Балалар, аманбысың,шырақтарым...

2 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева

Балалар, аман­бысың, шырақтарым…

«Балалар, аман­бысың, шырақтарым,

Майысып көлге біткен құ­рақ­тарым.

Жүрмесем есендесіп тұра алмаймын,

Ішінен асып кетсе бір аптаның»-

.

деп, ұлы Жамбыл ақын жырлағандай, Некрасов атындағы №9 мектеп- гимназияның ғимаратында, ХҚТУ-дың актерлық-өнер кафедрасының меңгерушісі, Түркістандағы Мәдениет орталығы директорының орынбасары, Қазақстан Республикасының мәдениет қайраткері, Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, Ш.Қалдаяқов атындағы Халықаралық байқаудың тұңғыш лауреаты, әнші-композитор Елеуов Сауранбек Еркінбекұлының балалармен есте қаларлықтай ғибратты кездесуі болды. Кездесуді директордың орынбасары Г.Наурызбаева жүргізіп отырды. Күздің бояуы мен нақышын бірге ала келген С.Елеуов күздің бітік егініндей, өзінің өрісті де келісті өнерін балаларға шын жүректен арнады. «Түркістан қаласындағы Қазақ тілі қоғамының төрағасы, журналист – Мұсаханқажы Дүйсекейұлы да осы кездесудің ажарын ашты. Ол өнердің биік шыңын бағындырған С.Елеуовтың өмірбаянын, өнердегі өрлеуі мен жеткен жетістіктерін оқушыларға қызықты етіп баяндап, оның дәлелі ретінде, оның бірнеше медальдарын жарқырата көрсетті.Осыдан кейін, өнер иесі –С.Елеуов балалар алдында ағынан жарылды.Балалық шағынан естеліктер айтты.

Ол оқушылармен дидарласып, сұхбаттасып, көңіл толқынын тербеп, әдемі әуендерін шырқап берді.60-қа жуық әндері бар өнер иесі «Туған жер», «Жұлдызым», «Үкілім-ай», «Бесік жыры», «Әке дауысы», «Сырдария, жырдария», «Ойыншықтар», «Әке дауысы»,«Ақбаян» т.б. әндерін нәшініне келтіре орындап берді. Әсіресе, «Апатайым –анашым», «Түркістан» атты әндерін орындағанда балалардың делебесі қозып, әнге қосыла кетті. «Апатайым –анашым» әнін таледидардан, радиодан есітіп жүргенін ескерсек, автордың өз жерлерінде жүргеніне, алдарында тұрғанына, балалардың таңқалқалғаны келбеттерінен, нұрлы көздерінен анық байқалды. «Түркістан» әнінің сөзі абыз ақынымыз – М.Жұмабаевтікі. Сондықтан, балалар әнге біркісідей қосылды.Ән шырқаған жандардың көңілдері асқақтады.Бір уақ әнқанатында толқындай тербеле шарықтады. Көңілдегіні көре білген арқалы әнші тағы да өміршең әндерін шырқай жөнелді.Балалар Әнші-композитор ағаларына құрметпен ду қол шапалақтап, ілтипатпен қошамет көрсетті. Әнші-композитор өзінің өр асқақ, қоңыр үнімен жас өрендерге өнерлі өнегесін шашып балаларды шуаққа бөледі.

« Ән – көңілдің ажары» дегендей, ән құдіретіне бас иген балалар кездесуден рухани азық алды.Ғазиз жүрек әнші-композитор балалардың қарша боратқан сұрақтарына шынайы жауап берді.Көбісінің сұрағы «балалық шақ» туралы болды.Ол балалық шағын сағынышпен еске алып, жансарайын ақтарып, сыр- сандығын ашып, балалармен шүйіркелесе әңгімесін сабақтады.Аңғарғанымыз,әншінің ширау үшін қаншама соқпақтардан өткені. «… Ой түбінде жатқан сөз, шер толқытса шығады...»-деп, Асанқайғы бабамыз жырлағандай, әнші ішіне сезім сәулелерін қосып, шалқар шабытпен әнін де, салиқалы сөзін де балаларға арнады.Тіпті, кездесуден кейін балалар әншіні жібергілері келмей,қаумалап, бір-бірімен жарыса жамырай «Сізге рахмет!»деп, әншінің қолтаңбасын алды.Балалар әншіге «Келіп тұрыңыз!» деген тілектерін де айтты.

Осындай мәнді тәлім-тәрбие беретін кездесулер қазіргі қоғамда өте керек-ақ… Жамбыл бабамыздың салған сүрлеуіндей,қазіргі кездегі әнші-композитор Елеуов Сауранбек Еркінбекұлының ортамызға келіп, балалармен амандасып,өрелі өнерін көрсетіп, кездесіп кетуі, барша өнерлі жандарға үлгі болса екен. «Өмірде біртүрлі, өнерде екінші түрлі болуға болмайды»-деп, Сырбай Мәуленов айтқандай, балалар әнші-композитор Елеуов Сауранбек Еркінбекұлының өзіндік қолтаңбасымен,өнерімен,өнегелі өмірімен жете танысып, өмірдің өзімен беттесіп, тағылым алды. Жампоз әнші-композитор Елеуов Сауранбек Еркінбекұлына «халық үшін әлі талай әндер жаза беріңіз...» демекпіз.

Кездесуге мұрындық болған директордың орынбасарлары Г.Наурызбаева мен С.Жорықбаеваға айтар алғысымыз шексіз.

Несіпкүл Өтебаева,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1084838

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар