"Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері мен ізбасарлары" ғылыми жұмыс

10 сәуір 2014 - Амина Сидоллаевна

Мазмұны

Кіріспе ............................................................................................................3-4

І. Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері мен ізбасарлары ......................5-17

1.1. Ыбырай Алтынсариннің мұғалім-достары… 5-7

1.2. Ыбырай Алтынсариннің мұғалімдер мектебінің алғашқы түлектері..7-10

1.3. Ыбырай Алтынсариннің мұғалім — ізбасарлары ..................................10-12

1.4.Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері мен жолын қууышылар ............12-14

1.5. Ыбырай Алтынсариннің ақын-ізбасарлары..........................................14-16

ІІ.Қорытынды ..............................................................................................17

ІІІ. Қолданылған әдебиеттер тізімі ..............................................................18

ІV. Қосымша ..................................................................................................19

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ

Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Ыбырай Алтынсарин қазақтың ағартушылық тарихында және ұлттық мектебінің қалыптасуында терең із қалдырды. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.

Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Ыбырай жасаған окулық ең алдымен, орыстың қала берді Еуропа оқымыстыларының педагогикалық көзқарастары мен оқыту, тәрбиелеу әдіс — тәсілдеріне негізделіп жасалды, бірақ ұстаз оларды талғам-талдаусыз, сол күйінше ала салған жоқ керісінше, оған енетін материалдарды қазақ балаларының түсінік -танымына сәйкес етіп алды, өзі де осы талапқа орай әңгіме, өлеңдер жазып қарастырған хрестоматиясына қосты. Сөйтіп, ұлы ағартушы — ұстаз халқымызды білім бұлағынан сусындатып, өзге мәдениетті елдердің қатарына қосуға бойыңдағы бар күш-қуатын, білімін сарқа жұмсады. Бұл бағытта тыңнан жол салып, соған бүкіл саналы өмірін арнады. Ыбырай ауыл шаруашылық, қолөнер мектептерін ұйымдастырады. Ол қазақ жерінде алғаш қыздар мектебін ашқан.

Жұмыстың өзектілігі: Ыбырай Алтынсарин – ғасырлар өтсе де, заман өзгерсе де өзі өмір сүрген заманы мен өмірінде қазақ балаларына “Кел, балалар, оқылық” деп жар салудан тынбаған, сол арқылы қазақ балаларының надандық қамытын киюіне жол бермеген бірден-бір тұлға болып қала бермек. Оның қызметінің басты саласы – бала оқыту, ұстаздық екенін ұмытпау біз үшін міндет.

Мен Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернаттың 6 «В» сынып оқушысымын. Мектепті Ыбырай атаның өзі 1889 жылы ашқан. 1960 жылдан бастап мектепке ұлы ағартушының есімі берілді.  Осы мектепкте оқығаннан кейін менің  Ыбырай атаның ісін жалғастырушы шәкірттері мен жолын қууышы ізбасарлары жайлы танысам, білгім келеді деген қызығушылығым оянды. Осыны мен жадымда сақтап, алдыма мынадай максат қойып, жұмысымды жаздым.

Жұмыстың мақсаты:Халқын қалтқысыз сүйген, сол кездегі аянышты халіне күйінген, болашағына зор үміт артқан Ыбырай Алтынсариннің мұғаллім – достары, ақын және  мұғалім ізбасарлары туралы  шолу жасау және қазіргі уақыттағы қазақ жастары үшін Ыбырай Алтынсарин қалдырған ұстаздық ісінің, өсиетінің өзекті болып табылатынын көрсету.

Жұмыстың міндеттері. Қойылған мақсаттан шыға отырып, келесідей міндеттер қойылды және шешілді:

ØЫбырай Алтынсариннің шәкірттері мен ізбасарлары туралы білу;

ØАқын – ізбасарларын анықтау;

ØМұғалім достары мен мұғалім — ізбасарларын зерттеу;

Øқазіргі уақыттағы рөлін мен маңыздылығын көрсету.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

І. Ыбырай Алтынсариннің шәкірттері мен ізбасарлары

Қазақ жастары үшін арнайы оқытушылар мектебін ашу ісіне де Ыбырай Алтынсарин зор көңіл бөліп, көп мән берді. Талмай іздену, тиісті орындарға жалықпай өтініш жасаудың, сондай-ақ оқытушылар мектебінің елді мекендердегі ағарту ісі үшін айрықша қажет екендігін шебер дәлелдеудің нәтижесінде ол  1881 жылы Орск қаласынан қазақтың тұңғыш оқытушылар мектебін ашты. Бұл мектепке артқан үмітін және оның қоғамдық өмірі үшін маңызын Ыбырай өз сөзімен былайша сипаттайды: «Оқытушылар мектебі біздің оқушыларымыздың барып түсетін мектебі еді, бұлар сонда белгілі бір білім алып қазақ халқының тұрмысына, шынында да, пайдалы болған болар еді. Қазақ халқының ақыл-ойы мен экономикасының дами беруіне көмектесе алатын адамдар болар ед». Қазақ қоғамы жағдайында бірден үлкен оқу орнын жасаудың бүкіл қиындығын жақсы түсінген Ыбырай осы жалғыз оқытушылар мектебі мен уездік, болыстық мектептер арқылы қазақ арасындағы оқу-ағарту ісін алғашқы кезде дұрыс жолға қоюға болады, келешекте не істеудің керектігін уақыттың өзі көрсетеді деп санады.

 

1.1.        Ыбырай Алтынсариннің мұғалім-достары

Соколов Федор Демьянович Ыбырай Алтынсарин мектебінің ұстазы болған. Ол Ы.Алтынсаринмен 1886-1889 жылдары жиі хат жазысып тұрған. Алтынсарин Қазан мұғалімдер семинариясын  бітірген Ф.Соколовты мектепте жұмыс істеуге шақырды. 1886 жылы Ырғыз училищесінің меңгерушісі болды. 1887-1892 жылдары Қостанайдағы екі кластық орыс-қазақ училищесінің меңгерушісі қызметін атқарған. Ыбырай Алтынсарин қайтыс болғаннан кейін Орынбор округтік оқу попечителі Д.С.Михайлов Торғай мектептерінің инспекторы міндетін уақытша атқаруды Ф.Д.Соколовқа тапсырды да, қазақтың ұлы педагогы Ы.Алтынсариннің орнын жоқтатпайтын білімді де ұстамды адам іздестіре бастады. Кейін 1889 жылдың 10 желтоқсанында инспекторлық жұмысты А.В.Васильевке тапсырды.

Аяулы ұстаз көзін жұмғаннан кейін қазақ даласына шапағатын шашып, қоңырауларды сыңғырлап 14 мектебі қалды.  Ыбыкеңнен кейін Александр Васильевич Васильев 1889 жылдың қысынан бастап инспекторлық қызметке кірісті. 1890 жылдың ішінде екі ай бойы төрт уездегі мектептердің жағдайымен танысып, Алтынсариннің ісін жалғастырды. 1891 жылдың аяғына дейін ол Қостанай өңірінде 16, Торғай уезінде 5, Ақтөбе, Ырғыз уездерінде 14 ауылдық мектептер ашты.

1894-1902 жылдары аралығында инспектор болып Александр Ефимович Алекторов жұмыс істеді. Ол инспекторлық кезінде ауылдық мектептердің мұғалімдерін даярлау үшін Қостанай училищесінің жанынан екі жылдық  педагогикалық курс ұйымдастырады. 1898 жылы Арал теңізі жағасында – Нұрғыз уезі, Толағай болысының  № 4 ауылында тұңғыш мектеп ашып, өзі үлгілі сабақ өткізіп, кейін мұғалімдікке белгілі журналист – ағартушы Мұхамеджан Сералинді тағайындайды. Александр Ефимович қазақ мектептерінде пайдаланатын оқулықтар жазды. Алекторовтың сол кездегі Торғай облысының тарихи-экономикалық хал-ахуалы, оқу-ғарту, мәдени және географиялық жағдайлары туралы еңбектерінің маңызы жоғары. Мысалы, «Указатель книг, жуналов и газетных статей и заметок о киргизах» деген энциклопедиялық еңбегі – халқымыздың тарихын зерттеушілерге үлкен көмекші құрал.

Ыбырай Алтынсариннің өмір бойы риза болған мұғалімдерінің бірі А.А.Мозохин еді. Ол Қзан ооқытушылар семинариясының түлегі, 1881 жылы Бөрте болысында ашылған 2 сыныптық орыс-қазақ училищесінің алғашқы директоры болды. 1884 жылы білім ордасы Ақтөбеге көшірілді. Арсений Мозохин училищені 1881-1886 жылдары басқарып, кейін діни қызметке ауысты.

1903 жылдың мауысымынан бастап Торғай облыстық халық училищелер дирекциясы құрылып, оның бірінші басшысы болып Михаил Петрович Ронгинский тағайындалды. Ол оқу-тәрбие және әдістемелік жұмысты жақсарта түсуге бағытталған көптеген ұйымдастыру жұмыстарын жүргізді, оқытушылардың тәжірибе және пікір алмасуына мүмкіндіктер туғызды. 1905 жылы тұңғыш облыстық әдістемелік конференция өткізді, ауылдық мектеп мұғалімдері үшін ашық сабақ ұйымдастырды. Сол жылы «Букварь для казахских аульных школ» деп аталатын оқулық жазып, баспадан шығарды. Оны жазуға, материалдар жинауға қазақтың педагогы Ғ.Балғымбаев көмектесті.

 

1.2. Ыбырай Алтынсариннің мұғалімдер мектебінің алғашқы түлектері

1886  жылы Орск мұғалімдер мектебін он адам бітіріп шықты – олар түгелдей Торғай облысынан еді. Төрт оқушы Е.Оразбаев, А.Құрманбаев, У.Измаилов, Б.Сарабатыров Красноуфимскідегі реалдық училищесіне оқуға жіберіледі де, бесеуі мектептерге мұғалім болып орналасты, тек Қ.Тоқмағамбетов Торғай судьясына тілмаш болып қалды. Алғашқы бес  мұғалім – Д.Тоқтабаев, Ғ.Балғымбаев, Б.Қосылбаев, С.Әлімқұлов, У.Асауов Торғай облысының  әр түрлі мектептерінде ұзақ жылдар оқытушы болды.

Осылардың ішінен Ғабдулғали Балғымбаев оқу-ағарту ісіне ерекше еңбек сіңірді. Ұлы ағартушының шәкірті ғана емес, оның ісін ілгері жалғастырушылардың бірі, ыбырайдан кейінгі соңғы қазақ инспекторы болып бекітілді. Ғабдулғали Ыбырай ашқан Торғайдағы екі кластық мектепті бітіріп, 1883-1886 жылдары Орскідегі мұғалімдер мектебінде оқыды. Қостанайдағы училищеде мұғалімдіктен бастап Қарабұтақтағы мектептің меңгерушісі, одан Торғай облыстық «Ведомостілер» газетінің редакторы болып істеген.

1902-1907 жылдары «Торғай облыстық ведомостары» газетінің редакторы, әрі іс жүргізуші қызметін атқарып жүрген кезде «Боз жігіт»  дастаны мен ғашықтық жырларды, Әбубәкір, Күдер өлеңдерін, қыз бен жігіт айтыстарын орыс тіліне аударды. Ал, 1907-1917 жылдары Торғай облыстық халық училищелерінің инспекторы болып қызмет істейді. Инспекторлық қызметі кезінде 22 мектеп ашқандығы белгілі. Оқудың ғылыми негізіне ерекше мән берді. Мектептерде еңбек, дене шынықтыру сабақтарын оқу жоспарына енгізген. Революциядан кейін де Ғабдулғали Балғымбаев халық ағарту саласында көп жыл қызмет істеді. Ыбырай туралы естеліктер жазды. Соңғы қызметі Қазақ КСР Ғылым академиясында болған.

Оқушыларға техникалық білім беру мақсатымен ыбырай алтынсарин Торғай облысының әскери губернаторына 1888 жылдың 28 желтоқсанында тәжірибе ретінде Ырғыз және басқа да училищелер жанынан тері илеу, сабын жасау зауыттарын ашу жөнінде ұсыныс жасап, болыстық мектептер жанынан мұндай зауыттар ашу пайдалы екендігін, өйткені шығарған өнімді өткізу ыңғайлы болатынын айтады. Сөйтіп, ол Красноуфимскідегі реалдық училищені тәмәмдаған Асылқожа Құрманбаевты Николаевск (қазіргі Қостанай) училищесіне, Сарабатыров Бөлебайды Ырғыз училищесіне, Елжан  Оразбаевты Торғай училищесіне, Уәли Измайыловты Ақтөбе училищесіне жіберді. «Ойымыз – қазақ даласына техникалық білім тарату ...». «Бөлебай Сарабатыровтың тері зауытын  ашуға құлшына кіріскісі келеді, қажетті есеп-қисап, смета жасауды да өз мойнына аламын деп отыр» ,- деп жазды Ыбырай Алтынсарин. Ол Ыбырайдың ізбасары, Ырғыз училищесі алғашқы мұғалімдерінің бірі.

Ыбырай Алтынсариннің идеяларын жалғастырған айтулы ағартушы Асылқожа Құрманбаев 1858 жылы бұрынғы Қостанай уезінде Торғай бойында туған. Алғаш ауыл молдасынан сауат ашып, кейін мұғалімдер семинариясын бітіреді. Ағартушы ақыл-кеңесімен Красноуяимскідегі реалдық училищенің шаруашылық бөліміне түсіп, бітіріп шығады. Кейін оны Николаевск училищесіне жіберді, онда істеді ме, жоқ па, ол жағы белгісіз. Ел арасына келіп мектеп ашып, бала оқыту жайын ойлайды. Бірақ «орысша оқыса балаларымыз кәпір болып кетеді»,- деп жұрт балаларын оқытудан қашады. 1893-1894 жылдары Омбы губернаторының тілмашы болып істейді. Бірақ оған бұл жұмыс ұнамай «Дала уалаяты» газетіне орналасып, оның қазақша жағын басқарды. Ол ыбырайға еліктеп И.А.Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын он шумақ етіп аударған. Асылқожа Құрманбаев ыбырай Алтынсариннің жерлесі, шәкірті, бір-бірін жақсы білген.  

Ахмет Балғымбаев– Ыбырай Алтынсариннің шәкірті және ісін жалғастырушы. 1885-1890 жылдары Орынбордағы қазақ мұғалімдер мектебінде оқыды. Ырғыз уезі Қарабұтақ екі кластық орыс-қазақ мектебінің мұғалімі және меңгерушісі. 

Жамаледдин Бейсенов– Ыбырай Алтынсариннің шәкірті, ізбасары. Бұл кісі Ыбырай Алтынсариннің жолын қуып, мол білім нәрімен сусындады. 1891-1895 жылдары Орынбор  қазақ мұғалімдер мектебінде оқыды. Оқушылар мектебін бітірген соң Қостанай екі кластық орыс-қазақ училищесінде мұғалімнің көмекшісі болып жұмыс істеді. 1905 жылы Жітіқара – Шұбар болыстық мектебінің меңгерушісі болды. 1912 жылдан Забеловский екі кластық орыс-қазақ училищесін басқарады.

Ыбырай Алтынсарин Торғайда, Ырығызда, Қостанайда мектептер ашса, Ахмет Байтұрсынов бүкіл қазаққа рухани мектеп болды. Жаңа мектептер ашудың жолдарын көрсетті. Ол – ағартушы, ірі ғалым-тілші, әдебиет зерттеуші, тюрколог, дарынды ақын-аудармашы қазіргі Қостанай облысы, Жанкелді ауданы, Сарытүбек деген жерде 1873 жылы 18 қаңтарда дүниеге келген. 1882-1884 жылдары ауыл мектебінен сауат ашады да, 1886-1891 жылдары Ыбырай Алтынсарин ашқан Торғай қаласындағы екі сыныптық орысша-қазақша даярлайтын мектепте оқып, білім алады. Оқу бітірген соң әуелде мақсат қылған жолымен ел ортасына барып, 1896-1907  жылдары Ақтөбеде, Қостанай және Қарқаралы уездеріндегі ауылдық және болыстық мектептерде, екі кластық училищелерде жұмыс істеді. 1913 жылы Орынбор қаласында Ахмет Байтұрсыновтың басшылығымен «Қазақ» газеті жарық көрді. Ыбырай бстаған игі істі тағы да Ахмет жалғастырды. Қазақ халқының тарихында тұңғыш рет ол қазақ тілі және әдебиеті бойынша «Тіл құралы», «Сауат ашқыш» және «Әдебиет танытқыш» үш томдық көлемді де салмақты еңбек жазды.

Өзінің өмірінде бес рет тұтқындалып, түрмеге түсті және екі рет жер аударылды. 1937 жылы 8 қазанда Ахмет Байтұрсынов атылды. Ол 50 жылдан соң 1988 жылы Қазақстан Жоғарғы сотының үкімімен ақталды.

Ыбырай Алтынсариннен білім алған адамдар қатарында, оның дәстүрінің орнын басып, жолын қуған Смағұл Майоров 1877 жылы өмірге келді. 1900 жылы Орынбор қазақ мектебін бітірді. Өмірінің соңына дейін Қостанай уезіндегі мектепте жұмыс атқарып, ұстаздық қызметте жүріп «Ленин», «Еңбек Қызыл Ту» ордендері және КСРО медальдарымен марапатталды. 1954 жылы өмірден озды.

Біләл Аспандияров– көрнекті педагог, ғалым, Қаз.КСР-нің еңбек сіңірген мектеп мұғалімі. Қостанай облысы Қарабалық ауданында туған. Қостанайдағы Ыбырай Алтынсарин ұйымдастырған екі кластық және Орынбордағы мұғалімдер мектебін бітірген. Ауылдық мектеп мұғалімі, Қостанай педагогикалық техникумның ұйымдастырушысы, жоғары оқу орындарының оқытушысы, Қаз.КСР ҒА тарих, археология, этнография институтының аға ғылыми қызметкері болды. Қазақ мектептеріне арналған орыс тілінің алғашқы оқулықтары мен әдістемелік құралдардың, тарих, педагогика, психология ғылымдары саласындағы «Русская книга для казахских школ», «Уроки русского языка для начальной школы», «Учебник русского языка для начальной школы», «Учебник русского языка для военно-обязанных казахов» деген еңбектерінң авторы. Аса көрнекті педагогтардың шығармаларын, «Логика» оқулығын қазақ тіліне тұңғыш рет аударды, алғашқы «Орысша –қазақша сөздік», «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» авторларының бірі болды.

Ұлы ағартушы Ыбырай Алтынсариннің ісін жалғастырушысы болған Н.Г.Иванов ізденімпаз да білімдар жан. Николай бастауыш білімді Ырғыздағы Ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған қолөнер училищесінен алды. Кейін Орынбордағы мұғалімдер семинариясына түсіп, оны 1907 жылы бітіреді. Ол 1909 жылдан Торғайдағы өзі ұйымдастырған екі кластық орыс-қазақ мектебінің директоры болып, педагогтық қызметін бастайды. Содан осы қызметте отыз жылдай істейді. Бұрын көне Торғайда «Иванов мектебі» болса, бүгінде Иванов атындағы көше бар.

 

1.3.        Ыбырай Алтынсариннің мұғалім — ізбасарлары

Елдес Омаров– қазақтың көрнекті ғалымы, қоғам қайраткері, лингвист, аудармашы, математик. Ол Таран ауданы, Қожай ауылында туған. Орынбор мұғалімдер мектебін бітіріп, Шолақсай болысы Добай ауылында мұғалім болды. 1920 жылы Орынбор халық ағарту комиссариаты мектеп бөлімінде мұғалім, 1922-1926 жылдары өлкелік халық комиссариаты жанындағы Академиялық орталығында қызметкер, сонымен бірге Орынбордағы қазақ халық ағарту институтында оқытушы болып істеді. 1933 жылы Алматы қаласында медициналық институтта қазақ тілі кафедрасының доценті, кейінрек Қзақтың мемлекеттік университетінде сабақ берді.  Торғайдың маңайында Бесқопа жерінде тұратын Тоқтабай деген кісі баласы Досжанды Ыбырай ашқан мектепке оқуға береді. Тоқтабаев Досжан Ыбырай Алтынсариннің шәкірті, әрі ізбасары. Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітіріп, Торғай облысында мұғалім болды.

Сол Досжанның ұрапағынан шыққан Кәрім Тоқтабаев – мемлекеттің саяси қайраткері, математик. Ол Жанкелді ауданы Шұбалаң аулында туған. Торғайда ыбырай Алтынсарин ашқан орыс-қазақ мектебінде оқыды. Қостанай қаласындағы училищені, 1909 жылы Орынбор қазақ мұғалімдер мектебін бітірді. 1912 жылы Торғайдағы орыс-қазақ мектебінде физика және математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеді. 1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліске қатысты. Халық ағарту, жер шаруашылығының комиссары қызметін атқарды. 1931-1933 жылдары Мәскеу қаласында Бүкілодақтық орталығы атқару комитеті жанындағы Қазақ автономиялық республикасының тұрақты өкілі болды.

Мақсұт Жоламанов – педагог ағартушы, қазақ даласында ағарту жұмысын ұйымдастырушылардың бірі. Ол Орынбор мұғалімдер гимназиясын бітірді. 1914-1929  жылдары сауатсыздықпен күресіп, Сарықопа, Шилі болыстарында мектептер ашады және мұғалім болып жұмыс істеді. 1921 жылы Тосын ауылында болыс болып сайланды, онда сауатсыздықты жою жұмысымен шұғылданады. Торғайда балалар коммунасын ұйымдастырып, соның мұғалімі және директоры болды. 1933-1937 жылдары Торғайда әдіскер-нұсқаушы, халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болды. 1937 жылы халық жауы ретінде атылды.

Ерлі-зайыпты Нұрғали Құлжанов пен Нәзипа Құлжанова ыбырай жолын қуып, халық ағарту саласының дамуына үлкен үлес қосты.

Нұрғали Құлжанов 1877 жылы Жанкелдин ауданы Қошалақ ауылында дүниеге келді. Алғашқы білімді Ыбырай ашқан мектептен алды. Қостанай гимназиясын бітіріп, Орынбордағы мұғалімдер даярлайтын семинарияда оқыды. Оның болашағына Ахмет Байтұрсынов ерекше әсер етті. 1905 жылы мұғалім, Семейде мұғалімдер училищесінің директоры қызметін атқарды. Қ.Сәтпаев, М.Әуезов, С.Бегалиннің ұстазы болды. Ол өзінің саяси қызметкерлері қолынан қаза тапты.

Әдебиет, мәдениет, оқу-ағарту ісіне ерте араласқан Нәзипа Құлжанова 1887 жылы Торғай қаласында су атшы Сағымбайдың отбасында дүниеге келген. Сондағы ыбырай Алтынсарин іргесін қалаған мектепте білім алды. Кейін Қостанайдағы қыздар гимназиясын үздік бітіріп, Орынбор мұғалімдер мектебінде оқыды. 1908 жылы Семей мұғалімдер семинариясында ұстаздық қызмет істеді. Оның ағартушылық қызметі Сәкен Сейфуллин назарына да іліккен. Ахмет Байтұрсыновпен екеуі бір жерде туып, бір өзеннің суын ішкен адамдар. Ізденімпаз, ізгі, еңбекқор, талантты жасты Ахаң қолтығынан демеп, үнемі қолынан келген жақсылығын аямады. Соның бір айғағы, оның 1923 жылы «Мектептен бұрынғы тәрбие» деп аталатын кітабына алғы сөз жазды. Нәзипа Ыбырай мен Абайдың өлеңдерін орыс тіліне аударды. Ол газет-журналдарға хабар-ошар жазып тұрған.

 

1.4.Ыбырай Алтынсариннің жолын қуушылар және шәкірттері.

Ыбырай мектебінен тәлім алған Міржақып Дулатов 1885 жылы 25 қарашада қазіргі Қостанай облысы, Жанкелді ауданы, Қызбел ауылында туған. Әкесі Дулат әжептәуір ескіше оқыған, өз дәулеті өзіне жетерліктей дөңгелек ғана шаруа адамы болса керек. Балаларының үлкені Асқарды әуелі мұсылманша, содан соң орысша оқытып, заң қызметіне бейімдеп үлгерген Дулат кіші баласы Міржақыпты да сол ізбен алғашында ауыл молдасына, екі жылдан соң ауылдық мектепте орысша оқытатын Мұқан Тоқтабайұлы деген мұғалімге береді. Сөйтіп екі жасында шешеден, 12 жасында әкеден жетім қалған жасөспірімнің тәлім-тәрбиесі Асқар ағасының мойнына қалады.1897-1902 жылдары ол Тоғай қаласындағы екі кластық орыс-қазақ мектебінде оқиды. Алты-жеті жыл бойы ел ішінде, ауыл мектептерінде бала оқытады. Ұстаз жігіттің белсенді, әлеуметтік, саяси шығармашылық қызметі осы кездерден басталады.

1909 жылы оның «Оян, қазақ!» атты тұңғыш жинағы, ал 1910 жылы «Бақытсыз Жамал» деп аталатын романы жарық көрді. Міне, осындай шығармашылық кемел шағында, Республикалық мәдениет революциясы ісіне белсене ат салысып жүрген кезінде Міржақып Дулатов патша озбырлығының қармағына ілінеді. 1928 жылдың желтоқсанында бір топ қазақ оқығандары қатарында тұтқынға алынды. 1930 жылы ОГПУ алқасының үкімі бойынша алғашында ату жазасына кеіліп, кейін бұл үкім 10 жылға абақтыға қамау жазасымен алмастырылды. 1935 жылы 5 қазан күні ауыр науқастан қайтыс болды. 1988 жылы 28 қазанда ақталды.

Ыбырай Алтынсариннің ізбасарларының бірі Мұхамеджан Сералин – 1872 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауданында дүниеге келді. Қазақ жазушысы, журналист. Мұхамеджан 1880 жылы Троицкідегі медреседе оқып, 1891 жылы Қостанайдағы екі кластық орыс-татар мектебін бітірді. 1911 жылы Троицкідегі демократиялық бағыттағы «Айқап» журналын шығарды. Жазушы «Топжарған» (1900 ж.) поэмасында Кенесары бастаған хан тұқымдарының озбырлығын бейнелейді. Ал, «Гүлхашима» (1909 ж.) поэмасында кертартпа әдет-ғұрыптың құрбаны болған, бір-біріне ғашық жігіт пен қыздың басынан өткен қайғылы оқиғаны суреттеді. Ол өзінің мақалаларында Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық, демократиялық, прогресшілдік идеяларын қолдады. Сералин Орынборда Кеңес үкіметі орнағаннан кейін, «Ұшқын» газетінің редакциясында қызмет істеді. Ол Қостанайға оралып, 1921-1922 жылдары Шұбар болыстық атқару комитеті төрағасының орынбасары, 1923-1926 жылдары «Ауыл» газетінің редакторы болып қызмет атқарды. Советтердің Бүкіл Қазақстандық ІІ-съезінің делегаты болды.  Мәскеуде болған кезде ол Ленинді жерлеуге қатысып, «Жоқтау» атты өлең мен «В.И.Ленинді жерлеу» деген мақаласын жариялады. Сералин –аудармашы да. Ол «Шаһнамасының» «Рүстем-Зораб» бөлімін, А.Сорокиннің «Жусан» повесін қазақ тіліне аударды. Мұхамеджан 1929 жылы қайтыс болды.

Ыбырайдың қасиетті ісін жалғастырған педагог-ағартушылар және оның өз шәкірттері Спандияр Көббев пен Бекет Өтетілеуов.

Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, педагог Спандияр Көбеев 1878 жылдың қазан айында қазіргі Қостанай облысы, Меңдіқара ауданы, Ақсуат ауылында дүниеге келді. Қазақтың Кеңес жазушысы, ағартушы, педагог. Кедей шаруасында туған. Ы.Алтынсарин ұйымдастырған ауылдық мектепте сауат ашып, Қостанай қаласында мұғалімдер даярлайтын курсты 1901 жылы бітірді. Ол өзінің ұзақ та жемісті ұстаздық еңбек жолын «Орындалған арман» атты мемориалдық кітабында 1951 жылы баяндады. Спандиярдың педагогтық жұмысында және шығрамашылық әдеби еңбектерінде Ы.Алтынсариннің ағартушылық жолын ұстаған, жаңашыл педагог екені байқалды. Ұстаздық жұмысы мен жазушылық қызметін тығыз байланыстыра жүргізді. Өзі оқытқан шәкірттерінің кластан тыс оқуына арнаған орыс жазушылары мен ағартушыларының бірқатар шығармаларын қазақ тіліне аударып, «Үлгілі тәржіме» (көпшілігі И.А.Крылов мысаладары) деген атпен жеке кітап (1910 ж.) етіп бастырды. Спандиярдың 1912 жылы жарық көрген «Үлгілі бала» атты екінші кітабы – оқу құралы, хрестоматия. Қазақ әдебиетінің тарихында Спандиярдың «Қалың мал» романының (1912 ж.) алар орны ерекше. Романда революция алдыңдағы қазақ ауылында болған ққат-қабат әлеуметтік өзгерістер шынайы, дәуір шындығы боямасыз суреттелген. Көбеев екінші сайланған Қаз.КСР-нің Жоғары Кеңесінің депутаты (1927 ж.), 2 рет «Ленин» орденімен мараптталады. Ол 1956 жылы өмірден өтті.

 

1.5.        Ыбырай Алтынсариннің ақын-ізбасарлары

Ыбырайдың ізін басқан дарынды педагогтардың бірі ақын, аудармашы, педагог Бекет Өтетілеуов 1883 жылдың шілде айында қазіргі Қостанай облысы, Обаған ауданында дүниеге келген. Бекет екі кластық орыс мектебінде оқыды, мұғалімдер даярлайтын курсты бітірді. Содан өмірінің ақырына дейін жасөспірімдерге ұстаздық етті. Қостанайда Ы.Алтынсарин ашқан, соңынан «Казкоммуна» деп аталған мектепте меңгеруші (1923-1925 жж.) болды, көп уақыт мұғалім (1930-1949 жж.) болып жұмыс істеді. 1902 жылы ақынның «Дүние ісі ақыретке кетпес» атты тұңғыш кітабы Қазанда басылып шықты. Мұнда ақынның екі дастаны бар, бірі кітаптың атымен аталады, екігшісі «Жансыз сәуегей сипатында». Келесі «Жиған-терген» кітабы 1914 жылы Орынборда басылды. Бекет кітаптарды шығарғаннан кейін жазушылықты біржола қойып, педагогтық жұмыспен айналысты. Ғ.Мүсірепов «Автобиографиялық әңгімесінде» Бекет Өтетілеуовтың ұстаздық өнегесін шебер суреттеді. Ол 1949 жылы өмірден өтті.

Нұржан Наушабаев(1859-1919 жж.) – Ыбырай Алтынсариннің ағартушылық, ақындық, зиялылық қалпынан үлгі алып, оны өнеге тұтқан шәкірт, талантты ақындар өкілдерінің бірі. Н.Наушабаев Қостанай облысы, Арқарағай баурайындағы Құттық ауылында туған. Әуелі ауылдағы молдадан хат таныған ол, кейін Троицк қаласында медреседе оқыды. Нұржан өз заманында белгілі ақын, әнші, сері, палуан, бір сөзбен айтқанда, сегіз қыррлы бір сырлы, адам болған. Ол ауылдасы әрі ұстазы Ыбырай Алтынсаринді пір тұтып, оны мадақтап жырлар шығарған. Оның әндері мен жырлары ел ауызында сақталып ұрпақтан-ұрпаққа көшіп келеді. Шығармалары оқулық хрестоматиясында, ХІХ ғасыр мен ХХ ғасыр әдебиеттерінің жинақтарында кездеседі. Ыбырайдың туған нағашылары және алғашқы шәкірттерінің бірі – Бірімжанның балалары Дәуренбек пен Қорғанбек. Ыбырайдан сауатын ашқан Бірімжановтар өз заманының белгілі адамдары болды. Олардың аты ел аузында қатар аталып отырған.

Жас жағынан Ыбырайдан аз ғана кіші Қорғанбек Бірімжанов Торғай мектебін бітіріп шыққан еді. Қорғанбек ұлы ағартушы алғаш оқытқан он төрт баланың бірі. Ол мектептер жанындағы мәселе көтеріліп жатқанда Торғай уезі бастығының кіші көмекшісі болып қызмет істейтін  және Торғай мектебіне қамқорлық жасауға тиіс ресми адам еді. Торғай мектебінің кітапханасын жабдықтауға Қорғанбектің көп жәрдемі тиді. Қорғанбек кітапхана жұмысына тек Ыбырайдың туысы болғандықтан көмектеспейді, осы іске ресми адам есебінде қолғабыс жасайды. Өйткені Торғай облысының соғыс губернаторы Қорғанбекке кітапхана ісінің жауапкершілік міндетін тапсырған. Ал Дәуренбек Бірімжанов қырық жылдай Тосын болысы болған.

Ахмет Бірімжанов 1871 жылы Торғай қаласында туған. Ол алғаш Ыбырай ашқан мектепте оқып, кейін Орынбор гимназиясында білім алады. 1894 жылы Қазан университетін алтын медальмен бітіріп, заң қызметкері мамандығын меңгерді. Ресейдің І Мемлекеттік Думасына депутат болып сайланды. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін, еліне оралады. Қазақ КСР мемлекеттік халық комитетінің алқасында мүше болып, заң бөлімдерін басқарды.

А.Бірімжановтың жары – Гүлжауһар Әлмұхамет Күнтөреұлы Сейдалиннің қызы. Әлмұхамет Күнтөреұлы Сейдалин (1836-1889 жж.) Ырғызда қыздар мектебін ашуға көмектескен, әрі басқаларға үлгі-өнеге болсын деп өз қызы Гүлжауһарды сол мектепке оқуға берген. 1867 жылдан 1869 жылға дейін Орынбор облысы қазақтарының Батыс бөлігінің басқарушы сұлтаны, кейін Қостанай, Ырғыз, Торғай уездерінде қызмет істеген. Әлмұхаметтің кіші ұлы Жиһанша Сейдалин Ыбырай Алтынсариннің шәкірті, қазақтың заңгері, ағартушы- демократ. Ол Қостанай орыс-қазақ мектебінде білім алып, Санкт-Петербургтегі заң факультетін бітірді.

Әбубәкір Бермұхамедұлы Алдияров – қазақтың көрнекті педагог-ағартушысы Ы.Алтынсариннің алғашқы шәкірттерінің бірі, 1879 жылы Қостанай облысы, Қарабалық ауданында ауқатты отбасында туған. Әкесі осы аймаққа белгілі адам болған. Осындай отбасында өскен Әбубәкір Алдияровтың  білім алуға мүмкіндігі мол еді. Әбубәкір қазақ балаларына арналған Торғай қолөнер училищесінде оқып жүріп, 1889 жылы ұстазы Ы.Алтынсаринмен бірге суретке түскен. Ол 1891-1899 жылдары Орынбор ерлер гимназиясында оқып, жан-жақты білім алды. Кейін Қазан университетінің медицина факультетіне түсіп, генерал-адъютант Крыжановский атындағы шәкіртақы алып жүрді. Ә.Алдияров университетті бітіріп, туған елге қайта оралады да, Ақтөбеде дәрігер болып жұмыс істеді, ал 1905 жылы Қостанай қаласына ауысады. 1908 жылы Троицк 2-қалалық төрт кластық училищесінің дәрігері болды, кейін әскерден Троиукіге қайта оралып, 1928 жылдың аяғына дейін дәрігер болып еңбек етті. 1928-1936 жылдары Өскемен қаласында терапевт, балалар ауруханасында  меңгеруші, жұқпалы аурулар емханасында дәрігер болып істеді. Ол талантты оташы ретінде танылды, халық алдында және өзінің қызметтес жолдастары арасында үлкен беделді иеленді. Қазақстанда денсаулық сақтау ісінің қалыптасуы жолында зор еңбек сіңірген талантты да байырғы дәрігердің жүрек соғуы 59 жасында тоқтады.

 

ҚОРЫТЫНДЫ

Қазақ халқының дарынды перзенті Ыбырай Алтынсарин аса күрделі тарихи кезеңде, патша үкіметі Шығыс халықтары арасында қатаң отарлау саясатын жүргізіп жатқан кезеңде өмір сүрді. Қазақ халқының тарихында Ыбырай Алтынсарин ерекше роль атқарады. Ол қазақтың тұңғыш педагогы, қазақ даласында бірінші рет мектеп ұйымдастырып, қазақ жастарына білімнің есігін ашты.

Ыбырай Алтынсарин өз халқын жан-тәнімен сүйген, халқының мәдени көркейіп өсуі үшін бойындағы бар күш-жігерін аянбай жұмсаған нағыз патриот еді.

Білімге деген құштарлық, халқына қалтқысыз қызмет ету Ыбырай Алтынсариннің негізгі ұстанымы болды. Ол мәдениет пен білімнен артта қалған ел-жұртын көрші елдің өнер-білімін, техникасын игеруге шақырып қана қоймай, сол игі істі тікелей жүзеге асыруға да өлшеусіз үлес қосты. Қазақ даласында тұңғыш рет орыс үлгісіндегі пәндік білім беретін мектептер ашып, оған орыс алфавиті негізінде оқулықтар жазды, өзі сабақ беріп, жаңа талапка сай келетін мұғалімдер дайындауға күш салды. Қазіргі өркениетті қазақ халқы не бәрі 48 жасында өмірден өткен Ыбырай атамызды ұлы ұстаз, педагог, ғалым, ірі қоғам қайраткері деп бағалап құрмет тұтады.

Ыбырай қызметінің басты саласы – бала оқыту, ұстаздық. Ол тұңғыш Еуропа үлгісіндегі жаңа мектеп ашып, жаңа оқу құралдарын жасаған адам. Оның әңгімелерінің өзі педагогикалық мақсатты көздеген. Халыққа білім беру мәселесіне келгенде Ыбырай білім алу үстем таптың ғана үлесі емес, бүкіл халықтың бәріне бірдей болсын деген жүйені жақтаған адам.

Ыбырай Алтынсарин — нағыз халықшыл жазушы, өмір шындығын озық идея тұрғысынан таныта білген кемеңгер суреткер, аса қажырлы қоғам қайраткері, заманының ең маңызды мәселесін көтеріп, жыр төккен азамат ақын, жаңашыл жазушы, сол жаңаның тынымсыз жаршысы. Өз бойындағы қуатын халық мақсаты үшін аямай жұмсаған адал жанды азамат.

 

ҚОЛДАНЫЛҒАН  ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ:

1.«Қазақ тілі мен әдебиеті» журналы. – Алматы: № 11, 2004. 109 – 112 б.

2. Қоңыратбаев Ә. Қазақ әдебиетінің тарихы. –Алматы: «Сана», 1994 ж. – 126 бет.

2. Оспанұлы С. Алтынсариннің айналасындағы адамдар. Қостанай: «Шапақ», 2006 ж. 8-15 бет.

3. Сарбаева А.М. «Қазақ мәдениетінің ұлы қайраткерлері. IX-XIX ғасырлар. Ғұлама тағылымы»: Оқу – әдістемелік құрал. Көкшетау: «Келешек 2030», 2011ж. 144-161бет.

4.Умарова Г., Шарабасов С. Қазақ әдебиетінің тарихы. – Астана: «Фолиант», 2011 ж. – 137 бет.

5. Ысмағұлов Ж. Алтын ғасырдың ақ таңы. – Алматы: «Арыс», 2009 ж., 30, 74 бет.

6. Ы.Алтынсарин. Қазақ әдебиеті: Алматы: Ғылым, 1979.-110-129 бет.

7. Ы.Алтынсарин. Елтұтқа.-Астана: Күлтегін, 2001.-226-228-б.

8. Ы.Алтынсарин. Қазақ энциклопедиясы.-Т.1-121 –б7

9.  www. кazahadebieti.kz 

10.  www. egemen.kz 

 

 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1096910

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар