Жолың болсын, балақай!

8 сәуір 2014 - Админ

Сынып жетекшілер: С.А.Баймбетова 2 «Ә» сыныбы.

                                    А.К.Джанкенова 2 «А» сыныбы  

Мақсаты: Жолда жүру ережесін есте сақтауға, оқушыларға жол белгілерін неше түрі бар, оны білу не үшін қажет, бағдаршамның, жол белгілерінің атқаратын қызметі қандай екенін үйрету. Жол ережесін есте сақтау қабілетін, қызығушылықтарын арттыру, барлығымызға ортақ қойылған тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Бағдаршам, жол белгілері, жолда жүру әліппесі, жол ережесіне арналған суреттер,  оқушылар шығармашылығы (салған суреттері), “Бағдаршам” қабырға газеті.

Әдіс – тәсілдері: сұрақ – жауап, топпен жұмыс, ойын, оқушылардың шығармашылығы — салған суреттері.

       Түрі: сайыс сабақ

 

Сабақтың барысы:
   І.Ұйымдастыру бөлімі.
 
Мұғалім: Біздің елімізде әр түрлі көліктер жылдан-жылға көбейіп келеді. Жаяу адамдар мен көліктегі жолаушылар саны да көбейе түсуде.  Көшелер мен жолдардағы жағдай барған сайын күрделеніп келеді.  Жол-көлік оқиғаларының қауіпі арта түсуде.  Сондықтан да жүргізушілер мен жаяу адамдардың көшелер мен жолдарда ерекше тәртіпті және мұқият болуы қажет.  Жол-көлік оқиғаларының зардабынан көбіне балалар зардап шегуде. Оның себебі – көптеген мектеп оқушылары жолда жүру ережелерін әлі де болса нашар біледі.  Міне, осы мақсатта біз бүгін «Жолың болсын, балақай!!» атты жол ережелеріне арналған тәрбиелік шара өткізбекшіміз. Ендеше, қош келдіңіздер! 

  Шаттық шеңбері:

Дың дың  қоңыраумын,

Дың дың соғамын.

Қоңырау сыңғырлап,

Шақырамын кел кел деп!

Бар достарды қасыма,

Жинамаймын тектен тек

      -    Балалар, сендер саяхаттағанды ұнатасыңдар ма?

-       Саяхатқа немен шығуға болады?

-       Әрине, автокөлікпен, тарамваймен, троллейбуспен саяхаттауға болады.

-       Жолда жүру ережесін білмей, саяхаттауға бола ма?

-       Қазір  біз саяхаттауға кім даяр екенін тексеріп көрейік. Ол үшін екі топқа бөлініп, ат қою керек. Бірінші топ «Алғырлар» үстел басына, ал келесі топ «Білгірлер» мына жаққа келіңдер.

-       Әрбір дұрыс жауап берген командаға фишкалар беріледі. Саяхатымыздың соңында қорытынды шығарып, жеңімпаз топ мақтау граммотасымен мадақталады. Топтар дайын болса бастайық! Алға! Қоңырау соғу.

 

ІІ. Қызығушылығын ояту.

 Сұрақ – жауап:

  1. Балалар көшеде жүру ережесін білу бізге не үшін керек?

Әр адамның өз өмірінің қауіпсіздігі үшін.

  1. Жаяуға қай жермен жүруге болмайды?

Көліктер жүретін тас жолмен.

  1. Көшеде жүру тәртібін кім басқарады?

 Жол полициясы басқарады.

  1. Бір жерге асықсаң, жолдан тез жүгіріп өту керек пе? Неге?

Жолдан өту кезінде оң жаққа, сол жаққа қарап жаяу жүргіншілер өтетін жолмен жүру керек.

Ән: 2 «Ә» сынып оқушысының Ануарқызы Диананың  орындауында

                                                      __________________________________

  1. Бағдаршам туралы не білесіңдер?        

Жүргізуші:

Қызыл жанды, тоқтағын,
Көрдің жұрттың тосқанын.
Сары жанды – дайындал
Айналаңа қарап ал.
Жасыл жанды – тыңдағын
Жолың ашық, тұрмағын.
    Балалар, бүгінгі кешіміздің ең басты қонағы – Бағдаршамды ортаға шақырамыз.
Ортаға Бағдаршам болып киінген оқушы шығады.

 

Бағдаршам: Сәлем, балалар! Мені барлық елдің балалары жақсы біледі. Бүгін мен сендерге арнайы келдім.
Жүргізуші: Қош келдің, Бағдаршам! Ал, енді балалар бағдаршам туралы қандай тақпақтар білесіңдер?

 

Қызыл көзі

Мен көзімді ашқанда,

Ешқашанда баспа алға.

Орныңда тұр қозғалма

Ереже бұл “Сен тоқта!”

 Сары көзі

 Мен көзімді ашқанда,

Қарап қалма аспанға.

Жүруге әлі болмайды,

Дайындықты сақтайды

 

 Жасыл көзі       

 Мен көзімді ашқанда,                                                              

Көліктер саған тоқтайды.

Ережені білгендер,

Өтуге еш қорықпайды.

 

Бағдаршам:

Жолды кесіп өтерде,

Сол жағыңа қарайла,

Жарты ортаға келгенде

Оң жағыңа қарайла

Білгеніңді басқаға

Үйрете жүр, жарай ма?

 

ІІІ. Тақпақ жұмбақ сайысы:

Топтар бір-іріне жұмбақтар жасырады.

 

Арқаным бар тым ұзын,

Ала-алмайсың бір үзім.

Табыңдаршы, балалар, 

Бұл жұмбақтың шешуін.  (Жол) 

 

Бір тұлпар, су ішпейді, жем жемейді,
Ескеріп ешбір адам емдемейді.
Жүк емес жануарға жүз адам да,
Шылбырын сымға байлап тез жөндейді. (Трамвай)

 

Бұйырмапты бас та, ауыз да, құлақта,
Бақырайған үш көзі бар бірақ та.         (Бағдаршам)

 

Ала таяқ ұстағаны                                                        Көше бойлап аяңдайды,

Жол тәртібін нұсқаған.                                                Адам тасып аялайды.

Өміріңді  күзеткен,                                                                                  (Автобус) 

Ысқырықпен түзеткен.  (Милиционер)

 

Көліктің  қаншасын үстінен өткізген , 

Іргеден басталып, алысқа жеткізген.       (Жол)     

 

 

Өзі сөйлей білмейді,            

Бірақ «Тоқта, жүр !» дейді.        (Бағдаршам)        

 

ІҮ. Шығармашылық кезеңі       

Суретпен жұмыс істеу, мұнда балалардың бағдаршамның түстерін, белгілердің түстерін  ажырата  білуге  үйрету.

 

Ән: 2 «А» сынып оқушысы Жеңісұлы Әлібидің  орындауында  

                            __________________________________________

 

Мұғалім: Рахмет, балалар. Сендер бүгін көп мәлімет бердіңдер. Алдағы уақытта осы жол ережесін сақтап, басқа балаларға үйретіп жүріңдер.

Мұғалім:  Ал, балалар, бізге де қоштасатын уақыт келді. Әр топтың фишкаларын санап  қорытынды шығару.  

 

Ән:     Ануарқызы Диананың орындауында_______________________

 

Барлығы: Жол тәртібін білейік
                  Аман есен жүрейік!


Мұғалім: Рахмет, балалар. Бүгін сіздер өздеріңнің жол ережесін білетіндіктеріңді көрсеттіңдер. Қай жерде жүрсеңдер де жолда жүру ережесін сақтап, басқаларды да соған шақырыңдар дегім келеді.

 

 

 

 

 

 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1148632

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар