Өлкенің тума таланты (Ә.Кекілбайұлының өмірі мен шығармашылығына арналған.)

14 қаңтар 2015 - Айтгүл Кобланова

Сабақтың тақырыбы: « Өлкенің тума таланты »

Тәрбие сағатының мақсаты: Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның халық жазушысы, мемлекеттік сыйлықтың иегері, «Түркі дүниесіне қызмет» халықаралық сыйлығының лауреаты, Әбіш Кекілбайұлының қаламгерлігі, қайраткерлігі, саясаткерлігі туралы оқушыларға кеңірек таныстыру.

Тәрбиелілігі: Әйгілі сөз зергерінің замандастары, достары, әріптестері, іні – қарындастарының әр жылдардағы жазылған, газет – журналдарда жарық көрген ой – толғамдары, ыстық лебіздерін бере отырып, оқушыларды ұлтжандылыққа, сыйластыққа, адамгершілікке, мейірімділікке тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Жазушының шығармалары бойынша плакаттар, жазушының өмірінен сурет – шежіре интерактивті тақтамен слайд арқылы көрсету

Мұғалім:

Жырламау-оны маған секілді айып,

Сөз-егін, кең кеудеге егілді лайық.

Маңғыстау-сен бір уыс топырағым,

Бір шөкім бұлт боп ұшқан Кекілбаев (Р.Аяпбергенов)

Мынау, кең байтақ, ғажайып қыр-сыры көп, тылсымы мол алтын құрсақ киелі Маңғыстаудың қасиетті, 362 әулие мекен еткен қара топырағынан талай жезтаңдай әншілер, күміс көмей жыршылар, қос ішекті шешен сөйлеткен күйшілер, қара қылды қақ жарған бай-көсемдер дүниеге әкелген киелі жер.

. Белгілі жазушы ағамыз М.Жолдасбеков: «Мен бес кеменгерді көрдім: Дінмұхаммед Қонаев, Қаныш Сәтпаев, Мұхтар Әуезов, Әлкей Марғұлан, құдай көздеріне көрсетіп, орталарында тірі жүрген бесінші әулие- Әбіш Кекілбаев. Бұл шындығында кеменгер Әбішпен замандас болғанымды өзіме мақтаныш санаймын. Расында да, солай, қатар жүрген кісіні ол пәленше ғой деп бағалай бермейміз. Задында бағалаған жөн.Әбіш сондай бағаланатын азамат....» деп бекерге айтпаса керек. Бүгінде есімі қазақ халқы ғана емес, бүкіл әлемге танымал атақты жазушы Ә.Кекілбаев 75 жасқа толды. «Жақсысын ұлықтамау, жайсаңын қызықтамау өз ырысын өзі тепкендік,өз тілеуін өзі кескендік»-дейді Әбіш ағамыз.Бүгінгі ашық тәрбие сағатымыз Ә.Кекілбаевқа арналады.

АРАЙЛЫМ : Тылсым тарихын балбал тастарға мүсіндеген, рухани әлемін зергерлік әшекейлеріне күміспен күптеп, күйлерінің күмбірімен көмкеріп, жырларымен жиектеген, өткені өнегелі, бүгіні бай да, баянды, келешегі көңілге шалқар шабыт ұялататын, 362 әулие мен Пір Бекет атаның рухымен тыныстап жатқан Киелі Маңғыстау топырағында дүниеге келген Әбіш Кекілбайұлына арналған «Өлкенің тума таланты» атты тәрбие сағатына қош келдіңіздер!

ГҮЛНАР: Осы бір қасиетті топырақ, киелі жерде дүниеге келіп, қалың қазақтың қамын жеп, алаштың ардағына айналған ұлы тұлғалар әрине, аз емес. Оларды дәл қазір түгендеп тауыса алмасымыз хақ. Бірақ олардың еңбегіне ілтипат, рухына тағзым етіп отыру- ұрпақ парызы.

Амангүл: Қазақстанның халық жазушысы Әбіш Кекілбайұлы осыдан он бес жыл бұрын Ақтауда туғанына 60 жыл толуына арналған салтанатты жиында: «Алпысқа жеткен адам да алыстан келе жатқан жолаушы ғой. Жол үстінде талай қуанып, талай құлазиды екен. Сондайда бала – шағасының тілегіне қосып, сенің тілегіңді де тілесе отыратын ақ пейіл ата қауымның барлығы – Құдайдан кейінгі қуатың екен. Бұны мен ешқашан естен шығармақ емеспін. Тұрғанда тәубама, жатқанда кәлимаға қосып келемін. Шырғалаң ғасырды да таусып келеміз. Пікір ете білсек, талай шыңырауға бойлаппыз. Шүкір ете білсек, талай шыңға өрмелеппіз. Жарығы таусылмаған жанға бақыттымын деп қомдану тасырлық, бақытсызбын деп мұңаю пақырлық шығар. Мен де бүгін жер ортасынан асқанда бабаларымыз айтқандай «Жаратқан ием, осы бергеніңе тәуба! десек ерсі болмас. Бұл үшін әуелі Тәңірге, сосын ел – халқыма қарыздармын» дегені барды.

Әбіш Кекілбайұлының өмірбаяны. Ақтілек, Нұржан, Жанар

Қасиетті Маңғыстаудың әрбір тасы тарихи шежіреге толы. Енді осы Маңғыстаудың ой-қырын кім зерттейді, ән-жырын кім жазады деп жүргенде, Мырзайырдың топырағынан Әбіш атты алып кемеңгер, ойшыл, дана, қарапайым сөзбен айтқанда, осы бір ғажайып өлкенің қыр-сырын ашушы, яғни, өзгелерге туған өлкесін таныстырушы бір ұл дүниеге келген еді. Бүгінде есімін шартарап танып қана қоймай, ұлы алаштағы ұлылықты әлемге паш етіп жүрген жандардың бірі, ХХ ғасырдың қазақ халқына берген үлкен сыйының бірі- Әбіш Кекілбайұлы. Өзінің жалын жырына қосып, мақтан тұтатын:

Шытыра аппақ шыңдары,

Шыр айнала қоршаған.

Бытыра сусыл құмдары,

Бұлтия шөккен ортадан.

Мырзайыр деген жер бар-ды,

Мен үшін жердің кіндігі- дегендей 1939 жылы 6 желтоқсанда Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданына қарасты Мырзайыр құдығының басында қарапайым домбырашы отбасында дүниеге келіпті.

Нұржан: Арғы аталары туралы ел ішінде жағымды аңыздар мен әңгімелер бар. Жазушының әкесі Кекілбай ақсақал әдемі қоңыр дауысы бар, ақ жарқын, жылы жүзді, күйді нақышына келтіре ойнайтын кісі болған.

Әкесі 1941 жылы соғысқа аттанып, сол кеткеннен оралмады. Анасы Айсәуле Таушықтағы көмір шахтасында жұмыс жасаған.кейін совхозда мал бағып, пішен шауып, құрылыс салып, сонымен бірге колхоздағы науқандық жұмыстарға белсене араласқан,1963 жылы баласы Алматыға көшіріп алып кеткенше ауыр еңбек жолын бастан кешірген, өте қайратты, өте намысқой адам болған.

Жанар: Балдай тәтті балалық шағын жоқшылықпен, 1941-1945жылғы Отан соғысына кеткен әкесін күтумен өткізді. Қатал тағдыр бала Әбіштің бұғанасын қатайтып, ерте есейтті. Бала кезінен өте зерек болған, мектепте оқып жүргеннен бастап баспасөз беттеріне бірнеше ауыл өміріне байланысты мақалалар, шағын хабарламалар жіберіп тұрған. Жас кезінен қазақ даласының ұлан-ғайыр тарихын жадына сақтай жүріп, бүгінде, ұлы суреткерге, көрнекті қаламгерге, ойшыл кеменгерге, қоғам және мемлекет қайраткеріне, халық жазушысына айналды.

«Ғұлама тұлға, ғибратты ғұмыр»

Сүндет: Әбіш аға – ең алдымен сөз зергері, қаламгер. Оның қаламгерлігі туралы қазақ әдебиетінің алып бәйтерегі Мұхтар Әуезовтен бастап, талайлар орынды бағасын бергені белгілі. Жұмекен Нажмеденов айтқандай, Әбіш «екі кеме емес, үш кеменің» басын ұстаған қаламгер.

: Сонау соғыс жылдарының сұрапылы мен ауыртпалығын арқалаған жас буынға қазақ әдебиетінің көшін тіктеп, кемеріне келтіріп, әлем әдебиетінен лайықты орын алу миссиясы бұйырды. Бұл аманатты адал атқарған сол буынның басында тұрған бір кездегі бала Әбішті қазіргі қазақ әдебиетінің бұйда ұстар көш басшысы, көрнекті тұлғасы һәм ақсақалы деп білетін кез келді. Біз бұл тұжырыммен әдеттегідей тайталасып жатқан күннің өзінде, оны әлемдік әдеби орта дәл осылай мойындап, әлдеқашан бекітіп қойған. Дүниежүзілік 100 ойшыл – қаламгерлердің қатарында Әбіш Кекілбайұлы есімінің тұрғандығы осыған дәлел.

«Әбіш Кекілбайұлы – күрескер тұлға!»

Айдана: Нағыз жазушы – тек қалам тартқан сөз шебері емес, ол өз халқының бақыты жолында әр шығармасы арқылы майданға түсетін күрескер!

Сократ, Платон, Диоген, Байрон, Шелли, Сырым, Махамбет, Абай, Ахмет, Мұхтар…. Елінің азаттығы жолындағы майданның дәл ортасынан табылған есімдердің тізімін шексіз жалғай беруге болады. Бұл тізімге Әбіш Кекілбайұлының да атын бүгінгі тарих батыл жаза алады. Оның өлген мұраларымызды тірілтіп, өшкен шырақтарымызды қайта жаққан қайраткерлігін былай қойғанда, қазақ қоғамындағы аса күрделі сәттерде жанын шүберекке түйіп, әділет үшін тәуекелге барған тұстарын қалайша бүгіп қалмақпыз?!

Нұрдаулет: Жазушы Әбіш Кекілбайұлының қаламынан туындаған шығармалар әдебиетіміздің ортақ игілігі болса оның мемлекеттік қызметтегі, жалпы қоғамдағы әр іс — әрекеті – халықтың ортақ игілігіне айналып отырғаны шындық.

Шығармашылық адамының мемлекет басқару ісіне, билікке араласуы төтенше құбылыс емес. Аристотель, Сенека, Макиавелли, Науаи, Ұлықбек, Гете, Абай, Байтұрсынов, Сейфуллин…. Бұлардың бәрі де заманында биліктің тізгінін қаламмен қатар ұстап, атқа мінген кісілер. Ізгілікті ұйымдастырушылық іскерлікпен, сезімталдықты саяси алғырлықпен ұштастыра білген қазіргі заманғы қайраткерлердің пірі Әбіш аға қазақ мемлекеті шаңырақ көтерген шақта аса жауапты биіктерден көрінді. Парламент жұмысына жетекшілік етті, Мемлекеттік хатшы, Президент Кеңесшісі, Парламент Депутаты болды.

Райхан: Азаттықтың арайында, тәй – тәй басқан Тәуелсіздіктің әр қадамына сүйсінетін елдің тізгінін қолына алған Елбасына тірек болатын азаматтар қажет еді. Конфуций, Вольтер, Тоныкөк, Қорқыт, Асанқайғы, Жиембет, Бұқар секілді, хан алдында халыққа жаны ашып, халық алдында ханға жаны ашып сөйлейтін кеңес иесі болу да Әбіш Кекілбайұлының еншісіне жазылды.

Назгүл:

Мәңгілік өмірді аңсаған – Қорқыт…, ажалдың алдын алған – Қожа Ахмет Яссауи .., Жерұйықты іздеген – Асанқайғы .., халқының кемелдігін аңсаған – Абай .., Тәуелсіздік жолында дүниені тәрк еткен Алаш арыстары, елін әлемдік өркениетке жетелеген Мұхтар Әуезов .., әдебиетпен әлемге әділет тілеген — Әбіш! Барлығы да АДАМДЫҚТЫҢ АБЗАЛ МҰРАТТАРЫНА АДАЛ ҚЫЗМЕТ ЕТУШІЛЕР!

Нұрсұлтан.

… Евразияның ең терең жері… Күллі планетаның Өлі теңізден кейінгі ең терең екінші кіндігі… Мұхит деңгейінен 132 метр төмен жатқан атақты Қарақия ойпаты… Сірә, Әбіш Кекілбайұлына біткен тереңдіктің табиғаттағы символы осы болар. Бір кездегі палеомұхит – Тетис, кейін Хазар, бүгінгі Қазақстан үшін алапат экономикалық мүмкіндіктер айдынына айналған – Каспий теңізі… Бәлкім Әбіш ағаға біткен шалқар шабыт, толағай талант – осы теңіздің жойқын толқындарына тартқаннан болар.

Мерей: 1992 жыл. Әбіш ол кезде Жоғарғы Кеңестің Мәдениет, тарихи ескерткіштерді қорғау жөніндегі комитеттің төрағасы. Комитеттің көшпелі мәжілісі өтті. Комитет мәжілісіне 50 – 60 адам, ғалымдар, өнер, мәдениет қайраткерлері қатынасты. Аңыз бен ақиқатқа толы Маңғыстаудың Үстірті мен Ойпаңында бір жұма жер аралап жүріп, Әбіштің лекцияларын тыңдадық. Бұл – теңдесі жоқ тарих, ел тану, жер танудың ғажап сабақтары болды. Әбекең төгілді. Ғұлама ғалым, Маңғыстауды аз білмейтін академик, марқұм Зейнолла Қабдолов риза болғанын «Мен Әбішті оқыттым деп айтуға бата алмай тұрмын, ойпырмай, бұл не деген білім?!, — деп таңғалғанын жасыра алмады.

Мырзатай Жолдасбеков «Маңғыстауда ежелден 362 әулие бар еді, 363 – ші әулие Әбіш Кекілбаев шығар», — деді. Ол сөздер Әбіштің біліміне риза болғандықтан айтылған сөздер. Гүлнәр:

Маңғыстау білсең кешегі,

Әулиелердің төсегі.

Кекілбайұлы Әбішің,

Қазақтың асқан шешені.

Атадан асыл ұл туса,

Белгісі бақыт деседі,-деп, жерлес ақын С.Назарбекұлы айтқандай, киелі топырақта қанат қаққан халқының біртуар перзенті көптеген шығармаларды дүниеге әкелді.Абай атындағы Мемлекеттік сыйлығының иегері, «Әлемнің танымал 100 адамы» атағына

ие.Түркі әлемінің дамуына, басының бірігіп, беделінің артуына айтарлықтай ат салысқан ұлт ұлдарының арасында Ә.Кекілбайұлының да еңбегі ерекше. (Слаидпен түсіндіру)

Әбіш-түркі дүниесі дүлдүлдерінің бірі ғана емес, дарабозы, данагөйі.

«Абылай хан»драмасынан үзінді, Назерке менАрайлым

Қыспақты көп көрген қазақпыз

Көрсек те көнбедік-ғажаппыз.

Ен дала еркіндік перзенті

Әуелден бостанбыз, азатпыз.

Бостанбыз, азатпыз әу бастан

Өжетпіз,өткірміз алмастан,

Бермейміз жатқа дес, жауға есе,

Жайрайды жағаға жармасқан.

Арайлым:

Ежелден өрбіткен бір негіз,

Жұп жазып көрмеген іргеміз.

Емшектес, еншілес, кіндіктес,

Бөлінбес бүтінбіз, біргеміз.

Ақ арман жүректе жүрді ұдай

Өлмей де, өшпей де, мызғымай,

Сол арман жолында жан пида,

Қазаққа жар болғай бір құдай.

Ел қазақ, еркін бас, алға бар,

Садаға арға-жан, жанға мал,

Ар менен азаттық жолында

Бола гөр, алла жар, алла жар!

Гүлнар:

Ұрпақтарды тамсантқан сымбат, нәрі,

Ғұмырыңыз тірліктің түрлі ақпары.

Тәуелсіз ел төрінде жарқыраған,

Бұл ғасырдың өзіңіз бір мақтаны.

Бақыт кейде десек те азапты нұр,

Өмір сізге сыйлапты ғажап ғұмыр.

Қаламменен біліммен, парасатпен,

Көтердіңіз қазақты биікке бір.

Жылытса жүректерді жан шуағы,

Біліммен көңіл кірі аршылады.

Нұр шашсын деп әлемге сыйға тартқан

Сияқтысыз Маңғыстау шамшырағы!

Арайлым:

Тұғырлы ұлы тұлға Әбіш аға тамырын тереңге жайған алып бәйтерек. Ұлы тұлғаның еңбектері сан мыңдаған жылдар бойы ұлтымызға, мәдениетімізге ұлттық рухани азық болады.

Бүгінгі Ә.Кекілбаевқа арнарған ашық тәрбие сағатымызды аяқтаймыз.

Осыған ұқсас жазбалар:

Іс-шара мәліметтері«Туған топырақтың тума таланттары» атты әдеби - поэзиялық кеш

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1150743

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар