Мектеп пен отбасы жағдайындағы күш көрсету, зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу

17 қазан 2015 - Батима Түсіп

Мектеп пен отбасы жағдайындағы күш көрсету,

зорлық-зомбылық әрекеттерінің алдын алу

«Бала ауру, зағип болса, баладан емес, тәрбиешіден;

Бала тар ойлы ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі;

Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мылқау жанды болса,

бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы.» М.Жұмабаев.

ҚР білім берудің ұлттық моделін құру барысында оқушылардың денсаулығына баса назар аудару қажеттігі туралы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев "Қазақстан — 2030" стратегиялық бағдарламасында басым бағыттардың бірі ретінде Қазақстан азаматтарының денсаулығын, білімін, әл-ауқатын жақсартуды қойып, ауруды болдырмау, салауатты өмір салтын қалыптастыру жөніндегі қадамдардың маңызды фактор екенін атап көрсеткен. Бүгінгі күні бұл мәселеге үлкен көңіл бөлініп отыр. Себебі, еліміздің болашағы дені сау ұрпақ тәрбиелеуге байланысты екені даусыз.

Қазір отбасында ата-ана мен баланың арасындағы қарым-қатынасты шектен тыс еркіндік пен шектен тыс қаталдық немесе отбасындағы мадақтау мен жазалау стилі деп екіге бөліп қарастырады.

Мадақтау түріне: шынайы махаббат, мейірімділік, жасына, шамасына қарай талап қою, жақсы қарым-қатынаста болу, баланың өміріне, дамуына жауапкершілікпен қарау жатады десек, жазалау түріне: шектен тыс қадағалау, баланы күң ретінде тәрбиелеу, ұрып-соғу, шектен тыс жоғары моральдық жауапкершілікте тәрбиелеуді жатқызамыз.

1. Шектен тыс қорғаштау баланың өздігімен әрекет жасауына ерік бермейді, оның барлық уақытын ата-ана алдын ала жоспарлап, ойластырып қояды. Мұндай жағдайда өскен бала өздігінен шешім қабылдай алмайды, өз мүмкіндігіне сенімсіз, жасқаншақ болып өседі.

2. Күң немесе құлдық психологияда тәрбиеленген бала әкесі мен анасының мейірімін көрмеген, мейірімділік таныту олар үшін ауыртпашылық екендігін сезінеді. Мұндай қарым-қатынаста тәрбиеленген бала кез келген бақытсыздықты, күйінішті жүрегіне жақын қабылдайтын болады және айналасына өкпелі болып келеді.

3. Қатыгездік тәрбиесі — кез келген олқылыққа бола баланы өте қатаң жазалау. Нәтижесінде бала қорқынышпен өмір сүреді. Мұндай қатынаста өскен бала ашушаң, қатыгез болып болып өсуі мүмкін.

4. Жоғары моральдік жауапкершілік жағдайында тәрбиеленген баладан жастайынан үлкен жауапкершілік талап етіледі немесе жасына сай келмейтін жұмыс түрлері жүктеледі. Мұндай қарым-қатынаста өскен балада әрқашан туған-туыстары үшін уайым сезімдері болады.

5. Бала тәрбиесіне кері әсерін тигізетін қарым-қатынастың тағы бір түрі — зорлық-зомбылық, ұрып-соғу. Мұндай қатынаста өскен баланың көпшілігінде сабаққа деген ынта болмайды, ұжымға тез жұғысып, бейімделе алмаушылық байқалады, қатыгез болып өседі.

Отбасында психологиялық саулық сақталмаған жағдайда, кикілжіңнің, зорлық-зомбылықтың әсерінен бала бойында жағымсыз сезімдер мен эмоциялар туындайды.

Физикалық зорлық — баланың денсаулығына ұрып-соғу арқылы зақым келтіру. Оның зардабынан балада жылауықтық, агрессивтік, жануарларға қатігездік, суицидке бейімділігі қалыптасады.

Психикалық зорлық — баланың жеке тұлға болып дамуын тоқтататын тұрақты психикалық іс-әрекет.

Психикалық зорлықтың нәтижесінде баланың дене бітімінің дамуы мен ойлау қабілетінің кешеуілдеуі, жүйке, энурез, қобалжу сезімінің жоғарылауы, айналасындағы адамдармен оң қарым-қатынас жасай алмауы, сабағында үлгермеушілік, агрессивтік мінез қалыптасуы мүмкін.

Баланың өзіне деген қажеттілігін аңғармау балаға деген қарапайым қамқорлықтың жоқтығынан эмоционалдық қалып бұзылады да, денсаулығы мен дамуына зиянын тигізеді. Отбасында осындай зорлық түрлерін болдырмау үшін мектеп ұжымы ата-аналармен тығыз байланыста бола отырып, оларға қажетті көмек көрсетіп отыруымыз тиіс. Баланың физикалық қажеттілігінен басқа оның ой-өрісінің дамуына, өсуіне сүйіспеншілік соншалық қажет. Кейбір отбасында балаларды материалдық тұрғыдан мәпелеп өсіруге тырысқанмен, эмоционалды жағынан балаға тиісті назар аударылмағандықтан, бала қатты күйзеледі. Соның салдарынан балада жағымсыз эмоциялар пайда болады. Осы мәселеге байланысты мектеп оқушыларынан алған анкеталық сауалнамада:

1. Сырыңды ата-анаңа ашық айта аласың ба? — деген сұраққа:

Иә — 29; Жасырамын — 0; Жартылай болса да айтамын — 2;

Кейде ашық, кейде жартылай — 1.

2. Ата-анаң саған себепсіз ұрыса береді ма? -деген сауалға:

Жоқ-30; Иә- 1; Өте жиі ұрысады-1.

3. Ата-анаң ұрысқанда сенің әрекетің?

Қатты қорқамын — 0; Ренжимін — 3; Өз қатемді мойындаймын — 26;

Кейде ренжимін, кейде қатемді мойындаймын — 3

4. Сені ата-анаңның қатты жазалағаны есіңде ме?

Иә — 14; Жоқ — 15; Бірден ұмытып кеткенмін — 3.

5. Ата-анаң сені қалай жазалайды?

Ұрысады — 3; Ұрады — 0; Түсіндіріп айтады — 20; Ұрысады, түсіндіріп айтады — 9.

6. Сен кімнен көп қорлық көресің?

Достарымнан — 2; Мұғалімнен — 1; Отбасымнан — 2; Ешкімнен — 27.

7. Сен ата-анамнан гөрі сынып жетекшім жазалайды деп ойлайсың ба?

Жоқ — 20; Иә — 3; ешкім жазаламайды — 9.

8. Ең жанашырың кім?

Отбасым-12; Мектебім-0; Достарым-4; Отбасым, достарым-14; Үшеуі-2.

9. Мектепке қандай көңіл-күйде келесің?

Жақсы-29; әрең-2; қорыққандықтан-0; Кейде жақсы, кейде әрең-1.

10. Өзіңді: «Бақытты баламын»,- деп ойлайсың ба?

Жоқ-2; иә-20; жартылай-9; Жоқ, жартылай-1.

Сауалнамаға сүйенсек, біздің оқушылар мен ата-аналардың

арасында жылы қарым-қатынас орнаған. Өйткені жазалау түрінде:

— физикалық зорлық, балада қорқыныш сезімі, ата-ананың себепсіз ұрыса беруі жоқ. Керісінше, бала ата-анасына сырын ашық айта алуы алдыңғы орында. Ал оқушылардың 43,7% ата-ананың қатты жазалағанын ұмытпаған. Бала 5 жасқа дейін естіген қатты ұрысы мен ұрғанын өмір бойы ұмытпайтындығын психолог мамандар әлдеқашан дәлелдеп берген.

Бүгінгі оқушы — еліміздің болашағы екенін ескерсек, осы балалардан қоғамның тұлғасы болар білімді, тәрбиелі, мәдениетті азаматтар шыға қояр ма екен деген ой көпшілігімізді, әсіресе, тәрбие негізі қаланатын мектептегі ұстаздар, бізді, толғандырады.

Бала тәрбиесінің дұрыс жолға қойылуы, оның қоршаған ортаға, мектептен тыс жастардың әсеріне, ата-анаға, құрбысына, әсіресе, ұстаздар қауымының парасаттылығына байланысты. Осы пікірді растап ұлы Абай атамыз да «Баланың жақсы болмағы бірінші- ата-анасынан, екінші — ұстазынан, үшінші — құрбысынан»,- дейді. Баланың жаман әдеттеріне тыйым жасап, жақсы істерін көре білу — әрбір ұстаздың парызы. Алдымызға келген әрбір шәкірт — ашылмаған кітап. Кітаптың әрбір парағын оқып, талдау жасау әрі қызық, әрі қиын. Ұстаз оқушыға талап қоймас бұрын баланың өзі туралы, ата-анасы жайлы мағлұматы болуы керек. Адамгершілік тәрбиесі — жас жеткіншектердің жан-жақты дамуындағы ең басты алғышарт. Сондықтан мұғалім өз бойындағы жағымсыз әрекеттерден арылмай тұрып, балаға дұрыс тәрбие бере алмайды. Сөз соңын ұлттық педагогиканың «Бас мүлгісе — аяқ сүрінеді» қағидасы баланы бетімен жіберме, жас күнінен жақсылыққа үйрет, жамандықтан жирендір деген тұжырымымен аяқтаймын.

Осыған ұқсас жазбалар:

Химия​ОҚУШЫЛАРДЫҢ ТАНЫМ ДЫҚ ІС-ӘРЕКЕТІН ДАМЫТУ ҮШІН, ХИМИЯ ПӘНІН ОҚЫТУДА ЭКСПЕРИМЕНТТІК ЖӘНЕ ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ЖҰМЫСТАРДЫҢ ТИІМДІЛІГІ

Баяндама12 ЖЫЛДЫҚ БІЛІМ БЕРУГЕ КӨШУДЕГІ ИНФОРМАТИКА ПӘНІНІҢ ӨЗЕКТІЛІГІ

БаяндамаОқушылардың шығармашылық қабілеттерін дамыту

БаяндамаДарынды балалармен жүргізілетін жұмыс түрлері

БаяндамаҚАЗАҚСТАНДАҒЫ ТІЛДЕРДІҢ ҮШТҰҒЫРЛЫҒЫ

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1147905

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар