Кеміруші жануарлар

Тақырыбы: Кеміруші жануарлар

Мақсаты:

1] Кеміруші жануарлардың тіршілігі, мекен ортасы көбеюі олардың пайда-зиянды әрекеттері туралы баяндау

2] Организмді жұқпалы аурулардан қорғау және алдын алу шаралары

3] Тіршілік құбылыстарының заңдылықтарын түсіндіре отырып табиғатты

қорғау

Міндеттері:

-Салауатты өмір салтының әдістерін үйрету

-Өз денсаулығына қоғамдық игілік, қоғамның рухани құндылығы ретінде жауапкершілікпен қорғауға тәрбиелеу

-Осы заманғы ауру түрлерімен және оларды алдын алу шараларымен таныстыру

-Қоршаған орта табиғатын оны ластанудан қорғау, экологиялық тәрбие беру.

Күтілетін нәтиже:

Жұқпалы аурудың (туляремия) алдын алу туралы мәліметтерді жинақтау қажеттігі, қоршаған ортаны әсіресе су, тамақ өнімдерінің тазалығын сақтауға, аурудың диагнозын қанды арнайы зерттеу арқылы және егу жұмыстарын жүргізу арқылы нақтылайды.

Қазақстанның қазіргі жануарлар дүниесінде сүтқоректілердің – 172 аса түрлері бар. Орманды дала зонасында ақ тышқан, далалық жерлердегі тышқандар, саршұнақ, қосаяқтар мкендейді. Кемірушілер — жертесерлер, дала тышқандары мен алақоржындары, эверсман саршұнақтары көбеюде. Бұл кемірушілер егіндікке көп зиянын тигізуде. Шөлейт зонада дала мен шөл зоналары аралас кездеседі. Орталық Қазақстанның аласа тауларында саны жағынан ерекше көп есептелетін жануарлар – кемірушілер. Шөл зонасының жануарлар дүниесі өзгеше. Олар жазғы қатты ыстық пен құрғақшылыққа өте төзімді. Олардың біразы қолайсыз мезгілдерде ұйқыға кетеді немесе көп жағдайда түнгі тіршілікке бейімделген.

Шығыс Қазақстан облысының шөл, дала, таулы аймақтарында кемірушілердің түрлері: дала тышқандары, саршұнақ, құмтышқандар, ондатр, аламандар, қосаяқ, тоқалтістер, егеуқұйрықтар т.б мекендейді.

Егеуқұйрық [Rattus] – кеміргіштер отряды қаптесерлер тұқымдасының бір туысы. Қазақстанда 3 түрі: сұр егеуқұйрық, қара егеуқұйрық және түркістан егеуқұйрығы таралған. Сұр егеуқұйрық республикамыздың батыс, солтүстік шығыс аудандарында көбірек кездеседі. Соңғ, ы жылдары басқа облыстарға да тарай бастады. Сұр егеуқұйрықтың денесінің ұзындығы 15-20 см, құйрығы ұзын жіңішке ол сақина тәрізді қабыршақпен қапталған. Тұмсығы сүйір, денесін сұр қоңыр түсті жүн басқан. Егеуқұйрықтар тауда, өзен көл маңында, елді мекендерде, егістік төңірегінде кездеседі. Көбінесе, тұрғын үйлер мен қора-жайларда, азық-түлік қоймаларында тұрақты тіршілік етеді. Жыл бойы қоректенеді. Жемін түнге қарай іздейді.

Қорек талғамайды, етке әуес, көжек, құс, торай аулайды, өсімдік дәні мен қалдығын жейді.

Егеуқұйрықтар — өте өсімтал. Олар жыныстық жағынан 2-3 айда толық жетіліп, жылына 2-3 реттен көбейе алады. Бау бақша ағаштарының, ауыл шарушылығы мен орман шаруашылығының зиянкестері. Адам мен үй малдарына аса қаіупті аурулар (оба, безгек, сүзек т.б) таратады, сондықтан олар мекендейтін үйлер мен астық қоймаларын мезгіл-мезгіл дератизациялап отыру керек.

Аламан тәрізділер – кеміргіштер отрядының бір тұқымдасы. Бұл топқа дене тұрқы 40 см-ден аспайтын кеміргіштер жатады. Аламан тәрізділердің қазба қалдықтары Еуразияда олигоцен дәуірінен сақталған. Олар республикамыздың барлық аудандарына дерлік, далалы орманнан шөл, шөлейтті жерлеріне таулы алқаптар Тарбағатай өңірінде таралған.

Аламан тәрізділердің пішіні дембелше келген,ұршық тәрізді және мойын бөлімі жақсы жетілген. Артқы аяқтары алдыңғыларына қарағанда ұзындау, 5 башпайлы. Аламанның күрек тістері ақсиған (соқыртышқан), құлақ қалқандары, құйрықтары мен аяқтары қысқа, жер қазуға ыңғайлы болып келеді. Өте өсімтал, жылдың жылы маусымдарында тез көбейеді. Олар – ауыл шаруашылығы мен орман шаруашылықтарының зиянкестері. Түрлі індеттер таратады.

Ондатр (ondatra zibethicus) – кеміргіштер отрядына жататын терісі бағалы аң. Дене тұрқы 35 см-дей, құйрығының ұзындығы 28 см, салмағы 1,5 кг. Құрлықта да, суда да тіршілік етеді. Мойны қысқа, артқы аяқтарында жүзу жарғақтары бар. Түгі қалың да тығыз, қою қоңыр кейде қара түсті. Шыққан жері – Солтүстік Америка. Қазақстанға 1935 жылы әкелініп, Сырдария және Іле өзендерінің бойына жіберілді.

Қазір республиканың барлық өзен-көлдерінде 350 мыңдай ондатра кездеседі. Соның ішінде Алакөл, Сасық көл, Үржар, Емел өзендерінде кездеседі. Қорек талғамайды, негізінен су өсімдіктерімен қоректенеді. Жылына 2-3 рет көбейіп, 25-30- ға дейін ұрпақ бере алады. Көктемде туған жас ондатралар шілде-тамыз айларында көбеюге қатыса береді. Олар туляремия және паратиф ауруларын таратушылар. Терісі үшін көп ауланады.

Құмтышқан – аламандар тұқымдасына жататын тышқандар туысы. Қазақстанның батыс, оңтүстік, шығыс аудандарындағы құмды шөлдерінде кең таралған. Сан мөлшері жыл ерекшелігіне, маусымға байланысты өзгеріп отырады. Құмтышқанның дене тұрқы 15-19 см, салмағы 138-160 гр. Арқа жүнінің түсі қызғылт сұр, бауыры- ақ. Құйрығының ұшында қара сұр шашағы болады. Тек құмды ортада тіршілік етуге бейімделген. Күрек тістерінің алдыңғы жағында 1-2 қатар сары жолағы болады. 60-қа жуық өсімдік түрлерімен, сондай-ақ жәндіктермен (көбею кезінде) қоректенеді.

Тереңдігі 45-75 см-ге дейін ін қазып, көбінесе түнде белсенді тіршілік етеді. Наурыздан қыркүйекке дейін 2-3 рет көбейіп, 25-30 күннен кейін 2-10 –ға дейін балалайды. Ерте көктемде туған тышқандар шілде-тамыз айларында толық жыныстық жағынан жетіледі, жаздың аяғында туғандары тек келесі көктемде ғана көбеюге қатынасады. Жаулары – түнгі жыртқыш құстар мен аңдар. Құмтышқан ағаш бұтағын зақымдап, жер қазып, топырақты кептіріп зиян келтіреді.

Адам үшін өте қауіпті. Құмтышқан денесінде кенелер, бүргелер, биттер болады. Ал ішкі органдарында гельминттер (құрттар) тіршілік етеді. Олар оба, лейшманиоз және алама, сүзекті таратушылар. Бірнеше ондаған жылдар бойы қазақ обаға қарсы ғылыми зерттеу институты және арнайы обаға қарсы станция мен бөлімдер осы қауіпті аңның санының өсуін реттеп келеді.

Тоқалтістер (microtinae) — кеміргіштер отряды, аламан тұқымдасының бір тармағы. Жер шарында кең таралған. 40-тан астам туысы, 110-дай түрі белгілі. Қазақстанда 7 туысы, 21 түрі бар. Тоқалтістер далалы аймақтарды, батпақты-сулы және шөл-шөлейтті жерлерді, биік тау жоталарын мекендейді. Дене тұрқы 10-35 см, салмағы 100 г-дай, құйрығының ұзындығы денесінің ұзындығының жартысындай кейде қысқалау болады. Түсі бірыңғай сұрғылт не қоңыр. Тоқалтістердің азу тістерімен қатар күрек тістері де үнемі өсіп отырады. Шоғыр құрып, жыл бойына белсенді тіршілік етеді. Негізінен өсімдіктермен қоректенеді. Жылдың жылы маусымында, біраз түрі қыста да көбейеді. Ірі түрлері (ондатр, су тышқаны т.б) терісі үшіе ауланады. Көпшілік түрі ауыл шаруашылық өсімдіктерінің зиянкестері және әр түрлі қауіпті індеттер (туляремия, лептоспироз, т.б) таратады.

Жертесер – кемірушілер саны өте көп. Қазіргі уақытта жертесерлер көп тараған, 200-ге тарта түрі бар. Олар құрлықта топырақтағы інде, су жағасында мекендейді. Олар сырттай қарағанда тышқандарға ұқсайды. Дене тұрқы 3,5-18 см-ден аспайды. Өте қомағай тәулігіне өз салмағынан 1,5-2 есе артық қорек жейді. Бунақденелілермен, жәндіктермен, өсімдіктермен қоректенеді.

Жертесерлер жылына 3 рет балалап, әр жолы 6-14 бала туады. Ауыл шаруашылығы мен орман шарушылығына зиянын тигізетін және омыртқасыздарды жеп пайда келтіреді. Түрлі індеттер таратады.

Егіс тышқаны (apodemus agrarius ) – дене тұрқы 8-11,5 см, құйрығының ұзындығы 6,5-9,2 см. Кейбіреуінің арқасында қара жолағы болады. Орманды, шалғынды, парктерде, егістік жерлерде, ылғалды жерлерде тіршілік етеді. Жазда далалы егістіктерде, қыста астық қоймаларында мекендейді. Қорек талғамайды, өте өсімтал. Әр түрлі дәнді дақылды өсімдіктермен, жануар текті азықпен, жауын құрттарымен қоректенеді. Жылына 4 рет, 6-7-ден балалайды. Ауыл шаруашылығының зиянкестері, жұқпалы ауру таратушылар.

Үй тышқаны (Mus musculus) – дене тұрқы 7,8-10,2 см, құйрығының ұзындығы 8,2-9 см. Тышқанның өзіне тән өткір ерекше жағымсыз иісі бар. Еліміздің барлық жеріне кең таралған әсіресе үйде, астық қоймаларында, жаз мезгілдерде егістерде тіршілік етеді. Қорек талғамайды, кез келген жануар текті азықтарды, астық дақылдарын, күнбағыс тұқымдарымен қоректенеді. Үлкен топтар құрып, әр түлі лас жабдықтардан ін жасайды. Жылына бірнеше рет 4-8-ге дейін балалайды. Қысқыға қор жинамайды, түнде белсенді қоректенеді. Ауыл шаруашылығының зиянкестері. Үй тышқаны көптеген мамандар мен эпидемиологтар жұмысының негізгі нысаны. Сүзек, ішек ауруларын, туляремия т.б жұқпалы ауруларын таратушылар болып табылады.

Қазақстанда жануарлар дүниесін көбейту мен қорғау бағытында өте көп шаралар жүзеге асырылуда. Қызыл кітапқа енгізілген түрі жалман тышқанға ұқсас өте сирек кездесетін аң. Қыста ұйқыға кетеді, жазда ымырт кезінде тіршілік жасайды. Біздің өңірімізде Алакөл мен Зайсан қазаншұңқырларында кездеседі. Сондай-ақ сүтқоректілердің 31 түрі, соның ішінде құндыз, жалман, ондатр, су тышқаны т.б ерекше қорғауға алынған.

Осы кемірушілерден жұғатын аса қатерлі жұқпалы табиғи ошақты ауру – туляремия (tularemia). Аурудың қоздырғышын 1911 жылы америкалық бактериологтар Ч.Мак-Кой және Ч.Чапин Туляре көліндегі ауру сарышұнақтардан тауып, оны Bacterinm tularense деп атаған. Кейін, 1921 жылы америкалық ғалым И.Франсио қоздырғышты адамнан тапқан. Сондықтан аурудың қоздырғышы соның құрметіне Francisella tularensis, ал індет туляремия деп аталады. Туляремияның бірнеше варинаттары анықталған. Табиғи ошақтары біздің республикамыздың барлық аймақтарында бар.

Улану, қызба, лимфа түйіндерінің зақымдалуымен сипатталады.

Қоздырғышы өте майда, төменгі температурада, мұздап қатып қалған жануарлардың өліктерінде 6-10 ай, топырақта 4 айға, сүтте 8 тәулікке, ал кептірілген тышқан терілерінде 20 күнге дейін сақталады. 60◦ С –та 20 минутта қайнатқанда бірден дизенфекциялы ерітінділер қолданғанда бірнеше минуттарда өледі. Тышқанмен негізінен кеміргіштер (тоқалтіс, үй тышқаны, су егеуқұйрығы т.б) қояндар мен үй қояндары ауырады. Туляремиямен ауырған жануарлар өледі. Ауру адамға аңдардың терісін өңдегенде, сыпырғанда; кеміргіштердің нәжісі, несебі мен ластанған суға шомылғанда; ауру қоян мен үй қоянының шала піскен етін жегенде; ауру таратушы жәндіктер (кене, маса, бүрге, сона т.б) шаққанда жұғады. Дерт адамнан адамға жұқпайды.

Емі:

Стрептомицин, гентамицин, бруломицин, цефалоспорин т.б дәрілер беріледі.

Аурудың негізгі белгілері:

Жұқтырған сәттен бірінші белгілері пайда болғанша көбінесе 2-3 аптаға ауытқумен 3-7 күн өтеді. Ауру қатты басталып, дене қызуы 38-40 градусқа дейін көтеріліп, адам қалтырап, басы қатты ауырып, әлсіреп, бұлшық еттері ауырады. 2-3 күні ағзаға микроб кірген жердің маңайында (мойын, құлақ тұсында, қолтық ойығында, шабында т.б) лимфа түйіндері ұлғаяды.

Баспа, көз ауруы, қыс кезінде ұзаққа созылатын өкпе қабыну аурулары байқалады.

Туляремиямен бір ауырған адам оны екінші рет өмір бойы қабылдамайды.

Алдын алу шаралары:

1. Ең тиімді шара- туляремияға қарсы алдын алу егу жұмыстары жүргізіледі

2. Екпеден басқа келесі шаралар жүргізіледі:

— құдықтарды, бұлақтарды, тамақ өнімдерін кеміргіштерден қорғау

— кездейсоқ су көздерінен су ішпеу

3. Өнеркәсіптерде, тұрғынжайларда, шаруашылық құрылыстарында, бау-бақшаларда кеміргіштермен күресу (қақпан құру, уланған алданғыштар қою т.б)

4. Тұрғын үйлер, елді мекендер маңайынан қаулап өскен шөптерден тазарту, қоқыстарды құрту.

Соңғы жылдары экологиялық мәселелер- бүкіл адамзатты толғандырып отыр. Қоғамның өркендеп дамуы, табиғат байлықтарын ұқыпты пайдаланумен тығыз байланысты. Қазір табиғат байлықтарын дұрыс пайдаланбаудан және технологиялық процестердің жетілмегендігінен қоршаған ортаның ластануы адамның денсаулығына да қауіп төндіруде. Адам денсаулығын сақтау, адамның ұзақ өмір сүруіне қажетті жағдай жасау- қоғамның басты міндеті. Адам жануарлар экололгиясын оқып – үйрене отырып, оларды қорғай білу де тиіс. Сондықтан қоғам мен табиғат арасындағы үйлесімді байланысқа ерекше назар аударылады.

Қолданылған әдебиеттері:

1. Бүркітбай Аяған. Қазақ Ұлттық энциклопедиясы, 2006 ж.

2. Ә.С Бейсенова, К.Д Каймулдинова. Қазақстанның географиялық атласы «Глобус» Алматы, 2003 ж.

3. В.Н Вехова. Растения и животные, Москва «Мир» 1991 ж.

4. М.С Гиляров. Биологический энциклопедический словарь, Москва 1989 ж.

5. Биология және салауттылық негіздері, 2009 ж

6. Х. Қыдырбаев, А. Бекенов. Қазақстанның хайуанаттар әлемі, «Қазақстан» баспасы Алматы 2001 ж.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1115520

Пікірлер (1)
Камила # 21 сәуір 2016 в 22:23 0
Жертесерлер туралы слайд керек еді

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар