Сәулелі ұстаз жолы

15 қазан 2016 - Несипкул Утебаева

Сәулелі ұстаз жолы

 

          Киелі мекеннің  тумасы  Малбаева Гүлбарам Дүйсебекқызы “ұстаз болсам” деген асқақ арманымен  жоғарғы оқу орнына түсу үшін 1975жыл Алматы қаласына барады. Білімнің ордасы болған жасыл желекке оранған Алматы қаласы ерекше әсемдігімен көз тартады. Алатау баурайында орналасқан нұрлы қаланың келбеті нәзік жанды бойжеткенді жатырқамай бауырына басқандай болды. Көк аспанмен таласқан Көктөбе асыл арманына қанат бітіргендей. Бір-бірімен жұмысы болмай арлы-берлі асығыс-үсігіс буырқанған теңіз толқынындай жүріп бара жатқан астаналық бейтаныс адамдарға бұрымды қыз-Гүлбарам аңтарыла қарап  шуақ шашқан Түркістаннан келгенін, “оқуға” түскісі келетінін дауыстап-ақ айтқысы келді оларға.”Шіркін, Алматыда қалсам, білім көкжиегімді кеңейтіп Қазақстанның  әр өңірінен келген өз тұрғыластарыммен жақынырақ танысып аралас-құралас дос болар ма едім?!” деп, ойланды балауса бойжеткен. Жаздың мақпал түнінде жымыңдаған жұлдыздарға қарап, толықсыған айды тамашалап,  ойлағаны тек білім болып, жігерлі, білімге құштар тас-түйін мақсаты бар Гүлбарам, қолына  ұстаған қалың кітабын қайта-қайта ерінбей оқып көңілге тоқиды. Күн демей, түн демей емтиханға даярланғаны еш кетпей,  Алматы шетел тілдер институтының француз-неміс тілі факультетіне өз күшімен оқуға түседі. Институт қабырғасында жүрегіне иман ұялаған кішіпейіл Гүлбарамның құрбыластар арасында  беделі өте жоғары болады. Студент шақтан-ақ тауып сөйлейтіндігімен, шешендігімен дүйім жұртты өзіне қарата білетін. Іс-шараларды ұйымдастыру шеберлігіне тәнті болған институттағы  ұстаздары да  талай тапсырмаларды оған сеніп жүктеп қоятын. Сонымен көзді ашып-жұмғанша студенттік өмір өте шықты. Бар жиған-терген білімімен арқаланып “Туған жерге туыңды тік”дегендей, Түркістан қаласына дипломмен оралады. 1981жылы Ғ.Мұратбаев атындағы №5жалпы орта мектебіне тәлімгер болып орналасады. “Жастай берген тәрбие – жас қайыңды игендей” дегендей, ол балалармен тез тіл табыса білетін қасиетімен оларға тәлім мен тәрбие беріп дұрыс жолға бағыттайды. Қысқа мерзімде жас маман ұжымда өзін жақсы қырынан таныта біледі. Содан кейін тәжірибені шыңдау үшін Талғат Бигелдинов атындағы №16 жалпы орта мектебінде неміс тілі пәні мұғалімі, мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарады. Мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқара жүріп жас ұрпақтың тәрбиесіне қойылатын жаңа заман талабы адамгершілік құндылықтарды қастерлейтін, өз Отанын сүйіп және құрметтейтін, кез-келген жағдайда өз ара қарым-қатынас жасай алатын, өзін — өзі жетілдіру арқылы өмірлік мақсаттарына жете алатын, жеке қызығушылықтары мен қажеттіліктерін қоғам талаптарымен үйлестіре білетін әлеуметтенген тұлғаны қалыптастыру үшін оңтайлы тәрбие үрдісін шебер ұйымдастыра  білді. Жеке тұлғаның дамуы мен қалыптасуына, дамуына баса назар аудару  керек екенін пайымдап сынып жетекшілерін осыған  бағыттайды.

         2000 жылдан бастап Түркістан қалалық білім бөлімінің әдіскері, одан әрі бөлімнің бас маманы  қызметін атқарып келеді. Білім беру жүйесіндегі тәрбие бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналуда. Қазір еліміз өркениетті елдердің қатарына ену кезеңінде тұрса да, қоғам мүшелерінің рухани тоқырауына, қоғамдық сананың төмендеуіне жол бермеу үшін Гүлбарам апай қала көлемінде жастар арасында іс-шаралар өткізіп тыңғылықты да тиянақты жұмыс жүргізеді. Әбу Насыр Әл – Фараби: “Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие беру керек, тәрбиесіз берілген білім, адамзаттың қас жауы” — деген қағиданы берік ұстаған Гүлбарам Малбаева  ізгілік дәндерін  егумен келеді. Мектеп — тәрбиелі отбасының үлкейген моделі. Осы тұрғыда оқыту үдерісінің тәрбиелік құрамдасын күшейту бағытында атқарылған ауқымды жұмыс қорытындысына арналған Тәрбие кеңесінің кеңейтілген мәжілісін ата-аналар мен мұғалімдер арасында бірнеше рет өткізіп “тәрбие — болашаққа деген үмітіміздің басты тірегі” екенін айқындайды.

        Малбаева Гүлбарам қалалық білім беру бөлімінде Қазақстан Республикасында “Мемлекеттік рәміздер туралы” Заңының орындалуы, Қазақстан Республикасында жастар арасында нашақорлық пен бизнесіне қарсы күрес, АИВТ/ЖИТС ауруларының алдын алу жұмысы, жасөспірімдер мен балалар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу бағдарламасының орындалуы, оқушы жастарға патриоттық тәрбие беру, оқушылардың жазғы демалысын ұйымдастыру, Қазақстан Республикасының білім беру ұйымдарында кешенді тәрбие бағдарламасының орындалуын қамтамасыз ету, қалалық мәдени іс-шараларды орындау т.б. жұмыстарын үйлестіреді.

         2000жылы Алматы қаласында “Қазақстандағы гендерлік саясат”,2006 жылы “Уменшения конфликта Женщина в роли посредника”, 2012 жылы Мемлекеттік қызметкерлердің біліктілігін жоғарылату, 2012 жылы  “Стресске төзімділікті қалыптастыру және эмоцианалды күйзелістің алдын алу дағдыларын дамыту” тақырыптарындағы курстарынан өткен.

      2005жылдан бастап Түркістан қаласы “Яссы” мөлтек ауданы бойынша “Нұр Отан” ХДП-ның бастауыш ұйымы және қалалық білім бөліміндегі “Нұр Отан” ХДП-ның бастауыш партия ұйымының төрайымы.

         Қазақстан Республикасында дарынды балаларды қолдау мен жетілдіру жолында жемісті еңбек еткені үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі, “Дарын” Республикалық ғылыми-практикалық орталығының “Құрмет грамотасы”, 20-ға тарта облыстық білім басқармасының “Құрмет грамотасы”,“Алғыс хаттарымен ”, бағдарламалық міндеттері мен мақсаттарын жүзеге асырудағы белсенділігі үшін “Нұр Отан” ХДП-ның Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалының  атынан “Құрмет грамотасы”,“Алғыс хаттарымен ” марапатталған.

   2009 жылы достық пен ұлтаралық ынтымақтастықты нығайтудың гуманистік мұраттарына қосқан белсенді үлесі үшін Қазақстан халықтары Ассамблеясының ”,“Алғыс хатын” алған.

    2012 жылы жасөспірімдер мен балалар арасында қылмыс пен құқық бұзушылықты болдырмау және оның алдын алу, жасөспірімдердің суық  қару алып жүруіне тосқауыл қою, салауатты өмір салтын қалыптастыру жұмыстарын жүргізудегі белсенділігі үшін 2рет Оңтүстік Қазақстан облыс әкімдігінің  “Алғыс хатымен” марапатталған.

     Гүлбарам Малбаеваның ықпалымен жасөспірімдерді өзінің туған өлкесінің тарихын, мәдениетін, әдебиетін сүюге баулу, ұлттық өнер құдіретін жандандыру, дарынды балалардың өнерін шыңдау, оларды жарыққа шығару, сахналық мәдениетінің қалыптасуына жағдай жасау мақсатында өтілетін дәстүрлі облыстық өнер фестивалінде түркістандық оқушылар жеті  жыл қатарынан бас жүлде алып келеді.

    Гүлбарам апайдың тәрбиелеген шәкірттерінің біразы бүгінде биік шыңды бағындырып Қазақстан өнер жұлдыздары қатарынан көрініп жүр. Атап айтсақ, Қазақстан Республикасына танымал әнші Нұржан Қалжан, Б.Мұстафаев, “Ду қол шоколад” бағдарламасының жүргізушісі Еркебұлан Мырзабеков т.б.

     Адамгершілік қарым-қатынасты  өмірінің өзегіне айналдырған, болашаққа бей-жай қарамай, саналы тәрбие мен сапалы білім беруде жалықпай еңбектеніп келе жатқан Гүлбарам Малбаеваның жұмыс өтіліне — 35жыл.

     Түркістан қалалық білім беру бөлімінің бас маманы Гүлбарам Малбаева Дүйсебекқызы -“Ы.Алтынсарин” атындағы төс белгінің, “Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, Қазақстан Республикасы Конститутциясының 20 жылдығы медальдарының иегері.

        Елбасымыз – Н. Назарбаев: “Тәрбие – қиын іс, тәрбиеге жағдай жасау әр адамның ең елеулі борыштарының бірі” деген болатын. Рухани жағынан бай ұрпақ тәрбиелеп, оларға “Ұлы Өмір” атты үлкен жолға бағыт-бағдар беріп қанат бітіру жолында аянбай еңбек етіп келе жатқан Гүлбарам апайдың ұстаздық жолы – баршамызға үлгі-өнеге.

    Сөз соңында “Ы.Алтынсарин” атындағы төс белгінің, “Қазақстан Республикасының Білім беру ісінің құрметті қызметкері”, Қазақстан Республикасы Конститутциясының 20 жылдығы медальдарының иегері –  Малбаева Гүлбарам Дүйсебекқызына  көшбасшылық қасиетіңізбен еліміздің іргесін нығайту жолында шығармашылық шеберлігіңізбен еңбек   ете беріңіз демекпіз. Денсаулығыңыз мықты болып әрдайым абырой биігінен көріне беріңіз!

 

                                                                                Несіпкүл Өтебаева

Осыған ұқсас жазбалар:

Әдіс бірлестіктерФилология ғылымының кандидаты әрі әдіскердің тынымсыз еңбек жолы

ҰстаздарғаЕң үздік әдіскер

ҰстаздарғаЖас келсе іске

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 3334238

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru