Әнші Шақтай - Айдындағы аққулар.

Автор
Жарияланды: 32 күн бұрын (21 қыркүйек 2017)
Өңдеу: 1 рет — бүгін в 10:46
Көңіл күй: Керемет
0
Голосов: 0
Әнші Шақтай -  Айдындағы аққулар.


Көршіміз, Шақтай ақсақал,әлдене толы көнетоз сөмкесін арбаға салып жатып шешеме :
-Бәйбіше, ақсақалың бүгін түске қарай келіп қалар,- деп ескертті.
-Өзіңіз жол жүріп...

-Иә, жұмыс қой фермаларға барамын,- деп арбасына отырып, қыр асып бара жатты. Араға 3-4 күн салып оралды. Ал бұл тұста Қатынкөлге жайлауға көшіп келген құлағалы тұрған балағандарға жайғасқан. Қойлы ауылдың адамдары кәдімгідей-ақ ен жайлауда серпіліп, сергіп қалғандай еді.

Әкем кешкі шай үстінде: «Шақаң ертең қозы суарам дейді. Сен де көмектес»,- деген. Ертеңгісінде құлқын сәріден ауылдың үлкендері де, кішілері де осында еді. Тек олардың арасында Шақаң көрінбеді. Бірер сағаттан соң қозыларды бөліп те болдық. Отар өріске беттеді. Қойлар да, қозылар да жақ жаппай маңырап, айнала төңіректі азан-қазан етіп жіберді.

Ауыл әйелдерінің бірі Шақаңа хабар салуға кетті. Әлден соң әлгі әйел екі шелекке құйылған суға араласқан дәріні алып, Шақаңды ертіп келді. Орындыққа жайғасып отырған Шақаң қан қызыл дәріні қолындағы аспаппен қозылардың аузына құя бастады.

Алғашқыда іске қызыға, құштарлана кіріссем де, күн қызған сайын қозыларды сүйреткенде көтерілген қара шаң тынысымды тарылтып, терлеп-тепшіп берекем кете бастады. Тек үстіндегі қара халаты жер сызып, басындағы бөркін бастыра киген Шақаңа күннің барған сайын ыси түскені қозылардың тұяғынан көтерілген қою қара шаң маса шаққандай әсер етер емес.

Бір қалыпты жұмысын жалғастыруда еді. Сол жолы мен Шақаңның кіші мал дәрігері екенін алғаш білген едім. Көп ұзамай оның сегіз қырлы, бір сырлы өнерпаз екеніне көзім жетті. Бірде ол Баяннан кішкене гармон сатып әкелді. Ертеңгісінде кешке қарай Қатынкөлдің жағасына Үміт апаға киіз, құрақ көрпе төсетіп, бірде домбыраға, бірде қобызға, бірде гармонға қосылып, қазақтың небір әсем әндерін құйқылжыта салды. Ауыл адамдары тайлы-таяғы қалмай жиналып, Шақаңның әніне құлақ түрулі еді.

Тіпті бұл тұста ақтылы қой отарын ауыл маңайына төңіректеткен әкем мен оның көмекшісі де отарды көлге жауып, өздері келіп әнге құлақ түрді. Ал кешкі дастархан басында әкем маған: «Шақаң ел таныған әнші ҚазАССР-нің бес жылдық па екен, әйтеуір бір ұлы мерекесінде қазір де радиодан ән салып жүрген әнші Қали Байжановтармен бірге ән бәсекесіне қатысып, жүлдегер атаныпты.

Тек сол кездің өзінде балалы-шағалы болса керек. Содан тұрмыс жағдайымен ауылда қалып кете барған еді. Шақаң малды ауылдарды аралап кеткенде, ауыл балалары ұзақты күн асық ойнап, бұзауға мініп, Қатынкөлдің құм көмкерген жағалауында асыр салып, ойнай жүріп, көл бетінде бірі қонып, бірі ұшып жүрген үйрек- қаздарға, әсіресе көлдің сәнін ерекше келтіріп, ажарын аша түсетіндей көрінетін қос аққуға, олардың соңынан ерген сол кездің өзінде қарамдары кішігірім шүрегей үйректей болып қалған 4-5 көмірдей қап-қара балапандарға қызыға көз тастар едік.

Шақаңның арбасының балаған алдында тұрғанын көргенде қатты қуандым. Кешке қарай Шақаң ежелгі әдетінше көлдің жағасына жайғасып, әсем әндерді бірінен соң бірін айта бастады. Сол күні жаздың мамыражай қоңыр салқын күндерінің бірі еді.

Әдетте көл ортасына дейін жүзіп келіп, кері бұрылатын аққулар Шақаң қобызын алып тарта бастағанда әлденеден құр қалатындай-ақ біз жайғасқан жағалауға қарай асыға жүзіп келе жатты. Бірақ оған аса мән берген ешкім жоқ еді. Жұрт назары бірде құйқылжи бірде, күңірене бірде шалқи шыққан қобыз үніне қосыла мың құбылып, жүз түрленген Шақаң салған әсемде сазды әнге ауған.

Кенет отырғандардың бірі: «Керемет-ай !»-деп сыбыр етіп, иегімен көл жақты меңзеді. Балапандарын ерткен аққулар біз отырған жағалауға таяқ тастам жерде жүзіп жүр еді. Аққулар әлден соң жағалауға шығып, ауыл алдындағы қырға беттеген. Осы бір әдемі сәт мұнан кейін де бірнеше рет қайталанған.

Ол тұста техниканың кем кезі. Ауаның ластанбаған тұнық шағы. Содан да болар гүрілдеген мотор үнінен оянған балалар далаға атып-атып шығып, орталықтан келетін қара жолға көз тіктік. Көп күттірмей үш аяқты 3-4 мотоциклге мінген әскери адамдар көрінген. Сол сәт балалар көлге қарай құстай ұшты. Бұлар көл жағасына іліккен тұста офицерлердің бірі қолына қаруын алып, әлденені ұзақ көздеп шүріппені басып қалған еді. Дыбыссыз қарудан атылған оқ масадай ызыңдап ұша жөнелді.

Сол сәт қос аққу аспанға көтеріле берді. Балпандары суға сүңгіп жоқ болды. Самғау биікке көтеріле берген тұста қос аққудың бірі қиралаңдап кібіртіктеп керіліп, бір сәтте көлге құлап бара жатты. Оның жансыз денесі толқынмен баяу тербетіліп, жағаға қарай жылжып келеді. Мұны көрген әскери адамдар мотоциклдеріне асығыс мініп, өлі аққудың денесі ағып шығады -ау деген тұсқа қарай ағыза жөнелді.

Кенет көтерілген құйын жел толқынды қарама-қарсы жаққа бұрып жіберген. Мұны байқаған рөлдегі офицер ағып келе жатқан көлікті шұғыл бұрып қалғанда мотоцикл ауып аққуды атқан мергенді басып қалған. Ал рольдегі кісі анадай жерге ұшып кетті. Ал басқалары бұлардың ауып қалғанын аңдамады ма толқын қуалаған аққудың өлі денесін бетке алған. Жағалауға қарай ағызып бара жатты.

Ауған мотоциклдің рулінде отырған офицер әлден соң атып тұра беріп құлап түсті. Ал қораптағы офицер мотоциклдің қорабының астында жаншылып жатыр еді. Алғашқыда: «Помогите!»- деп бірер рет әлсіз үн шығарды. Сонан соң ыңырсый бастады. Сәлден соң тына қалды.

Бұл сәтте сыңарынан айрылған аққу Қатынкөлді шыр айнала қанатымен су сабалап, сұңқылдап ұшып жүр еді. Құс біткен әлем тапырық болып аспанға көтерілді. Аунап қалған мотоциклге таяу келіп тоқтаған сапарлас серіктері сұлап сұлық жатқан қаруластарына қарай ұмтылды. Мотоцикл қораптарына салған тұста жаралылардың жан дауыстары шыққан. Олар қозғалып кетті.

...Сол түні ай жарық еді. Ауыл адамдары көз іле алмай шықты. Тіпті балалардың өзі көл айнала ұшқан аққудың зарлы үнінен шошынып ояна берді. Сол күннен бастап, көл жетім қалғандай көрінген. Ауыл адамдары: «Е-е, байғұс мына сыңар аққу балапандарын аялдап қалды ғой, әйтпесе сыңарының қаны тамған көлге бір минут аялдар ма еді?!»- десіп отыратын. Оны кім білсін?! Бірақ аққудың мұнтаздай пәктігі, ерекше қасиеті жайлы айтылатын әңгіменің айна-қатесіз екеніне сол күннен бастап шүбәсіз сенетін болдым.

Ал каникул бітіп, біз мектепке қайтар тұста:
-Шақа, балалар ендігі жазға дейін әніңді сағынады ғой,- деген үлкендердің сөзін жерге тастай алмаса керек. Көл жағасында әдеттегідей ән салды. Қобызбен күңірентіп, «Қараторғай» әнін айтып отырғанда «Айрылдым қапияда сенен неғып» деген тұста нұры кеми бастаған жанары жасқа толы еді. Бәлкім, бұл қарт әнінің ойда-жоқта оспадар жанның оғына ұшып, апатқа ұшыраған құс патшасы ақ айдың еркесі, аққу мен оның қам көңілді қосағымен мәңгілікке қоштасуы болар. Ал келер жылы Қатынкөлге аққу оралмады.

Сүлеймен Баязитов
231
Теги: әңгіме

Читайте также:

  • конференция
    конференция

    Бүгін қалалық Тілдерді дамытуға арналған ғылыми-теориялық конференция болды.Мен ең соңында сөз алып,ұйымдастыру алқасына рахмет айттым.Түркістан қаласының қазақ тілі қоғамының төрағасы Мұсахан Дүйс...

  • Ерекше концерт.
    Ерекше концерт.

    Бұл концертке қатысаты әнші таңдаған жоқпыз. Дулат Исабеков ағамыз алдымен әдемі әндердің тізімін жасады. Сосын сол әндердің орындаушыларын іздедік. Ұнағаны таңдалды, болмаса басқа ұсыныс жасадық. ...

  • Есейіп кетсем де мен саған сәбимін...
    Есейіп кетсем де мен саған сәбимін...

    Сағыныш таусылмайды екен де, басылмайды да екен. Анамның өмірден өткеніне 17 жыл өтсе де іздейтін кез бола береді екен. Маған анамның еркелетіп қойған аты көп еді: "Асаутайым", "Хан...

  • Балаңыздан білімді, мәдениетті көрермен тәрбиелеп шығарыңыз
    Балаңыздан білімді, мәдениетті көрермен тәрбиелеп шығарыңыз

    Бүгінгі таңда тәрбиенің сан түрі бар. Педагогикалық тәрбие, психологиялық тәрбие, ойнатып тәрбиелеу, тойлатып тәрбиелеу... Қазақы тәрбиені былай қойып, теңіздің арғы жағынан келген тәрбиенің түрлі-...

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар

Қазақ пен арақ
Қазақ пен арақ
7 қазан 2017 - Алға Әлем. - 0 - 0
Коррупция
Коррупция
5 қазан 2017 - Алға Әлем. - 0 - 0
Әнші Шақтай -  Айдындағы аққулар.
Әнші Шақтай - Айдындағы аққулар.
21 қыркүйек 2017 - Алға Әлем. - 0 - 0
Тек ақылмен...
Тек ақылмен...
21 қыркүйек 2017 - Алға Әлем. - 0 - 0
Askar Karabshayev
Өз ойым
4 қыркүйек 2017 - My diary - 0 - 0