Кіші мектеп жасындағы оқушылардың математика сабағында танымдық қызығушылығын арттыру жолдары

Қарағанды облысы, Балқаш қаласы,

Лингвистикалық бағыттағы жалпы білім беретін

№16 орта мектептің бастауыш сынып мұғалімі

М.Қ.Сәрсенбаева

Бала мектепке алғашқы кезде үлкен қызығушылықпен барады, өйткені оны жаңа және беймәлім, қызықты және айрықша нәрселер күтіп тұрады емес пе? Дегенмен уақыт өте келе кей балалардың оқуға деген қызығушылығы төмендеуі мүмкін. Оған қызықсыз, бір-біріне ұқсайтын, сабақтан сабаққа, күннен күнге еш өзгеріссіз қайталанатын, тез жалықтыратын біртекті сабақтар себепші. Сондай оқушылардың сабаққа деген қызығушылығын жоғалтпас үшін, оқушылар тек біліп қана қоймай, ең бастысы білім алуға ұмтылуы үшін оқушылардың өздерінің танымдық қызығушылығын белсендендіру қажет. Бұл жағдайда оқу үдерісі оқушылар білімді өздері алатындай, ал мұғалім сол іс-әрекетті ұйымдастырушысы болатындай етіп құрылуы тиіс.

Оқушылардың пәнге деген терең қызығушылығын ояту үшін, олардың танымдық белсенділігін дамытуда оқушылардың, олардың жас және жеке бас ерекшеліктерін есепке ала отырып, жалпы белсенділігін, дербестігін, жеке ынтасы мен шығармашылығын дамытуға жағдай жасайтын және қосымша құралдарды іздестіру керек.

Танымдық қызығушылық – тұлғаның қоршаған ортаның заттары мен құбылыстарына іріктелген бағыттылығы. Бұл бағыттылық тануға, жаңалыққа, тереңірек және толық білуге деген ұмтылыспен сипатталады. Танымдық үдеріс жүйелі түрде нығая және дами отырып, балаға деген жағымды қарым-қатынасқа негіз болады. Соның негізінде оқушыда үнемі өзі белсене жауабын іздейтін сұрақтар пайда болады.

Оқушыларда танымдық қызығушылықтың болуы-олардың сабақта белсенді, білімнің сапалы болуына, оқуға жағымды түрткісін қалыптастыруға, оқыту үдерісінің тиімділігін арттыруға, белсенді өміршең позицияны ұстауға мүмкіндік береді.

В.Б.Бондаревский танымдық қызығушылықты қалыптастырудың өзегі ретінде оқушы меңгеретін оқу материалынының мазмұнын; оқу іс-әрекетінің жан-жақты үдерісін және оқу үдерісіне қатысушылардың өзара қарым-қатынасын қарастырады. Бұл анықтаманың негізінде танымдық қызығушылық – оқушының іс-әрекетінде жүзеге асырылатын және бірте-бірте бекіне отырып, адамның тұлға ретінде қалыптастыратын тұрақты қасиетіне айналады деп түйіндейміз.

А.Н.Леонтьевтің айтуы бойынша, адам алдына қойылған мақсатын әрекет жасау арқылы ғана сезінуге болады. Мақсатты қабылдау және оқушыларға түсінікті болу үшін оларды мақсат қоюға ғана емес, оған жету жолдарын талдауға қатыстыру қажет.

Бастауыш мектеп жасындағы оқушылардың оқуға недәуір мүмкіншілігі бар, себебі олардың интеллектісі қарапайым ой операциясы дәрежесінде кездеседі дейтін Ж. Пиаженің пікірі дұрыс болғанымен, қазір мәдени тарихи теорияны жақтаушылардың (Л.С.Выготский) пікірі бойынша оқымай келген бала оқуға кірген соң ойы мен интеллектісі үлкен өзгеріске ұшырайды; бала қарапайым, яғни табиғи ойдан мәдени ұғым арқылы ойлауға көшеді деген пікір басшылыққа алынады.

Бастауыш мектеп оқушыларының бірте-бірте ой өрісінің қалыптасуымен заттарды тиісті ұғымдарға жатқыза білу қабілеті құрбылары арасында ойын дәлелдеуге үйретеді. Ол не болса соған көнбейді, өзгелерден дәлел келтіруді талап етеді. Ол үшін бала тиісті жүйелерге, логикалық негіздерге сүйенеді. Сонымен қатар өзінің пікіріне не ісіне талдау жасап сын көзбен қарайды. Әркімнің өз пікіріне, не ісіне талдау жасап сын көзбен қарауды рефлексияның қарапайым түрі деп атауға болмайды.

Бастауыш мектеп жасындағы балалардың оқу материалын жүйелі және мәніне қарай ұғынуында салыстыру ой операциясы негізгі рөлді атқарады. Салыстыру бір нәрсенің өзге нәрседен айырмашылығын немесе екеуінің де ұқсас жақтарын айыру болғандықтан, ой процестерінің ерекше түрі болып саналады. Оқу мазмұнын салыстыруда ой операциясының

бірнеше түрлері кездеседі. Сондықтан оны баланың оқуға деген ынтасын арттыру үшін пайдаланамыз.

Бастауыш мектептегі оқу жұмысының әр саласына бейімделу балада бірден қалыптаспайды. Осыған біраз мерзім үйрену керек. Сонымен қатар балалардың оқуға белсендігі сабақтарда әр түрлі.

Бастауыш сынып оқушылары көпке дейін тапсырманы қалай орындаудың тәсілін жақсы білмейді. Олар берілген тапсырманы жаттап алғысы келіп тұрады. Осылай болуы олардың жаттауға икемділігінің молдығынан емес, оқуға әлі төселмегендігін, қалай жұмыс істеуге ешкім оны үйретпегендігінен кездеседі.

Н.Ф.Талызина: «Бастауыш мектеп оқушыларының танымдық іс-әрекетін қалыптастыру» атты еңбегінде екі тәжірибелі мұғалім бала жауабын екі түрлі бағалауы мүмкін деп көрсеткен. Оған мысал ретінде Мәскеу бастауыш мектептерінің бірінде математика сабағында жүргізген тәжірибесінде оқушы үшбұрыштың перпендикуляр қабырғалары тең болатынын теория жүзінде айтып бергенде мұғалім жауапты беске бағалайды. Бірақ оқушыдан үшбұрышты сызып, бұрыштарын латын алфавитімен белгілеп, дәлелдеп беруін сұрағанда тапсырманы орындай алмайды.

Бұдан шығатын қорытынды оқушы теорияны түсінбей жаттанды түрде оқыған, сондықтан балада білімнің ешқандай негізі қаланбайды. Ол үшін берілетін білім танымдық іс-әрекет процесі негізінде жүзеге асуы керек.

Кеңес педагогы П.П.Блонский: Егер екі мұғалімнің пәндерінен білімдері, әдістері, тәсілдерді қолдануы бірдей болса, онда жақсы мұғалім мен нашар мұғалімнің айырмашылықтары неде? деген сұраққа былай: Жақсы мұғалім үшін барлық оқушылар әр түрлі, бірдейі жоқ, ал нашар мұғалім үшін барлық оқушылар бірдей деп жауап береді. Мұғалімді тәрбиелей келе П.П.Блонский: «оқушының әрқайсысының жеке ерекшеліктерін еөруге үйрету керек», — дейді.

Математика сабақтарындағы танымдық қызығушылықты дамытуға ықпал ететін жағдайларды үш топқа бөлуге болады. Бірінші топ оқу материалының мазмұнымен тығыз байланысты. Оған мазмұнның жаңалығы, меңгерілген білімдерді жаңарту, хабарланатын материалға деген тарихи тәсіл жатады. Екінші топ – оқыту үдерісін ұйымдастыру. Мұнда өзіндік жұмыстың түрлі нысандарын, проблемалық оқытуды, зерделенетін материалға ізденушілік тәсіл, шығармашылық жұмыстарды жатқызуға болады. Үшінші топ оқушылар мен мұғалімдер арасында қалыптасатын қарым-қатынатармен анықталады, мұнда оқушылардың қабілеттері, мұғалімнің өз пәніне деген қызығушылығы, оның оқушыларға үнемі көмекке дайын тұруы, олардың күші мен мүмкіндіктеріне деген сенімін жатқызады.

Математика сабақтарында қызығушылықты арттыруға былайша қол жеткізуге болады. Оқу мазмұнын ғылым тарихы туралы материалдар және шешуі қиын, дәстүрлі емес есептер шығарумен байыту керек. Есептеп шығару, дәлелдеу, түрлендіру мен зерттеу әдістерінің кереметі мен қызықтылығын үнемі ерекшелеп отырған жөн. Сабақты таптаурын болған құрылымнан арылтып, әр сабаққа өзіндік сипат беретін элементтер қосу арқылы жаңаша құру, оқытудың техникалық құралдарын, көрнекіліктерді, ауызша есептің алуан түрін қолдану арқылы түрлендіру қажет. Оқушылардың сабақтағы танымдық белсенділігін өзіндік және шығармашылық жұмыстардың алуан түрлерін пайдалану жолымен де арттыруға болады. Кері байланысты қолданған абзал, оған сабақты жүйелі түрде сұрау, қысқа ауызша және жазбаша бақылау жұмыстарын, түрлі тест тапсырмаларын, бақылау жұмыстарымен қатар жоспарға сай математикалық диктанттар алу, үй тапсырмаларын түрлендіру, пәнішілік және пәнаралық байланыстар орнату, математиканы өмір мен өндірісте қолдану орындарын көрсету және түсіндіру жатады.

Оқушылардың танымдық іс-әрекетін белсендіру үшін математикаға деген танымдық қызығушылықты қалыптастыру тәсілдері мен әдістерінің жүйесі де бар. Берілген жүйеге мынадай: мысалдар мен есептерді ауызша шығару, проблемалық ситуациялар жасау, қызықты есептер, өз бетінше жұмысты ұйымдастыру, сабақтың дәстүрлі емес нысандары, тарихилық элементтерін қолдану, үй тапсырмасы, зертханалық-кескіндік жұмыстар сияқты тәсілдер мен әдістер кіреді.

Қандай іс-әрекет болмасын қиық құрылымнан тұрады. Іс-әрекет жеке әрекеттерден тұрады да, алдыға қойған мақсатқа жетуге бағыттайды. Мақсат және мотив іс-әрекет бірдей орындалмайды. Оны мысалы И.Кулагина «Жас ерекшелігі психологиясынан» былай деп келтірген: «Оқушының үй тапсырмасында математикадан есеп шығаруын орындау. Оның мақсаты – осы есепті шығару. Оған негізгі мотив әр түрлі болады, біреулері шешесін ренжітпеуге тырысады, екіншілері «бестік» баға алу үшін немесе тезірек тапсырманы орындап достарымен ойнауға кету үшін». Осы үш жағдайда да баланың математикалық тапсырманы шешуі үшін мағына әр түрлі қалыптасады. Міне, сондықтан, іс-әрекет құрылымын мынандай жүйемен көрсетуге болады: «мотив – іс-әрекет», «мақсат –әрекет», «меңгерілетін іс-әрекет – операция».

Сонымен іс-әрекеттің құрылымына байланысты және бастауыш мектеп оқушысының дамуына әсер ету арқылы сыртқы жоспар ішкі жоспардың негізінде орындалады.

М.М.Мұқанов өзінің «Жас және педагогикалық психология» еңбегінде бастауыш мектепте тапсырманың балаларға екі түрлі жолмен берілетінін көрсетеді: біріншіден, берілген тапсырманы орындау үшін жауапты бала өздігінен іздестіреді. Екіншіден, тапсырма жауап іздестіру ретінде берілмейді. Оны орындау үшін соның үлгісі беріледі, мыалы, тақпақты жаттау үшін соның мәтіні беріледі. Осы мәтінге өзгеріс енгізуге рұқсат етілмейді. Сол мәтінге сүйене отырып бала оны жаттап алады.

Шығармашылық, ауызша және қызықты тапсырмалар, проблемалық сиуациялар, өзіндік жұмыс, тарихи элементтер мен оқу материалы дәстүрлі емес нысандардан тұратын сабақтарды ұйымдастырып, өткізу қорытындысымен мынадай тұжырым жасауға болады:

— біріншіден, оқуды оқушы үшін тек қызықты ғана емес, сондай-ақ нәтижелі ету үшін мұғалімнің шығармашылық ойын оқытудың тиімді әдістерін, оқушылардың танымдық қызығушылығын арттыру тәсілдері мен әдістерін іздестіруге бағыттаған жөн:

— екіншіден, егер математикаға деген қызығушылықты арттыру тәсілдері мен әдістерінің қалыптасқан жүйесін ұтымды қолданар болсақ, онда балаларда сабаққа баруға деген ұмтылыс артып, математиканың ең қызықты пәндердің бірі екендігі түсінігі нығаяды. Осы тәсілдер мен әдістерді қолдану сабаққа өзгерістер енгізумен қатар, балаларды жүйелі жұмыс істеуге үйретеді және өздерінің тарапынан белсенді іс-әрекетке деген үздіксіз талапты күту ахуалын қалыптастырады.

Ең маңыздысы, оқушы тұлғасының толымдылығын оны әлеуметтендіру үдерісі барысында, адамның ішкі жағдайлары мен жеке бас табиғатымен қоса дамытуға жағдай жасау болып табылады. Оған тек мұғалімнің де, оқушының да шығармашылық ізденісінің нәтижесінде қол жеткізуге болады. Бұдан шығатын қорытынды: шығармашылықпен оқыту қажет!

Пайдаланылған әдебиеттер:

1. Мұқанов М.М. Жас және педагогикалық психология Алматы, КазПИ, 1982, 247б.

2. Джакупов С.М. Психология познавательной деятельности. Алма-Ата, КарГУ, 1992, 192с.

3. Шадрикова В.Д. Познавательные процессы и способности в обучении. М., 1990. 141с.

4. Давыдов В.В. Проблемы развивающего обучения. М., Педагогика, 1986, 239с.

5. Акбасова А.Ж. Таным: жоғары оқу орындарына арналған оқу құралы. Алматы, Бастау, 2003, 5-10 б.

Осыған ұқсас жазбалар:

ҰстаздарғаҰБТ таяғанда ата-ана мен оқушыға мектеп қысымы күшейді

Білім жаңалықтарыМектептерде діни киімдер мен діни атрибуттар киюге тыйым салынды

ҰстаздарғаДАРЫНДЫ оқушымен ЖҰМЫС

МатематикаИнтелектуалды білім сайысы

ЖаңалықтарҚазақстандық оқушы математикадан бүкілресейлік байқаудың жүлдегері атанды

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141942

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар