Табиғатқа қамқорлық

2 қыркүйек 2016 - Назгуль Абишева

Тақырып: Табиғатқа қамқорлық
Құндылық: Қиянат жасамау      

 Қасиеттер: сүйіспеншілік, қамқорлық

Сабақ мақсаты:
Оқушыларды табиғатқа қиянат жасамау, қамқорлыққа алуды ұғындыру
Міндеттері:
 Оқушыларға табиғатқа қиянат жасамау керек  екендігін түсіндіру
 Оқушылардың бойында табиғатқа деген сүйіспеншілігін дамыту.
 Оқушыларды айнала қоршаған ортаға зиян келтірмеуге тәрбиелеу.
 

Ресурстар (Материалдар, дерек көздер)

Дәптер,қалам, диск, Белсенді тақта

Сабақ барысы:
1. Ұйымдастыру кезеңi.
Оқушылардың құрал жабдықтарын түгендеу
Тыныштық сәтi: «Орманға серуен»
— Арқаңызды тік ұстап отырыңыз. Көзіңізді жұмып, терең тыныс алыңыз. Әрбір тыныс алған сайын неғұрлым көбірек босаңсып, сабырлы болуға тырысыңыз. Қазір біз орманға серуенге шығамыз. Өзіңіздің сынып есігіне қарай беттеп, есікті ашқаныңызды, дәлізбен өтіп, далаға шыққаныңызды елестетіңіз. Таза ауаны жұтып, шашыңызды желбіреткен желді және бетіңізді сәл-пәл қыздырған күн сәулесін сезініңіз. Орманға қарай жүре бастаңыз. Келе жатқанда абай болыңыз, жәндіктерді басып кетпеңіз. Бір минут тоқтап айналаға көз салыңыз. Табиғаттың әсемдігі мен балғындығын сезініңіз. Гүлдердің біріне жақындап, еңкейіп, оның нәзіктігі мен жұқалығына зейін салыңыз. Оны иіскеңіз және хош иісін жұтыңыз. Айналадағы бар нәрсені бақылап, ары қарай жүре беріңіз. Гүлдер, гүлдер мен ағаштардың иісі, құстардың дауысы және жәндіктердің ызыңы. Орманға ендей түсіңіз, қараңызшы, ағаштар биіктей әрі қалыңдай түсті. Жарық пен көлеңкенің ойынын қызықтаңыз, жапырақтардың сыбдырын тыңдаңыз. Біз өзімізді орманда бақытты әрі қауіпсіз сезінеміз. Алаңқайға шығып, осында бірнеше минут демалыңыз. Түбіне барып отырғыңыз келетін ағашты таңдаңыз. Ағашқа жақындаңыз да оны діңінен құшақтаңыз. Оның қуаттылығын сезініңіз, ондағы өмір қуатын сезінуге және ұғынуға тырысыңыз. Енді оның діңіне арқаңызды сүйеп отырыңыз. Көзіңізді жұмыңыз, терең тыныс алыңыз және қоршаған айналаның жым-жырт тыныштығына көңіл бөліңіз. (Осы жерде мұғалім 1-2 минут үзіліс жасауына болады).
Бізге қалайша жеңіл әрі тыныш және бақытты сезіну қандай. Табиғат неткен ғажап, оны қалайша сүйетінімізді бен қадірлейтінімізді, бірде бір тірі жәндікке зиян тигізбес үшін қамқорлық жасауды түсінеміз. Сіздің өз ағашыңыз бар екенін және кез келген уақытта оған келе алатыныңызды есте ұстаңыз. Ал қазір мектепке қайтуға дайындалыңыз. Орныңыздан тұрып, айналаға тағы бір көз қырын салыңыз. Келген жолыңызбен кері қайтыңыз, жолыңыздағы жәндіктерді басып кетпеңіз. Міне, мектептің алдына да келдік. Айналаңызға тағы бір қараңыз, таза ауаны терең жұтыңыз, есікті ашып, өз орныңызға қайтып келіңіз. Осы жым-жырттық, тыныштық, қанағат сезімін өзіңізде сақтаңыз. Көзіңізді ашып, күлімсіреңіз.

Жұмбақтар

Қар еріп, қыр көгерді,

Қыс қиқуы көбейді.

Жерге дән сеуіп,

Қорадан жас төл өрді.

(көктем)

Дала тегіс сарғайды,

Шаруа қысқа қамданды.

Күн қысқара бастады,

Тауға тұңғыш қар жауды.

(күз)

Күн ысып, су жылынып,

Егін басын тұр иіп.

Жеміс тердік бақшадан,

Жеңімізді түрініп.

(жаз)

Сұлық жатыр ақ дала,

Сирек жортқан аң ғана.

Көтеріп бір аяғын,

Қаздарым тұр аулада.

(қыс)

3. Дәйексөз.
«Табиғатсыз адамдардың күні жоқ, оны айтуға табиғаттың тілі жоқ».
Р.Сәтімбеков

  1.Дәйексөзді оқыту.
2.- Дәйексөздің мағынасын қалай түсінеcіңдер?
3. Дәйексөзді дәптерге жаздыру
4. Мұғалім сыйлығы. Әңгiмелеу.
Үзілген гүл
Кеңес Оразбекұлы
Бүгін Жамал апай табиғат туралы, оның адамзат үшін маңызы жөнінде әңгімелеген.
Гүлмінез сабақтан келе салысымен, асханадан пышақ пен шыны ыдыс алып, үй сыртындағы қыратқа шығып кетті.
Біраздан кейін жүзі гүл-гүл жайнап, қайтып оралды. Қолындағы шыны ыдысқа қырдың ақ гүлдерін толтырып жинаған еді. Оларды бақша ішіндегі гүл егетін алаңға отырғыза бастады.
Осы кезде үйден шешесі шықты. Қызын бақша ішінде көрдіде, жанына келді.
-Қарашы, апа. Мына әдемі бәйшешектерді адырдан қазып алдым. Біздің Жамал апай айтты: «Табиғатты қорғау керек» деп...
-Сен оларды қорғаудың орнына, өсіп тұрған жерінен үзіп әкелдің ғой.
-Иә, міне, қарасайшы, тамырлары бар. Қайтадан отырғызып жатырмын. Мен бұларға күнде су құйып күтетін болам. Әйтпесе, далада оларға ешкім қарамайды. Жазға жетпейқурап қалатыны содан...
Шешесі мырс етіп күліп жіберді де, іле салмақты күйге ауысып:
-Сен дұрыс жасамадың, Гүлмінез,- деді. –Табиғатта не нәрсенің болса да өз орны, заңдылығы бар. Бұл бәйшешектер – көктемнің хабаршысы. Ерте гүлдейтіні де содан. Бұлар қурағанымен, орнын басқа гүлдер басады. Сонысымен де адамға қымбат. Мына гүлдер қай жерде гүлдесе, сол жерде ұрық шашып, ендігі жылы тағы өніп шығар еді. Ал сен оларды білместікпен зорлап әкелдің. Егер Жамал апайыңнан «Табиғатты қалай қорғаймыз?» деп сұрап алғаныңда, бұл іс болмас еді.
Гүлмінездің жүзі қызарып, төмен қарады. Шешесі қызының шашынан сипап:
— Бұларды енді осы орнынан қозғамай-ақ қой. Екінші рет қателік жасамауға тырыс. Жүр үйге, тамақ суып қалады, -деді.
Гүлмінез ілбіп басып шешесінің соңынан ерді. Сөйтсе де оның санасында «Табиғатты қалай қорғаймыз?» деген сауал жаңғырықтай қайталанғандай болды. Осыны келесі сабақта апайынан сұрап алуға бекінді.
Мәтін бойынша сұрақтар қою:
1. Гүлмінез неліктен бәйшешекті үзіп әкеліп, үйінің маңына отырғызды?
2. Гүлмінездің әрекетіне анасы қалай жауап берді?
3. Гүлмінездің іс- әрекеті туралы не айтуға болады?
4. Анасының «табиғаттың өз орны, заңдылығы бар»деген сөзін қалай түсіндіруге болады? Мысал келтіріңдер
5. Гүлмінездің «Табиғатты қалай қорғаймыз?» деген сұрағына қалай жауап берер едіңдер?
5. Шығармашылық жұмыс
«Туған жерімнің табиғаты » тақырыбына сурет салдыру
6. Топпен ән айту.
          Ертегілер әлемі
          Е. Елгезеков
Ғажайып түс көрдім,
Таң ата мен бүгін,
Ертегі әлемнің қызығында жүрдім,
Нұрына шомылдым бүгін.
Жұлдыз, айы көркем,
Әдемі еді неткен,
Құстары сөйлейді,
Бұлттары тербейді,
Мен оянып кеттім, әттең!
Қ/сы:
Ертегілер, ертегілер,
Неге мені ертпедіңдер,
Әлемдеріңнің ғажап күйін шертпедіңдер сендер?
Ертегілер, ертегілер,
Неге мені ертпедіңдер,
Әлемдеріңнің ғажап күйін шертпедіңдер сендер?
Гүл тердім бұлттардан,
Әр гүлде бір арман,
Таусылмайтын тәтті,
Сый  әкеліп жатты
Жан біткеннің бәрі маған.
7. Үй тапсырмасы.
 Табиғат туралы мақал-мәтелдер жазып келу
8. Сабақтың қорытынды сәті.

Тыныштық сәтi.

 

Ескертулер

Баяу ән ойнап тұрады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Р.Сәтімбеков-бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына арнап келе жатқан құрметті ұстаз, профессор, ҚР білім беру ісінің үздігі, Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері, белгілі биолог-ғалым
Слайдпен суреттері көрсетіліп тұрады

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Оқушылар аяқталған суреттерін тақтаға іледі

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1110098

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар