Өнегелі өмір белестері

Өнегелі өмір белестері

ӨНЕГЕЛІ ӨМІР БЕЛЕСТЕРІ

Танысу

Адамды танығың келсе оның жүрген ортасын байқап көр деген пәлсапа тегін айтылмаса керек. Тілеуғалы Әміртайұлы туралы жақсы пікірлерді Қарағанды облыстық №7 Жамбыл мектебінде істеп жүргенімде Нұрахмет Қайырбайұлының аузынан естіп едім. «Жаңашыл мұғалім» деп еді. Стандартты стереотипке үйреніп қалған мұғалімдер үшін «жаңашыл» деген терминді миға сіңдіру, миды бір сілкіндіру, яки шайқап алу сияқты естілетін. Өйткені мектептегі оқу-тәрбие үрдісі бір ізбен, «сен тимесең, мен тиме» қағидасымен ілбіп отыратын. Тәуелсіздіктің табалдырығын аттағанға дейін осылай болатын. Тілекеңмен кейін талай жиындарда, қонақтарда жиі кездесіп жүрдік. Оның үстіне Тілекең директорлық қызмет істеп жүрген №76 мектепке қолымда тәрбиеленіп, сол мектепте оқып жатқан екі жиенімнің оқу үлгерімін, тәртібін байқау мақсатында қатысып тұратынмын. Мектептің қандай екенін қабырғасынан-ақ біліп алдым. «Театр табалдырығынан басталады(Станиславский)» дегендей мектеп басшысының да портретін көзіме елестеттім. Әрине, өзім де ұстаз, бұралаңы көп жолдарды бастан кешіп келе жатқандықтан болар, Тілекеңнің соқпағына деген қызығушылығымның арқасында, арнайы мақсатым  болмаса да, бір кітапқа жүк болар рухани дүниелері бар екендігіне көзім жете бастады. Баспа беттерінен салмағы мығым мақалаларын да кездестіретін едім.  Оның үстіне Тілекең мені Р.Хасенов атындағы облыстық педагогикалық «Ұлағат» мұражайдың кеңесі(бұл кезде ол кісі осы мұражайдың директоры), облыстық педагогикалық энциклопедия редакция алқасының мүшелігіне қабылдаттырып, осы жұмыстарға тікелей кірісуіме себепкер болды. Білім басқармасының, Сарыарқа «Дарыны» орталығының қолдауымен іске асып жатқан бұл жобалардың авторы өзі болатын.  Сократтың бір сөзі бар екен: «Ұстаздың биігі ойлана қарасаң биіктей түседі, үңіле қарасаң тереңдей береді, қол созсаң қарсы алдыңда, айналсаң артыңда тұрғандай». Тілекең туралы айтылғандай. Оның қарапайымдылығы, сыпайылығы, мәдениеттілігі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті —тұрған бойы тұнып тұрған өнеге екеніне көзіңді жеткізесің.

Менің жұмыс орным Тілекең отырған мұражайдың ішінде. Ауызба-ауыз сөйлесіп отыруға, жазған шығармаларымен, шығарған кітаптарымен біршама танысып бақтым. Өлең, мақалалар жазатынын бұрыннан білетінмін. Авторлар тобымен бірлесіп шығарған аударма физика оқулықтарының бірнеше томдары да бар. Әдістемелік жұмыстарының өзі бір төбе. Ұлы тұлғалар туралы, рух, тіл туралы Республикалық, облыстық баспа беттерінде көтерген проблемалық мәселелері жетерлік. Әріптестерінің, газет журналистерінің Тілекең туралы сұқбаттары көңіліңді толықтырып, ойыңнан шығады. Маған Тілекең туралы жазатын, айтатын ештеңе қалмаған сияқты. Дегенмен мақалама өзек боларлық ой тапқандаймын. Ия, «жақсы адамның жанында жүрсең жаның кіреді» немесе «жаныңда жүр жақсы адам» деп айтуға қақымыз бар екен. Бағалай білу керек.

Алғашқы қадам-бірінші жетістігі

«Қазақтың Қанипасы» атанған Бітібаева: «Мен ұстаз болып туғаным жоқ. Мек­теп бітірген соң механизатор бол­дым, институтты тәмамдаған соң да көп оқыдым, іздендім, қа­зақ тілі мен әдебиетін тереңдетіп оқытудың атаулы мектебін ұйым­дастырдым. Қазір еліміздің түкпір-түкпірінен менің әдіс-тәсілімді үйрену үшін әріптестерім іздеп келеді, білгенімді үйретемін. 44 жасымда Кремльде қазақ тілі пәнін оқыту жайлы баяндама жасадым… Міне, ұстаз беделі қоғамдағы өз орныңды та­ба білгенде, ұзақ жылғы ізденіс нәти­жесінде келеді». Қандай ұқсастық! Ат төбеліндей Кенелі дейтін ауылда туып, орта білімді аудан орталығында тауысып, ауылшарушылығы училищесін бітіріп, Тілекең механизатор болып еңбек жолын бастайды. Кенеліге 1959 жылы келген алғашқы трактордың құлағында ойнап, 1961 жылға дейін сындырмай, қысы жазы Кенелі ауылының мерейін көтеріп, халықтың алғысына бөленген тұңғыш тракторист осы Тілекең екен. Кенелі ауылына социализмнің алғашқы қарлығашы осы жерден бастау алмай ма екен деген ойға қаламын. Алғашқы трактор мен Тілекеңнің сұлбасы көрініп тұрғандай.

Алғашқы сапар

Еңбек өтілі бар. Алматының Ауылшаруашылық институтына емтихансыз түсуге жолдамасы бола тұра, университеттің Журналистика факультетіне түскісі келіп, Алматыға тартып отырады. Кішкентай күнінен ауыл абыздарының ауызынан қисаларды тыңдап өскен Тілекең өлең де жазатын болған. Кейбір өлеңдері, ауыл еңбегі туралы жазғандары аудандық газетке жарияланған. Әдебиетке деген құмар көңіл Тілекеңді арман-қала Алматыға жеткізеді. Жарияланған еңбектерінің, жазғандарының қолда болмай қалуынан жолы болмай, құжаттарын Қазақ педагогикалық институтының физика-математика факультетіне тапсырып, оқуға түседі. Студенттік думанды шақтың енді-енді қызған шағында Қиыр Шығысқа әскери борышын өтеуге аттанады. Алғашқы сапары енді Қиыр Шығыста жалғасады. Жасынан өлең шығарумен қатар сурет салатын қабілеті де жеткілікті Тілекең әуе шабуылынан қорғану дивизиясында әскери жиын залдарын, «Ленин бөлмелерін» безендірумен айналысып, бірнеше марапаттарға ие болады. Лауазымы бөлім командиріне дейін көтеріледі. Бұл қазақ баласының талантын мойындатқан екінші жетістігі еді. Ия, бұны ұлы ұлт өкілдерінің қазақты онша көтере қоймайтын кезеңінде келген ұлт намысының жетістігі демеске лажың жоқ.

Сағындырған қайран ауыл

Әскери борышын 1965 жылы өтеген Тілекең ауылға келіп, Ақтоғайдағы №5,6 мектептерде мұғалімдік қызметке кірісіп кетеді. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу, оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай силау, құрмет тұтуды адамгершілік парызым деп түсінетін Тілекең аз уақыттың ішінде аудан бойынша мектеп беделінің алдыңғы қатарға көтерілуіне айрықша еңбек сіңірген. Спорттың барлық түрімен айналысатын Тілекеңнің арқасында мектеп оқушылары спорттық сайыстардың жүлдесін ешкімге бермеген. Үнемі шәкірттерімен қарым-қатынаста болып, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық етуді мойнына алған Тілекең ұстаздықты қадір тұту, қастерлеу, арындай таза ұстауды – борышым деп ұғатын санатқа жататын ұстаздық дәрежеге осы мектептерден алған сынды. Бүгінгі көзбен қарасақ солай сияқты. Бұл шын мәніндегі мұғалімдік жолдағы алғашқы сәттілік табыстары. Өзі де солай есептейді. Ендеше бұл Тілекеңнің үшінші жетістігі.

Қала білім ошақтарында

Алғашқы қадамы №3 спорттық мектеп-интернатта айтыспен басталады. Мектепте қазақ сыныптары жоқ. Орыс сыныптарына математикадан сабақ бересің деген. Әлі орысшаға жаттыға қоймаған Тілекеңе бұл сынақ ауырлау тиеді. Қазақ мектептерінде орын жоқ. Басшылар осы мектепте істейсің дейді. Тілекең: неге қазақ сыныптарын ашпайсыңдар дейді. Мектеп басшысы не десін. Алдына қойған мақсатын орындамай тынбайтын Тілекең қалалық, облыстық білім бөлімдеріне, партия ұйымдарына дейін барып, аталған мектептен қазақ сыныптарын ашуға рұқсат алады. Біраз мұғалімдермен Ұлытау-Егіндібұлақ арасындағы ауылдардан төрт сынып болатын балаларды жинап, мектеп-интернатқа орналастырып, ауыл қазақ балаларының қалаға ағылған алғашқы көшін осылай бастап, жол салып берген Тілекеңнің еңбегін ерлік демей көріңіз. Бұл Кеңестік жүйенің дүркіреп тұрған 1967-1970 жылдары болатын. Сырттай қарағанда қаланың ішінде ұлт интеллигенциясының  көтеріліп келе жатқан рухын көргендей боласың. Төртінші жетістік.

Білім жетілдіру институтында

1970 жылдан 1985 жылға дейін облыстық Білім жетілдіру институтында математика кабинетінің әдіскері, кабинет меңгерушісі қызметтерін атқара жүріп, жұмысты жандандыруға тура келді. Институт басшылары қолдау көрсетті. Жер-жерден әдіскер-математик мұғалімдерден лекторлар дайындап, институт жанынан тұрақты курстар ұйымдастырылды. Бұл жылдары Бүкіл Одақ бойынша білімге қолдау көрсетіліп жатты. Одақ бойынша атақтары жер жаратын педагогтар тобы жарқырап шықты. В.Ф.Шаталовтың аты аңызға айналып, оның білім берудегі әдіс-тәсілін үйренуге Қарағандылықтар құлшына кіріскен кез. Әрине, бұның басы-қасында тағы да Тілекең жүретін. Тілекеңнің мұрындық болуымен 1977 жылы В.Ф.Шаталовты Қарағандыға шақырып «Шаталовшылардың» семинары өтті. Мен де сол «Шаталов оқуларын» бастан кешіргендердің бірімін. Бұл өз нәтижесін берген жақсы жаңалық еді.

1985 жылдары оқу үрдісін компьютерлендіру бағытында Одақ бойынша жұмыстар басталды. Мәскеуде өтетін әдістемелік-практикалық семинарға Тілекең қатысады. Семинарды компьютердің білгірі академик Ершов жүргізеді. Орталық Комитеттің қаулысы бойынша мектептерде «Информатика және есептеуіш техника негіздері» деген пән енгізіліп, 9 сыныптан бастап оқытылуы керек екен. Мектептерге арналған «Агат» деген компьютерлердің қаптап шыға бастаған кезі. Семинарға қатысушылармен сол кездегі Одақ басшысы М.С.Горбачев кездесу өткізеді. Тілекең сол кездесу бақытына ие болған, М.С.Горбачевтың: «Сіздер компьютерлік сауаттылықты ашушы алғашқы қарлығаштарысыздар» деген сөзін естіген адам. Білім саласындағы бұл жаңалықты ОблМБЖИ-ның директоры Р.Ш.Хасеновтың кабинетіне алғаш алып келуші де осы Тілекең болатын. Қаулының аты қаулы. Орталықтың қаулысы. Орындамауға қақың жоқ. Р.Ш.Хасенов екеуі ауқымды бағдарлама жасайды. Енді кадрлар дайындау және компьютерлер алу керек. Облыстық оқу бөлімінің басшысы Н.П.Максимованың, облыстық партия комитетінің хатшысы Қ.Аманбаевтың қолға алуымен көп мәселе шешілді. Қарағанды мемлекеттік университеті мен Қарағанды мемлекеттік политехникалық институтының базасында, сол оқу орындарының жетекші мамандары арқылы екі айлық курстар ұйымдастырылып 300 ден аса мектеп мұғалімдері дайындық курстарынан өтті. 1985-1986 оқу жылында «Информатика және есептеуіш техника негіздері» пәні оқу жоспарына еніп, оқытыла бастады. Осының алдында Қ.Аманбаевтың ақылымен жазған «В класс приходят компьютеры»(«Индустриальная Караганда» 14.05.1985), «Компьютерлік білім-өмір талабы»(«Орталық Қазақстан» 21.08.1985, «Қазақстан мұғалімі» 2.08.1985), «Нет более увлекательной науки»(«Учитель Казахстана» 01.09.1985) мақалалары шықты. Облыс мектептеріне компьютерлер келе бастады. Дайындық курстары үзбей жұмыс істеп тұрды. Осындай қыруар жұмыстың басында Тілекең тұрды. Қажыр-қайратын, ақыл-ойын аяған жоқ. Бұл жетістіктің бесінші баспалдағы. Қазіргі мансапқорлар кішкентай қолы тиіп кетсе «қайраткерлік» атақ сұрап жүргені. Ал, Тілекең баяғы қалпы. Күні бүгінге дейін бір номинацияға ілікпеген екен. Бірақ...

Директор болды

Мақаланың бас жағында айтып кетіп едім. Толықтыра кетейін. Мектеп ішінің көркемдігі, безендірілуі, мазмұнының сәйкес келуі, басқадай ақпараттардың талғаммен орналасуы, Әлихан Бөкейхановқа арналған мұражайдың байлығы, оқушылардың мектеп ішіндегі жүріс-тұрысы, мұғалімдердің ұйымшылдығы –мектеп басшысының іскерлігінен екендігін байқайсың. Осы дәрежеге жету оңай болмаған. Алғашқы кезеңдерде оқушыларды «Көгілдір тоғаннан», 33-ші шахтадан, Сұрыптау бекетінен үш автобуспен жеткізуді ұйымдастырған. Алғашқы балалар саны 200 болса, кейінірек 1725 балаға дейін өскен. Айтыса-тартыса, айтқанын дәлелдей жүріп 26 мұғалімді үй-жаймен қамтамасыз еткен. Мектептің материалдық базасын нығайтуға, жөндеу жұмыстарын жүргізуге «Казполимер», «Металлоконструкция», «Казгосснаб», «Кайрат», «Астам», «Текемет», «Ремонтник», т.б. өндіріс орындарының көмектеріне қол жеткізіп, олардың 10 млн.тг. бөлген қаражатына, бюджеттің көмегінсіз-ақ, қазіргі талапқа сай мақсатты жұмыстар атқарылған. Мектептің ата-аналары да 620 мың теңге жинап, өз күштерімен жөндеу жұмыстарын жүргізген. Басшының іскерлігі. Басқа болса осы қаражаттың біраз бөлігін қалтасына салар еді. Қазір ондайлар кездесіп жүр ғой.

1992 жылы мектепке Әлихан Бөкейхановтың атын беруге көп күш жұмсады. Әлихан Бөкейхановтың кім екенін түсіндіре алмасаң, жеңілгенің. Әлихан Бөкейханов туралы Тілекең «Орталық Қазақстанға» көлемді мақала жариялады. Ақыры не керек мектепке Әлихан Бөкейханов аты берілді. Ерлікке пара-пар жеңіс. Енді Әлихан Бөкейханов туралы тәлімдік-тәрбиелік жұмыстарды жүйелеу, оны оқу жоспарына енгізу — бұл да оңай емес. Бірақ, Тілекең оның да жолын тапты. «Әлихантану» пәні жоспарға енгізілді. Алтыншы белес алынды. Тілекең өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Осы қасиеті оны небір қиын әрекеттерге жетелейді, іске батыл кірісуге септігін тигізеді. Нәтижесінде ойлаған ойына жететіндігін көрдік.

Ақындығы, ғылыми-шығармашылық қабілеті

Тілекеңнің «Кейбір ой–түрткілер» шағын кітапшасы мен «Құдіретті тұлғалар» атты көлемді шығармалар жинағын оқып шықтым. Әдебиетке оның ішінде поэзия дейтін құдірет әлеміне Тілекеңнің әлем әдебиеті мен отандық шайырлардың тұнығынан сусындап, қанып ішіп, сөз өнеріне қапысыз дайындықпен келген қаламгер екендігін танисыз. Оның «Абылай хан» поэмасынан ханның өз халқымен біте қайнасқан күрделі тағдырын көрсеңіз, «Әлихан Бөкейхан данамен сырласу» шығармасында Алаш арысы-көсемі Әлекең туралы шежіреге бергісіз мол қазынаға кездесесіз. Ұлы тұлғалардың бейнесін жарқырата көрсетуде Тілекеңнің қабілеті кәсіби ақын-жазушылардікінен бірде-бір кем емес. Ал, «Қазақ бұлбұлы-Күләш туралы» толғауын оқи отырып, кәдімгі «Сұлушаш», «Құралай сұлу», «Қозы көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек» дастандарын оқығандай күй кешесің. Талант құдіреті деген осы–оқырманын ұйыта білу.

Тілекеңнің өмір ағысынан қалмай дер кезінде үн қосып отыратын қаламгерлігі, оқиға кезеңдерінде жазылған «Патрис Лумуба», «Ю.Гагарин», «Тоқтар Әубәкіров» атты туындыларынан байқалады.

Жазушының қаламынан туған О.Жәутіков, Д.Стамбеков, С.Ақсұңқарұлы, Р.Ш.Хасенов, З.Исағұлов т.б. туралы жазғандары, бір жағы зерттеу еңбектеріне келсе, екінші жағынан жалынды публицистикаға жақын екендігін көресіз де Тілекеңнің талант-шабытында шек жоқ екендігін тағы мойындайсыз.

Тілекеңнің қоғам өміріндегі рухани өзгерістерді, оның қалтарыс-бұлтарыстарындағы адами жат құбылыстарды дөп басып жазғандарына жататын «Ұлттық рух неге төмен», «Қайда кетті», «Болашақты ойлайық»  өлеңдері әлі де маңызын жоймаған, күн тәртібінен түсуге тиіс емес, бүгінгі күннің талабына жататын құнды дүниелер.

Тілекеңнің қай шығармасын оқысаңыз да, ізгілікті, адалдықты, тазалықты–адами қасиеттерді сақтауға шақырады. Өлеңдерінен оның өмірін оқисыз. Адам табиғатын ашуға арналған арнау өлеңдері ағып жатқан бұлақтай, одан жомарт сезімнің толқынын көріп тәнті боласың.

Жаны жарқын, құлашы кең, ақын, журналист қаламгердің кең тынысты рухани әлемі жалындай берсін.

Қазір

Бүгінгі күні Қарағанды облыстық Р.Ш.Хасенов атындағы «Ұлағат» педагогикалық мұражайдың директоры ретінде қыруар жұмыстар атқарып жатқанын көпшілігіміз біле бермейміз. Қаншама жұмыстар бастан асып жатса да, мектептерге мұражай ұйымдастыруға ақыл-кеңесін беріп, зейнеткер ұстаздардың ұжымнан ұмыт қалмауын, бақилық боп кеткен ардагерлерді есте алып отыруды әрбір оқу орындарының парызы екендігін үнемі насихаттап келеді. Осы жолда ұстаздар туралы естеліктер, естелік кітаптар, әдістемелік еңбектерін жинауды қолға алуда. Облысымыздың ұстаздары туралы педагогикалық энциклопедияның редколлегия мүшесі ретінде білім беру саласының дамуы туралы қомақты материал жинап, реттеді. Осы мұражайды ұйымдастырушы да, оның дизаинін жасаушы да Тілекеңе қажыр-қайрат тілейміз. Абырой биігінен көріп жүрміз, көре береміз.

 

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН

ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

Тыл ардагері,

Қарағанды қаласы

 

 

 

 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1083482

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар