Блоги
Жазбалар лентасы (344) Барлық блогтар Жекелік Ұжымдық
Алға Әлем.Астана
Астана


Жер жөргекте сен жатқанда-ақ іңгәлап,
Әлемге атың кетті «Астаналап».
Ырымшыл қазақ біткен тәуба дескен,
Тәй басқан қадамыңды қадағалап.

Тұрғанда әлем сенен алмай көзін,
Саясат саңлақтары арнап сөзін,
Көбік ауыз кей сыншы ауыз жаппай,
Аласапыран күй кешіп ұмытты өзін.

Нұрекең бастап өзі көштің басын,
Қалады Астананың алғаш тасын.
Аязға бет қарыған шыдай алмай
Көп жұрттың түсіп кеткен ұнжырғасын

Көтерді күнделікті ісіменен,
Сенімнің, тәуекелдің күшіменен.
Іргесін кей күдікшіл аулақ салған,
Ұлы ойын Нұркеңнің түсінбеген.

Астана –сенің қалаң, менің қалам,
Сеніммен болашаққа басқан қадам.
Жемісі Нұрекеңдік кемел ойдың,
Самғай бер ғасырларға, ақ шағалам!

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Неге үнсізсің?..
Неге үнсізсің?..


Өңімде мен бұл жерді кезбегенмін,
Шынын айтсам, бар-жоғын сезбегенмін.
Ал түсіме осы шың жиі кіред,
Сезем, сезем, жері емес өзгелердің,
Төскейінен қанша жыл, ғасыр өтті,
Қаншама ұрпақ алмасты өңіріңнен,
Қар көмкерді, жаңғыртып жасын өтті.


Оны қазір тап басып айта алар кім?
Тап басса да, есесін қайтарар кім?
Осы шыңға өрлеймін түсімде мен,
Түн түндігін түргенде айқара күн.

Қазына іздеп сабылам үңгірлерден,
Тосын үннен сескеніп күңгірлеген,
Өз-өзіме жатқаным сауал қойып,
Іздегенім алтын ба, мүмкін, өлең?..

Сан үңгірді сабылып шарлап-шарлап,
Түк таба алмай көзімнен жасым парлап.
Оянамын, о, тәуба-ай, ертең тағы
Түс сапарға шығамын
Маған арнап

Іздемек боп тығылған қазынаны,
Қанағат қып аз дәулет, аз мұраны,
Жүрген жан ем, бұл сырым Аллаға аян,
Жоқ іздетіп неге үңгір қаздырады?

Не десең де
Тылсым сыр ашылмаған,
Көрінеді көп жайдан басым маған.
Іздеп жүрген қазынам өлеңім бе,
Жазылмаған,сонан соң басылмаған,
Жыр шашуым жұртыма шашылмаған?..
Неге үнсізсің, мәңгі жас, жасыл ғалам?

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Жарылыс
Жарылыс


Біз тербелеген тал бесік талқанданып,
Жарылыстан Жер-ана жатты талып.
«Неткен қуат, Тәңірім-ау?!»деп таңданды,
Қыр төсінде мал баққан аңқау халық.
Аңқау халық,
Мейлінше адал халық.
Сәбиіңді тумастан болған ғаріп,
Өксіп жүріп, дүние-ай, білмедің-ау,
Жібергенін «атомның оты» қарып.
Жас қыршындар мезгілсіз азаланған,
Еске түсіп кей-кейде мазаланам.
Туған жерде олардан қалған белгі,
Тым құрыса, тұрсыншы мазар аман,
Алтын ұя тасыған қызыл қырман.
Жер –ананың жүрегін шайлықтырған,
Қашан ғана атомның үні өшеді,
Қашан ғана мұң тарар мына қырдан?

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Біз де бала болғанбыз. Менің Жазағам
(Әңгіме)

Біз де бала болғанбыз.                                                Менің Жазағам


Оқу жылы аяқталысымен жұмыс істеуге жараған балалардың көпшілігі шабындықты алқапқа шалғы түсер күнді асыға күтеді. Жылдағы әдет бұл. Ақыры ол күн де келіп жетті. Балалар жағы Жазаға деп атап кеткен бригадир Жазубай Әбиев аға жылдағыдай әр балаға кімнің тіркемешесі болатынын айтып тұр. Міне ол менің есімімді атады.

– Сен, Игілік Шекебаев ағаңның тіркемешесі боласың, – деді . Мен Игілік ағаның «Беларусіне» қарай беттедім. Ол кісі шөп машинасын майлап жатыр еді. Мені көріп:
– Е, сен екеуміз тағы да бірге істейтін болдық па? Дұрыс-ақ, – дей келіп шөп машинасының қай жерін майлау керектігін тәтпіштеп түсіндірді. Іле іске кірістік. Тырнадай тізбектелген тракторлар... Шалғы ізінде қалып бара жатқан шабылған шөп. Күн көтерілген сайын ысып сала берген шабындықты алқап. Сол алқапта бітік өскен сан алуан шөптердің танауыңды қытықтаған жұпар исі көңілге әлдебір қуаныш сезімін ұялататындай. Жұмыс күні де аяқталды. Бригада машинасының қарасы көрінді.

Ол тоқтаған тұста Жазубай ағаның: « Кәне шалғыларыңды кузовқа салыңдар!» – деген даусы естілетін. Бүгін олай болмады. Іле Жазағаңның машинасы сынып қалғаны белгілі болды. Сол сәт мен Байқожаға қалай жетер екенмін деп ойлаумен болдым.

Шоманға келген тұста Игілік аға мені күнде бригадир Байқожаға апарып тастайтынын, үйім сонда тұратынын айтып көріп еді. Жүргізуші: «Мен ештеңе білмеймін», – деп түсіріп тастады. Күн қасқарайып бара жатты. Жүгіріп кеңсенің тұсынан өте бергенімде: «Тоқта, тоқта дедім ғой мен саған», – деген зілді дауыс еріксіз іркілуге мәжбүр етті. Ізімді ала іле жеткен дауыс иесісі кекештеніп: «Неге сәлем бермейсің?» – деді.
– Аға, асығып байқамай...
– Ә, бұл асығады, бұл байқамайды... өзі қайда істейсің? – деп сұрады.
– Жазубайдың бригадасында.
– Ә - ә солай де,әй, сен енді ол бригадада жұмыс істемейсің.

Мен тірі тұрғанда...Саған жұмыс істетпеймін білдің бе? –деді әкіреңдеп. –Менің кім екенімді білмей жүр екенсің. Әкеңді танытам. Көзіңе көк шыбын үймелетпесем атымды басқа қой. Ертеңнен бастап жұмыстаң боссың ұқтың ба?..
Байқожаға қарай баяу ілбіп келемін. Жүрісім өнер емес. Түн қараңғылығы қоюлана бастаған сайын еңсені езген ауыр ой ілгері басқан қадамымды кейін тартатындай. Ана кісінің ызбарлы да ызалы үні құлағымның түбінде ызың қағып тұрып алды. «Ертеңнен бастап... боссың, мен тірі тұрғанда жұмыс істетпеймін» деп ол қайта- қайталап тұрғандай.

Байқамай қалғанымды айтып кешірім сұрасам да, оның бір сөзін қайталай бергені қалай? Сәлем бермедің деп соншама шамданғаны несі екен?.. Сол сәт оқу жылының басында болған мына бір жайт ойыма оралған. Бір үйдің қасынан өте бергенде алдымнан тайшадай қара төбет атып шығып тап берді. Жан дәрмен жерден тас алып үлгердім.
Итке тас лақтырып айғайлай бастадым. Абырой болғанда, тас тисе керек ит қаңсылап қаша жөнелді.
Ертеңгісінде ит иесі манағы ағай мені мектеп директорына шақыртты.

– Сен менің итіме тас лақтыратын, боқтайтын кімсің? –деп тепсінген. Тіпті мектеп директорының: «Сабыр сақтаңыз», – дегеніне қарамастан:
– Сен менің кім екенімді білесің бе? – деп ақырды. Сол сәт директор:
– Итке неге тас лақтырдың? –деп сұрады.
– Қауып ала жаздады.
–Тас лақтырғаныңмен қоймай сонша неге боқтадың?

– Боқтады дейсіз бе? Манадан үнсіз отырған сынып жетекшісі апай сөзге араласып. – Мұның аузынан боқтық түспейді, боқтағанда бар ғой орысша боқтайды.
–Жоқ, жоқ, – дедім жан даусым шығып. –Орысша білмейтін итті орысша боқтайтын жынды дейсіз бе? Бұл жолы әкесінен қазақша сықпырттым.
– Әне көрдіңіз бе? –деді ана кісі қатуланып. –Мұның итіме тас лақтырғаны– маған қол көтергені емес пе? Ал әкесінен боқтағаны, мені боқтағаны деп білем.

Мұндай мектеп тәртібін бұзатын бұзыққа аяушылық болмау керек. Сондықтан бүгіннен бастап мектептен шығаруыңызды...
Осы сәтте оның сөзін бөлген мен:
– Сіз не? Иттің... –дей бергенімде:
– Бар жоғал! –деп директор мені бөлмеден қуып шықты. Сол жолы қанша жүгірсе де ол мені мектептен шығарта алмаған еді. Енді міне...
– Көңілсізсің ғой, не болды, балам? Әлде бір жерің...
–Жоқ ауырғам жоқ, –дей келіп, – әлгі аты кім еді? Кеңседегі тасбақа «жұмыстан боссың деп» қысқа қайырдым. –Ертең мені таң сәріден оятпаңыз, – деп жатуға ыңғайландым.

Басым жастыққа тие берген сәтте манадан тұнжырап үнсіз отырған шешем:
–Жә, жұмысты қойшы. Сенің тапқан тиын-тебеніңе қарап отырған жоқпын. Тек ана ағаңмен неге ренжістің екен? Ол– бір. Екіншіден, үлкен кісіні тасбақа дегенің не? Бұл әдепсіздік қой, балам! – деді баяу үн қатып. Мен үндемедім. Әлден соң: «Жұмыстан аяқ асты шығып қалғаным ба? Бұл қалай болды өзі?» –деп ойға берілдім. Шалғыны ала алмай.

Орнына сала алмай мықшыңдап жатқанда: «Қане, кілтіңді бері әкелші», – деп өзі білек сыбанып, кірісіп кететіні есіме түсті. Ешқашанда менің техникаға бейімім жоқ екенін бетіме баспайтын еді. «Енді Игілік ағаның әй ұл дегенін естуім екі талай-ау», – деп, өкініп жатып көзім ілініп кетіпті. Сырттан балағанға әлдекімдердің өзара сөйлесіп кіріп келе жатқан дауыстарынан ояндым.

– Ол кісі кеңседе істегенмен Сүлейменді жұмыстан шығарып тастауға қақысы жоқ, апа?! Бұл Жазағаңның даусы. –Оны мен шешемін. Сол сәт шешемнің:
– Тұр, Жазубай ағаң келді, – деген көңілді даусы естілді. Әлден соң бригада машинасымен шабындықты алқапқа беттеп келе жаттық. Рульде Жазағаң ара-тұра айнадан бізге қарап жымыңдап қояды. Жұмысқа кірісер тұста: «Сен ол ағаңды қайтесің әлдекімге қатты ашуланған болар.

Содан «ит ашуын тырнадан алады» дегендей саған ұрысқан болар, ұмыт», – деген арқамнан қағып. Мен ұмытқанмен, ол ұмыта алмаса керек. Екі-үш күннен кейін Жазағаң мені Байқожаға апарып салмақ боп машинасының руліне отыра бергенде, екі қолын ербеңдете көтеріп, алқына жеткен ол:
–Жазеке, әлгі Сүлеймен деген бұзық сенде істеп жүр ме? Мен оны...
– Естідім, – деді Жазағаң оның сөзін бөліп.

– Естісең соны жұмыстан қуып жібер. Сөйт. Мен мұны сенен актив мүшесі, цехтың партия ұйымының хатшысы ретінде ...
– Сіз, – деді Жазағаң, – сөзіңізді қайта –қайта бөлгенім үшін мені ғапу етіңіз. Активті де партия ұйымын да жайына қалдырыңыз. Ал Сүлеймен сіз айтқандай бұзықтық жасаса, оны коллектив тәртіпке шақырады. Жұмыстан шығару жайлы сөз болуы мүмкін емес. Ал жақсы, –дей беріп...

– Әй, Сүлеймен, сен әлі кузовта отырсың ба? Бері кел! –деп шақырды . Мен жерге секіріп түскенде, Жазағаңа әлдене дегелі келе жатқан ана кісі менің берген сәлемімді алмастан: «Көрерміз әлі», – деді сұстанып.
... Шоман ауылының жеткіншек жастарын механизаторлық кәсіпке, ең бастысы, адалдыққа , адамгершілікке, еңбекқорлыққа баулыған бірден-бір тәлімгер ол.

Біздің Жазағаң қарамағындағыларға қажеті сәтте қамқорлық жасауға, ара түсуге айбынбайтын, қолынан келгенін бәрін жүзеге асыратын адал жан екенін араға жылдар салып барып ұқтым.

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.«Жыл он екі-ай»
«Жыл он екі-ай»


Апасы:
– Құлыным, мынау–
«Жыл он екі-ай» балалардың журналы,
Оқиды оны балдырғандар
Қаладағы, қырдағы.
Ертегілер, әңгімелер мұндағы,
Өлеңдер мен жаңылтпаштар, жұмбағы
Бөбектерге ұнайды,
Қолдан-қолға көшіп жүред ұдайы.
Немересі:
– Суреттер де қызық екен мұндағы,
Ата, апа... бұзау, лақ тұр бәрі.
Апа, маған тез үйретші әріпті,
Журналымды оқығым кеп тұрғаны.

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Майлыаяқ
(әңгіме)

Майлыаяқ


Үлкендігі кішігірім тайшадай қара төбет құдайдың құба жонында салдыртып келе жатыр. Қайдан шықты, қайда барады оны иттің өзі білмесе білетін жан жоқ екендігі талассыз. Ара - тұра тоқтай қалып, тұмсығын көкке көтеріп, кең тыныс алады.

Сонан соң жолын онан әрі жалғайды. Күн көкжиекке жақындап барады. Асығу керек, әйтпесе түнде түртінектеп жүріп..
Оны қайдан таппақ?
Ит санасында найзағадай жарқ еткен осы оймен қанаттас шегі шұрылдап асқазаны сағзи жөнелді. Иесі қайтыс болғаннан кейін Мергеннен кетіп қалды. Содан бері оған арнайы сорпа - суан әзірлеп құятын құдайдың құлы болмағаны иттің есіне түскен.

Өзі тентіреп барған ауылдардағы үйшікте тұратын иттердің тамағына тартып ішіп, өзек жалғаумен жүр еді. Сонысын да бұл жұрт көп көргендей ме, әйелдер жағы қарғап - сілеп, итаяққа бас қойған. Мұны қолдарына түскен әлденелерді лақтыратын.

Олардың жарасы бұған жеңіл еді. Азу тісін ақситып «ыр - р» ете түскен де үйлеріне жып беретін. Ал еркектер болса айыр ала жүгіретін. Бүйіріне айыр қадатып бұл ақымақ па, тамақтан өліп пе? Табанын жалтырататын. Келесі бір аулада жылы - жұмсаққа бас қойған күшікті қағып жіберіп, іске кіріскені сол еді.

Әлдекім мылтықпен атып қалғаны. Сол сәт көрші үйлерден ата шыққан адамдар мылтық иесіне дүрсе қоя берісті. Олардың не деп уласып - шуласып жатқанын бұл қайдан ұқсын? Мылтық атылған сәтте, бұл ауладан ата шығып қара үзді.
Сол түні бұл ауылдан аулақ кетіп, биік бір төбенің басына шығып, көз жасы көлдей болып ұлыған. Мұнысы шыбын жанын аман сақтаған жаратушы иеге деген алғысы ма, жалбырыну ма, кім білсін?! Таң ата жолға шыққан. Содан қос бүйірі қабысып, тілі салақтап салдыртып келе жатқанына екінші күн. Жолда бірде – бір ауылға соқпады.
Біріншіден, төрт аяқты бауырларының сорпа – суанына ортақтасам деп ырылдасқысы келмесе, екіншіден, жыны түссе, төрт аяқты бұл түгіл екі аяқты бауырларының жоқтауын асырудан тайынбайтын қатыгез адамдардың қаһарынан қорыққан. Іші шұрқырап әкетіп барады.

Тамақ тауып жемесе болмайтынын ұғынған ол шілікке бұрылды. Онысы қоян кездесер ме екен деген дәмесі еді. Кездескен күнде оны оңайлықпен ұстап алуы... Кенет оның көзі мұны көріп ініне жып берген үлкен тышқанға түскен.
Әп – сәтте - ақ інді қазып, оның ішіндегі тышқандарды жеп, аз - маз тыныстаған ол қырға көтерілді. Айнадай жарқырап жатқан көлді көргенде, тағы да марқұм иесіне еріп, осы ауылға келгендері.

Өзінің шөлдеп көлден су ішкені есіне түскен. Қара төбет иесі түскен көл маңындағы дәрі сасыған үйді бірден тапты. Тек содан кейін иесінің ат басын бұрған үйін таба алмай көп сандалды. Енді ол жанындағы үйлердің маңайын тұтқасын иіскей бастаған. Шамы сөніп тұрған үйдің ауласынан, ақыры, іздеген иісін тапқандай еді. Жерді иіскеп отырып, сыртқы есігі жоқ бір үйдің дәлізіне келіп кірді.

Тұтқаны иіскеп еді іздеген исі аңқып тұр. Қуанғанынан ол қатты қыңсылап, есікті сояудай тырнақтарымен тырналай бастады. Есік ашқан Аманды қаға - маға ішке еніп келе жатқан итті көргенде, Алтыбай кереуетінің астына жып берген.
Дірілдеп - қалтырап қорықаннан үні шықпай қалған ол Қондыбайдың аяғына басын қойып құйрығын бұлғаңдатып жатқан қара төбетке қызыға қарап тұрған балаларды көріп, ішін әлдебір беймәлім қызғаныш меңдеді.
Оларға жақын келген ол иттің көзінен еденге тырс - тырс тамып жатқан жасты көргенде жаңа ғана таласа – тармаса Қондыбайға сауал қойып жатқан балалардың бір сәтте неге үнсіз қалғанын ұғынды. Қондыбайға көзі түскен ол, оның ерекше толқып тұрғанын аңғарды.

Әлден соң Қондыбай тамағын кенеп балалардың назарын өзіне аударды. Сонан соң: «Менің сендерге айтып жүретін Майлыаяғым осы», - деген баяу үнмен. Бұл сәтте Майлыаяқтың жүрегін ақыр соңында кіші иесін іздеп тапқанына тек итке ғана тән тасқынды қуаныш меңдеген.

Көзінен тамшылай аққан сол қуаныш жас еді. Қондыбай болса мұны мойнынан құшақтап:
–Майлыаяғым - ау, осыншама уақыт қайда болдың? Мені ұмытпаған екенсің ғой?! – деп еркелете бастады. Ал Майлыаяқ үлкен иесінің өзін әлдекімге қарғы бауынан жетектетіп жібергенін, есіне алған. Үнемі қолқаны ататын әлдебір ащы иістен арылмайтын ол мұны шарбақтың қадасына байлап қойды. Ара - тұра тамақ беретін.

Бұрынғы иесін, сахара төсін сағынған бұл түн баласы жақ жаппай ұлумен шығатын. Мұндайда бірде үй иесі, бірде әйелі үйден ата шығып, әлденелерді айғалай айтып кейде тіптен құрық ала жүгіретін. Сонымен салып - салып жіберіп, жат деп үйге енетін.

Сол түні де бұл қатты ұлыды. Қолына құрық түспеді ме, мұны қысқа шыбықпен ұра берген де бұл оған бүгіле атылған. Әйел шар етіп шалқасынан түскен. Ерлі - зайыпты екеуі бұдан әрірек тұрып, бірімен - бірі айғайласып қатты ұрысты. Қой өрер сәтте әйел екі - үш кішкентай баласын ертіп үй алдындағы қырға беттеп бара жатты.
Үй иесі бұған жақындай беріп, шарбақтың ішіне қарғып түскен. Ұратын болар. Азу тісін ақситып ыр - ыр еткен мұнан үрейі ұшты ма, кім білсін? Үй иесі қолындағы қамшысын жерге тастай салып, аяқ - қолы дірілдеп, мұны байлаған жіпті шеше бастады.

Кенет мойнын бұрғызбай қимылдаса қылғындырып, тынысын әбден тарылтып тұрған жіптің босай бастағанын сезген. Атыла жұлқынғаны соншалық – түбі шірік қазық опырылып кетті. Шарбақтың бір бөлігі жалп етіп құлап, үй иесі қорқыныштан қалтырап –дірілдеп көңге сұлай кеткен, ол әлденелерді айтып жер сабап жатқан шақта бұл алды - артына қарамай тайып тұрды. Түс әлетінде иесінің үйіне келіп жетті. Бұрын қойдың шарбағы құрылатын жер бос жатыр. Үйден әрірек жайылып жүретін ақсақ - тоқсақ қозы - қойлар да көрінбейді.

Ең бастысы, есік алдында екі иінінен дем алып, түтіні будақтап тұратын сары самаурын да ізім - қайым, жан - жағына жіті көз салып аз - маз іркілген қара төбеттің құлағы үй ішінен әлдекімнің қыстыға жөтелген дыбысын естіген.
Сол сәт әйнектен төсек үстінде сүйегіне ілініп отырған шалға көзі түсті. Бір басып, екі басып әйнекке жақындаған ол әлден соң жаңағы шалдың өзінің иесі екенін таныған.

Сол сәт өз еркінен тыс арс - арс етіп үріп жіберді. Үйден жүгіре шыққан қыз мұны көре сала: «Майлыаяқ, Майлыаяқ келді!»,- деп ауылды басына көтерді. Кемпір шалды сүйемелеп далаға шығарды. Мұны көргенде шал мұң шағып: «Халім осы, Майлыаяғым!», - деген даусы дірілдеп. Мұны сипалай тұрып: «Опыр - ай, қалай жүдеп кеткенсің?! Ит - ай, қыр соңымнан қалмай қойған соң, сені амалсыз беріп едім».

Кемпір шалының сәт санап әлсіреп бара жатқанын сезіп: «Майлыаяғым, сен мені бірде маған атылған арланды алқымнан ала кетіп, екіншіде, ит тұмсығы батпайтын ну орманда адасып әлім құрып енді өлдім - ау дегенде көк шолақ ат екеуің аман - есен алып - шығып екі рет ажалдан құтқарған едіңдер. Енді міне ...». Оның не айтып, не қойғанын бұл ұққан жоқ.

Әрине, әйтсе де шалдың еті қашқан әлсіз саусақтарының болар - болмас жылуы өн бойына таралып, тек иттерге ғана тән мерейін асқақтатқан. Күнде таң ата шалдың терезенің алдында көлденең жатып иесінің әр қимылын үнсіз бақылаумен болатын.

Бірде әлдекімдер оның бетін жауып жатқанын байқады. Көп ұзамай үй ішінен жылаған адамдардың дауыстары естілді. Ауылдан жырақтау зиратта жерленген иесінің басында бұл табан аудармай бірнеше күн болып, ол үйіне қайтатын шығар деп күткен.

Оның ойын бөлмеге сырттан кірген әлдекімнің ренішті даусы бөлді:
– Мен сендерден бұл тағы қандай бейбастық? - деп сұрап тұрмын ғой.
– Қондыбайдың жоғалып кеткен иті іздеп келді, мұғалім.
– Шығарыңдар кәне, тез шығарыңдар. Ешкім орындарынан қозғала қоймады. Майлаяқ есікке беттеп бара жатты. Қондыбай соңынан ілескен.

– Кәне, балалар, дем алыңдар, - деген Рахаң өзгелер шешіне бастағанда, Рахаңды төңіректеп Алтыбай қала берген.
– Сен неғып тұрсың селтиіп?
– Мұғалім! – деді, – анау сізді ана иті құрғыр қауып ала ма деп?
Жатайын деп жатқан балалар ду күлді. Рахаң біртүрлі қолайсызданып:
– Сен өзі неткен жағымпазсың!

Жат, кәне орныңа, - деп жекіп тастады. Қондыбай сол түні көз ілмей шықты. Қайта - қайта далаға шығып, Майлыаяқты еркелетіп, құшақтаумен болған. Шіркін - ай, үйге апамдарға алып барсам ғой!
Үйдегілер қандай қуанар еді! Әсіресе Майлыаяқты кішкентай күшік күнінде тауып әкелген Нүрпән қандай қуанар еді. Бұл есейгенге дейін Майлыаяққа сол иелік етті ғой.

Қазір ол бойжеткен қыз. Бұлардың үйі бұрынғы тұрған жерлерінен көшіп кеткен. Содан ғой Майлыаяқтың таба алмай жүргені. Қанша ойласа да, Майлыаяқты ауылына қалай жеткізудің жолын таба алмады.
Қалжырап барып көзі ілінген. Таң ата үлкен ауылдың Майлыаяққа бейтаныс тірлігі басталып кетті. Абыр - сабыр біреулері малдарын өріске айдап бара жатса, енді біреулері балаларын жетектеп кеше түнде өзі тұтқасын иіскелеп, шыр айналған үйге қарай алып бара жатыр.

Мұның кіші иесі де мұны мойынан құшақтап сәл - пәл еркелеткен соң, солардың соңынан ілесті. Жол үстінде состиып тұрып қалған мұны көрген бала жетектеген бір әйел көшені басына көтере әңгірлеп бұған тас лақтыра бастады.
Бұл да қарап қалмай, әлгі әйелге сояудай азу тісін ақсита «ыр - р» еткен. Сол - ақ екен жұрт бұған назар аударып, әркім әр түрлі сес көрсетті. Көшеде жатқан тастарды алып лақтыра бастады. Бұл олардан қашып құтылып, көл жағасына жақын орналасқан құлаған үйдің ішіне зып берген. Осы арадан кіші иесі кіріп кеткен еңселі үйдің есігін бағумен болған. Ақыры, оның қарасы көрінді.

– Мені күтіп жүрсің бе? Қазір.
Ішке кірген ол әлден соң ескі тегешке буы бұрқыраған тамақ құйып әкеліп, мұның алдына қойды. Иісі танау жаратын ыстық сорпаны бұл құныға жалады.
Майлыаяқ иесінің өзімен ауылдағыдай дала кезіп, тауға шығып асыр салып ойнау түгіл аз да болса бірге болуға мұршасы жоқ екенін байқаған.

Тіпті әлдеқалай сытылып шықанның өзінде сол түні иесінің бөлмесінде кездескен үлкен кісі іле артынан іздеп шығып, алдына салып алып кететін. Мұнымен қатар ауыл адамдары мұны әлдеқалай көре қалса жындарын көргендей әлдене деп әкіреңдеп кет - кеттің астына алатын. Бұған ауыл иттерін айтақтайтын.
Мұның тісі батқан иттер қыңсылап безе қашқанда, олардың иелері бұған жұдырықтарын түйіп, көшеден тас, таяқ іздей бастайтын. Тіпті кейбірі мұны трактормен, машинамен тұра қуатын.

Мұндайда бұл ашық алаңға шықпай үй - үйдің қора - қораның арасымен зытып құтылатын. Ақыр соңында, бұл жердің өзіне қоныс болмасын сезген ол қырға беттеген.
Ертеңгісінде Қондыбай Майлыаяқты таба алмай дал болды. Кешке қарай келіп қалар деп үміттенді. Бірақ Майлыаяқ бұл күдер үзбей қанша іздесе де, күтсе де, қара көрсетпей кеткен. Бір күні кешке қарай бөлмеге асыға енген интернат тәрбиешісі Рахаң:
– Қондыбай, сенің итің Қара жырада...

Осылай қарай шығатын жолдың жиегінде өліп қалыпты. Кеше табынан бөлініп қалған тайшамды іздеп барғанда көрдім. Сенімен қоштасып кетуге келген екен. Кім біліпті?..- деді мұңая тіл қатып. Бөлме ішін көңілсіздік меңдеді.
«Атам жақсы ит өлімтігін көрсетпейді деуші еді, рас екен - ау», - деді балалардың бірі. Қондыбайдың көкірегі қарс айрылып бара жатқандай еді.

Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Бiр саясаттанушыға
Бiр саясаттанушыға


Ана елдi жау дедiң,
Мына елдi жау дедiң,
Қанқұмарлар бiздi де
Қалдырмайды сау дедiң.
Үрейге толы сөзiңмен
Бездiрiп тындың, ақыры,
Тыңдаушыны өзiңнен.
Балапан партиялар
Ана бiр жылы желдi күндей көтерiлген еңсесi,
Партиялардың көбiнiң
Таба алмадым кеңсесiн.
Құдды құмға сiңiп кеткен судай ма?
Әлде олар өздерiне қолайлы
Сәтте ғана жалаулатып шулай ма?
Болады екен мұндай да.
Өкiнбеңiз, алайда
Сайлау жақын қалайда
Балапандар тастап шығып ұясын,
Құлағына сайлаушының
Бағдарламаларын жарыса құятын
Кез де туар орайлы.
– Негiзiнде, –дейдi жұрт,
– Балапанды күзде санау қолайлы.


Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Жастық шақтағы – сырласым, қартайғанда – мұңдасым
Жастық шақтағы – сырласым, қартайғанда – мұңдасым


Бастау көзін күні кешегі «Лениншіл жастан» алатын қаймана қазақтың жасындай жарқылдаған «Жас Алашы» – 95-те... Көңілді қуанышқа бөлеген осы бір сәтте өткеніңді ой көзімен шолып, осы мен қаламгер ретінде «Жас Алашқа» қатысым бар ма, бар болса қаншалық?» деген сауалға жауап іздейсің.

Аллаға шүкір, сонау 1984-89 жылдар аралығында «Лениншіл жас» газетінде «Әдептен озбайық», «Тойдан соң», «Сахнада», «Ақ көгершін», «Қалақ қолға кеш алынды», «Жол мұраты жету ғана ма?»
«Барымызды бағалай білеміз бе?» атты мақалаларым жарық көрді.

Мен жарияланған дүниелерімің ішіндегі ең бастыларын ғана айтып отырмын. Ал өзімнің «Невада –Семей» қозғалысын қызу қуаттағанымды, сол тақырыпта бірталай материалдар жинағанымды, соның бірі «Жауырды жаба тоқымайық» атты мақаламның «Лениншіл жас» газетінің бірінші бетінде басылғанын, азды-көпті өмірімде тындырған маңызды шаруаларымның бірі деп білемін.

Бір атап айтар жайт, газеттің сол жылдардағы редакторлары С.Бердіқұлов, У. Қалижановтар, Шерағаң салған сара жолды сәтімен жалғастырды. Оны редакция ұжымының авторлары мен жұмыс істеу тәсілінен айқын аңғаруға болатын. Бірде менің «Баян көркін, Жасыбайды ойласақ» атты мақалам «Көзқарас» айдарымен жарық көрді.

Айдар: «Мән берсек, ел дәулетін еселеуге, мәдениетін көтеруге септігі болар, бірақ сіздің, оның, барлығымыздың тасамызда қалып елеусіз көрінген проблемалар аз ба? Келіңіз, жаңа рубрикаға атсалысып, ой бөлісейік, мәселе көтерейік» – деген редакциялық сілтемемен берілуі – авторға көрсетілген қолдау екені күмәнсіз.

1989 - жылы сол «Көзқарас» айдарымен «Суға кеткен есіл еңбек» атты мақалам жарияланды. Мұнда көктемгі су тасқыны салдарынан Баянауыл ауданындағы «Бірлік», «Жаңажол» ауылдары мен «Лекер» мал бордақылау пунктін су басып, Сәтпаев атындағы кеңшардың тұсында жолдың біршама бөлігін тасқын шайып кеткені жайлы дабыл қағып, мәселе көтерумен қатар, өз ұсынысымды да жазған едім.

Естеріңізде шығар, өткен жылы «Бірлік» ауылы маңындағы жолдың біраз бөлігін тағы да су шайып, «Теңдік» елді мекенінің тұсындағы көпірді бұзып кетті. Қазір Баянауыл ауданының әкімдігі: «Бәріне сақадай саймыз», – деп жатыр. Не десе де мейлі, тек әйтеуір елді су баспаса болды да.

Жас кезімде сырласым, қартайғанда мұңдасым болған кешегі, «Лениншіл жас» – бүгінгі «Жас Алаш». Жасым 70-ке толғанда «Баянауыл Баязитовін әспеттеді» деп қуанышыма ортақтасты. Бәзбіреулерге кейіген бір сәтімде «Қайырымсыз қоғам, қарт қаламгер» деген атпен журналист С.Байбосынның мақаласын жариялап, көңілімді демеді.

Ана бір кезде «Сүзеген сөз» айдарында «Бір саясаттанушыға» «Балапан партиялар» атты шымшымаларымды жарқ еткізіп жариялай қойды. Сөйткен «Жас Алашымыз» міне, қарияның жасы 95-ке толып отыр. Бұл тек газеттің ғана мерейтойы емес, жалпы Алаш жұртының қуанышы деп түсінем.

Бір өкініштісі, біздің керітартпа заң мерейтой қарсаңында Алаш жұрты үшін Абылайдың ақ туындай болған «Жас Алашты» Жасан Зекейұлы деген біреуге жығып беріп отыр. Адамнан ар, қоғамнан ұят кетті деген осы. Бірақ, аққа қара жұқпас деген сөз бар. Түбі әділдік жеңетініне сенеміз! Себебі «Жас Алаштың» артында қара ормандай қалың ел тұр.

Енді «Жас Алашқа» айтар тілегім: Жыл құрғатпай өңделіп, жөнделіп жататын шикілі-пісілі заңдарды назарыңа алып, алатын айлығын ақтап жеуге шамасы жоқ депутаттарды тәубасына келтіріп, парақұмар пәлекеттер мен жемқорлардың жегенін желкесінен шығаруды одан әрі жалғастыра бер. Тірегің – туған тіл, жүрегің Алаш деп соқсын!


Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Айдарбектің қасиетті Бала қыраны
Айдарбектің қасиетті Бала қыраны


Ертеде өмірі өкінішпен, өксікпен өтіп жатқан Айдарбек атты кедей болыпты. Кедей болғанда да байғұстың өмір бойы табағы майланбаған. Тақымы атқа тимей, нағыз сіңірі шыққан кедей болса керек. Жан дегенде жалғыз жары Қатшадан басқа оның қараша үйіне кіріп-шығып, сырласып мұңдасатын да ешкімі болмаған екен. Қыстың ұзақ, жаздың қысқа түндерінде: «Құдай бізді өмірден баз кешіп, ұрпақсыз өтуге жазған ғой, әйтпесе...» – деп ол жары Қатшаға мұң шағатын.

Мұндайда Қатша: «Олай демеңіз, отағасы, Құдай жазса, біздің отбасымызда да қуанышты күндер болар. Біз де ел қатарлы сәби сүйіп, шаттыққа бөленерміз», –дейтін. Тек сол бақыт, шіркін, жыл өткен сайын бұлардан жырақтап бара жатқандай көрінетін. Бір күні ол қолына қармағын, садағын алып, өзін сандаған жылдар бойы асырап келе жатқан Ақкөлге қарай аяңдап келе жатты.

Сәті түссе, балық аулап, құс атып қайтпақ. Кенет оның ойын әлдекімнің: «Ай-дар-беек, Ай-дар-беек!» – деп шақырған даусы бөлді. Ол айнала төңірекке жіті құлақ түріп, бажайлай көз тастады. «Мен мұндамын, мен мұндамын», – деген дауыс, қарсы алдында өсіп тұрған қалың қарағанның арасынан шығып жатты. Айдарбек жүгіре басып, қарағанның арасында тырбаңдап жатқан қызыл шақа бүркіттің балапанына көзі түсті. Өлдім-талдым деп әрең алып шыққан Айдарбек балапанның қатты жарақаттанғанын байқады.

– Айдарбек, –деді ол адамша тіл қатып. – Анау шыңның басындағылар менен күдер үзіп, «мына тұрған қара тасқа соғылып өлсін!» деп лақтырып жіберді. Ал мені Алла сақтаған болар. Тасқа соғылмай осы араға топ ете түсіп, тірі қалдым. Сен мені алып кетіп, жарамды емдеп жазып, аман алып қалсаң, менде бір кәдеңе жарармын. Ал қалдырып кетсең... Бір сөзбен, менің тағдырым сенің қолыңда.

Балапанның осы сөзі жан-дүниесі ізгілікке, мейірімге толы, кімге де болсын көмектесуге әзір тұратын Айдарбектің жүрегін қатты тебіренткен еді. « О, не дегенің?!» – деп оны шапанына орап, үйіне алып келді. Қолы емсек еді. Жаралы балапанды аз күнде-ақ емдеп жазды. Ол бірте-бірте күй алып, темір қанаттана бастады. Үй ішіндегілер оның айбат шегіп, саңқылдаған даусына, қанат қаққанда қырық жамау киіз үйді көтеріп кетердей қуатына тәнті еді. Көңілдері балапанға ауған кемпір мен шал жалғыз-жарым күн кешіп жатқан тірліктерін де, тіпті балаларының жоқтығын да естерінен шығарғандай еді.

Күндердің күнінде сырттан әлдекімнің: «Үйде кім бар?» – деп әкіреңдеген даусы естілді. Үйден ата шыққан Айдарбек пен Қатша өздерін баяғыда ауылдан тентіретіп қуып жіберген Быртық байды, оның жандайшаптарын бірден таныды. Олар да бұларды танып: «Өй, сендер өлген жоқ па едіңдер? Байекең сендерді «қасқыр талаған қойларының құрбандығы болсын, әр сайда сүйектері шашылып қалсын» деп тентіретіп жібергені қайда, ұятсыз немелер? Тіпті кейбірі қамшы үйіріп, қандарын сол арада шашпақ болған.

– Жә, – деді бай, – бұлардың жазасын қайтар жолда берерміз. Ал қазір жолдан қалмайық, – деп атын тебінген. Иіндеріне су кетіп отырған қос мұңлыққа тұғырда тұрған Бала қыран:
– Аға, бүгін киіз үйдің түндігін ашып тастарсыз. Менің көкке көтерілуім керек. Мен көкке көтерілсем, бай және оның жандайшаптары сіздерге түк те істей алмайды.

Сол түні ол ашық қалған түндіктен ұшып шығып, жұлдызы жамыраған көк аспанға найзадай шаншылып қанат қақты. Ұшқан сайын өне бойы жеңілдеп, жүрегін әлдебір белгісіз шаттық меңдеді. Бір мезгілде оның есіне өзін өлімге байлаған шың басындағылар сап ете түсті. Соларға өзінің тірі екендігін әйгілеп, олардың мұны көргенде қандай күйге түсетінін білгісі келген.

Енді ол шыңға қарай бет бұрған. Кенет оның құлағына жүрек қылын шертердей мейірімге толы әйел даусы келген: «Текті қыран кекшіл болмайды. Өзгелердің қателігін, қиянатын кешіре білмесең, сен қалай қыран болмақсың?». Тәңірім-ау, мынау сондағы мені Айдарбекпен табыстырған жарық дүниедей жалғыз қамқорымның даусы ғой, – деп ойлаған.

Ол:
– Дұрыс айтасыз, апа. Тек мен қайда барарымды білмей дал болып тұрғаным.
– Сен басқаны қоя тұрып, Айдарбекке берген уәдеңді орындау қамына кіріс. Уәде – Құдай аты екенін ұмытпа, алтыным!
– Апа, қалай істесем екен?
– Ол үшін сен қыран бабадан бата алуың керек.
– Мен оны қайдан іздеп табамын?
– Мына төбеңде төніп тұрған аспан ел аузында жеті рахат көк деп аталады.

Соның үшінші қабатында қыран бабаның мұз сарайы бар. Ол сонда отырады. Оған қыранның қыраны ғана ұшып барады. Талайлардың тауы шағылып, қанаты қайырылған, – деп терең күрсінді. – Ал сен тәуекел етуіңе тура келеді.
– Әрине, апа. Тек сіз маған соған барар жолды сілтеңізші.
– Тоқтамай, талмай ұшуыңа тура келеді. Ол үшін қойылатын үш талап бар. Оның біріншісі – сергектік, екіншісі– қырағылық, үшіншісі – өжеттік. Осы айтқандар есіңде болсын. Осы үш кедергіден өтерде және мұз сарайға кірерде «Қыран баба, өзің қолдай гөр!» деуді ұмытпа. Ал енді жолың болсын!

Бала қыран аз ұшты ма, көп ұшты ма бір тұста тағы да таныс дауыс құлағына келген: «Сен көп жұлдыздардың арасында жарық жұлдызды көріп тұрсың ба? Негізгі бағытың сол, содан айрылып қалмауға тырыс». Сол сәт бұл көзге түрткісіз қараңғылық құшағына ене берген. «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деуі мұң екен жаңа ғана жамырап тұрған жұлдыздарды жер жұтқандай еді. Ең қиыны қарсыдан соққан алапат жел сан рет аударып тастай жаздаса, тынымсыз жарқылдаған найзағай көзін қарықтырған. Кейде жарық жұлдыз қалың бұлттан көрінбей кететін.

Ақыры, жарық жұлдыздың қасынан самғап өте берген. Сол сәт таныс дауыс құлағына келген: «Қатар-қатар тізіліп тұрған мұз тауларды көріп тұрсың ба? Саған солардың арасынан өтуге тура келеді. Батыл бол!». Ол сүмектеп жауған жаңбырдың арасында ұшып келе жатып арагідік қас қағым сәтке болсын мұз таулардың арасында жік пайда болатынын байқаған. Жауған жаңбыр қанаттарына қалың мұз боп қатып, ұшу барған сайын қиындай түсті. Соған қарамастан ол жылдамдығын еселей түсті.

Мұз тауларға жақындаған тұста қыран: «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деп мұз таулардың арасында пайда болған иненің жасуындай жікке қарай батыл ұшқан. Сол кезде мұз таулар қақ айрылып, алдынан алаулай жанған қызыл шоқ көрінді. Тағы да таныс дауыс: «Саған осы қызыл шоқты жарып өтуге тура келеді». Бала қыран соңғы күшін сарқа самғай қанат қақты.

Қызыл шоқтың ортасына ене берген тұста тағы да: «Қыран баба, өзің қолдай гөр!», – деді саңқ етіп. Сол мезетте жаңа ғана бет шарпып тұрған қызыл шоқтың қызуы сәл басылғандай еді. Осының өзі Бала қыранның сарқыла бастаған күшін еселей арттырған. Алда – мұз сарайы.

Тағы да таныс дауыс: «Сен енді мұз сарайының алдына қонып, «Қыран баба, өзіңізді іздеп, бір кезде өзіңіз түлеп ұшқан қырдан сізге арнайы сәлем бере келдім» деп дыбыста. Ештеңеге назар аударма, артық ауыз сөйлеме», – деген.
Бала қыран солай істеді. Тақта отырған Баба қыран бұған сүйсіне көз салып: «Адал мен арамды, дос пен қасты ажырата біл. Кемел бол, кең бол», – деп бата берген. Бұл есік көзіне жақындаған тұста: «Досыңа қастық жасағысы келгендер қазір менің әміріммен адасып жүр. Өзің аман-сау оралған соң, «адасқанның алдын жөн, арты соқпақ» деп оларды қайтарарсың, жолың болсын!» – деген еді.

Ақыры, ол жерге қайтып оралды. Оны қарсы алған Бүркіт апа биік қара ағашқа қондырды. Дем алып, өзіне-өзі келген сәтте, оның есіне Қыран баба айтқан «Адасқанның алды жөн, арты соқпақ» деген сөзді қайталауы мұң екен көп күттірмей, байдың да қарасы көрінді. Бай қасындағы нөкерлерге: « Шал мен кемпірді ана шыңнан лақтырыңдар!» – деді. Айдарбек: «Құрғыр-ай, құрғыр-ай!», – деп айғайлай жөнелді.

Дәл сол мезетте аспанда алаулап жанған қызыл шоқ пайда болып, жер-дүние қызыл шоққа оранғандай көрінді. Мұны көрген байдың адамдары жер бауырлап жата кетіп: «Алла, өзің сақтай гөр!» – деп жалынып-жалбарынумен болды. Ал ат үстінде тұрған байды әлдене ат-матымен көтеріп алып, шыңға қарай ұша жөнелді. Бай: «Айдарбекжан, менен бір ағаттық өтті, бала-шағам бар еді, – деп көз жасын көлдете бастаған.

Байдың « бала- шағам» деген сөзі көңілін босатқан Айдарбек: « Қыраным, кешірім етейік», – деген сәтте-ақ бай ат-матымен жерге топ ете түсті. Бала қыран өзіне пана болған Айдарбектің киіз үйінің шаңырағына барып қонды. Мұны көрген бай мен оның жанындағылардың үрейлерінің ұшқандықтары соншалық – бірімен-бірі жарыса Айдарбекке ендігәрі қастық ойламауға ант-су ішісті.

Киелі Бала қыранның айтқан алғысы Айдарбекке құт боп дарып, бірер жылдан соң шаңырағында шаттыққа бөлеген сәби даусы естіліп, аңсаған армандарына жетсе керек.


Сүлеймен Баязитов
Алға Әлем.Соқыр ат соғысқа қатысқан ба?
Соқыр ат соғысқа қатысқан ба?


-Саған осы атты лайық көрдік, Жолдыбай. Өзгелерден бойың да, жасың да кіші екен. Алас ұрып тұрған асау атқа ие бола алмассың.

Жолдыбай бригадир меңзеген атқа жүген сала тұрып, аттың бір көзінің жоқ екеніне, қабырғалары арса-арса, мейлінше жүдеулігіне, ең бастысы, арқасындағы ошақтай жауырынынан тамшылап ағып тұрған қанды іріңге назар аударған.

Өздеріне тиісті аттарын жүгендеп алып, көңілдері тау бұлағындай тасқындап тұрған балалардың бірі.

-Опыр-ай, мына Жолдыбайдың асығы алшысынан түсуін қара, соқыр десең соқыр, жауыр десең жауыр. Мына атқа мінгенде, біздің Жолдыбай әлгі кім еді, диірменмен соғысатын?

-Е-е, ол жазушы Сервантестің Дон Кихоты ғой. Санчодан аумай қалатын болды тегі,- деп тұрғандарды қыран күлкіге бөлеген.

Жолдыбай ел қатарлы атын ерттемек болғанда, қуырдақтың көкесін түйе сойғанда көрерсіңнің кері келіп, соқыр ат ер салғызбай мөңкіп тулап, әлек-шәлегін шығарған. Өлдім-талдым дегенде ерді салып, айылын тарта бастағаны сол еді, аспанға шапшып, тебініп, шайнап ала жаздаған.

Мұны көрген шөпші балалар:
-Мынаның қасында Алпамыс Тайшық ханның темір үйін талқандап шығатын Байшұбары сір,ә аяқ артуға тұрмайтын тулақ шығар. Ха-ха, ө-өхе-хе айтпа деймін.

Жануардың тұяғы тиген жерін опырып жіберетін болар.
-Әй, әрірек тұрыңдар, «жалғанның жазымы көп» деген тұяғы тиіп кетіп, жазым болмаңдар. Балалар мұнан әрі де мазақтай берер ме еді. Үлкендердің бірі:

-Қойыңдар кәне,- деп тыйып тастады. Мұны қолтығынан демеп, соқыр атқа мінгізген. Бұл ерге қонған сәтте ошақтай жарасына ер батса керек, ышқына мөңкіп, айдалаға ала жөнелген. Тырнауышқа жегілген қос өгіздің қапталына соқыр атты жеге тұрып, балалардың мазағы ойына оралған Жолдыбай терең күрсінді.

Опыр-ай осылай жалғаса берсе...сол сәт сабасына түскен ол жұмысқа кірісіп кетті. Тырнаушының соңында қалып бара жатқан тақтаға түскен шөпті қос өгіз бен соқыр аттың тырнауышты тізе қосып сүйреп келе жатқанын көргенде, көңіліңдегі күдік сейіліп, әлдебір үміт оты ұшқындағандай еді.

Әлденеден соқыр атқа қарата «көрерміз» деген. Ол өзінен сәл әріректе шөп шауып, шөмелей салып, шөп сырып жүрген шөпшілердің көліктерін доғарып жатқанын көріп, түс болғанын оңғарды. Өгіздерін доғарып, соқыр атқа ер салуға беттеген.

Таңертеңгідей емес соқыр ат ер салып жатқан мұны тебуге де, тістеуге де ұмтылмаған. Басын салбыратып, бей-жай қалып танытты.

Өзара қызу әңгімеге берілген үлкендердің көзін ала беріп, Төкен «бас қамшыны» деп суырылып алға түсе берді. Балалар ғана емес, жастар жағы да соқыр атқа қамшы басты. Алғашқы да тепіректеп шапқан сынай танытқан соқыр ат, барым осы дегендей әлден соң кібіртіктеп аяңға көшті.

Бұл қосқа таянғанда балалардың алды шайларын ішіп болып, көлеңкеде тыныстап отыр еді. Жырқ- жырқ күліп, әлдене деп әжуалай қарсы алған еді. Оларды Жолдыбайдың тыңдауға құлқы да, тіпті уақытты да жоқ болатын.

Бір-екі кесе шайын асыға ұрттап, есікке беттеген шөпшілер аттарына қонып жатыр еді. Кешке қарай ауылға жұрттың соңын ала кешігіп оралған мұны күш-көліктерін бағатын Бейсенбай қарт:

-Қарағым, мен сені күтіп тұрмын, атыңның ерін алып табынға қос, ат дейді ғой тулақты,- деп күңк еткен. Жолдыбай жылқыға қосар тұста күні бойғы ашуы сыртқа тепті ме кім білсін соқыр атты босата беріп қолындағы жүгенімен бастан салып-салып қалып «қартаң шірігір» деді кіжініп.

Сол сәт Бейсенбай қартты: «Әй, жақсының баласы, мұның білгендік емес енді. Әкең марқұм жылқыны басқа ұрма обал болады деп сан ескерткен болар. Тек құйма құлаққа айтсаң, құйып алады, ақпа құлаққа айтсаң...». Бұл Бейсенбай қарттың сөзін аяғына дейін тыңдамай, қосқа қарай жүгіре жөнелген.

Түскі шайын ішіп отырған мұны шөпші балалардың бірі: «Сені Бейсенбай ата шақырады»,- деп сыртқа алып шықты. Бұл сөзімді аяғына дейін тыңдамай кеттің деп ұрсатын болар деп бір түрлі қауіптеніп келген.

Бейсенбайдың: «Уай, жақсының баласы»,- деп, жайдары қарсы алғанына бір түрлі таңданулы еді.

-Атыңның ерін ал кәне. Енді сәл әрірек тұр,- деп атқа жақындаған ол аттың арқасындағы ошақтай жараны қос қолымен қысып іріңін ағызды, жара орнына өзімен бірге ала келген әлдебір дәріні септі.

Сонан соң бұған қарап: «Шипасы Алладан, енді бірер рет сепсек, жараның ізі де қалмайды»,- деген жымия күліп.

Таңға жақын ол жұрттың шулаған үні мен абыр-сабыр жүргенінен оянған далаға шықса, баданадай ақ бұршақ қыр төсін жауып-ақ тастаған екен.

Төбеден тамған тамшы, қос еденінен ішке кіре бастаған су тізеден жоғары көтеріліп, шөпшілердің төсек орындары су үстінде қалқып жүр еді.

-Апыр-ай, мұндай лайсаңды кім көрген? Бір-ақ сәтте суға кетіп қала жаздадық-ау! Бейсенбай қарт күш көлігін қосқа қарай беттеті ме екен?

-Аға! - деген балалардың бірі бригадирдің сөзін бөліп, -күш көліктері әне қосқа жақындап келеді.

-Жер дегдігенше аттарыңды ерттеп ауылдарыңа беттеңдер. Күн әлі де бір жауып, бір ашылып тұрған. Бұл таза бұлаққа келгенде, неге екені белгісіз Жапар ата бағатын колхоз қойы әлі де шарбақта қамаулы тұр еді.

Аттан түсіп жатқан мұны Жапар атаның кішкене немересі:

-Аға, сізді атам шақырады, тез келсін,- дейді деген соң Жапакеңнің балағанына бас сұққан еді. Үнемі түнеріп, айналасына ызбар шашып жүретін Жапар атасы бұған мән-жайды баяндап: «Аттан құлап, аяғымды сындырып алдым.

Сен қойды шығарып дөңгелете тұр. Апаң атқа мініп, ауыл орталығына хабарлауға кеткен. Сен қойды өз атыңмен баға тұр». Шарбақтың аузын ашқан сәтте, отар далаға лап берді. Сәл ересектеу балалардың бірі ат үстіндегі мұның қолына атасының мылтығын ұсынған.

Ала бергені сол еді, соқыр ат осқырына үркіп , қанша тартса да болар емес. Жайшылықта қадамын санап басатын соқыр аттың құйындай ағыза жөнеліп, тебіне жан ұшыра шұрқырай кісінеді.

Жолдыбайдың төбе шашын тік тұрғызған қолындағы мылтық сусып жерге түсіп бара жатты. Сонда ғана соқыр ат мөңкіді де, жан ұшыра кісінеуді де қойып, қалыпты аяңға көшкен. Бұл жай балалар түгіл үлкендердің назарынан тыс қалмаған.

Қабыш сақалын салалай отырып: «Қалай десеңдер де бұл жай емес, жануар әлде соғысқа қатысты ма екен? Бәлкім, соғыста көзіне оқ тиген болар»,- деп бір бұлыңғыр әңгіменің ұшын шығарды.

Бірі болса болар десе, екіншісі қой әрі Украина қайда, біздің Таза бұлақ қайда. Сол жылдары жылқы баққандардың біразы біле алмадық десті. Ақыры мектептегі тарихшы ағайға дейін әңгімеге тартылды.

-Әбден мүмкін. Соғыс жылдарында Совет армиясы құрамында атты әскер болды ғой. Ал сол атты әскерді жасақтауға біздің өңірден жылқы алынды ма деген сауалға ол: «Тайбурыл, Байшұбар шыққан қазақ жеріне соғысқа ат алынды ма деп сұрауларыңның өзі надандық емес пе?!»- деп бір-ақ қайырды.

Бір таңқаларлығы, Жолдыбай «Соқыр ат соғысқа қатысты ма?» деген таласқа араласпады. Әркім өзінің сөзін дәлелдеуге тырысып жақ-жақ болып, қаншама айтысса да, тиянақ табуы екіталай.

Алып- қашпа әңгімеге бас ауыртуды артық санаған болар. Жоқ, әлде Бейсенбай қарттың: «Әкең марқұм сөзге жоқ, ісіне мығым адам еді. Жарықтық, жан-жануарға, әсіресе жылқы малына ерекше құрметпен қарайтын.

Астына мінген Торшолағын мәпелеп күтіп, қанатым менің»,- деп отыратын деген сөзі ой салды ма... Соқыр атты мезгілінде суарып, азды- көпті жем беріп, Бейсенбай қарттың көмегімен арқасындағы жарасын емдеп жазуға ден қойған.

Ақыры, оқуға аттанар тұс та келіп жетті. Жолдыбай әдеттегідей соқыр аттың жалын тарай тұрып:

-Сен мені қамшымен бас- көзге сабағанымды, басыңнан жүгенмен салып қалғанымды кешір, жануарым ,бір білместік болды,- деді мойнынан құшақтап. Үнінде өткенге өкініш лебі бар еді.

Сүлеймен Баязитов

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар