет етеді. Сондықтан шет тілі сабағында оқушылар АКТ арқылы оқудағы визуалдандыру дағдыларын дамыту керек деп санаймын. Яғни оқушылар сабақтарда үлгілер мен аналогтарды пайдалануарқылы  негізгі ғылыми идеяларды визуалдандырады. Негізгі ғылыми идеяларды қолдану арқылы оқушылар тәжірибелік жұмыстарына  болжамдар жасап, айғақтар келтіреді.

     Дерексіз идеяларды суреттеу және елестету үшін шет тілі   сабақтарында  үлгілер мен аналогтарды пайдаланамыз. Оқушыларға да өздерінің үлгілерін бірлесіп жасауға мүмкіншілік беріліп, дерексіз идеялар мен қиын байланыстарды нақты елестетуге мүмкіншілік алады. Бұл нақты елестетулер арқылы оқушылардың  ғылыми сауаттылығын дамытуға болады. Мысалы:  ғылыми мәтіндерді тыңдап түсінуде, сөздік қорын кеңейтуде және жобалауда.

   Халықаралық Интернет жобаларды   оқушылар талқылап, өз зерттеу жұмыстарында қолдана алады. Мұндай кеңейтілген тапсырмалар балалардың  білім алуын  дамытып, дарынды балаларды ізденпаздыққа талпындырады. Оқушылар сабақта түрлі зерттелген мәліметтерді пайдаланып, гипотеза ұсынып, жобаларды іске асырып, серіктестікке, ынтымақтастыққа, жауапкершілікке, шешім қабылдауға үйренеді.

     Мультимедиа өнімдері арқылы оқушылардың оқудағы танымдық қабілеттерін дамытып, пәнді түсінудегі, ақпаратты есте сақтау мен толықтырудағы, мәтінді оқудағы, жазудағы, ойлау қабілеттеріндегі кедергілерді  жоюға болады. [2, б25]

      Сабақта оқушылардың мәтінді оқуына және ережелерді дұрыс түсінуіне көмек ретінде фотосуреттер, компьютерлік анимациялар, электрондық кітаптар, мүмкіндігінше энциклопедиялар мен  компьютерлік фильмдер қолданылады.

      Электронды оқулықтарды шет тілін оқытуда оқу ақпаратын тасымалдаудың құралы ретінде  қолданамын. Бұл оқулықтарда оқу ақпараты толық мазмұндалып, әр түрлі қосымшалар, анықтамалық материалдар, бақылау тапсырмалары беріліп, әдебиеттер тізімі және тақырыптық ресурстарға сілтемелер беріледі. Электронды оқулықтар шұғыл кері байланысты қамтамасыз етеді, дәстүрлі оқулықта көп іздеуді қажет ететін тиісті ақпаратты тез табуға көмектеседі, қысқа мәтіндерді әңгімелейді, жобалайды, әрбір  дербестік тұрғыдан қатынас жасауға мүмкіндік беріп, әр баланың өз бетінше білім алуын қамтамасыз етеді,  белгілі бір бөлім бойынша білімді тексеруге мүмкіндік туады. Видеофильмдер мен мультимедиялық презентациялар шет тілін тиімді үйрену  үшін жасалған әдіс: сөйлеуге үйрету жүйесінің тиімділігін арттырады, әрі оқушылардың ынтасы мен қызығушылықтарын оятады және берілген материалды оңай әрі тез арада игеруге мүмкіндік береді. [3, б19]

     Сандық технологиядарды қолдану арқылы сабақта балалар ақпараттың орналасқан жерін анықтап, ұйымдастырып, түсініп, бағалай алады. Сандық құралдарды пайдалана білу  сыни тұрғыдан ойлауға,  әлеуметтік түсініктің қалыптасуына көмектеседі.

      Сандық технологиялардың көмегімен оқушылар шет тілінде сөйлейтін елдер туралы ақпараттар жинақтап, салыстырып, үлгілейді. Оқушылардың сыни тұрғыдан ойлау дағдыларын дамыту үшін белгілі бір елдердің тарихы, мәдениеті, тұрмыс-салты туралы  бейнеақпараттарды бақылап, тыңдап, дәлелдер жинастырып, талқылап, ұқсастықтар мен айырмашылықтарын салыстырып, зерттейміз. Оқушылар табылған ақпараттардан қажеттілерін таңдап, баға беріп, іздеудің тәсілдері туралы сыни тұрғыдан ойланады.

     Балаларды  оқу кезінде өзге балалар мен қоршаған ортаның бай тәжірибесімен нақты уақыт тәртібінде қамтамасыз етуге тырысамын. Сабақтарда оқушылар видеоконференциялар мен онлайн сабақтарға қатысып, чаттар,  форумдар мен электронды пошта арқылы тілдесе алады.

       Мысалы: Оқушылар интернет желісі арқылы шет тілінде хат алысудың бірнеше кезеңдерін орындайды: ашық хаттың түрін таңдайды, оған өз қаласы, мектебі, сыныбы жайлы ақпараттарды жүктейді, сол ақпараттарды электронды пошта арқылы бір-біріне жіберді, ол хаттарды 1 ай бойы өзі  қатарлы шет ел балалары таныса алады, оқушылар электронды пошталарына шет тілінде келген алғыс хаттарды   оқып түсінеді. Оқушылар шет ел балаларымен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатып,  болашақта  осы қабілеттерін  дамытып, тілдерін жетік дамыта алады.

     E-mail бағдарламасы электрондық хат қолданудың жеңіл жолы.    Электрондық хат алмасу қағазға жазудан қарағанда тезірек, ыңғайлы және арзан. Оқушылар электрондық хат алмасуды түрлі мақсатта қолданады: бір  тақырып төңірегінде пікірлесіп,  кейін сол мәліметтерді жинақтап, жобалайды.   

    Өзгеріс үстіндегі әлемде АКТ-нің ықпалын неғұрлым көбірек сезінсек, сабақта нақты әрекетке негізделген кері байланысты қамтамасыз етуге болады. Компьютер арқылы әрбір оқушы өзінің білімін бақылауға, тексеруге және өзін-өзі  бағалауға мүмкіндік алады. Онлайн тестерді оқу материалын бекіту үшін қолдануға болады. Мұндай тестер оқушылардың  жіберген қателерін түзетуге, талдауға мүмкіндік береді.

      Интернет желісі арқылы балалар түрлі олимпиядаларға, байқауларға қатысып отырады.

Қазіргі компьютерлік және басқа электрондық құрылғыларда қолданылатын «сақтау» мүмкіндігі бейнетаспаға түсірілген сабақтарды, пікірталастарды интерактивті тақталардың көмегімен қайтадан қарап шығу үшін  және бақылау мен түсіну дағдыларын қайтадан қолдану мен үшін маңызды рөл атқарады.

Мұғалімдердің өткізген сабақатарын айқын көрудің тәсілі  — бейнетаспаға түсірілген сабақ  түрі болып табылады. Сабақтың өзіне қатысқаннан көрі бейнатаспаға түсірілген сабақты бақылау әлдеқайда тиімді. Себебі, сабақты кез-келген жерінен тоқтатып, сабақтың кез-келген жерін талқылауға мүмкіншілік бар. Қорыта келгенде бейнетаспаға түсірілген сабақтың көптеген жағымды жақтарын көруге болады.

Бір тақырып бірнеше сыныпқа берілген кезде, әр қайсысын жеке бейнетаспаға түсіріп алуға тырысамын. Сөйтіп сабақта оқушылармен бірлесе кеткен әлсіз жақтарымызды жөндей аламыз. Сонымен қатар оқушылардың қай сабақта белсенді, қай тақырыпта белсенсіз екенін анық бақылап, сыныптарды бір-бірімен салыстыра аламын. Осы тұрғыда келесі мәселелерді шешуге тырысамын: «Мен ертең не істеймін? Сабақтарымды қалай бір-бірімен байланыстырамын? Ұсынылып отырған стратегияларды оқушылар өз беттерімен меңгерді ме?»

Әр сабақ барысында бір оқушыны қайта-қайта бейнетаспаға түсіру арқылы оның барлық сабақтар барысында өскенін немесе төмендегенін көре аласыз және сіз аталған баланың іс-әрекетін басқа мұғалімдермен де талқыға сала аласыз.

Компьютерлік оқыту бағдарламаларын қолдану арқылы қандай да болсын шет тілін  оқып-үйренуге болады. Бұл бағдарламаларда теориялық материал мен блоктар болады, олар оқушылардың берілген білім көлемін меңгеруінің сапасын анықтауға мүмкіндік береді.Дәстүрлі оқыту жүйесінде оқытушының алдында сабақ айтып, баға алатын оқушы енді компьютердегі жұмысын орындап болған соң, баға алу үшін оқытушыға бірден бармастан, компьютерге орнатылған бағдарламалардың көмегімен өз жұмысының деңгейін бағалай алады.[4, б11] Яғни, компьютер өзінде бар бағдарламалар арқылы белгілі бір жағдайларда ұзақ уақыт бойы оқытушының қызметін атқара алады. Егер оқыту бағдарламасы бір сағатқа есептелсе, онда оқушы оқытушының көмегінсіз бір сағат бойы сабақ оқып, жаңа оқу материалын меңгере алады. Тіптен, компьютерлік бағдарлама аясында оқушыға дәстүрлі оқыту жүйесіндегі оқытушыдан да тиімдірек әдістермен, әсерлі және көрнекі мысалдармен оқу материалын егжей-тегжейлі игеруіне жағдай жасалады. Мұнымен қоса, оқушының жеке қызығушылықтары мен қабілеттерін тереңірек ашуына мүмкіндік туындайды.

  Интернет - әлемде болып жатқан соңғы жаңалықтар жайлы мәлімет алудың тез және ең оңай жолы. Интернеттің көмегімен оқушылар жаңалықтар өзегімен қамтамассыз етуге болады. Қазіргі таңда көптеген газеттердің жеке WEB парақшалары бар. Сонымен қатар WEB газеттер түрлі бөлімдерге бөлінеді: мәдениет және өнер, сауда, экономика, спорт, жарнама, ауа райы жаңалықтары. Оқушылар WEB газеттер арқылы әлемде болып жатқан жаңалықтармен жиі хабардар болып отырылады. Әсіресе  баспамен тікелей қарым қатынас жасауға мүмкіндік беретін сайттармен. Бұл арқылы оқушылар  оқыған мақаласы жөнінде өз ойларымен бөліседі. Оқушылар  екі — екіден немесе үш — үштен бөлініп, мақалаларды талқылай алады. Бұл әдіс балалардың қызығушылығын арттырып, сабаққа белсенді түрде қатысуына үлкен ықпалын тигізеді. Дарынды оқушылар күрделі мақаламен жұмыс жасап,  белгілі бір оқиғаға байланысты өздерінің жеке тұжырымдамаларын  жасауға мүмкіншілік ашылады. Мақалаларды зерттеудегі мәдениаралық біліктілікті дамыту арқылы оқушы мәселені терең меңгеріп, өз ойын жеткізе алады және сараптама жасайды.

       Шет тілдерін  оқитын оқушылар  бірлесіп әр түрлі тілдерге қатысты ақпараттар жинақтап, веб-сайттардың  тұсаукесерлерін өткізіп тұрады. Оқушылар ақпараттар ғана жинақтап қоймай, сонымен қатар өз подкастарын да құрып үйренді. Подкастар арқылы оқушылар белгілі бір дағдыларды дамытты: өз пікірлерін білдіруге, өз жұмыстарымен бөліскенге.

        Сонымен  ақпараттық — коммуникациялық технологиялардың мүмкіндіктерін қолданудың мұғалім үшін берер тиімділіктерінің маңызы өте зор: мұғалім үздіксіз ізденіс үстінде жүреді, жеке тұлғаны қалыптастырудағы жауапкершілігі артады, инновациялық технологияларды қолдану іскерлігі, әдіс- тәсілі артады, жас мамандардың қызығушылығын туындатады, мектептегі басқа пән мұғалімдерімен тәжірибе алмастыру арқылы ұжымның ұйымшылдығының ұйтқысы бола алады, интернетке кіру жүйесі арқылы әлемдік деңгейде іс- тәжірибе алмасуды қалыптастырады және оқытудың түрлі әдіс тәсілдерін игеруге қолы жетеді, мұғалім сабақты қызықты, жүйелі түрлендіріп өткізуге машықтанады.
 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

[1]Мұғалімге арналған нұсқаулық. Үшінші деңгей.
[2] Г. И. Щукина. Педагогические проблемы формирования позновательных интересов учащихся. М., Педагогика, 1998.
[3] Г.Қ. Нұрғалиева. Электрондық оқулықтар- мұғалім мен оқушы арасындағы әрекеттестікті гуманизациялау құралы. А.,2002.
[4.]Қазақстанмектебі № 11, 2009 ж.
 

      

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1147851

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар