Оюлар әлемі (Балабақша)

10 ақпан 2015 - Асель Бактыбаевна

«Оюлар әлемі»

Кешенді сабақ.
А.Б.Сыгаева «Балауса» бөбекжай-балалар бақшасының әдіскері
Райымбек ауданы
Сабақтың мақсаты: Қазақтың сәндік қолданбалы өнері жайлы түсінік беру. Ұлттық тұтынатын бұйымдармен таныстыру арқылы әсемдік өнерін қастерлеуге үйрету. Халықтың көркем өнеріне деген сүйіспеншілік сезімдерін арттыру. Ою-өрнек туралы мақал- мәтелдер, тақпақтар, жаңылтпаштар айтқызу арқылы балалардың сөздік қорын молайту. Өздігінен қиып, үйлестіріп ұжымдық жұмысты бірлесіп жасай білуге, істеген жұмыстарын түсіне білуге тәрбиелеу.
Көрнекіліктер: Оюы бар жиһаздар, зергерлік бұйымдар,қиып жапсыруға қажетті құрал-жабдықтар.
Қолданған пед технологиясы: Проблемалық оқыту технологиясы
Сабақтың барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңі: Балалар жарты шеңбер болып тұрады,
Тәрбиешінің қолында бір ұшы байланған әр түсті баулар. Екінші ұшын әр бала қолына ұстап тұрады.
Тәрбиеші: Балалар қонақтармен амандасайық…
Балалар: Сәлеметсіздерме!
Тәрбиеші: Енді маған қараңдаршы. Мына ғажайып баулар арқылы мен сендерге жүрегімнің жылуын жіберемін. Қабыл алыңдар! Балалар оң қолымызды жүрегімізге қояйықшы. Жүрегіміздің соғысын сезінемізбе? Жүрегіміз қандай?Үміт: менің жүрегім мейірімді, Мұхтар: менің жүрегім -батыл, Жансая- бақытты, Ұлпан-қуанышты, Дамир-сәтті, Сейіт-аяулы, Аяулым-жылы, Санат-қайырымды, Анара-жұмсақ. Олай болса жүрегімізден шыққан жылуды қонақтарға сыйлайық.( қонақтарға қарап алақанды үрлеу). Балаларды әуен ырғағымен орнына отырғызу.
-Балалар, қазір жылдың қай мезгілі?
-Көктемде күн қандай болады?
-Көктемнің бірінші айына арналған қандай мақал білесіңдер?
«Түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз».Жақсы балалар
-Балалар, біз бүгін ата-бабалардың дәстүріне саяхат жасймыз. Мен ол үшін сендерді халық шеберлері жасаған бұйымдарды тамашалауға шақырамын. Оларды мына тұрған ұлттық бұрыштан көресіңдер. «Талабы бар адам, еңбекке бас ұрады»-деген мақал бар. Мына отырған сендер де кейін үлкен шебер болуларың мүмкін. Мінеки жақсылап қараңдаршы қандай әсем бұйымдар. Мынау қазақтың көне заманнан келе жатқан үй жиһаздары: сандық, көрпешелер, киіз үй, қоржын, ұлттық киімдер, тостаған т.б.
Бұдан кейін зергердің бұйымдарына қарайық… Шеберлер осындай түрлі бұйымдар жасау үшін ұлттық ою-өрнек түрлерін пайдаланған. Мен сендерге көрмеден көрген ұлттық бұйымдардың атаулары туралы жұмбақ жасырамын.
1. Бір нәсе өзі биік, іші қуыс,
Ол заттың сүйегі бар айқыш-ұйқыш.
Көзі бар төбесінде жарқырайды,
Жайса үлкен, жиса бір ақ уыс.
(Киіз үй)
2.Аяғы жоқ,,қолы жоқ.
Көйлегі жоқ, қарны тоқ…
(Жастық)
3.Ішіне адам батпайды,
Затыңды аман сақтайды.
(Сандық)
Балалар осы сандықтың ішінде не бар деп ойлайсыңдар? Сандықты ашамын, ішінде сиқырлы асық пен жүзіктер бар екен. Асық балаларға, ал жүзікті қыздарға берсем, сендер өнерлі, шебер болып кетеді екенсіңдер-деп таратып беру.
Ал, ендеше өнер туралы мақал- мәтелдер айтайық.
1. Ою ойғанның, ойы ұшқыр.
2.Ою ойған, сызу да сызады.
3. Оюды оя алмаған, ойланбаған.
4. Өз үйінде ою оймаған, кісі үйінде сызу сызады.
5. Өнерлі бала, ойлы бала.
6. Өнер білім-
Білім-шырақ… 7. Шебердің қолы ортақ…
Балалар, енді өнер туралы тақпақ айтайық…
1. Аңыз болып жоғалмай сан ғасырға,
Салт -дәстүрі, халқымның жалғасуда.
2. Қошқар мүйіз оюы сәндікпенен,
Көз тартып, ұрпақтарға жалғасуда.
3. Әжем өрнек тереді,
Сырмақ сызып оюлап.
Басы ауыра береді,
Шәй ішпесе қоюлап.
4. Ою-өрнек әлемі
Бүгінгі күндей сақталған.
Күнде көріп жүреміз,
Ұрпақтарға жалғасқан.
5. Қол таңбасы әжемнің анық көріп
Бұл кестенің сырына қанық болып.
Қошқар мүйіз, өрнегін салып беріп,
Өнерімен өзгелерді тамсандырған.
Енді жаңылтпаштар айтайық.
1. Төбесі төбел, төрт бөрік.
Төртеуі де көк бөрік.
2. Көк көйлек, көк көйлек,
Тек өзіме дөп көйлек.
3. Сағат сытырлайды-
Сырға сыңғырлайды.
4. Талап-тұлпар,
Білім-сұңқар
Тәрбиеші: Балалар осы ою-өрнекті ата-бабамыз өздерін қоршаған табиғаттан, жан-жануарлардан алған екен.Мысалы: мына «қошқар мүйіз» оюын қошқардың мүйізіне қарап, «жұлдыз» оюын жұлдызға, «құс қанаты» оюын құсқа қарап, «балта» оюын балтаға қарап жасаған екен.
Тақтаға оюлар түрін қыстырып қойып. Балалар қазір мынандай ойын ойнайық.
Ойын: мен сендерге төрт бұрыш, үш бұрыштар таратып беремін. Сол бұрыштарды пайдаланып ұжымдық жұмыс жасайық…
1-топ көрпеше
2-топ кілемше құрастырыңдар.
Балалармен жұмыс.
Сергіту сәті.
Ал балалар тұрайық,
Ою-өрнек сызайық.
«Қошқар мүйіз» «Ботагөз»
«Құс қанаты» «Гүл өрнек»
Ою-өрнек әлемі
Қолға ұстап қайшыны,
Жалғастырып дәстүрді,
Жапсырайық оюды.
Балалар мен сендерге мынандай сыйлық кеселер, құмыралар дайындап едім, ою ойып үлгермедім. Енді оны сендер ойып жабыстырыңдар.
Қайшымен жұмыс істеу ережесін естеріне түсіру
1.Қайшының ұшын жоғары ұстауға болмайды, төмен қаратып қию керек.
2.Қайшыны үстел шетіне қоймау керек, ашасын жауып қою керек.
3.Жүріп келе жатқанда қайшымен қимау керек.
4. Жолдасыңа қайшы бергенде жабық күйінде сақинасын қаратып беру керек.
5. Қайшыны қайшы салғышқа салу керек.
Сабақты қорыту.
-Балалар біз кімнің шеберханасына бардық?
-Халық шеберханасына бардық.
-Қандай оюды қырықтыңдар?
-Құс қанаты оюы.
-Нені әшекейледіңдер?
-Құмыра, кесені оюладық…
Балалар жұмысын бақылау, аяқталған жұмыстарынан көрме жасау.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1068758

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru