"Боздақтар" кітабы қалай жазылды?

12 ақпан 2015 - Нургиза Кульджина

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихы түрлі саяхатқа толған тұңғиық. Басты факторлары империалистік мемлекеттердің әлемді бөлісу саясаты болса, енді бірі Италиядан бастау алған фашисттік идеология гитлерлік Германиядан қолдау тауып әлемдік билікке ұмтылған ХХ ғасыр басында жаңа система болып танылған социализмді әлемдік аренадан жою. Бұлар жөнінде қаншама тарихи, әдеби еңбектер, саяси көзқарастар, қолбасшылардың мемуарлары, естеліктер жазылғаны әйгілі. Бұл соғыстың тарихи деректерін зерттеу әлі талай ғасырларға созылары анық. Ол тарихшылардың еншісі.

Әлем тарихында кеңес-герман соғысының орны ерекше. 1418 күнге созылған бұл соғыс кеңес халқы үшін ең ауыр, ең қатал сынның бірі болды. Кеңес халқы соғыста өз Отанының азаттығын, Қазан революциасының жеңістерін сақтап қалу үшін күресе отырып, өздерінің басына түскен зор қаупті жою мен бірге, герман фашизмінің қанауындағы Еуропа халықтарының азаттық алуына да көмек көрсетті. Сондықтан, Кеңес Одағы тарапынан бұл соғыс азаттық жолындағы әділетті соғыс болды. Осы сұрапылда ерлік пен шайқасқан бауырлас республикалар жауынгерлері қатарында көне замандарда ұлы Рим империасын құлатқан, Еуропа халықтарына жауынгер сақтармен ғұн тайпалары деп танылған Ұлы Дала перзенттерінің ХХ ғасырдағы ержүрек ұрпақтары қазақстандық ұландардың ерлігі ерекше. Бұған тарих куә. Ұлы Отан соғысының 1941 жылғы желтоқсан айында Москва түбінде болған сұрапыл қырғында жаудың бетін тойтарып, соғыс барысына түбегейлі бетбүрыс жасаған қазақстандық жауынгерлердің өшпес ерлігін тарихшылар баяғыда мойындаған. Осы майдангерлердің қатарында біздің Ертіс өңірінен шыққан жауынгерлердің даңққа бөлінген ерліктері Ұлы Жеңіске жетудің бұлтартпас айғағы. Қанды қырғын жылдары семейлік 44 жауынгер Кеңес Одағының Батыры атағын иеленсе, 11 жауынгер «Даңқ» ордендерімен марапатталған. Ал, осы сұрапылда қан кешкен әкелеріміздің әскери жорықтарын толығымен зерттеп, ақиқатына тоқталсақ, батырлар саны әлде қайда көп болар еді. Еліміздің Егемендігі туралы Декларациясы қабылданған соң Президентіміз Н. Назарбаев республикалық соғыс ардагерлері Кеңесінің өкілдерімен кездесу өткізді. Кеңестің басты сауалдары Ұлы Жеңістің 50 жылдығына дайындық барысында қаза тапқан және хабарсыз кеткен соғыс құрбандарын мәңгі есте қалдыру кітабын шығару болатын. Ардагерлер ұсынысы қабылданып, Елбасы нұсқауы бойынша республика көлемінде республика естелік кітабын шығару қызу қолға алынды. Осы бағытта облыс, аудан, басшылары алдына жауапты міндеттер жүктелді. Өңірімізде (бұрынғы Семей облысы) «Боздақтар» кітабын шығару редакциясы ұйымдастырылып, оның төрағалығына облыс басшысының орынбасары Н.М. Сафронов төрағалық етті. Дегенмен, кітап шығару жауапкершілігі жұмыс тобының жетекшісі Ертіс өңіріне кеңінен танымал ағартушы-журналист Өзхан Құдайбергенұлы Сағынаевқа жүктелді. Марқұм өмірінің соңғы күніне дейін осы жұмысқа басшылық етіп, өз міндетін абыроймен атқара білді. Аталған игілікті шаруаны іске асыруға барлық аудандардан құрылған жұмысшы тобының қатарында мен де еңбек еттім. Деректер жинау барысында соғыс ардагерлерінің естеліктері, аудандар мен облыс орталықтарында сақталған әскери комиссариатының архив деректері, Ұлы Отан соғысына байланысты мұражайлар құжаттары пайдаланылды. Бұл іске облыстық «Семей таңы», «Иртыш» газеттерінің және мектеп оқушыларының көмегі көп болды. Көптеген соғыс құрбандарының фотосуреттері жинақталды. Дегенмен, сұрапыл соғыстың аяқталғанына көп жыл өткендігі іздеу жұмыстарына біршама кедергі келтірді. Ол түсінікті де. Архив құжаттары тозып, көптеген жазулар оқылуы мүмкін емес жағдайға жеткен. Алғашқы деректерді жинақтап, біршама қалыпқа келтірген соң Өзхан аға маған Мәскеу облысының Подольск қаласында орналасқан КСРО Қорғаныс министрлігінің орталық архивіне (ЦАМО) іссапарға барып қайтуды тапсырды. Аталмыш архивке барғанымда байқағаным, мұнда 18 миллион әскери құжаттар жинағы (дело) сақталған екен. Әскери архивтің өзі көптеген бөлімдерден құрылған (бірқатары құпия деректер сақталған бөлімдер), Ұлы Отан соғысынан бері мұнда әскери басқолбасшы болған Г. К. Жуков көптеген көптеген Кеңес Одағының маршалдары, генералдары мен офицерлері тарихи құжаттармен жұмыс істеген ізімі көрдім. Ал, біздің қазақстандық майдангерлерден Бауыржан Момышұлы, Мәлік Ғабдуллин, Рақымжан Қошқарбаев, Қасым Қайсеновтер архивтің естелік кітаптарына өз таңбаларын қалдырыпты.

Архив деректерін жинақтау барысында түрлі әскери бөлімдердің қайтыс болған жауынгерлерді жерлеу кітаптары (Книга зархоронений войнов), әскери жорық мәліметтері, күндік, апталық, айлық хабарламалармен қосымша Семейден жасақталып майданға аттанған 238-ші және 8-ші атқыштар дивизияларының архивтік құжаттары реттеуге алынды. Бас шайқататын нәрсе, небір көзсіз ерлікке бас тіккен жерлес майдангерлердің қаһармандығы қағаз бетіне айқын жазылғанымен, марапаттау кезінде ескерусіз қалып қойыпты. Өкініш сезімі намысыңды қозғайды екен. Олай болмаған күнде біздің батырларымыздың қатары әлденеше есеге артары сөзсіз екенін байқадым.

Ал марапаттау бөлімінде (отдел наград) жерлес жауынгерлердің аты-жөндері дұрыс жазылмаған немесе қателіктен қайтыс болғандар тізіміне ілініп кеткен, түрлі себептермен есін таппай қалған орден, медальдар қаншама!? Оны анықтаумен тікелей шұғылданатын адамдар жоқтың қасы сияқты. Тіпті кейінгі кезге дейін «Хабарсыз кеткен» деген дерекпен жүрген ақсуаттық майдангер Алипов Ташеннің архив дерегінде Тула облысында жерленген Алиев Ташек деп қате жазылғандығын, екеуі бір кісі кендігін дәлелдеп растау үшін архив бастығына дейін баруға тура келді. Мұндай жағдайлар көп кездесті.

Подольск архивімен одан кейін де тығыз байланыс үзілген жоқ. Облыстық «Боздақтар» кітабының редакция алқасының қажырлы еңбегі арқасында бұрындары 40290 деп саналып келген соғыс құбандарының саны 44984-ке жетіп, «Боздақтар» кітабына енгеніне тәубешілік етті. Тағы бір айтатыны –бұрынғы «сом» мен ұлттық теңгеміздің ауысқан шағында қаржы жағы қолбайлау болып Санкт-Петербург орталық архивімен жұмыс жүргізе алмай қалуымыз болды. Ол жерде сақталған Ішкі істер әскерлері мен партизан қозғалыстарының, әскери-теңіз флотының архив деректері зерттеусіз қалды. Өкініштісі осы. Қаржы тапшылығының қобайлау болғанының тағы бір көрінісі – кітапты баспаға бергенде байқалды. 1993 жылдың желтоқсан айында әзірлеген құжаттарымызды алып Алматы қаласындағы Қазақ энциклопедия баспасының бас редакторы Р.Нұрғалиев ағамызға барғанымызда кітап шығаратын қаржының әлі толық шешілмегені аңғарылды. «Ұлы Абай тойының 150 жылдығына орай ең болмағанда кітаптың бірінші томын шығаруға көмек жасаңыз» — деген Өзхан ағаның өтінішіне бас редактор: «Бірінші томын сол тойдың шүйіншісіне ғана басып берейік! – деп үлкен азаматтық жасады. Сөйтіп, Абай, Абыралы, Ақсуат, Аягөз аудандарының соғыс құрбандарының деректері басылған «Боздақтар» кітабының бірінші томы жарық көрді. Кейіннен Семей қаласы және облысқа қарасты 15 ауданның соғыс құрбандарын есте қалдыруға арналған «Боздақтар» кітабы 4 том болып басылып шықты.

Өмірінің соңғы сәтіне дейін қолынан қаламы түспеген халық ағарту саласының қайраткері, республикалық Журналистер Одағының мүшесі.

Өзхан Құдайбергенұлы 1997 жылы 5 желтоқсанда дүниеден өтті. «Боздақтар» кітабының шығуына өзі басшылық еткен абзал ағаның артына қалдырған соңғы еңбегін Ұлы Жеңіске бейбіт күнде қосқан үлесі деп білеміз.

Тілекқали Салимбаев – тарихшы

Семей қаласы

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз ұйымдастырушыҰлы Отан соғысына 70 жыл

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141886

Пікірлер (1)
Əмір Баяш # 10 маусым 2016 в 22:48 0
Кешіріңіз. Сізбен қалай хабарласу болады? Қояйын бірқатар сұрақтары бар еді. 87053939990 осы нөмірге жауабын жазуыңыз өтінемін. Рахмет.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар