ТЕҢГЕ - ТЕРМЕ (сатира)

21 тамыз 2015 - Askar Naymantaev
ТЕҢГЕ - ТЕРМЕ (сатира)

Мына теңге қай теңге?

Келмейтұғын бір жөнге,

«Тумай туа шөккір!» – деп,

Қарғағандай бір жеңге.

«Теңгем бар!» — деп әйтеуір,

Мақтанады құр кеуде,

Құны жетпей қалды ғой,

Қарынды желмен үрлеуге,

Туылғалы бұл сорлы

Жетпей жатыр күрмеуге.

Келуі де бір демде,

Кетуі де бір демде.

Асыл теңге, ақ теңге,

Қазаққа ғана шақ теңге.

Өзекті жарып шықсаң да,

Үкіметке жат теңге.

Біреулерге күн көріс,

Біреулерге тақ теңге,

Кейбіреге талғажу,

Кейбіреуге бақ теңге.

Өзекті жанға алданыш,

Қомағайға жақ теңге.

Сабан болдың сен дағы,

Енді тыныш жат теңге.

Абай менен Сүйінбай

Теңгеден өшті бұйырмай,

Ұзаққа жетпей қалды ғой,

Құрманғазы күйің де ай!

Шоқан менен Жәңгірдің

Жолы сосын қиылды ай,

Айналайын Фараби

Қалтамызға жиылды ай,

Көмейлерге құйылды ай,

Парақорлар тәп-тәуір,

Фарабиге сыйынды ай,

Енді міне ол күнің

Теңгетайым қиылды ай!

Көзден ұштың құйындай.

Доллыр, доллыр, доллырды,

Доллырды қолға қондырды,

Теңесе алмай доллырмен,

Теңгетайым болдырды.

Арты кеме тартқандар,

Теңгеден доллыр жондырды.

Құмарын доллыр қандырып,

Теңгемізді солдырды,

Доллыр піскен тандырды,

Теңгеменен жандырды,

Доллырды көкке көтеріп,

Теңгені жерде қалдырды.

Көшемізде желге ұшқан

Теңге көрер ме екенбіз,

Бір доллырға бір арба

Теңге берер ме екенбіз,

Құрбан қып кеден шартына

Көрге берер ме екенбіз,

Доллырдағы суретті

Төрден көрер ме екенбіз,

Қомағайдың қарызын

Мәңгі төлер ме екенбіз,

Болғанда жұрдай бәрінен

Жөнге келер ме екенбіз.

Отар елге жол салып

Тасты да тескен бұл доллыр,

Көк жендеттің қолында

Басты да кескен бұл доллыр,

Жанкештінің белінде

Бомбы да болған бұл доллыр,

Саясат сайқал қолына

Оңды да болған бұл доллыр,

Екі үйді зәулім құлатқан

Ұшақ та болған бұл доллыр,

Шоқпарын жеңге жасырған

«Құшақ» та болған бұл доллыр.

Ту сыртыңнан соғылған

Пышақ та болған бұл доллыр.

Еркін жүрген елікке

Тұсақ та болған бұл доллыр.

Айтарым осы аза еді,

Теңгеге келген жаза еді.

Доллырдың қолы былғанған

Қаннан теңгем таза еді.

Көргені теңге той болса

Доллырдікі қаза еді.

Мұңайма, теңге, мұңайма,

Тапсырдық бәрін құдайға.

Көктегі бәлкім тәңірім

Біздерді солай сынай ма?

Күндердің күні болғанда

Теңгені қайта сұрай ма,

Обалыңа қалғандар,

Тозақта күйіп, жылай ма,

Тозығы жетіп бір күні

Доллырда жерге құлай ма,

Кім білсін, теңге, кім білсін

Тәңірім солай сынай ма?

Асқар Наймантаев.

Осыған ұқсас жазбалар:

Қосымша пәндер«БАЯҒЫДА ....» немесе, «Гүлденген әлем!»

ҰстаздарғаӘРІПТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

Музыка«Терме –бабалар тілегі». Бұқар жырау

СценарийАРЫСТАННЫҢ ЕСЕП БЕРУІ

Қосымша пәндер"Конферансье" мамандығына оқыту" бағдарламасы

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1103642

Пікірлер (3)
Таланттар мектебі # 22 тамыз 2015 в 23:00 0
laugh Сатира!
Базаргүл Алтынбекқызы # 11 қыркүйек 2015 в 09:43 +1
Теңгеміздің құны оңалар, доллардың құны жоғалар...

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар