Білім министрлігі биылғы тестілеудің жаңа ережесін жариялады

19 мамыр 2015 - Админ
Білім министрлігі биылғы тестілеудің жаңа ережесін жариялады

Білім министрлігі соңғы уақытта оқушылар арасында жиілеген осындай суицидтерді Ұлттық біріңғай тестпен байланыстырып отырған жоқ. Десе де, ҰБТ-ның бизнеске айналғанын мойындады. Жылда реформа жасамаса, көңілі көншімейтін министрлік биыл да сынаққа өзгеріс енгізіпті. Енді емтиханнан қанша балл алғанын түлектер аты-жөні емес, жеке идентификациялық коды арқылы білетін болады. Сынақ сұрақтарының мазмұнды боларына да уәде етті шенеуніктер.

Білім министрлігі тестке бар-жоғы екі апта қалғанда тағы дүрлігіп, сынаққа өзгеріс енгізген. Әйтеуір, шенеуніктердің биыл «Алтын белгі» иелері мен үздік түлектерге бүйрегі бұрып отыр. Ата-аналар мен оқушылардың талап-тілегін ескеріп, аттестатқа баға қоюдың жаңа әдісін ойлап тауыпты. Енді сынақтың қорытындысына талапкердің мектептегі үлгерімі де қосылмақ.

Саят Нүсіпов, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы:

-Үздік оқушылар әдетте өте сезімтал болады. Сондықтан, бала жыл бойы жақсы оқып, сынақтан «4» алып қалса, аттестатқа «5» қойылады. Керісінше, мектепте нашар оқыған, бірақ емтиханда жоғары балл жинаған түлектің де үлгерімі ескеріледі.

Биыл логикалық сұрақтардың саны артқан. Ал, ҰБТ-ның қорытындысы құпия түрде жарияланбақ. Емтиханнан шыққан талапкердің аты-жөні көрстілмейді. Баланың жеке идентификациялық кодының тұсына баллы жазылады. Яғни, қанша ұпай жинағанын талапкердің өзі ғана білетін болады.Алыстағы ауылдардағы түлектерді әуре-сарсаңға салмас үшін қосымша емтихан пуктері ашылмақ. Әр аудиторияға камера қойылып күзет күшейтіледі. Білім министрлігі тесттің табысты бизнеске айналғанын да мойындап отыр. Ата-аналарға сұрақ-жауапты саудаға салып жүрген алаяқтарға алданып қалмауға кеңес берді.

Саят Нүсіпов, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы:

-Бизнеске айналып кетеді. Алаяқтар тесттің айналасында жүреді. Ата-аналарды, балаларды алдайды сұрақтың жауабы бар деп.

Шенеуніктер түлектер арасындағы суицидке де тоқталды. Мәселен, мамыр айында бір Ақтөбенің өзінде 11-ші сыныптың үш оқушысы өзіне қол салған. Бірақ, министрлік мұның тестке түк қатысы жоқ деп отыр.

Саят Нүсіпов, ҚР БҒМ Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің төрағасы:

-Суидцидтер ҰБТ-ға байланысты деп айта алмаймыз. Бір де бір түлектің емтиханға бола өлімге барғаны дәлелденген жоқ. Бүкіл әлемде, Қазақстанда да оқушылар арасында суицидтің бары рас.

Суицидтің алдын алу үшін қазір Білім министрлігінің өкілдері облыстарды аралап, оқушылармен психологтар жұмыс істеп жүр. Атқамінерлер биыл емтихан алдында түлектердің іш киімін тінтімейміз деп те уәде берді.

-Қазір жер-жерде сынақ өтетін мектеп, жоғары оқу орнының ғимараттары мен қосымша ашылатын пунктерде қызу әзірлік жүріп жатыр. Ал, емтиханның тапсырмалары дайын. Бірақ, ҰБТ сұрақтары мемлекеттік құпия болғандықтан тест кітапшалары емтихан басталарына бірнеше сағат қалғанда ғана облыс, аудан мен ауылдарға арнайы күзетпен жеткізіледі. Мыңдаған ұл-қызды сергелдеңге салып төзімін тауысатын ҰБТ биыл маусымның 2-сі мен 15 аралығында өтеді.

Дереккөз: www.ktk.kz

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1150693

Пікірлер (1)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар