Жаман әке немесе мақтаншақ ұстаз

5 маусым 2015 - Админ
Жаман әке немесе мақтаншақ ұстаз

Мен мақтаншақ ұстазбын. Иә, сыныбымның белсенділігімен мақтанатынмын. Ата-аналарымның ұйымшылдығымен мақтанатынмын. Оқушыларымның аудандық, облыстық, републикалық сайыстардан бас жүлде алып келгендігімен мақтанатынмын. Сыныбымның мектеп бойынша білім сапасы ең жоғары көрсеткіш көрсетіп тұрғандығымен мақтанатынмын. Бірақ...


Оқу жылының аяғына таман өзім жұмыс істейтін мектепте оқитын ұлымның сыныбына, ата-аналар жиналысына бас сұқтым. 3-сыныпта оқитын ұлым жуас, момын ешқандай проблема тудырмайтын болғандықтан бұл жаққа көп ат басын тірей бермейтін едім. Ұстазына сенемін. Жоғары санатты ауданда беделі бар тәжірибелі ұстаз болғандықтан сол кісінің сыныбында оқығандығының өзі мен үшін мақтаныш еді…


Ал мен… мен жасыратыны жоқ, оқушыларымды жан-жаққа жарыстарға, олимпиадаларға сүйреп солардың жеңісіне мәз болып, жетістігіне қуанып жүре беріппін...

Жиналыс басталып кетті… Мен ұлыммен мақтанамын, себебі ол тәртіпті, себебі ол үлкенді сыйлайды, себебі ол…


Ұстазы екі қораптың бірінен алып ата-аналарына балаларының жазған хаттарын таратып жатыр, бәрі мәз. Біреуі әкесімен атқа мінгенін жазыпты, біреуі анасымен роликке барғанын жазған, тағы сол сияқты қуанышқа толы бала тілімен жазылған хаттар. Мен бірақ хат алмадым. Сұраулы жүзбен қараған көзқарасымды аңағарған сынып жетекшісі қасыма жақындап келіп «екінші қораптағы хатты ешкімге көрсетпеуімді өтініп еді» деді. Мен ұлымның жазған хатын сол қораптан таптым. Жалғыз хат. Жалғыз тілек. Жалғыз өтініш. «Шіркін… шіркін, әкем маған көңіл бөлсе, менімен әңгімелессе, маған ұрыса бермесе...» көзім қарауытып кетті. Ештеңе сездірмеген болып өтірік жымиып отырмын. Менің ішкі жан-дүниемде не болып жатқанын сол жерде тек әріптесім (сынып жетекшісі) ғана сезіп тұрған еді. Сынып жетекшісі жиналысқа мықтап дайындалғаны көрініп тұр. Келесі бір балалармен жасаған рефлексиясы «Теңеу» деп аталады екен. Ұлымның жазғаны «Мен анамды мейірімге теңеймін, себебі ол әрқашан маған мейірімді қамқор болып жүреді, маған ұрыспайды. Ал әкемді НАЙЗАҒАЙға теңеймін. Әкем ашуланғанда найзағай сияқты шатырлап кетеді». Тағы да үнсіздік. Жиналыс аяқталды. Үйге келе жатырмын. Тамағыма өксік тығылып, іштей ұлымнан кешірім сұрап келемін. «Кешір, балам, жаман әкең жұмыс деп, өзінің балаларына көңіл бөлмейтін тасжүрек болып бара жатыр екен. Осыны көре алған, сезе алған кішкентай жүрегіңнен айналдым...»
Үйге кірісімен алдымнан жүгіріп шыққан ұлым (жиналыстан келгенімді білетін) сұраулы көзбен жүзіме қарады. Өтірік күліп басынан сипап келесі бөлмеге өтіп кеттім. Ешкімге ештеңе айтпадым тек барлығын іспен дәлелдеуге тырыстым. Балаларыммен алысып ойнап, кешкісін ертегі айтып ұйықтатып, солармен жарыса тамақ жеп, балаларыммен балаша қуандым, шаттандым. Көп ашыла бермейтін үлкен ұлым ұйықтауға кетіп бара жатып құшақтап бетімнен сүйіп бөлмесіне жүгіріп кетті. Бұл құшақтағанынан баламның әкесіне деген нағыз махаббатын, нағыз сезімін енді сезінгендей рахат сезімде ерекше күйге бөленіп отырып қалдым.

Жазба Rauan Nugumarovтың фейзбуктегі парақшасынан алынды.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1151014

Пікірлер (13)
Динара # 6 маусым 2015 в 16:25 0
Иә, келісемін.Бұл жағдай барлық оқушыны жанын беріп тәрбиелейтін ұстаздардың басында бар.Ата-ана екенімізді ұмытпайық, әріптестер.
Жұлдыз # 10 маусым 2015 в 08:34 0
Рауан мұғалім! Сіз жақсы әкесіз, балаңыз да ерекше бала екен. Аман болсын!
М.Әуезовтің «Абай жолы» роман-эпопеясындағы қатал әке бейнесін есімізге түсірейікші...
Сіздің балаңыздың да Абай сияқты ұлы адам болуына тілектеспін!
Алия # 22 маусым 2015 в 23:52 0
Біздер ,ұстаздар өзгеруіміз керек.Қазіргі заманауи білім беру үрдісі жүз сексен градусқа бұрылып кеткенін сезінуіміз керек.Бұрынғыша үздіктермен ғана шапқылай бермей,сыныптағы әр баланың эмоциясын ескеруімізге тура келер.Себебі алдымыздағы әр бала ертеңгі әлем экономикасына әсер етушікүш.Әрқайсысының бойына өмір сүруге қажетті дағды сіңіру керек.Өмір сүру үшін қолындағы қағаздан гөрі,өзінде бар құндылықтар құнды болатын түрі бар ғой.Өткенде бір "әзіл" оқыған едім:Әкесі баласына ұрсып жатыр дейді.Оқы деймін саған,оқы.Әйтпесе,мынау сияқты қайыр сұрап,үйсіз,күйсіз жүресің деп бомжды көрсеткен екен.Сөйтсе әлгі бомж:Менде екі диплом бар дейді .Күле алмадым.Ащы да болса ,шындық жатқан жоқ па!?Жүрегім зырқ ете қалды.Әрбір ұстаз өз алдынан алдымен қарапайым ғана АДАМды адам етіп шығарса .Нәтиже,тіпті әлемді дүр сілкіндірер нәтиже осы емес пе!?
Kairat Sharipov # 18 тамыз 2015 в 10:57 0
Пікірлеспін
Жумабике Мирамова # 5 тамыз 2015 в 05:03 0
Иә шынымен біздер ұстазлар алдымыздагы шәкірттеріміздің соңында жүріп өз баламызға уакытымыздың да мейіріміміздің де жетпей қалып жататыны шындық
Сапар Нұржігітов # 11 тамыз 2015 в 19:41 0
Ұстаз. Осы бір ауыз сөздің мәнін Университетте оқып жүргенімде сезінбеппін. Ол өте үлкен жауапкершілікті талап ететінін енді жұмыс істеп жүріп түсіндім. Ең қиын жұмыс. Адам баласына білім мен тәрбиені бойына сіңіру ең қиынның қиыны екен. Жұмыстың ауыртпалығымен отбасымызға да көңіл бөле алмаймыз. Бұған жоғарыда жазылған мақала дәлел.Төзімді болуға тырысқаннан басқа шара жоқ, ұстаздар!
лаура досаева # 6 қазан 2015 в 22:04 0
мен де ұстазбын, мен де анамын. мен де жоғарыда айтылған жағдай менің басымдада отті. мен мүлде балаға қарамайды екем. менің балаларыма енем қарайды. менің 2- сынып және ЖКШО дағы қыздарыма сол кісі қарайды. менің енеме айтар алғысым шексіз. құрметті әріптестер біз мұғалімдер өз баламыз емес өзгенің баласына карайтынымыз ақиқат. ең құрығанда күніге 1-2 сағат балаларымызғы назар аударайық
Гулден Бегеева # 19 қазан 2015 в 14:42 +1
Мақаланы оқып отырып, автор дәл мені суреттегендей күй кештім. Баланың бізден мейірім, ықылас күтетініне мән бермейміз. Тіпті елдің баласына деген ашуымызды да үйдегі баладан алып жатамыз. Жұмыс жұмыс деп балаларымызды мейірімге зәру қылмайықшы.Өзіме өзім сөз бердім, алдағы уақытта міндетті түрде өзгеремін.
турсынбек # 8 қараша 2015 в 18:40 0
сіз жақсы әкесіз!
Құралай # 11 желтоқсан 2015 в 13:22 0
Тамаша әңгіме екен. Ой салады. Ұстаздың жиналысы тәжірибеге таптырмас әдіс екен.
акнур # 15 желтоқсан 2015 в 11:55 0
мына әңгіме маған жақын . себебі қызым екеуміз дәл осындай жағдайда болдық қазір реттеліп келеді қуанамын. қайта бір жылап алдым. кеште болса түсінгеніме қуанамын. сізге тілектеспін.
Салима # 17 қаңтар 2016 в 11:51 0
Мақаланы оқып көзіме жас келді біз мұғалімдер жұмыспен болып өз балаларымызды үмытып қаламыз.Құрметты әріптестер балаларымызды мейірімге зөр қылмайық
Нуркенова Балжан # 10 маусым 2016 в 01:28 0
Рауан, балаларыңмен бірге болып тек қана қызығы мен қуанышын ғана көруіңе тілектеспін, Сен тамаша ұстазсың!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар