Өткен күннің белгісі

23 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Өткен күннің белгісі

«… Жақсы адамға айтпаған,

Асыл шырын сөз ғаріп...» Асан Қайғы.

Кейде мен мектеп өміріндегі тыныс-тіршіліктің кейбір сәтті өткен күндерін ой елегінен өткізіп, оны екшелеп таразылайтыным бар.Наурыз айы – көктем мезгілінің кейде жайма шуақ, кейде құбылмалы мінез көрсетіп тұратын ерекше айы ғой. Дәл осы мезетте, табиғат жер – ананы бусаңсытып жаңғыртқандай, мен де бүгін «ой түбінде жатқан сөзді, шер толқыта шығарып»деп, Асанқайғы бабамыз айтқандай, асыл шырын сөздеріме ерік берейін. Өзімді-өзім оймен қамшылап, тұнжырап, жақсы ойға мұңая шомып, неге екенін қайдам, Алматы қаласында мекендеп тұрып жатқан шәкірттерімнің бірегейі – Ақерке Тәжібаеваға 1995жылы таудай биік үміт артып, сенім артқанымды, тіпті, болжам жасап, өнер айдынында топты жарып шығатынына кәміл сенім білдіргенімді, елжірей сағынышпен есіме алдым. Рухымыздың тазалығы – аузымыздан шыққан сөзіміздің жақсы-жаманынан білінеді ғой. Сондықтан, бүгін, сіздерге өнерге кіндігі байланған жағымды кейіпкерімнің он үш жасында жасаған парасатты да ізгілікті, игілікті ісі жөнінде сөз қозғайын деп, отырмын. Қазыбек бидің: «Жасы кіші демеңіз, ақылы асса аға ғой» дегеніндей, осы бір Ақеркенің игілікті іс- әрекетіне тәнті болып таңқалған едім. «Жақсы сөз – жарым ырыс»дегендей, жақсылықтың нышанын тізбектегенге не жетсін!

Қазақ елінде көзі жетік,құлағы сақ, телеарналарды тамашалайтын көкірегі зерделі көрермендердің барлығы дерлік биязы да нәзік Ақеркені бақ қонған өнері арқылы жақсы таниды десек болады. 2000жылы Ақерке Ахмет Жұбанов атындағы республикалық дарынды балаларға арналған музыка мектебінде оқып жүрген болатын. Әлемдік деңгейде аталып өткізілген Түркістанның 1500жылдық мерей тойына, Алматыдан он үш жасар Ақерке Тәжібаева әкімнің шақыртуымен туған жеріне деген көңілі алып-ұшып,өнерін паш етуге және аунап-қунап қайтуға анасы — Гүлбахраммен және ұстазы — Әбдіманаппен келген болатын.Ол дүбірлі Түркістанның 1500жылдық тойында өз өнерін биік деңгейде көрсетіп, үлес қосқан болатын. «Жақсыда жаттық жоқ» дегендей, Алматылық ұстазы — Әбдіманапты Түркістандық алғашқы ұстазымен (мақала авторы)кездестіріп, таныстырған болатын. Сол кезде Ахмет Жұбанов атындағы Республикалық саз мектебінің қыл қобыздан дәріс беретін Ақеркенің алматылық ұстазы–Жұмабек Әбдіманаппен танысып, мерейім үстем болып, қуанған едім. Біз, Ақеркенің екі ұстазы, шат-шадыман көңілмен сұхбаттасып, еліміздегі өнердің бет алысы туралы сөз қозғап, естелік үшін шәкіртімізбен бірге суретке түсіп, мәре-сәре болған едік.Әбдіманап ағай өзінің Қытайдан келгенін айтып, ондағы қандастарымыздың өнердегі бет-алысы жөнінде біраз мөлтек сырларымен бөліскен еді. Екеуміз де Ақеркенің болашағына көз жүгіртіп, ғибратты сөздермен әңгіме өрбіткен болатынбыз. Ол: «Болашақтан үлкен үміт күттіретін шәкірттерімнің бірегейі –Ақерке Тәжібаева, себебі ол – Түркістан топырағынан жаралған жан емес пе?! Ол ылғи да сізді аузынан тастамайды...» деп, ағынан жарылған болатын. Сондай-ақ, ол күлімсіреп, жылы шыраймен маған қарап: «болатын бала – осындай кішіпейіл, қарапайым,ізетті, инабатты, ұстаздарын пір тұтатын болады» деген еді.13 жасар Ақеркенің өзіне тән түйсігімен екі ұстазды рухани жақындастыра таныстырғанына қайран қаласың?!.. Міне, сол Жұмабек Әбдіманаптың Ақерке туралы айтқан шынайы асыл сөздері бүгінде шындыққа айналды. Содан бері 13 жыл өтіпті. «Дұрыс ойлай білу жолын таңдау арқылы адам рухани жетістікке көтеріледі» деп, Джеймс Аллен айтқандай, шәкіртім — Ақеркенің өнерімен қатар, рухани өсу көкжиегінің кеңдігінің шексіздігіне тәнтімін. Жырақта жүрсе де уақыт тауып, шәкірттік әдеппен қолы қалт еткенде хат жазып тұрады. Ақеркенің жазған хаттарының біріне назар аударып көріңіз: «Құрметті, аяулы ұстазым Несіпкүл апай! Саламатсыз ба? Сізді жаңа оқу жылымен құттықтаймын! Сізге жиі хабарласа алмағаныма кешірім сұраймын. Мен сіздей ұстаздан бойыма білім нәрімен қатар, алғашқы тәлім-тәрбиені алғаныма және маған үлкен үміт артқаныңыз үшін мен осы күнге дейін өз-өзімді қанаттандырып келемін. 12 жылдық Ахмет Жұбанов атындағы дарынды балаларға арналған, арнайы мамандандырылған, Республикалық музыкалық мектепті үздік бітіріп,Қазақ ұлттық консерваториясына грантқа түсіп, оны да үздік бітіріп, міне магистратураға да тағы да грантқа түстім! Бұның бәрі менің «алғашқы ұстазым»сіздің арқаңыз –деп ойлаймын! Алда қаншама тағы да алар белестерім бар. Сіздей ұстазға айтар алғысым шексіз! Келе жатқан «Ұстаздар күнімен» құттықтай отырып, сізге шын жүрегімнен денсаулық, қайратты күш тілей келе, мейірім шапағатыңызбен жастарымызға білім бере беруіңізге тілектеспін!!! Шын ниетпен, шәкіртіңіз: Ақерке Тәжібаева.08.09.2009жыл.» (хат өзгертілмей алынды).

«Шәкірттіктің ең жақсы қасиеті – пәктік»-деп, Хусайн Уағыз Кашифий айтқандай, осы хаттан қазақтың ұлттық саз аспабы қылқобызды жетік меңгерген өнерлі жас Ақеркенің бар болмыс-бітімін, жасанды емес, шынайылығын, білімді де білікті, салиқалы да парасатты, тебірене іс-қимыл жасай білетіндігін, жан-жақтылығын, жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын пайымдауға болады.Менің ойымша, Ақеркенің өркениетті өмірде жалпы адамдармен заманауи ізгілікті қарым-қатынас жасауы, оның ақыл-парасат азығының молдығынан және рухани жаны таза болуынан деп, ойлаймын. «Алып анадан туады» дегендей, сүйріктей көркем қыз – Ақеркенің адамгершілік құндылықтарының биіктігі әрине, ана сүтінен дарыған. Анасы – Гүлбахрам Дәрібаева сүт кенжесі – Ақеркенің өнердегі өрлеуіне тікелей ықпал еткен жан.Ол өте мейірімді тұлға.Ол кісінің ата-ана ретінде, Ақеркенің ұстаздарына деген құрметі шексіз.Әрдайым кездескенімізде,өзара қарым-қатынасты үзбеуге тырысып, қарапайымдылығынан танған емес. Әкесі Жұмаділлә Тәжібаев –Халық ағарту ісінің үздігі. Жұмаділлә ағай қаламыздағы педколледжде талай жыл матеметика пәнінен дәріс берген.Бүгінгі таңда біршама шәкірттері педагогика саласында қызмет етіп жүр. Ол бүгінде еңбегін Алматы қаласындағы университетте жалғастыруда. «Адамның адамшылығы ақыл, таным, жақсы ата, жақсы ана, жақсы құрбы, жақсы ұстаздан болады» деп, Абай атамыз айтқандай, Ақеркенің анасы – Гүлбахрам, әкесі – Жұмаділла жөнінде айтар болсақ, олардың перзенттеріне берген тәлім- тәрбиесі – жатқан рухани азық дер едік. Оның бағы жанып,өнер жолындағы ұстаздары да осал болмады.Атап айтсақ, Алматыдағы А.Жұбанов атындағы мектептегі ұстазы – Ж.Әбдіманап, консерваториядағы ұстазы – профессор Б.Қосбасаров.Бауыр еті баласы үшін, әкесі Жұмаділлә мен анасы – Гүлбахрам әркез тілекші.

Содан бері шығармашылықты өзіне серік еткен, рухы биік, ұлттық саз аспабы – қылқобыздың құлағында ойнап жүрген жасындай жарқыраған арқалы өнер иесі ол– Ақерке Тәжібаева Жұмаділлақызы.Ол өзінің тынымсыз еңбекқорлығымен қаншама өнердегі асуларды бағындырды. Ол саз сырнай аспабын да тамылжыта тартып орындаумен бірге, қоңыр даусымен ән де шырқайды, көркем сөз оқудың да хас шебері. Тіпті, түрік тілін де меңгерген.Туркияға шақыртумен барып 6 айға жуық түрік тілінде Ақерке Түркияның «Kanal 7» телеар­насындағы «Fuar Dunyasi» (Көр­ме әлемі) атты бағдарламаны жүргізгені де бар. Оны нағыз «сегіз қырлы, бір сырлы» жан деуге болады.Қазіргі таңда өзінің өнерімен қатар, тұңғыш рет ашылған «Балапан» телеарнасының бүлдіршіндерге арналған айдардың бірінші жүргізушісі болып тағайындалып, қызметін жалғастыруда. Ақерке өзіндік қолтаңбасымен өнер саласында да түбегейлі өзгеріс ендірген. Музыка саласында тұңғыш рет қобызды эстрадаға икемдеп қосып, сүйемелдеп тартқан.Сол кездері ол «Қобыздың үнін бұздың, қобызды эстрадаға қосуға болмайды» деген сыни пікірлерді де естіген. Бірақ, Ақерке өзінің нағыз өнер адамына тән қайсар мінезімен, табандылығымен, музыкалық шығармашылықтың теориялық және әдіснамалық негіздерін жетік меңгергенінің арқасында, оны ғылыми түрде қорғап, айқындап, дәлелдеп шыққан.Бүгінде қарасаңыз, қобыз тартушылардың біразы осы аталған үрдісті музыка саласында қолданып жүр. Ол Австрия, Венгрия, Германия, Жапония, Литва, Голландия, Иордания, Корея, Молдова, Түркия, Қытай, Америка сияқты елдерде, әлемдік деңгейде, «Қобызым – жан серігім», «Мәңгілік қобыз сарыны»т.б. атты өзінің жеке шығармашылық концерттік бағдарламасын өткізген. Қорқыттың, Ықылас­тың күйлерін ғана емес, қобыздың орындау шеберлігін таныту мақсатында Вивальди, Моцарт, Бетховен сияқты әлемдік классиктердің туындыларын орын­дайтын Ақеркенің сүйікті шығар­масы – Ықыластың «Қазан» деп аталатын күйі.Осындай айтулы еңбектерімен әлем өнер кеңістігіне еніп, «қобызды әлемге мәшһүр еткен қыз» атанып жүр. Өнерлі додада жеңіске жетіп, Елбасы қорының грантын иемденген. Республикамыздың аймақтарында жеке шығармашылық концерттік бағдарламасын қоюмен қатар,«Көктем» атты (disk) топтамасы жарық көрген.

Менің айтпағым, кіп-кішкентайынан өз қатарларынан ерекшеленіп, бүр жарған бәйшешектей Түркістанның кәусар бұлағынан бастау алып, «Әнші балапанның» бас жүлдесін еншілеген, оқ бойы озық болып өскен, маңдайында шырағы, көкейінде бұлағы бар, өнерпаз, дүлділ – Ақеркенің бүгінгі таңда да қазақтың танымал қобызшы қызы атанып, ел кәдесіне жарап, жаңа қырынан танылып, қарқындап, аянбай, жарғақ құлағы жастыққа тимей, өнер айдынының жолында патриоттық рухпен тыным таппай тер төге еңбектеніп келе жатқаны – үйлесімділік, ізгілік, оптимизм, мақсаттылық сияқты тұлғалық сапаларды игерумен қатар, оның кіршіксіз періштедей пәк сезімді көңілінің өзгермеуінен- ау, сірә. Лайым, шапақ шашқан таңдай, адамшылықтың шуағы ешуақытта сөнбесін!

Несіпкүл Өтебаева,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103657

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар