Білімділер порталының құрушысы Құмар Ермаханұлы Бердалымен сұхбат

11 қаңтар 2015 - Админ
Білімділер порталының құрушысы Құмар Ермаханұлы Бердалымен сұхбат


Сіздің ең алғашқылардың бірі болып, ұстаздарға арналған сайт ашқаныңызды білеміз, жалпы осы сайтты ашу ойына қалай келдіңіз? Не түрткі болды?


Бұл ойға Ресей сайттарын қарап отырып, бізге неге осындай ақпараттары көп ұстаздарға арналған таза қазақша, сапалы сайт ашпасқа деген ойға келдім. Әрине, қазір жабық тұрған Softzone.kz сайтындағы жігіттердің де бір себі тиді деп ойлаймын, себебі алғаш сайт ашқанда осы форумнан біраз нәрсені үйренгенім рас.

Сайт ашудың техникасын қалай меңгердіңіз, біреулер көмектесті ме? Әлде өздігіңізден үйрендіңіз бе? Осы жайлы толығырақ айта кетсеңіз.


Жоғарыда айтып өткендей Softzone.kz сайтынан біраз мағлұмат алдым, кітаптар, видео сабақтардан көп нәрсені үйрендім, әлі де үйрену үстіндемін, алғаш рет сайт ашқанда ешнәрсе білмедім деп де айта алмаймын, HTML, CSS біраз білетінмін, бірақ DLE жүйесін жақсы білмедім. Көп ізденуге тура келді. Менің алдымда бірнеше CMS жүйелері тұрды: DLE, WORDPRESS, JOOMLA. Осы жүйелердің бірін таңдау керек болды. Барлық жүйемен жұмыс жасауды үй компьютерінде сынап көрдім, басқа да ақпараттарды интернеттен, кітаптардан іздеп тауып оқып шықтым. Біраз уақыт жұмсап, ең соңында осы DLE жүйесіне тоқтадым. Келешекте өз блогымды ашып, басқалармен өз білімімен бөліссем, себебі мен бастаған кезде сұрайтын адам болмады, қазақ тілінде ақпарат табу мүлде мүмкін емес еді, осы олқылықтың орнын аз да болса толтырсам деген ойым бар. Өзімнің білгенім, үйренгенімді өзгеге үйретсем, мен үшін қызықты, керекті іс болады деген ойдамын!

Күнделікті сайт қолданушыларымен байланыста боласыз ба? Жалпы сайт басқарумен күнделікті қызметіңізді қалай ұштастырасыз?


Иә әрине, күнделікті сайт қолданушыларымен үнемі байланыста боламын. Сайт сенің балаң сияқты болады екен, күніне бірнеше рет кіріп қарап, мәпелеп басынан сипап отырасың. Онсыз болмайды, халықпен жұмыс жасаған соң сапалы қызмет көрсету қажет. Қолым босай сала интернетке кіріп, сайтта ашамын, әрине кейбір кезде қолым тимей жатады. Бірақ мен жоқ кезде сайтта жұмыс жасайтын редактор, модераторым бар.

Сіз әкімші болып отырған bilimdiler.kz сайтының рейтингі жоғары екендігін байқап жүрміз, қателеспесем күніне 40-50 мың адамдай кіреді екен, осындай үлкен көлемдегі аудиториясы бар сайттың иесісіз, ал енді осы сайт сізге коммерциялық тұрғыдан пайда әкеле ме?


Алғаш ашқанда ешқандай пайда табамын деп ойламадым, өзім үшін жасадым. Бірақ уақыт өте келе сайтқа көп адам кіре бастағанда, сайтты жедел жұмыс жасайтын қымбат серверлерге көшіру, дизайнын өзгерту керек болды. Бұл мен үшін көптеген қиындықтар әкелді. Осы кезде сайтқа жарнама қойып аздап ақша таба бастадық. Бірақ сайт коммерциялық емес, сондықтан пайда әкеледі деу қиындау, өзінің шығынын өзі жауып тұр деуге болады.

Әңгіменің ауанын білім беру саласына қарай ойыстырсақ, өзіңіз білетіндей, бірнеше жыл бұрын білім және ғылым министрлігі «Электронды оқыту» деп аталатын ауқымды жобаны іске асырмаққа ниеттенді, өкінішке орай еліміздің мектептері бұған дайын болмай шықты, ақпараттық технологияны жеттік білетін маман ретінде осы жобаның іске аспай қалуына не себеп болды деп ойлайсыз? Жалпы осы электронды оқыту бізге керек пе?


Электронды оқыту бізге әбден керек. Болашақ электронды оқытуда десем артық болмайды. Бірақ қазіргі жоба аса көңіліме қона қоймайды, көп ақша жұмсалып, бірақ шала жасалған дүние деп ойлаймын, бұл менің жеке пікірім. Менің ойымша бұл жобаны іске асыру үшін алдымен жақсы қазақ программисттерін дайындау керек еді. Келесі кезеңде ұстаздарды осы жүйенің қыр-сырын үйрететін орталықтар ашу керек, себебі бұл жобамен жұмыс жасау былай тұрсын, компьютерді толық меңгермеген ұстаздар толып жатыр. Жалпы біздің елде кез келген жобаны шетелден сатып әкеледі де, ол бізге келеді ме, келмейді ме оған қарамай бастап кетеді, осы әрекеттердің аяғын қазір байқап отырсыз.

Өзіңіз кеңес одағының білім беру жүйесінде оқып тәрбие алдыңыз, ал қазір болса егемен еліміздің ұстаздарының бірісіз, қалай ойлайсыз, қай білім беру жүйесі ең тиімді? Артықшылықтары мен кемшіліктері қандай?


Қазіргі білім беру мен кеңес кезіндегі білім беру жүйесі салыстыруға келмейді, себебі бізде қазір бар технологиялар ол кезде болған жоқ, сол жағынан қазіргі жас ұрпаққа білім алу сондай оңай, кез келген ақпаратты интернет жүйесі арқылы тауып үйренуге болады, бұл үлкен артықшылық. Мүмкін қазіргі жастардың кітапты аз оқитыны да осыдан болар. Әрине біздің кезде барлық ақпараттарды тек кітап арқылы табатынбыз, керекті мағлұматты кей кезде табу мүлде мүмкін емес еді, бірақ ол кездің ұстаздары өте жақсы сабақ беретін және өз ісіне берілген жандар еді. Олар мұғалімдікті ақша табу жолы емес, жас ұрпаққа сапалы білім беру ретінде қарайтын. Ұстаз болу үлкен дәреже, мәртебе саналатын. Жалпы білім беру жүйесіне терең реформа жасау қажет. Мысал ретінде айтайын: біз 11 сынып бойында ағылшын тілін оқимыз, бірақ мектеп бітірген кезде бірнеше сөздің басын құрай алмаймыз. Түсініксіз жай… Ал курстарда алты ай оқып, ағылшынша сайрап кетеміз. Сонда қалай болғаны? Бұл дегеніміз біздің білім жүйеміз, әлі де ескі бағдарламалар арқылы оқытылады.

Қазіргі ұстаздарға не жетіспейді деп ойлайсыз?


Қазіргі ұстаздарға ең жетпейтіні, бірінші еңбекқорлық, екінші үнемі ізденісте, білімін жетілдіру қажет, себебі қазір білген ақпаратыңыз ертең ескіріп қалады, сол үшін заман ағымынан қалмай, тіпті азырақ алдыға түсіп отыру қажет, өйткені ұстаз ол үйретуші, ол оқушыға үлгі, ол білгір, ол білімді, ол кез келген сұраққа жауап бере алады. Өз білгенін өзгемен бөлісе алатын, қызғанбай, интернет жүйесі арқылы өзгеге тарататын. Міне осындай қасиеттерді ұстаздардың бойынан көргім келеді. Бір уақыт тегін ел үшін, бірге жұмыс жасайық, сол кезде ғана қазақ елі дамиды, алға қарыштап басады. Қазақ тілді контентті қалыптастыру өз қолымызда ұстаздар!

Өзіңізді таң қалдырған, үмітіңізді ақтаған, жетістікке жеткен оқушыңыз болды ма? Болса солар жайлы айтып берсеңіз.


Әрине ондай оқушыларым көп, бірін бөліп жарғым келмейді.

Сұхбат соңында отбасыңыз жайында айта кетсеңіз, балаларыңыздың өзіңіз сияқты ұстаз болуын қалайсыз ба, әлде ІТ маманы болғанын ба?


Оны болашақ көрсетер, кім болам десе де өз мамандығының майын ішкен білгір болса деймін. Кез келген мамандық жақсы, егер де оны бала жақсы көрсе және сол арқылы жақсы табыс тапса, міне сол кезде еңбек — барлығын да жеңбек!

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1062400

Пікірлер (8)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар