Ата–аналар жиналысының дәстүрлі емес түрін өткізудегі өзін-өзі тану пәнінің маңызы

26 желтоқсан 2014 - Админ

Альхан Анар, бастауыш класс мұғалімі,

№ 68 мектеп-интернат-балабақша кешені,

Қарағанды қаласы

Мақсаты: Әр отбасының бала тәрбиесіне белсене қатысуының маңызын арттыру. Баланың мейірімді сыпайы әдеттерді бойына сіңіріп өсу жолдарын ата-аналармен бірлесе қарастыру.

Мектептегі тәрбие жұмысының нәтижелігінің бір ұшы ата-аналармен, мектептің бірлескен әрекетінде екені еш уақытта күмән туғызбайды. Мектеп пен отбасының ынтымақтастығын жүзеге асыруда сынып жетекшісі негізгі рөл атқарады.

Мұғалім мен ата-аналардың өзара қатынасы міндеттерінің ең негізгісі — психологиялық-педагогикалық білімдерін көтеру болып табылады.

Осы міндеттерді шешуде оқу бағдарламасын меңгертуде түрлі тиімді әдістер мен технологияларды пайдаланғаны сияқты, ата-аналарға көмек ретінде «Өзін-өзі тану» пәнінің формаларын пайдалана отырып ата-аналар жиналысының дәстүрлі емес түрін өткізгенде интерактивті тақтаны, яғни ақпараттық технологияны пайдалану ата-ана қызығушылығын арттырып қана қоймай, жеке танып- білуге, байланысты нығайтуға қосар үлесі зор.

Осындай формада мектеп психологымен бірлесіп өткізілген ата-аналар жиналысының үлгісін сіздермен өткізсек.

Сіздерді ортаға шаттық шеңберіне шақырамын.

1. Шаттық шеңбері:

Дөңгеленіп тұрайық
Керегені құрайық.
Уықтар боп иіліп,
Шаңыраққа киіліп
Киіз үйді құрайық.

Міне сіздермен біз үлкен киіз үйді құрдық. Осы киіз үй сияқты біздің мектебіміздің қабырғалары мықты болып, шаңырағы биік болсын дегім келеді.

Танысу: Бір шаңырақ иесі ретінде бір-бірімізбен жақынырақ танысайық. Мына үлгі бойынша: өз есіміңіздің алдына сын есім қосып айтасыз. Мысалы: мен сымбатты Сайрангүлмін. Ал, мен ақкөңіл Анармын… Олай болса барлығымыз орнымызға жайғасайық.

2. Өзіңді-өзің танысаң — істің басы

Жақсы немесе жаман қасиеттер тренинг — Абай атамыздың «Сегіз батыр» деп басталатын жұмбағы еске түседі.

Алла мықты жаратқан сегіз батыр,
Баяғыдан соғысып әлі жатыр
Кезек-кезек жығылып, жатып тұрып
Кім жеңері белгісіз түбінде ақыр.

Міне, осы жұмбақтың жауабы сегіз батырдың біріншісі «жақсылық» болса, екіншісі «жамандық» екен. Кез келген адамнан ол екеуін табу үшін айнадағы бейнемізге қарап ойланамыз. Ал, енді сіздер берілген парақтың оң жағына жақсы, сол жағына жаман қасиеттеріңізді жазасыздар. 3 мин

  1. Қандай қасиеттерді көп жаздыңыздар?
  2. Қайсысынан өзіңізді көбірек таптыңыз?
  3. Осыған дейін осы қасиеттер жайлы ойланып көрдіңіз бе?

(Барлығы жазған қасиеттерін оқып шығады) Жаман қасиеттеріңізден арылғыларыңыз келе ме? Ендеше жаман қасиеттеріңізді бөліп жыртып алып «менің бойымнан осы жаман қасиеттер мәңгіге жоғалсын» — деп айтып ұсақтап жыртып тастаймыз.

Сіздің бойыңыздағы қасиеттер сәйкес келе ме, жоқ па анықтау мақсатында шағын психологиялық тест жүргізіп көрейік. (ауызша тест)

Қорытынды: Бала ата-ананың айнасы-демекші, баламыздың бойына өз бойымыздағы жақсы қасиеттерді сіңіре білейік.

3. Ой қозғау:

Ата-аналар 4-топқа бөлінеді. Бала тәрбиесі жөнінде сұрақтар қойылады. Сол жағдаяттан шығу жолдарын тірек-сызба, сурет арқылы қорғап шығады.

  1. Бала жақсы білімді болу үшін ата-аналардың міндеті қандай болу керек?
  2. Баланың оқу үлгеріміне отбасының қарым — қатынасы әсерін тигізе ме?
  3. Сіз жұмыстан ашулы келдіңіз, балаңыз компьютер алдында отыр, үйдің іші жиналмаған, тамақ істелмеген, сіздің айтып кеткен тапсырмаңыз орындалмаған сіздің әрекетіңіз?
  4. Тоқсандық қорытынды бойынша сіздің балаңыз бір сабақтан үшке кетті делік. Сіздің іс-әрекетіңіз?

4. Аялы алақан (тренинг):

Мақсаты: Ата—ананың баласына қаншалықты мейірім, уақыт бөлетінін анықтау, әр кезде уақыт тауып, мейірімділік көрсетуге баулу.

10 ата-ананы балаларымен ортаға шақырамыз. (Ата — аналардың көздері байлаулы өз баласын қолынан танып алу керек)

  1. Балаңызды қалай таныдыңыз?
  2. Балаңызды тани алмаймын —ау деген қорқыныш болды ма?
  3. Балаңызды тани алмаған кезде қандай сезімде болдыңыз?
  4. Балаңызды қолынан ұстап танитыныңызға сенімді болдыңыз ба?

Аялы алақанға байланысты мен бір өсиет әңгімеге тоқталғым келеді.

Өсиет әңгіме. Жағдайлы бір отбасы баласын ешкімнен кем өсіргісі келмей барлық жағдайын жасайды. Қазіргі заманның озық технологиясымен жасалынған ойыншықтар, компьютер, тіптен қымбат телефонды да алып береді. Бірақ баласы осының бәріне қанағаттанбай, күнде ата-анасының жұмысқа кетпеуін өтінеді. Ата-анасы жұмысқа бармаса болмайтынын, ақша табатынын баласына түсіндіреді. Ал, баласы осы сәтте ата-анасының күніне қанша ақша табатынын сұрап біледі.

Бала сол күннен бастап ата-анасының өзіне тастап кетіп жүрген ақшасын жұмсамай жинай бастайды. Жинаған ақшасы ата-анасының бір күндік табысына жеткен күні бала ата-анасына өтініш жасайды.

— Әке, ана! Бүгін жұмысқа бармай бір күндеріңізді маған қиыңыздаршы.

Бір күнгі табыстарыңызды мен төлейін депті. (қалай ойлайсыздар бала неге өтінді?) Міне, ата-ананың аялы алақанының әсері балаға күн сәулесімен бірдей, мұны басқа ешбір нәрсе ауыстыру мүмкін емес.

5. Байлаулы бала (тренинг):

Бір ата-ана ортаға шығады. Төмендегідей сұрақтар қойылады.

  1. Сіз балаңызбен көл жағасына бардыңыз. Балаңыз суға қызыққаны соншалық суға қарай жүгіріп кетті. Сіз қалай тоқтатасыз? (аяғы байланады)
  2. Қарасаңыз балаңыз адамдардың тастап кеткен темекінің тұқылын жинап алып, сонымен ойнап отыр. Сіздің әрекетіңіз? (қолы байланады)
  3. Жұмыстан шаршап келсеңіз бала теледидардан атыс-шабыс, бір сөзбен айтқанда өз деңгейіне келмейтін кино көріп отыр. Сіздің әрекетіңіз? (көзі байланады)
  4. Балаңыз сізге басқа ұлттың қызын ұнатты. Бірақ сіздің қалауыңыз ол емес еді. Сіздің әрекетіңіз? (кеудесі байланады)
  5. Балаңыз досымен келіспей қалды да, жаман сөздермен сыбағасын берді. Сіздің айтар сөзіңіз? (аузы байланады)

Міне, баламыз қандай күйге түсті, құрметті ата-ана. Мұндай күйге түспес үшін баламызға неге болмайтынын, «өйткені» сөзін қолдана отырып түсіндіруіміз керек. Сонда ғана сіз бала тәрбиесінде мақсатыңызға жете аласыз.

Слайд көрсету (ата-анаға кеңес). Слайдқа назар аударыңыздар.

Жүректен жүрекке: Құрметті ата-аналар! Енді осы балапандарымызға жүрегімізден шыққан жылы сөздеріңізбен, тілектеріңізді қағазға (жапырақ) жазып ағашты көркейтейік.

Жүректен шыққан тілектеріңіз әрдайым жер бетіндегі балаларды қолдап желеп-жебеп жүрсін дегім келеді.

Ризамын әні.

Осыған ұқсас жазбалар:

Күнтізбелік жоспарӨзін өзі тану пәнінен күнтізбелік тақырыптық жоспар

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110063

Пікірлер (1)
гуля # 23 қазан 2015 в 13:49 0
Жақсы екен

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар