Қазақстан жолы – 2050: "Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ"

2 ақпан 2015 - Балжан Базилбаева

Тақырыбы: Қазақстан жолы – 2050: «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ»

Мақсаты: «1қыркүйек – Білім күні»мерекесін сезіне отырып, елімізде жас ұрпаққа білім беру саласында жасалып жатқан игі істер туралы мағлұмат беру.

Республикамыздың дамуы, ондағы халықтар достығы, елбасымыз Н. Ә. Назарбаевтың өз елінің өркендеуіне байланысты жүргізіп отырған саясатымен таныстыру.

Оқушыларға отанын сүюге, бірлікке, ел тарихын білуге, еліміздің мемлекеттік рәміздерін қастерлеуге, отанымыздың байлығын қорғауға, елімізді өркендетуге білімді ұрпақ болуға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Қазақстан Республикасының рәміздері: Туы, Елтаңбасы, Гимні, Н. Ә Назарбаевтың суреті, нақыл сөздер, суреттер, гүлдер.

Сабақтың барысы:

Ұйымдастыру кезеңі.

Балалар, қош келдіңіздер! Бүгін еліміздің түпкір- түпкірінде үлкен мереке, үлкен той. Барлық мектептерде білім күні тойлануда. Еліміз тыныш, республикамызда өмір сүріп жатқан әр түрлі ұлт өкілдері бір – бірімен дос, бауыр секілді. Сондай-ақ жас ұрпақтың жақсы, терең білім алуы үшін барлық жағдай жасалынған. Мектебіміз жарық, оқулықтарымыз жеткілікті, тұрмыстарымыз жақсы. Қазақстан тәуелсіздік алған күннен бастап өркениет өріне қарышты қадам басып келеді. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сындарлы саясатымен әлемдегі бәсекеге қабілетті 50 елдің қатарына кіру жолында игілікті іс- қимыл, ауқымды шаралар жүзеге асып жатыр. Еліміздің ертеңгі, болашағы – сендерсіңдер. Сондықтан білімді, тәрбиелі, іскер, талапты бола отырып, еліміздің өркендеуіне өз үлесімізді қосайық!

Қазақстан! Туды алтын дәуірің,

Алғандайсың жұлдыздардың жарығын.

Алтын заңын құтты болсын қымбаттым,

Туған күнің құтты болсын алыбым.

Республикам – әлемнің бай өлкесі,

Тынысы, ынта – жігер берекесі.

Ұлдары бар ғарыштан бақыт тапқан,

Қыздары бар елімнің бір еркесі.

Еліміздің алға қарыштап қадам басып, бәсекеге қабілетті елу елдің қатарына қосылып, буыны қатпаған жас мемлекетіміздің өркениетті елдер көшіне еркін енуі Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан 2030» ұзақ мерзімді Стратегиялық жоспарының арқасы. Бұл жоспар мерзімінен 16 жыл бұрын орындалып «Қазақстан 2050» Стратегиясына негіз болды.

1-оқушы:

Қазақстан дейтін менің бар елім,

Жатыр алып жарты дүние әлемін.

Бұл даланы анам жаспен суғарған,

Бұл далада атам қолға ту алған,

Бұл далаға жылап келіп, уанған,

Бұл даланы көріп алғаш қуанған.

Бұл далада өскен жанда жоқ арман!

2-оқушы:

Қазақ елі – сабырлы да ақылды,

Қазақ елі – егеменді, бақытты.

Туған жұртым – жарқыраған жұлдыздар,

Келешегім – басы асқан ұл – қыздар.

3-оқушы:

Асқар тауым – Қазақстан,

Әсем әнім – Астанам.

Қазақстан – Отаным деп,

Әрқашанда мақтанам.

4 – оқушы:

Қазақстан – Отаным,

Туған жерім – киелім.

Арттырып даңқын, атағын,

Туына бас иемін.

5- оқушы:

Өрледі даңқың, атағың,

Қазақстан – Отаным.

Нұрға бөлер еліңді,

Ақ таңың болып атамын.

6- оқушы:

Еліммен бірге тілегім,

Туған жер- алтын тұрағым.

Жатқа да айта білемін,

Елімнің Гимнін.

7- оқушы:

Құрметтеймін жерімді,

Өзен – көлін, нуын да.

Қастерлеймін елімді,

Елтаңбасын туында.

Ой қозғау: — Біз қандай мемлекетте тұрамыз?
— Қазақстан.
— ҚР — ның халқы қай тілде сөйлеу керек?
— ҚР – ның халқы қазақ тілінде сөйлеу керек.
— Біздің тұңғыш президентіміздің аты — жөнін білесіңдер ме?
— Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев.
— 17 қаңтар күні «Қазақстан жолы – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты жолдауын жариялады.

Міне оқушылар біздер елімізбен мақтанамыз. Бұл еркіндік оңайлықпен келген жоқ. Қазақ елі еркіндікке жету үшін қаншама қиын — қыстау кезеңдерді бастан кешірді. Мыңдаған жылдық тарихы бар. Қазақстан тәуелсіздік алды.

Н.Ә.Назарбаевтың жолдауынан үзінді.

Қымбатты қазақстандықтар!

Бір жыл бұрын мен еліміздің 2050 жылға дейінгі дамуының жаңа саяси бағдарын жария еттім. Басты мақсат – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Ол – «Мәңгілік Қазақстан» жобасы, ел тарихындағы біз аяқ басатын жаңа дәуірдің кемел келбеті.

Қазақ елі өткен 23 жылда қыруар іс тындырды. Біз үлгілі дамудың өзіндік моделін қалыптастырдық. Әрбір отандасымыздың жүрегінде елімізге деген шексіз мақтаныш сезімін орнықтырдық. Қазақстандықтар ертеңіне, елінің болашағына сеніммен қарайды. Халықтың 97 пайызы әлеуметтік ахуалдың тұрақтылығын және оның жыл өткен сайын жақсара түскенін айтады.

Бүгінде Отанымыздың жетістіктері – әрбір азаматтың ұлттық мақтанышы. Күшті, қуатты мемлекеттер ғана ұзақмерзімдік жоспарлаумен, тұрақты экономикалық өсумен айналысады. «Қазақстан-2050» Стратегиясы – барлық саланы қамтитын және үздіксіз өсуді қамтамасыз ететін жаңғыру жолы. Ол – елдігіміз бен бірлігіміз, ерлігіміз бен еңбегіміз сыналатын, сынала жүріп шыңдалатын үлкен емтихан. Стратегияны мүлтіксіз орындап, емтиханнан мүдірмей өту – ортақ парыз, абыройлы міндет!

Қымбатты отандастар!

Біздер, қазақстандықтар – бір халықпыз!

Біз үшін ортақ тағдыр – бұл біздің Мәңгілік Ел, лайықты әрі ұлы Қазақстан! Мәңгілік Ел – жалпы қазақстандық ортақ шаңырағымыздың ұлттық идеясы. Бабаларымыздың арманы.

Егеменді дамудың 23 жылында барша қазақстандықтарды біріктіретін, ел болашағының іргетасын қалаған басты құндылықтар жасалды.

Осы құндылықтар арқасында біз әрдайым жеңіске жеттік, елімізді нығайттық, ұлы жетістіктерімізді еселедік.

Қадірлі халқым!

Мәңгілік Ел – ата-бабаларымыздың сан мың жылдан бергі асыл арманы.

Ол арман – әлем елдерімен терезесі тең қатынас құрып, әлем картасынан ойып тұрып орын алатын Тәуелсіз Мемлекет атану еді.

Ол арман – тұрмысы бақуатты, түтіні түзу ұшқан, ұрпағы ертеңіне сеніммен қарайтын бақытты Ел болу еді.

Біз армандарды ақиқатқа айналдырдық. Мәңгілік Елдің іргетасын қаладық.

Мен қоғамда «Қазақ елінің ұлттық идеясы қандай болуы керек?» деген сауал жиі талқыға түсетінін көріп жүрмін. Біз үшін болашағымызға бағдар ететін, ұлтты ұйыстырып, ұлы мақсаттарға жетелейтін идея бар. Ол – Мәңгілік Ел идеясы.

Тәуелсіздікпен бірге халқымыз Мәңгілік Мұраттарына қол жеткізді.

Біз еліміздің жүрегі, тәуелсіздігіміздің тірегі – Мәңгілік Елордамызды тұрғыздық.

Қазақтың Мәңгілік Ғұмыры ұрпақтың Мәңгілік Болашағын баянды етуге арналады.

Ендігі ұрпақ – Мәңгілік Қазақтың Перзенті. Ендеше, Қазақ Елінің Ұлттық Идеясы – Мәңгілік Ел!

Мен Мәңгілік Ел ұғымын ұлтымыздың ұлы бағдары – «Қазақстан-2050» Стратегиясының түп қазығы етіп алдым.

Тәуелсіздікке қол жеткізгеннен гөрі оны ұстап тұру әлдеқайда қиын.

Бұл – әлем кеңістігінде ғұмыр кешкен талай халықтың басынан өткен тарихи шындық. Өзара алауыздық пен жан-жаққа тартқан берекесіздік талай елдің тағдырын құрдымға жіберген. Тіршілік тезіне төтеп бере алмай, жер бетінен ұлт ретінде жойылып кеткен елдер қаншама.

Біз өзгенің қателігінен, өткеннің тағылымынан сабақ ала білуге тиіспіз. Ол сабақтың түйіні біреу ғана – Мәңгілік Ел болу біздің өз қолымызда. Бұл үшін өзімізді үнемі қамшылап, ұдайы алға ұмтылуымыз керек.

Байлығымыз да, бақытымыз да болған Мәңгілік Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтай білуіміз керек.

«Қазақстан-2050» – Мәңгілік Елге бастайтын ең абыройлы, ең мәртебелі жол. Осы жолдан айнымайық, қадірлі халқым! Әрбір күніміз мерекелі, әрбір ісіміз берекелі болсын! Дамуымыз жедел, келешегіміз кемел болсын! Жарқын іспен күллі әлемді таң қылып, Жасай берсін Елдігіміз Мәңгілік!

Сабақты қорытындылау: Біз көппіз және бәріміз – бір Елміз, бір халықпыз.Бейбіт күндегі белестерді бағындырып, алдағы сындардан сүрінбей өтеріміз, ең алдымен, өзімізге, бірлігіміз бен берекемізге байланысты. Біз бәріміз бір атаның – қазақ халқының ұлымыз. Бәріміздің де туған жеріміз біреу – ол қасиетті қазақ даласы. Бұл дүниеде біздің бір ғана Отанымыз бар, ол – тәуелсіз Қазақстан. Біз болашаққа көз тігіп, тәуелсіз елімізді «Мәңгілік Ел» етуді мұрат қылдық.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110007

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар