Тіл - халықтың жаны

17 мамыр 2014 - Несипкул Утебаева



Түркістан қаласының дарынды ұрпағы – Сесёлкин Владимир

Дәл осы айтылған айдармен 2012 жылы орыс ұлтының өкілі – Сесёлкин Владимирге қала әкімі Ә.Өсербаев(сол кездегі әкім) Мақтау қағазын тапсырған болатын.Бұл Мақтау қағазда: “Туған өлкеміз Түркістан қаласының мерейін арттырудағы, сапалы білім мен саналы тәрбиенің жемісін көрсетудегі елеулі үлесің үшін Саған шексіз алғысымды білдіремін! Еліміздің жарқын болашағын дамытуда әлі де аянбай еңбек етуге және терең ғылыми ізденістердің шыңына жетуге тілектеспін!”- деп, жазылған. Осы жоғарыдағы әкім тағайындаған Мақтау қағазының мәтініне зер салсақ, Некрасов атындағы №9мектеп-гиназияны 2012жылы бітірген жас түлектің қала бойынша білімімен, ақылымен, өнегелі ісімен оқушылық өмірінде тынбастан тыңнан сүрлеу салғаны анықталады. Бүгінде Алматы технологиялық университетінің қабырғасында білім алып жүрген 2-ші курс студенті Сесёлкин Владимир Владимирұлы осы қалыптасқан белсенділігінен, жауапкершілігінен ажырамай өз ортасының беделді де құрметті азаматы атанып жүр. Әсіресе, қазақ тілінде өткізілетін республикалық, облыстық деңгейдегі байқауларды қалт жібермей ылғи іс-шараның қайнаған бел ортасында жүреді.Қайда жүрсе де шежіреге толы туған өлкесі – Түркістан қаласын бір сәтке ұмыт қалдырмайды.Өзінің ауласында қазақ балаларымен тай-құлындай тебісіп, достық қарым –қатынасын үзбей, татулықта, ынтымағын нығайта бір үйдің баласындай жігерлене өседі.Достары тым көп-ақ.Санасына қазақилықты, даралықты әбден ұялатады.Ол Некрасов атындағы № 9мектеп-гимназияда 11жыл бойы білім нәрімен сусындап, нәтижесінде грантпен өзі қалаған мамандығы бойынша Алматы қаласындағы жоғары оқу орны АТУ-нің машинаны технологиялау және жабдықтау факультетіне түседі.Мектеп қабырғасында жүріп-ақ өзінің зеректігімен, алғырлығымен, білімпаздығымен, қазақ тілін еркін меңгеруімен назарға ілінеді.Мектеп өмірінде бірнеше дүркін облыстық, қалалық, мектепішілік пәндік олимпиадалардың (физика, математика, қазақ тілі мен әдебиеті т.б.), сан түрлі байқаулардың,ғылыми жобалардың жүлдегері атанады.Мысалы, Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Ұлжалғас Мұстафаеваның ұйытқы болуымен өткізілген “Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі мен Қазақстан орыс қауымы арасындағы өзара түсіністік пен әріптестік туралы”меморандумға сәйкес Тіл комитеті және Қазақстанның Орыс қауымы қазақ тілін меңгерген жастарға қолдау көрсету, тіл мәдениетінің деңгейін көтеру мақсатында орыс жастары арасында қазақ тілі білгірлерінің “Тіл – халық жанын танудың кілті” атты Түркістан қалалық байқауында Сесёлкин Владимир жүлделі І орынды иемденген болатын.Ол 2012жылы Оңтүстік Қазақстан облысының тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен “Орыс жастары арасындағы қазақ тілі білгірлерінің “Тіл – халық жанын танудың кілті” атты тартысты өткен облыстық байқауда да жеңімпаз атанады. Иә, мұндай тізбектелген жетістіктердің бәрін бір мақалаға сиғызу мүмкін емес… Дегенмен “Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын” дегендей, Түркістанның төл перзенті – Владимир туралы сөз өрбітсек, көп ұлтты мемлекетімізді, елдігімізді дәріптегеніміз болып саналады.

Ол мектеп қабырғасындағы ұстаздары- бастауыш сынып мұғалімі Ильина Любовь Константиновнаны, орыс тілі пәнінің мұғалімі әрі сынып жетекшісі болған -Жукова Марина Александровнаны, қазақ тілі пәнінің мұғалімі Кеутешова Жарқынайды т.б. сағынышпен еске түсіріп, адами тұрғыда қалыптасуына осы ұстаздарының және ата-анасының ықпалы зор екенін айтады. Сағыныштың сазымен өз туған өлкесіне, өзі ұшқан ұя — мектебіне шәкірттік әдеппен имене келіп, сәлемдесуді өзіне парыз санайды.Алматылықтарды және жоғары оқу орнында білім алып жүрген айналасындағы студенттерді қазақ тілінде жатық, емін еркін сөйлеуімен таңқалдырып жүр екен. Тіпті, сол қаладағы кейбір қаракөздерді өз жанына үйір етіп,қазақ тілінде сөйлеуге үйретіп те жүр екен.Міне, жан –дүниесі қазақыланған Владимирдің болмысы, қазақ тіліне деген құштарлығы осындай. “Мен бірде-бір рет орыс тілінде мінберлерден сөйлемеппін, тек қазақ тілінде ғана… Мені мемлекеттік тіл көкке көтеріп өсірді, көпке танытты, сондықтан мен қазақ тілін ардақтаймын...” дейді, ол.

Биылғы жаймашуақ жадыраған көктемнің нұрлы күндерінде мектепке келген Владимир Сесёлкин Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия директоры- Ы.Алтынсарин төс белгісінің иегері–Ж.А.Орынбаеваның қабылдауында болды.Олар ұзақ, тұщымды сұхбаттасты. Владимир өзінің оқуы, алға қойған мақсаттары мен міндеттері жайында сыр бөлісті.Енді студенттер арасында қазақ тілін үйренем дейтін сан ұлттың өкілдеріне “қазақ тілі қоғамын” арнайы ұйымдастырып ашуды көздеп жүргенін айтып өтті.Ол 2012ж.-2014ж. аралығындағы жоғары оқу орнында жеткен жетістіктерінің айғағы ретінде бірнеше дана Мақтау қағаздарын ала келіпті.Таратып айтар болсақ, Алматы қаласы әкімдігі Тілдерді дамыту, мұрағаттар және құжаттама басқармасы М. Ахетовтың ұйымдастыруымен өткізілген ХV Қазақстан халқы тілдері фестивалі аясында “Абай оқулары” қалалық байқауынан, Алмалы ауданы бойынша “Ана тілім — ән-жырым” байқауынан, Абай атындағы қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ұйымдастыруымен өткізілген дәстүрлі “Абай әлемі” атты Республикалық студент жастардың өнер фестивалінен, Қарағанды қаласындағы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен өткізілген байқаулардан және Астана қаласында өткізілген Қазақстан Республикасы Кәсіподақ федерациясының Тұңғыш Президент күніне орай өткізген байқауларынан жүлделі орындарды қанжығасына байлап, бірнеше дүркін “Мақтау грамоталарының” иегері атанған. Оның Қазақстанның барлық аймақтарында өткізілген мемлекеттік тіл бойынша байқау-жарыстарынан тыс қалмай қатысқанын бағамдаймыз.Осындай жетістіктер тізбегінің иегерін болашақта жарқын өмір күтіп тұрғаны айқын.Қазақ тілінің мәртебесін көтеріп, төрт қақпалы — Түркістанның мақтанышына айналған Владимирге мектеп-гимназия директоры Жаңыл Анишқызы Орынбаева алға қойған мақсат мүдделерінің орындалуына сәттілік тіледі.

Иә, мен де өз кезегімде, Алматы шаһарында АТУ-нің қабырғасында білім алып жүрген Владимирмен агент арқылы сұхбаттасып тілдестім. Соның арқасында оның әңгімесі менің мақалама арқау болды. “Қазақ тілін қайдан білдің, неге тіл білуге ынтызарсың ?!...”дегенімде ол – Мен киелі қала -Түркістанда туылып, өсіп қалай ғана қазақша білмеймін, бұл заңдылық, қазақ тілін- мемлекеттік тілді білмеу мүмкін емес қой -деп, сөзін ширатып қарапайымдылықпен жауап берді.Мендегі күдік сейілді де, үмітпен ойға шомдым… Шіркін, Қазақстанда тұратын әрбір ұлттың өкілдері және орыстілді қазақтар осылай отаншылдық рухпен жігерленген Владимирше ойласа ғой…

Заманымыздың жаңаруына, қоғамдағы ұлтаралық қарым-қатынастың нығаюына сүбелі үлес қосып жүрген Түркістанның дарынды ұрпағы–Владимир Сесёлкинге:“Өмір мектебінен және Алматы технологиялық университетінен алатын темірқазықтай біліміңді жүзеге асырып адал еңбек, мінсіз ақылыңмен арман-асуыңа жете бер!” демекпін.

Несіпкүл Өтебаева,

Некрасов атындағы №9 мектеп-гимназия мұғалімі

Түркістан қаласы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103573

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар