“Ұшқыр ойлы топ” атты сабақтан тыс сайыстың жоспары

11 ақпан 2015 - Marat sapargaliev
“Ұшқыр ойлы топ” атты сабақтан тыс сайыстың  жоспары

Талдықорған қаласының

№16 орта мектеп-гимназиясының

математика пәнінің мұғалімі

Сапарғалиев Марат Тілеуліұлы.

Математика пәнінен “Ұшқыр ойлы топ” атты сабақтан тыс

интеллектуалды сайыстың

жоспары

Мақсаты:

1. Білімділік: Оқушылардың ойлау қабілетін арттыру, ой-өрісін дамыту, жаңашылдық, ғылым мен техниканың жетістіктерін пайдалану. Математикаға ынтасын, зейінін арттыру, алған білімдерін тереңдету.

2. Дамытушылық: Оқушының пәнге деген қызығушылығын арттыру. Оқығанын есте сақтай білуге, тиімді тәсілдерді тез таңдай білуге дағдыландыру. Ой-өрісін кеңейту, логикалық ойлау қаблеттерін дамыту, ұжымшылдық қаблеттерін дамыту.

3. Тәрбиелік: Өз бетімен жұмыс жасай білуге баулу, шапшаңдыққа, ізденімпаздыққа баулу. Сыйластыққа және ұйымшылдыққа, алдарына қойған мақсаттарына жетуге тәрбиелеу және жеке тұлға етіп қалыптастыру.

Көрнекілік: слайдтар, қанатты сөздер, «Алғыр оқушы» қабырға газеті.

1. «Математиканың өз тілі бар – ол формула» Софья Ковалевская

2. «Арифметика – математиканың, ал математика – барлық ғылымдардың патшасы» Карл Гаусс

1. «Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін математика, сондықтан да оны оқу керек» С.М.Ломоносов

Сабақтың барысы:

1-жүргізуші: Армысыздар, құрметті ұстаздар қауымы мен оқушылар! Бүгінгі “Ұшқыр ойлы топ” атты 7”А”, 9”А”, 10 «Ә» және 10 «А» сыныптары арасында өткізілгелі отырған математикадан интеллектуалды сайысымыздың салтанатына қош келдіңіздер!

2-жүргізуші: Қайырлы күн қадірменді көрермендер! Бүгінгі ойын топтық сайыс түрінде өтеді. Бірінші кезең 10 «Ә» сынып оқушыларының ұшқыр ойлыларынан құралған “Пифагор” және 7 «А» сыныптың алғырларынан тұратын “Архимед” топтарын ортаға шақырып, құрмет — қошемет көрсетіп қояйық.

1-жүргізуші:

Сонау-сонау алысқа жүзсін десең кемелер,

Тылсым сырлы ғарышқа ұшсын десең денелер.

Математика — ең маңызды ғылым бұл,

Сондықтан да, сол ғылымның тілін біл.

2-жүргізуші:

Жарыс десе жаныңыз,

Жасырғанды табыңыз.

Күш сынасып көріңіз,

Жеткенінше әліңіз (шамаңыз).

Алғырлар мен тапқыштар,

Бар өнерін салады.

Білімді, көп оқыған болса егер,

Бүгінгі күн жеңімпазы болады.

1-жүргізуші: Ғылымдардың патшасы атанған,

Евклид, Фалес, Пифагордан бата алған,

Төзбейтін өтірікке, жалғандыққа.

Жасықтан емессің сен, қаталдансың!

Ақыл-ойды тәртіпке келтіретін,

Нағыз пән – “математика” атанғансың!

2-жүргізуші:

Математика сырлары,

Қызықтырады біздерді.

Ойынға бірге қатысуға,

Шақырамыз сіздерді,

-дей келе отырып, сайыскерлеріміздің білімі мен біліктілігіне қара қылды қақ жарып әділ баға беретін Әділқазылар алқасын ортаға шақырып, қошемет көрсетіп, таныстыра кетейік.

1-жүргізуші:

Әділ қазы, ақ қазыға бір сәлем,

Әділдікке бас иеді күллі әлем.

Жүйрік озар сайыстарда неше бір,

Сарапқа сап, әділдікпен шеше біл!

— деп, бүгінгі сайысқа әділ баға беретін әділ қазылар алқасымен таныс болыңыздар.

 Әділ қазылар алқасының төрайымы: Мектеп директоры  Мүшелері: Мектеп директорының оқу-әдістемелік ісі жөніндегі орынбасары

 Математика пәнінің мұғалімдері

1-жүргізуші:

Ал қазір мен сіздерді 7 «А» сыныбы оқушыларынан құралған “Архимед ” тобымен таныстырып өтейін.

Топ көшбасшысы –

Мүшелері:

Сонымен сөз кезегін сәлемдесу рәсімі бойынша “Архимед” тобына береміз.

Топың ұраны: Қандай сынақ болсадағы беріспе,

Әрқашанда үміткерміз жеңіске.

Сәлемдесуі: Армандарға қол созумен келеміз,

Өмір теңіз жүзіп келеді кемеміз.

Білімменен қаруланған тобымыз,

Қарсыласты шаң қаптыру межеміз.

Танысып қояйық, әйгілі

Архимедтің шөбересі біз боламыз,

Ұнамасаң ұп-ұсақ қылып бөлшектейтін де — біз боламыз.

2-жүргізуші: «Пифагор » тобы, сөз кезегі сіздерге де келіп жетті.

Келесі кезекте мен сіздерді «Пифагор» тобымен таныстырып өтейін.

Топ көшбасшысы –

Мүшелері:

Сонымен сәлемдесу кезегін «Пифагор» тобына береміз.

Топтың ұраны: Жарыс десе жанамыз,

Бүгінгі күн жеңісті, алғырлықпен аламыз,

Сәлемдесуі: Қиындықтан сірә біз де қашпаймыз,

Алғырлық пен тапқырлықты ұштаймыз.

Қияларға самғап ұшқан құстаймыз,

Шегінбейміз жеңістерге бастаймыз.

1-жүргізуші: Интеллектуалды сайыстың жүру тәртібімен таныстырып өтейік.

Бірінші команда экранда берілген тізімнен тақырыпты және ұпайды таңдайды. Сол ұпайға берілген есепті қос топ бірінші аяқтауға тырысады. Таңдалған ұпай дұрыс шешімді тапқан топқа беріледі. Есеп жартылай шешілген болса, ұпайдың жартысы беріледі.

Келесі таңдауды қарсылас топ жасайды.

2-жүргізуші:

Қарап тұрмай бәйгеге сіз еніңіз,

Есептердің нақ шешімін беріңіз.

Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығарар,

Бәйге, бәйге, бәйгелерді көріңіз,

-дей келе біз алғашқы сайысымызды бастайық.

Өз білімдеріңіз бен ақылдарыңызға сене отырып, сайысуға даяр болсаңыздар, сайысымызды бастайық.

1-жүргізуші:

Таңдауға болатын тақырыптар:

    1)Сәйкес нұсқаны табу есептері

    2)Құю есептері

    3)Бөліктерге бөлу есептері

    4)Салмақ өлшеу есептері

Бірінші таңдау кезегі 7 «А» сыныбының «Архимед» тобына беріледі.

2-жүргізуші: Келесі таңдау кезегі 10 «Ә» сыныбы оқушыларынан құралған «Пифагор» тобына беріледі. Бұл топ басқа тақырыпты таңдаулары міндетті.

Сайыстқа қатысушы келесі екі топты ортаға шақырайық.

9 «А» сыныбы оқушыларынан құралған «Евклид» тобы. Топ көшбасшысы –

Мүшелері: Сонымен сөз кезегін сәлемдесу дәстүрі бойынша “Евклид” тобына ұсынамыз.

Топтың ұраны: Білікті мыңды жығар, білімді мыңды жығар.

Сәлемдесуі: Біз дайынбыз бұл сайысқа достарым,

Көрсетеміз бізде қандай күш барын.

Алға қойған мақсатымыз бір екен.

Сәтті болсын сапарымыз әрдайым.

10 «А» сыныбы оқушыларынан құралған «Гаусс» тобы. Топ көшбасшысы –

Мүшелері:

Сонымен сөз кезегін сәлемдесу дәстүрі бойынша «Гаусс » тобына ұсынамыз.

Топың ұраны: «Асып әсте саспаймыз,

Жеңіске қадам бастаймыз!»

Сәлемдесуі: Келді кезек жарысуға бізге де,

Сұрақтар бар ортақ сізге бізге де.

Жауаптарын беру керек тез тауып,

Қарсыластар қаларсыңдар шаң қауып.

Бірінші таңдау кезегі 9 «А» сыныбының «Архимед» тобына беріледі.

2-жүргізуші: Келесі таңдау кезегі 10 «Ә» сыныбы оқушыларынан құралған «Пифагор» тобына беріледі. Бұл топ басқа тақырыпты таңдаулары міндетті.

1-жүргізуші: Әділ-қазылар алқасынан сайыстың қорытынды нәтижесін айтып, жеңімпаз топтарды айтып берулерін сұраймыз.

Көрермендермен ойындар

1-жүргізуші:

Келді кезек жұмбақтарды шешуге,

Жауапты беру керек тез тауып.

Математиканың сұрақтарын білсеңіз,

Жақсы баға, шәкірт саған несібе.

Жұмбақтар:

1-жұмбақ

Сан ол сызықпенен бөлінген

Үсті алым, асты бөлім деп аталып,

Әсем түрде керілген

Математиканы ұқпас адамға

Құбыжық боп көрінген

Дұрыс, бұрыс, аралас деп

Түрлері оның берілген /Бөлшек сан/

2-жұмбақ:

Оң сандарға қол шатырдай

Калпақ болған беделі

Квадраттасаң егер оны

Белгісі оның кетеді /Квадрат түбір/

3-жұмбақ:

Екі бұрыш ежелден

Тату көрші болған екен

Бірін – бірі толықтырып

Бір түзуде жатады екен. /Сыбайлас бұрыштар/

4-жұмбақ:

Екі түзу қатар жүріп

Үшіншісін қияды

Сонда шыққан бұрыштарды

Кімдер айтып жияды. /Айқыш, тұстас, сәйкес/

Логикалық есептер

Есеп №1

Төмендегі сандар көбейтіндісі қандай цифрменен аяқталады.

7 х 17 х 27 х 37 х 47 х 57 х 67 х 77 х 87 х 97 х 107 х 117?

Жауабы: 1

Есеп №2

Атасының жасы неше жыл болса, немересінің жасы сонша ай болады. Атасы мен немересінің жастарын қосқанда, 91-ге тең. Атасы мен немересі неше жаста?

Жауабы: атасы 84 жаста, немересі 7 жаста.

Есеп №3

Сыныпта 35 оқушы. Оның 20 оқушысы математикалық кружокқа қатысады,11 оқушысы биологиялық кружокқа қатысады, ал 10 оқушы ешқандай кружокқа қатыспайды.Сонда биологиялық кружоктағы неше оқушы математикалық кружокта? Жауабы: 6

Есеп №4.

Бір адам бір бидон квасты 14 күнде ішеді, ал әйелімен бірігіп 10күнде ішеді. Әйелі бір бидон квасты неше күнде ішеді?

Жауабы: 35 күнде.

Кім тапқыр?

1-сұрақ:

Бөлмеде бар болғаны екі адам отыр. Оның біреуі — екіншісінің әкесі де, алайда, екіншісі біріншісінің ұлы емес. Сонда кімі болғаны?

Жауабы: қызы

2-сұрақ:

3 дәрігер болыпты. Олардың Самат деген інісі болса керек. Бірақта Саматтың ағалары болмапты. Сонда қалай?

Жауабы: олар Саматтың үш апайы.

3-сұрақ:

Бір қаз ұшып келе жатса, қарсы бір топ қаз кездеседі. 1 қаз сендер нешеусіңдер?-деп сұраса, аналар: «Біздің санымызға тағы осынша қосса, сосын тағы жартысын қосса, сосын ширегін қосса, сосын сені қосса жүз болады деп жауап беріпті. Сонда неше қаз болғаны?

Жауабы: 36 қаз.

4-сұрақ:

Әдетте адамдар бас киімін кімнің алдыңда шешеді?

Жауабы: шаштараздың.

5-сұрақ: Бильярдтын көлемдері, түстері бірдей 9 шары бар. Оның сегізінің салмақтары 300 граммнан да, біреуінікі 290 грамм. Таразыға екі рет қана тартып, жеңіл шарды қалай анықтауға болады?

Математикалық сөзжұмбақтар

1. Әрбір әріппен бір цифрды белгілейді. Ұқсас әріптерді сол бірдей цифрменен белгілейді.Анықтаңызшы осы жазбаны

а)АВ х А = CCC

Жауабы: 37х3=111

б) МННН- ККК = М

Жауабы: 1000-999 =1

2-жүргізуші:

Ойын толқын, айналған қатты ағысқа,

Табылғандай таным да, жат дауыс та,

Біреу озық келеді қатарынан,

Біреу қалып жатады қапылыста.

1-жүргізуші: Әділ-қазы алқасынан сайыстың қорытындысын шығаруды сұрайық.

2-жүргізуші: Білім деген биік шың,

Бақытқа сені жеткізер.

Білім деген ақылшың,

Қиындықтан өткізер — деп интеллектуалды сайысымыздың қатысушыларын марапаттау құрметін мектебіміздің директоры

берейік.

1-жүргізуші: Осымен сайысымыз аяқталды. Баршаңызға көп-көп рахмет!

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1152326

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар