ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ РОЛІ

28 қыркүйек 2016 - Күлзия Есенқызы

ҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫҢ БАЛА ТӘРБИЕСІНДЕГІ  РОЛІ

 

Алдабергенова Мейрамгүл Талапқалиқызы

Балабақша әдіскері

Атырау облысы, Құрманғазы ауданы

Сүйіндік ауылы

 

 

Тәрбиеші баланың қаһарлы қожасы болмасын,

жұмсақ жолдары болсын.

 М.Жұмабаев

                                                        

                                                                                        

Бүгінгі таңдағы өзекті мәселенің бірі – жас ұрпақ бойына құнды қасиеттер сіңіріп,  адамгершілік тәрбие беру. В.А.Сухомлинский  «Біз балалық шақты уайымсыз-қайғысыз, қуаныш пен ойынның, ертегілердің шағы деп есептейміз. Бірақ бұл – өмір ағымы. Адамгершіліктің тамыры тура осы уақытта  жинақталады» деп айтқандай  балалардың жан-жақты дамуын, мектепке дайындығын қалыптастыру мектепке дейінгі тәрбие бағдарламасында, яғни балабақша тәрбиесінде бастау алуы қажет.

 Елбасы «Қазақстан — 2030» жолдауындағы «Қазақстан Миссиясы» бөлімінде: «Ертеңгі жас ұрпақтың денсаулығын, білімі мен өмірге деген көзқарасын дұрыс қалыптастыра білсек, сонда халық та артына данагөй тәрбиелі ұрпақты қалдыра алады… Сол кезде олар қазақ тілін, орыс, ағылшын тілін бірдей жақсы меңгереді. Олар өз елінің патриоты, әлемге танылған азаматы бола алады» деп атап көрсеткен. Бұл міндеттер «Білім туралы» Заңда белгіленіп айтылған. «Білім жүйесінің» ІІ тарауындағы «Білім жүйесінің міндеттері» деген 8 бабында педагогтардың алдында тұрған міндет – бұл азаматтық және  патриоттық тәрбие, Отанға деген сүйіспеншілік, мемлекеттік рәміздердің мәнін түсіну, халықтық ата-салтқа деген құрмет, халықтардың арасындағы достыққа тәрбиелеу, халық тарихын, мәдениеті, салт-сана мен дәстүрлерін, басқа да Республика халықтарының салт-дәстүрлерін оқып үйрену екенін атап көрсеткен. Баланы саналы, сергек етіп тәрбиелеу отбасы мен қатар балабақша қызметкерлерінің жауапты  міндеті

Мектепке дейінгі жастағы баланың рухани-адамгершілік дамуы балабақшасы мен отбасы арасындағы қарым-қатынастың тығыздығы артқан сайын ойдағыдай жүзеге асады. Мектепке дейінгі жаста балаларды адамгершілікке тәрбиелеудің негізгі міндеттері мына жайлармен түйінделеді: балалар мен үлкендер арасындағы саналы қарым-қатынас, кеңпейілділік, қайырымдылық, жақын адамдарға қамқорлықпен қарау.

      Сондықтан мектеп жасына дейінгі балаларды рухани адамгершілікке тәрбиелеу жұмысын халық педагогикасынан бастаған орынды. Әр халықтың өзінің өскелең ұрпағын тәрбиелейтіндей ерекшелігі бар. Біздің мақсатымыз — мектепке дейінгі мекемедегі  бала тәрбиесіне халықтың тамаша дәстүрлерін, ауыз әдебиетінің үлгілерін алып, соны кеңінен пайдалану. Бұның бәрін халықтық педагогикада кеңінен пайдалану мүмкіншілігі бар. Педагогикалық ойлардың орындалуы мен үгіт негіздері қазақтың этносы, яғни, ана тілі, халықтық шығармашылық, салт, дәстүр, халықтық ойын мен балалар ойыншығы, мақал — мәтелдер, жаңылтпаштар мен жұмбақтар болып саналады.                  

     Әр түрлі халықтың достық сүйіспеншілік қарым-қатынасын қалыптастыру да біздің құзырымызда. Бұл міндеттерді мектепке дейінгі балабақшада жоғарғы топтардағы  қазақ тілі сабағында кеңінен халық шығармашылығын педагогикалық тұрғыда жүзеге асыруға болады. Балалар өлеңдерді, халықтық ойындарды, жұмбақтар, тақпақтарды қызығушылықпен қабылдайды. Бұл материалды алғанда  әдістемелік талаптарды еске алуға болады.

   Бірінші мәтін бойынша айтқызуды есте сақтау қабілеті мен сөйлеу тілі анық 2-3 баланы үйретуге болады. Бұл ретте балалар үшін тартымдысы – ойын-сахналау. Өзіндік бейнелеудің бұл қабылдауына сюжетті ертегі немесе балалардың әңгімелеуіне бөлінген рөльдер және бірізділік барлық жағдайлар кіреді. Ойын-сахналау мазмұнына: «Шалқан», «Бауырсақ», «Екі қозы», «Мақта қыз бен Мысық» және ұлттық ойындар «Тақия тастамақ», «Бес асық», «Қыз қуу» «Бес саусақ» өлең-тақпақтары жатады. Бұдан басқа халық ауыз әдебиетінің бай шығармашылығы танымдық-рухани-адамгершілік дамуының көзі болып табылады.

Мысалы, «Екі қозы» ертегісінде, «Туке» және «Қасеке» деген сөздерінен үлкендерге деген құрмет сезімді біледі. Ертегіден балалар жайлау, отар, қойшы, сырмақ, алаша сөзі мен нағыз қазақтың жігіті мен қызының бейнесінің мәнін түсінеді. Сонымен бірге «Тақия тастамақ», «Бес асық» ұлттық ойындары мен қазақ халқының мақалдарының мазмұны туралы ұғым түсінік алады. Мысалы: «Үлкенге — құрмет, кішіге — ізет», «Қарға өз баласын аппағым дейді, ал кірпі өз баласын – менің жұмсағым» дейді.

      Мектепке дейінгі адамгершілік тәрбие – балалардың адамгершілік сана – сезімін, мінез – құлқын, қалыптастыруды қамтиды. Адалдық пен шыншылдық, адамгершілік, кішіпейілділік, үлкенді сыйлау мен ибалық адамгершілік тәрбиесінің сатылап қамтитын мәселелері. «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» дегендей ата-ананың күн сайын атқарып жүрген жұмысы  балаға үлкен сабақ. Отбасында, балабақшада, қоғамдық орындарда үлкенді сыйлау дәстүрін бұзбау және оны қастерлеу әрбір адамнан талап етіледі. Халқымыздың тәлім-тәрбиесіне үңілсек, адамгершілікті, қайырымдылықты, мейірімділікті дәріптейді. Баланы кішкентайынан «Үлкенді сыйла», «Үлкенге сәлем бер», «Үлкен кісінің алдынан кесіп өтпе», «Өзіңнен үлкен адаммен жарысып сөйлеме» деген ұлағатты сөздерді үнемі айтып отырса, біздің балаларымыз иманжүзді, биязы, әдепті, парасатты болары сөзсіз. Үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге қамқор бола білетін, жан-жақты дамыған жеке тұлғаны қалыптастыруда халық педагогикасының маңызы өте зор екенін айтуға болады.  Сонымен қатар халықтық педагогиканы адамгершілікке тәрбие беру кілті деуге болады.

 

    

 

Осыған ұқсас жазбалар:

БаяндамаҰЛТТЫҚ ПЕДАГОГИКАНЫҢ АДАМГЕРШІЛІК ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1066175

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru