Ән құдіреті

11 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева
Ән құдіреті




Ән құдіреті

Осы бір көркем мінезді, жібектей, келісті жанмен осыдан біраз жыл бұрын қаламыздағы халық банкінің ғимаратында кездейсоқ танысқан болатынмын.Бір-бірімізді байырғы дос-жарандай көріп, тез тіл табыса кеттік. Көпшіліктің адамы екені сөз саптауынан білінді. «Ел құлағы елу»дегендей, бір-бірімізді сырттай танитын болып шықтық. Содан бері кездесе қалсақ ұзақ-сонар әңгімелесіп қалатынымыз бар-тын.Бір-бірімізді көргенде бейнебір жақын туыстардай, араласып, рухани жағынан бауырдай жақын болып кеттік.Сондай-ақ, қаламыздағы әр алуан тақырыптағы алқалы жиындарда да бірге болып, мінберлерде қатар сөз алып жүрдік. Кездескенде айтатынымыз ,әрине, Түркістанның тыныс- тіршілігі, білім мен өнер ордасының қазіргі кездегі жалпы бет алысы дегендей… Менің Қаламқастан сұрайтыным — өнердегі өрелі жаңалығы. «Сабақты ине сәтімен» дегендей, бүгін кең отырып сөйлесудің орайы түсті.Осы шығармашыл еңбегімен елге танымал тұлға жөнінде жұмбақтамай сыр шертпекпін. «Сырлы аяқтың сыры кетсе де, сыны кетпейді»дегендей, осы тұлғаның өнердегі,өмірдегі сапары жөнінде баяндаймын.

Өтеуова Қаламқас Парманқызы жері нулы ,өзен, көлдері сулы, шөбі шүйгін, табиғаты ғажайып бақ қонып,қыдыр дарыған Жетісай өңірінде 1963 жылы 19 сәуірде дүниеге келген.

«Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар.

Әнді сүйсең, менше сүй.»деп, Абай атамыз айтқандай, ол еліктің лағындай балғын шақтан елгезек атанып, дәстүрлі әндерді бойына сіңіріп, еліміздің танымал әншілеріне еліктеп, ән айтуға іңкәр-құмар болып өсті.Табиғатынан өнерге құштар болып, көмекейі бүлкілдеп, әншілікті өзіне серік етті.Ол 1981 жылы жүрек қалауымен Шымкенттегі «Саз» колледжін бітіріп, қырмызы гүлдей әнші атанды.1985 жылы Шымкент филармониясында әншілік қызмет атқарып жүріп, бағын да республикалық деңгейде сынап көреді. Яғни, Республикалық вокалистер байқауына қатысып тұңғыш рет дипломант атанды.1986-1988жылдар аралығында Жетісай педагогикалық колледжінде ұстаздық қызмет атқарады.ХҚТУ-дың өнер факультетін бітірген. Ал, 1988 жылдан бастап Түркістан қаласындағы іргелі,қабырғалы «Саз-өнер» мектебінде вокалист мамандығы бойынша қызмет етіп келеді. Содан бергі жетістіктерін тізбектесек ауыз толтырып айтарлықтай.

Қоғамда Қаламқас Өтеуова ылғи да белсенділік танытып, қаламыздағы қайнаған тіршіліктің ортасында, өзінің оптимистік қабілетімен барлық дерлік іс-шараларға қатысып жүреді. Атап айтсам: қалалық «Жігерлі әйелдер» сайысында шешендік өнерінің арқасында ІІІ орын алған, облыстық «Өнер алды – қызыл тіл» шешендер сайысына қатысып, дипломант атанған.Бұл –Қаламқастың сөз өнерінен де құр алақан емес екендігін көрсетеді. Ана тіліміздің көсегесін көгертуге де өзіндік үлесін қосқан.

Қаламқас Өтеуова – ұстаз,әнші, сазгер. «Сегіз қырлы, бір сырлы жан» десек те болады. Күміс көмей әншінің әнін тыңдағанда жан-дүниеңді баурап алатын саф алтын дауысының ауаны өзгеше. Мұны тілмен жеткізе алмайсың… Тек мұны тыңдай отырып жүрекпен ұғынарсың.Неткен кең тынысты дарын иесі десейші. Сенесіз бе, 40-қа жуық әні бар. Көп әндерінің сөзін де, әнін де өзі жазған.Еншісінде бар адамға бұйыра бермейтін тәңір сыйлаған қабілет-қарымы бар.Шалқар шабытының арқасында қаншама есті әндерді толғақпен, ұйықтамай таңды атырып дүниеге келтірген.Иә, жанкешті тынымсыз еңбек түбінде рахатқа бөлейді.

Республикалық «Түркістаным-Тұраным» байқауында «Түркістан» әнімен назарға ілініп, шеберлігінің арқасында номинация иеленді.Облыстық «Балдәурен» балалар әндерінің байқауында М.Мақатаевтың сөзіне жазылған «Тірісіңдер құрбандар», сонымен қатар, «Бүлдіршіндер» әндерінің орындалуымен Бас жүлдені иемденді. 2011жылы Республикалық «Ақ көгершін»фестивалінде Қ.Өтеуованың «Тірісіңдер құрбандар», «Ата Заңым –айбарым» әндерімен шәкірті Жолдасова Жансұлу І орын, Кәрібай Индира ІІорынды қанжығаларына байлады.Осы аталған фестивальден «Түркістан» триосының мүшесі Жарқынбекқызы Альбина да жүлдемен оралды.2013жылы Республикалық «Күншуақ» байқауында шәкірті –Есенбек Асылжан І орын және «Вокал» номинациясы бойынша Қаламқас Өтеуованың өзі Іорын алған болатын.Осы аталған жылдың қараша айында облыстық «Ән тербеген Сарыағаш» атты байқаудан әні Қ.Өтеуованың, сөзі Нәлібай Дәрібаевтың «Сарыағаш» әнін шәкірті-Е.Асылжан орындап «Шәмші Қалдаяқов» атындағы жүлдені иеленген. Бүгінде «Түркістан -әсем қалам» атты 13 әннен тұратын «disk топтамасы» жарық көрген.Бір топ әндеріне Асылбек Үдербай, Еркін Мадина, И.Кәрібай, А.Исахан, Е.Дәулетбек, Қ.Томырзаев, М.Мұратбекова, Т.Әбдіғани, Ш.Әділова, Ұ.Шілдебаева, Д.Үндемесова, Г.Мұса сынды айтулы азаматтар сөз жазған. Сазгердің әндерінің басым бөлігінің сөзін көпшілікке танымал драматург, жазушы – Елтай Бимаханбетов жазған.

Өмір толқынында бірде мынадай ғажайып құбылыс болады.2012жылы шырайлы Шымкент қаласында Оңтүстік Қазақстан облысы бойынша «Мәдениетім – мерейім» атты тарихи феcтиваль өтеді(саябақтағы сахна). Қаламқас Өтеуованың «Түркістан әсем қалам» тақырыбындағы әсем әуені шырқалу барысында, көк аспандағы бұлт шалт сейіліп кемпірқосақ жерге құлай шұғыласын шашып шыға келеді.Шарықтаған атаулы ән орындалу кезеңінде кемпірқосақ нұр сәулесін шашып, көрермендердің көкейін нұрландыра қуаныш сыйлайды. Міне, керемет, табиғаттың тылсым сырын ұғып көр!.. Иә, бұл бәлкім, талайларды мойындатқан, Отаншылдық рухы биік әрі асқақ кіндігі музыкаға байланған ғажап жан- Қаламқас Өтеуованың өзінің шығарған туындысына тәңірдің берген ризығы мен бағасы және сыйы болар. «Жүрек тербеп, оятар баста миды»деп Абай айтқандай, керемет ән құдіреті деген осы шығар. Осы облыстық деңгейдегі фестивалдың нәтижесінде киелі Түркістан қаласының өнерпаз-тарландары аспанға лақтырған бөрікті қағып алғандай бас жүлдені жеңіп алып, облыс бойынша биік тұғырдан көрініп, төбелері көкке жетіп шаттыққа бөленген еді.

«… Соны тілмен сомдалған тыныстағы үн,

Мен дәйім ана тілді пір ұстадым,

Есіңе сақта балам,

Жолында оның,

Садақа ғой атақ пен күміс тағың.»-деп, Айтқожа Марфуға ақын жырлағандай, шешендік пен өнер қонған Қаламқас Өтеуова өзінің қарапайымдылығымен, ақжарқын мінезімен, шынайылығымен, көңілді тұрмысымен баз өмір кешіп келеді.Осы орайда мен де базынамды айтар болсам, қасиет қонған Түркістан қаласының мәдениетін теңіздің тамшысындай болса-дағы өрге сүйреп жүрген шығармашыл, халыққа танымал өнерлі жандардың бірі – Қаламқас Өтеуованың жеткен жетістіктерін ескеріп, елеп, қастерлесек екен.Барымызды бағамдап бағалай білсек екен.Өйткені, ол осындай құрметке лайық жан.

Әнімен елін тербеп жүрген шоқтығы биік тұлға-Қаламқас Өтеуоваға: «Аялап өсіргенАлланың берген ұл-қыздарыңыздың рахатын көріңіз! Музыкалық іліммен баураған шәкірттеріңіз әрдайым биіктен көрініп,өзіңіздің жеке ән қоржыныңыздағы әндеріңіз халықтың баға жетпес рухани алтын қазынасына айналсын! Шәкірттеріңіздің шамшырағын жағып қуанышқа бөлене беріңіз! Өнеріңіз өрге домалап, ақбұлақтай әндеріңіз таңғы шықтың мөлдіріндей таза қалыппен сарқылмасын!» дегім келеді. Күншуақтай Халық «көген емес,өлең таңдаған» Қаламқас Өтеуованың өнерін бағалары хақ…

Несіпкүл Өтебаева,

Қазақстан Республикасы Журналистер Одағының мүшесі,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1084963

Пікірлер (1)
Айгул Оразбаева # 5 сәуір 2015 в 10:10 0
Қаламқас апай менің домбырадан берген ұстазым. Ол кісінің еңбекқор екені көпшілікке мәлім.Еңбегіңіз жансын. Сіз бақытқа лайық жансыз.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар