БАЛА ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

9 желтоқсан 2015 - Күлзия Есенқызы

БАЛА ПСИХОЛОГИЯСЫНЫҢ ДАМУ ЕРЕКШЕЛІКТЕРІ

 

Кошенова Жанат Сайдрахмановна

Педагог-психолог, өзін-өзі тану пәні мұғалімі,

№47 орта мектеп, Семей қ.

 

Бастауыш сынып — өскелең ұрпаққа білім берудің бастамасы, яғни бала психологиясының дамуында  алатын орны ерекше.  Қазіргі қоғам талаптарының өзгеруіне байланысты, еліміздің көркейіп-өркендеуіне, ел талап-тілектерінің бет бұрыстарына байланысты жаңа ұрпақтың психологиясы да айтарлықтай өзгерістерге ұшырап, оны неғұрлым өмір талабына қарай өрістету міндеттері қойылды.

Еліміздің егемендігі мен тіліміздің тәуелсіздігі де өскелең ұрпаққа жаңа талаптар қояды. Бала психологиясын жан-жақты зерттеп, оны терең білу, оның даралық ерекшеліктерімен үнемі санасып отыру мектеп пен мұғалімдерге жауапты да құрметті міндеттер жүктейді.

Бастауыш сынып оқушысының психологиясы тек жас ерекшелігіне ғана байланысты емес, сонымен қатар тұрған, өскен ортасына (қала, ауыл) балабақшада болу-болмауына, тұрмыстық жағдайына, табиғи ортаға, әлеуметтік ортаға, т.б. жағдайларға байланысты.

Бастауыш сыныпта балаларда үлкендерге соның ішінде мұғалімдерге сенімділік, бағыну, еліктеу деңгейлері жоғарылайды. Осы жастағы балалар үлкендердің беделін бағасын сөзсіз қабылдайды. Бастауыш сынып оқушыларында өзіндік бағалауының сапалары қалыптасады.

Баланың өзін-өзі бағалауы үлкендердің бағалауына байланысты. Сенімділік, ашықтық, айтқанын орындау, тыңдау баланың жеке тұлға ретінде қалыптасуына қолайлы жағдай туғызадды. Бірақ, ол үлкендерден үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Өз еркін   басқара алу және жетістікке жетуге саналы түрде талпыну баланың ең маңызды қасиеттерінің бірі. Қабылданған шешімге, ниетіне үлкен мақсаттарға байланысты саналы бақылай алу қабілетінің даму деңгейі қалыптасады.

Баланың мектепке келуі және осымен байланысты өмірдегі жаңа бейнелер оның әлеуметтік жағдайын түп тамырымен өзгертеді. Балалардың қабілеттіліктері жөнінде, ең алдымен: олардың қалай оқитындығын, оқу материалын түсінуі және есте сақтауы, өз білімдерін қолдана алуы, тапсырманы орындаудағы қабілеті, жазу және сөйлеу тілінің қаншалықты дәрежеде екендігі жайлы білгеннен кейін ғана дұрыс шешімге келуге болады. Балалардың қабілеттіліктерінің кейбір көрсеткіштері мына сапалар бола алады: зейінділік, тез және берік есте сақтау, ойлай білу, тапқырлық, ұшқыр қиял, инициативасы, жұмыс үстіндегі дербестігі және оның жақсы нәтижелілігі.

Бала неге бейім және қандай қабілеті бар, ол қалай дамуда екендігін мұғалім білуі керек. Мұнда қорытынды жасауға асықпау қажет. Кейде талантты балалардың өзін қабілетсіз деп таныған ғой. Мысалы, данышпан жазушы Н.В. Гогольді мұғалімдері орыс тіліне қабілетсіз деп есептеген. Кішкене П.И. Чайковскийдің музыкаға ерекше қабілетін байқаған жоқ. Мектеп оқушысы Николай Лузинді математикаға қабілетсіз деп есептеді, ал одан кейіннен, математикада бірқатар маңыды жаңалықтар ашқан, ірі ғалым шықты.

Егер баланың не жалпы, не арнаулы бір нәрсеге қабілеттілігі байқалмаса, ол жайлы ештемеге қыры жоқ адам дегендей қорытындыға келуге болмайды. Ешнәрсеге қабілетсіз адам жоқ. Мұғалім әрбір оқушыны жіті бақылап, оңайлықпен қолға түсе бермейтін, оның қабілеттілігін ашуға тырысуы керек. Мектеп пен мұғалімнің міндеті оқушыларды оқыту ғана емес, сондай-ақ олардың қабілеттерін дамыту болып табылады.

Мектептерде оқытудың актив методтары қолданылады, мұнда оқушы есте сақтап қана қоймайды, сондай-ақ көп ойлайды, бұл оның қабілеттерінің дамуына көп көмегін тигізеді. Оқушының мұғалімнің басшылығымен жиі-жиі белгілі бір пән бойынша  ережелерді талдауы, оны жасауы, оқығандарын қорытып және айтып беруі, өз бетінше математикалық есептер ойлап, оны шығаруы, шығармашылық шығармалар жазуы өте пайдалы. Мұғалім жұмыстың кез-келген түрінде баланың творчествосы мен белсенділігін құптап, мадақтап отыруы қажет. Оқушыға қиыншылықтар кездескен жағдайға көмек беруге асықпауы тиіс. Дұрысы оның өзіне ойлануға жағдай туғызып, ал қажет болса, оған жетекші сұрақтар берген жөн.

Қиындықты бірте-бірте көбейте түсудің зор мәні бар. Оқушыға берілген тапсырмалар біраз ақыл-ой жұмсауды талап еткені дұрыс. Бастауыш сынып  оқушысына жекелеп қатынас жасай білу қажет, олардың ерекшеліктерін ескеріп, соған сай тапсырмалар берген жөн. Қабылдауы жоғары оқушыларға, сабақта зерігіп кетпес үшін және үйде орындауға жетерліктей, қосымша жұмыстар беру керек. Қабылдауы төмен оқушыларға, шамасы келетіндей талаптар қойып, бала нәтижелі орындай алатындай жеңілдеу тапсырмалар беріп, көбірек көмектесуге тура келеді. Мұнадай оқушыларды жиі мадақтап, жұмыс орындаудағы кішкене жетістіктерін байқау керек, бұл оқушыларда өз күшіне деген сенім туғызады, оқуға талаптандырады.

Өкінішке орай, жақсы оқуға мүмкіншілігі толық жететін оқушыны, оның кейбір ақыл-ой енжарлығына қарап, қабілетсіз деп есептейтін жағдайлар да кездеседі. Бұл оқуға қызығушылықтың жоқтығынан, ақыл-ой жұмсаудан қашу ниетінен, онда қалыптасқан сенімнен, яғни ілім – баланың қабілеті жетпейтін, өте қиын нәрсе дегеннен келіп пайда болады. Мұндай балаларға қозғау салып, оны белсенділікке бастап, бейімділік көрсеткен нәрселерінен мағлұматтар беріп қызықтыру қажет. Оған қосымша қызықтыратын материал беріп, білім алудың қуанышын бастан кешруге (мысалы, бұрын оған қиын көрінген, есепті дұрыс шығару кезі) жағдай туғызған пайдалы. Бұл мектеп оқушысының өз күшіне деген сенімін туғызады, сөйтіп басқалардан қалыспай жақсы оқи алатындығына көзін жеткізеді. Мұғалімнің ойлы, қабілетті балаларға төнген қауіпті де ұмытуына болмайды. Олар оқуды жеңіл меңгереді, сондықтан да олар еңбектенуге дағдыланбаған және қажетті ықыласы жоқ. Ақыл-ой күшін жұмсаудың болмауы мынандай жағдайға әкелуі мүмкін: мұндай балалардың бірте-бірте қабілеттіліктері жойылады, талантты мектеп оқушысынан еңбекке жарамсыз, орта, тіпті нашар жұмыскерлерге де айналып кетеді.

Мектептің алдында тұрған міндет – баланың жан дүниесі мен дене күшін жан-жақты дамыту екенін есте ұстауымыз керек. 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1124328

Пікірлер (1)
Рысхан Аскербаева # 25 қаңтар 2016 в 00:43 0
мақала ұнады . Жанат жұмысыңа жетістіктер тілеймін

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар