Әліппе деген даңғыл жол, апарар сені алысқа!

7 сәуір 2014 - Райхан Валиева

 

Валиева Райхан Ашингазиновна

ШҚО Көкпекті ауданы Биғаш ауылы

«Маяковский атындағы орта мектебі»КММ

Бастауыш сынып мұғалімі

 

Сабақтың түрі: Ашық сабақ

Сыныбы:   1-сынып

Тақырыбы: Әліппе деген даңғыл жол, апарар сені алысқа!

     Сабақтың мақсаты:1. Оқушылардың білімдерін бекіту, олардың алған білім-білік дағдыларын көрсету. 2. Тілін дамыту, сөздік қорын молайту. 3. Ұқыптылыққа, шапшаңдыққа тәрбиелеу.

     Сабақтың көрнекілігі:Ұлағатты сөздер, шарлар, гүлдер, слайд, фотомонтаж.

 

     Сабақтың барысы.

 

Мұғалім:Ана тілінің ғажайып әрі шынайы әлеміне бүлдіршіндерді дәл жетелейтін өз тілін оқып үйренуге оқи алсам деген ұмтылысқа шақыратын әліппе оқулығы. Міне, бүгін сіздер барлық ғылымның анасы біздің болашағымыздың негізі — әліппемен қоштасу тойына келіп отырсыздар. Тойларыңыз тойға ұлассын. Шәкірттеріміз ата-ананың ұлы емес, халықтың ұлы болсын!

 

Өсті міне бойларың,

Өсті ақыл-ойларың.

Қуанышқа ортақпын.

Құтты болсын тойларың.

Бала деген шіркін-ай балдай екен,

Тәттілігі жая менен жалдай екен.

Арып-ашып даладан келгеніңде,

Бал иісін таттырып алдайды екен, — деп Кенен Әзірбаев айтқандай кішкентай бүлдіршіндердің бал тіліне құлақ салайық.

 

Тоғжан:      Өлшеулі ар-намысы халқымыздың

                    Қорғаны адамдықпен салтымыздың

                    Армысыздар, аяулы ұстаздарым,

                    Сенері сіздерсіздер халқымыздың.

 

Ұлан:          Өмір берер ертеңгі  бағаларын

                     Әліппемен қоштаспақ балаларың.

                     Халқыма ұрпақ берген, өмір берген,

                    Қош келдің ата-әже, әкелер мен аналарым.

 

Елнұр:         Бүгін бізде үлкен қуанышты күн. Біз алғаш мектепке келіп, оқу, жазу үйренген алғашқы әліппені аяқтап, қоштасқалы отырмыз.

 

Томирис:      Алғаш қолымызға гүл шоғын алып Маяковский мектебінің табалдырығын аттап өткелі 4 ай уақыт өтті. Осы уақыттың ішінде біз 42 әріпті үйреніп, енді өзіміз оқып та, жаза да аламыз.

 

Тоғжан:       Ең алғаш алғанымда «Әліппені»

 Ұлан:          Қызығып қарай бердім әріптерді.

Томирис:    Мен үшін жұмбақ болып қалар ма еді?

Елнұр:        Ұстазым кілтін оның алып берді.

Хор:        «Мұғалім ол біздің»

 

Мұғалім: Бар білімнің бастауы

                Бар ғылымның бастауы

                Жас балаға нұр шашқан

               Қандай кітап тіл ашқан?

Оқушылар:Әліппе, әліппе, әліппе.

Мұғалім: Олай болса бәрімізге ең қымбат әліппені ортаға шақырайық. Қане хормен:

Әліппе, әліппе, әліппе.

Әліппе:Армысыздар, жас достар!

              Армысыздар ата-аналар!

              Болашаққа жол бастар

             Әліппе келді ортаға

             Білім деген ғажайыптың,

            Әліпбиін меңгерген

            Келешегі қазақтың

            Басталады сендерден.

Әліппенің сұрағы:

1-сұрақ: Балалар, әліппені алғаш жазған кім?

2-сұрақ: Балалар, сендерге Ыбырай аталарың қандай өсиет қалдырды?

Мұғалім: Құрметті Әліппе, жайғасып отырып, бүлдіршіндердің сөздеріне құлақ салыңыздар.

Хор«Әліппе»

Елнұр: Бар кітапқа бас болған

            Әліппе ғылым ағасы

           Әліппеден басталған

           Даналықтың данасы.

Ұлан:  Іші толған әріпке

           Жақсы кітап әліппе

          Әліппені аламыз,

          Мектепке біз барамыз.

Томирис:Іші толған әріпке

                 Жақсы кітап әліппе

                Барлық білім-ілімнің

               Ағасы осы әліппе.

Тоғжан:  Біз жазамыз «ана» деп

                Біз жазамыз «дана» деп

                Біз жазамыз «бала» деп

               Біз жазамыз «Отан» деп.

 

Ұлан:     Апа-ата атын сен

               Бізге үйреттің Әліппе.

               Бізге нағыз жақынды

               Сенен білдік Әліппе.

Томирис:  Келгенде алғаш мектепке,

                  Білмеуші едік әріп те.

                 Оқимыз қазір ертек те

                 Үйреткен оны Әліппе.

Тоғжан:     Әліппе беген даңғыл жол

                    Апарар сені алысқа

                   Жеңіл емес ауыр жол

                   Тырысып бақ намысқа.

Томирис:   Көлге айналған бұлақтың

                   Қайнар көзі әліппе.

                  Том-том қалың кітаптың

                  Басы болар Әліппе!

Мұғалім: Әр жігіттің үш жұрты болады демекші, әліппе осы қуанышты бөлісуге өзінің туған-туыстарын ала келіпті.

Әліппенің өз жұрты – дауысты дыбыстар; нағашы жұрты – дауыссыз дыбыстар, қайын жұрты – ъ, ь белгілері. Ендігі сөз кезегін туған-туыстарына берейік. Әріп-тақпақтар кезегі.

Тоғжан:   А-    Ардақтымы анамыз,

                        Аялаған баламыз.

                        Ақыл-сана, ой берген,

                       Ана тілін аламыз.

Томирис:      Ә-    Әдеп деген немене?

                       Әдеп-тәртіп білеміз.

                       Әдеппен сөйлеп, күлеміз.

                       Әрқашан жұрт алдында,

                       Әдеп сақтап жүреміз.

Елнұр:           Б-  Бабаға қарт киелі

                      Баласы бас иеді.

                       «Бала-бауыр еті» -деп,

                       Баласын ол сүйеді.

Ұлан:             Д-Досты сыйлау салтымыз

                       Достық жасау шартымыз.

                       Достық деген ынтымақ,

                      Достасады халқымыз.

Тоғжан:      Ж- Жақсы көрем інімді,

                    Жақын тартып күнімді.

                    Жалынды жас, әдепті,

                   Жарқын інім – білімді.

Томирис:   О-  Оқып, білім аламыз

                    Оттай болып жанамыз.

Тоғжан:      Барлық әріп бағалы,

                    Айттық әділ бағаны.

                   Әріпсіз сөз болмайды,

                   Буын онсыз толмайды.

                   Адам барлық әріпті,

                   Ардақтайды қолдайды.

Барлығы хормен:Бәрімізді сүйіп өткен,

                             Балаларға үйреткен.

                             Әліппе мен ұстазға,

                             Бас иеміз құрметпен!

Мұғалім:     Әріптердің иесі, құрметті әліппе!

                     Сізге шексіз алғысымызды білдіре отырып, Сіздің құрметіңізге  бүлдіршіндеріміз  «Қаражорға» биін ұсынады.

Елнұр:   Қош бол құтты әліппем,

             Көп нәрсені үйреттің

             Таныстырып әріппен,

             Тақылдатып сөйлеттің.

Томирис:  Бүкіл қазақ баласы дәріптеген

                 Қоштаспақпыз сүйікті әліппемен

                 Ризамыз бәрімізді таныстырған,

                Сөз бен дыбыс, әр түрлі әріптермен.

Ұлан:       Таныстырып 42 әріппен,

                Қош бол менің қасиетті Әліппем!

               Сенің арқаң оқи жаза білгенің

               Сауатты адам санатына кіргенім.

Тоғжан:   Әліппемен қош айтысып қаламыз,

                 Енді қолға Ана тілін аламыз.

                 Ата –ана қуанышқа ортақ бол

                Сауатты боп шықты міне балаңыз.

Әліппе макетін киген баланың орындауында  ән «Аналар»

Әліппе:Оқуда зейінді болыңдар,

Еңбекке бейімді болыңдар.

Кір шалмасын қабақты,

Ақ жол болсын балалар.

Оқығандарын есте болсын,

Күнделіктерін беске толсын.

Әліппе:Ризамын балалар,

Меңгердіңдер, болмадыңдар босқа тер.

Ана тілі атты ағайым бар

Сендерді жетелеп әкетер.

Әліппе ана тілі оқулығына аманат тапсырады.

Мұғалім:Балалар, ендігі сендердің жаңа достарың – Ана тілі. Сондықтан әліппені қалай меңгерсеңдер Ана тілін де солай меңгеруге сөз бересіңдер ме?

                             Талап, еңбек, терең ой,

                             Қанағат, рақым ойлап қой –деп Абай атамыз жырлағандай, осы бес қасиетті бойымызға дарыту үшін ана тілін меңгеруіміз керек.

Ана тілі:   Туған елдің тілімін,

                  Ақылыммен таныламын.

                  Түсіндірер бәріне,

                  Ана тілі пәнімін

                  Ана тілі ұраным

                  Ана тілі болмаса

                  Мықты болмас тұрағым.

 

 

Балалар, енді мені оқитын боласыңдар. Мен сендерге көп нәрсені үйретемін. Барлық қазына байлық оқу білімде. Ол туралы қандай мақалдар білесіңдер?

 

1-оқушы: Кітап — білім бұлағы

                Білім — өмір шырағы.

2- оқушы:Ақыл — тозбайтын тон,

                 Білім – таусылмайтын кен.

3- оқушы: Кітапсыз білім жоқ,

                  Білімсіз күнің жоқ.

4-оқушы:  Ақыл азбайды,

                  Білім тозбайды.

5-оқушы:  Оқу инемен құдық қазғандай.

6-оқушы:  Білім іздеген озар,

                 Бүлік іздеген тозар.

7-оқушы:  Білекті бірді жығады,

                  Білімді мыңды жығады.

8-оқушы:   Оқу – білім бұлағы,

                  Білім — өмір шырағы.

 

Көрініс  «Күншіл үйрек»

 

Ұлан:    Ана тілін білмеген

              Ақылы жоқ желікбас

              Ана тілін сүймеген,

              Халқын сүйіп жарытпас.

Елнұр:  Ана тілің- арың бұл,

              Ұятың боп тұр бетте.

               Өзге тілдің бәрін біл

               Өз тіліңді құрметте!

Тоғжан:  Ақыл-ойын дананың

                Ана тілден аламын.

               Ана тілім ардақты,

               Ақ сүтіндей анамның.

Томирис:Ана тілім- елдігім,

                Ана тілім – ерлігім,

                Ана тілім болмаса

                Бүтінделмес кемдігім

Ана тілі:  Білімнің бетін жарық ет!

                 Ұл-қызымды білімді ет,

                  Келесі оқу жылына,

                  Аман-есен түгел жет!

                  «5» болсын алар бағамыз,

                  Білімнен бақыт табамыз.

                 Өнер-білім көп тоқып,

                  Өсе берсін санамыз!

                 ӘУМИН!

Мұғалім:  Бүгінгі кеш әр үйдің «Той басы» деп саналар,

                  Балалардың есімі әулеттерге таралар.

                 Ырым етіп сондықтан тойымыздың соңында

                 Ақ ниетпен баршаға тілек айтар қонақтар.

 

Мұғалім:Әліппені жақсы меңгеріп, сауатты жазып оқуларыңа ата-аналарыңның  қосқан үлесі мол. Сіздерге алғысымызды білдіре отырып ендігі сөз кезегі сіздерде.

Ата – аналардың тілектері тыңдалады.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қазақ тіліЕтістіктің шақтарын қайталау

Орыс тіліЗвонкие и глухие согласные

БиологияФОТОСИНТЕЗ, ОНЫҢ САТЫЛАРЫ ЖӘНЕ БИОСФЕРАДАҒЫ ҒАРЫШТЫҚ РОЛІ

МатематикаЖай бөлшектерді оқу және жазу

МатематикаНатурал көрсеткішті дәреже

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1068820

Пікірлер (1)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru