Ұстаз бақыты

Ұстаз бақыты

ҰСТАЗ  БАҚЫТЫ

Осынша уақыттың тез өтетінін кім білген. Ұстаздық қызметтің қызуымен жүріп, Айгүл Әбілтайқызы зейнет жасына келіп қалғанын да аңдамай қалған сияқты. Немерелі болып әже болғанын да мойындайтын емес. Баяғы сымбат, тік қалпы. Абыройлы еңбек еткен, ардақты ұстазды, сүйікті ұжымы құрметті демалысқа шығарып салмақшы.

Мүғалімді – адамзат тарихындағы жинақталған ғылым негіздерінен білім беруге тиісті мамандықтың иесі,  шәкірттерімен үнемі қарым-қатынаста жүріп, білсем, үйренсем деген бала арманы мен оның сырлы тағдырына басшылық жасап, Алла алдындағы қасиетті парызын өтеп жүрген тұлға деп мойындаймыз. Өзінің шәкірттерінің пәнге деген қызығушылығын, сүйіспеншілігін, зерттеушілік қабілеттерін оятып, дамытып қана қоймай, қазіргі кезеңдегі дүниежүзілік білім, ақпарат, экономика кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеп жүрген осындай жандардың бірі Жамбыл атындағы мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектептің ұстазы Айгүл Әбілтайқызы Жүсіпова. Ол — өз кәсібін, өз пәнін, барлық шәкіртін, мектебін шексіз сүйетін адам. Білім беру жүйесі мамандардан кәсіби икемділік пен ұтқырлықты, сан қырлы шығармашылық қызмет пен өзін-өзі басқару, өзін-өзі ұйымдастыру жағдайындағы біліктілікті қажет етеді. Өйткені қазіргі жас буын — еліміздің келер күнгі келбеті. Бұл жөнінде Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев: «Ғасырлар мақсаты – саяси-экономикалық және рухани дағдарыстарды жеңіп шыға алатын, ізгіленген ХХІ ғасырды құрушы іскер, өмірге икемделген, жан-жақты жеке тұлғаны тәрбиелеп қалыптастыру»,- деген болатын. Осыны есте ұстаған Айгүл Әбілтайқызы педагогикалық шеберлігі жетілген осы үдерістен шығып жүрген жан. Айгүл Әбілтайқызының сөзімен сөйлесек, мұғалім шеберлігі жайлы дайын ереже-қағида жоқ, ол үйрену мен ізденудің нәтижесі. Мұғалімге тән ең бірінші қасиет – баланы құрметтеу. Оның адамшылық ар-ожданын, намысын, тұлғасын жасына қарамай сыйлау, құрмет тұту. Нәтижесінде бір емес, бірнеше жас жүрекке мәңгі ұстаз болып қаларың сөзсіз.

Егіндібұлақта туып, өскен Айгүл Әбілтайқызы 1980 жылы жүрек қалауымен Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің биология факультетін бітіріп, Жамбыл атындағы мектепте пән мұғалімі ретінде қызметін бастайды. Мектептің сол кездегі директоры Нұрахмет Қайырбайұлы Қайырбаевтың әкелік қамқорлығын, үлгі-өнегесін, сабақ беру әдіс-тәсілдерін үйреніп, ұстаздық қызметтің қиындығы мен қуанышты сәттерінің ләзәтіне бөленіп, тәжірибелі мұғалім болып қалыптаса бастады. Мектептің ішкі-сыртқы жұмыстарына белсене араласып, ұжым, ата-аналар арасында үлкен беделге ие болды. Аға буын өкілдері арасынан осы мектептің биолог мұғалімі әрі мұражай жетекшісі Жұмашева Майра Жұмашқызының орны ерекше. Сынып сағаттарын өткізу, оның әдістемесін үйреніп, тақырыптарын таңдауда алған тәжірибесі аз емес. Соның нәтижесінде өзі жетекшілік ететін және сабақ беретін сыныптардың тәртібі де, білім сапасы да мектеп бойынша жоғары дәрежеде болды. Облыстық, қалалық, республикалық пәндік олимпиадаларда шәкірттері көш басынан көрініп жүрді. Іскерлік, ұйымдастырушылық қабілеті мығым Айгүл Әбілтайқызы 1994 жылдан 2014 жылға дейін, табаны күректей 20 жыл мектеп директорының тәрбие жөніндегі орынбасары болып жұмыс істеді. Қазір мұғалімдік қызметін жалғастыруда. Жас  ұстаздардың тәлімгері. Педагогикалық жұмыс өтілі 35 жыл. Жоғары санатты ұстаздың шәкірттері биология пәні бойынша ҰБТ-дан ең жоғары  деңгейге жетіп,  ЖОО-на барлығына  жуығы  грантпен түсіп, бітіргендері де қызметке кіріскендері де баршылық. Облыстық пәндер олимпиадасында ІІІ орын алып жүрген Темірғалиева  Балауса  дейтін оқушысы Томскіде магистратураны аяқтады. Тағы басқа оқушыларынан Болашақ Университеті ұйымдастырған «Эрудит-2010»  жарысында  Мұхаметқаи Т. ІІ орынды, облыстық  пәндер олимпиадасында  Дастанова Ж. ІІІ орынды иеленсе, Қомарзина Б.  Құрмет грамотасын алды. Өткен оқу жылында  Президенттік олимпиадада 7-б сынып оқушысы Қайырбеков Ертуған  және 11 сынып оқушысы Әбдіғалым С. ІІ орындардан көрінді.

2012 жылы  Республикалық ғылыми-практикалық  конференцияға  «Оқушылардың жаңа биоэкологиялық  санасын  қалыптастыру», «Халықтық педагогика негізінде ұлттық тәлім-тәрбие беру» мақалалары баспа бетіне шыққан. Облыстық интернаттар байқауында «Қазақ мектептерінде тәрбие жүйесін құру» жобасы облыс көлемінде таратылған. «Биология пәнін оқытуда оқушылардың танымдық  белсенділігін, қызығушылығын, қабілетін дамыту» проблемасымен жұмыс жасайды. ҚарМУ, МБҚБА және ҚДИ-де өткен ғылыми-практикалық конференцияларда жасаған «Оқушылардың   биология пәнінен қызығушылығын арттыру жолдары», «Бейіндік оқыту жағдайындағы мұғалімнің шығармашылық ролі» атты баяндамалары  түгелдей жинаққа енген. Еңбегі еленді. «ҚР білім беру ісінің құрметті қызметкері»  төс белгісімен, «Нұр Отан» партиясының, Облыс әкімінің, Облыстық білім беру басқармасының құрмет грамоталарымен, Облыстық кәсіподақ комитетінің Алғыс хатымен марапатталған.

Ұстаздың осыншама қадір-қасиет, құрметке бөленуі өзін қоршаған орта мен әрбір шәкіртіне деген асқан сезімталдықпен, жауапкершілікпен қарым-қатынас жасауында деп ойлаймыз. Өйткені оның қарапайым да сыпайы киім киісі, мәдениетті сөзі, әдепті жүріс-тұрысы, жинақы іс-әрекеті, білімі шәкіртке де, ата-анаға да, жұртшылыққа да өнеге.

Өзінің баланың екінші ата-анасы, болашаққа айқын жол сілтер ақылшысы екендігін сезіне білетін ұстаз, оның мейірімге толы жүрегі шәкірт бойындағы талай ағаттықты да кешіре біледі. Алдынан өткен үйде емін-еркін кеңістікте өскен талай ерке, тентек балғындар бүгін ақыл-ойы толысқан ержеткен, көбісі шаңырақ құрып, тұрмысқа шығып, ұрпақ өсіріп отырған азаматтар.  Соларды көргенде мол бақытқа кенеліп жүремін дейді Айгүл Әбілтайқызы. Егер әр шәкірт өмірде бір кірпіш болып қаланып, ұстаздан шәкірті озып жатса, төккен тер мен адал еңбектің ақталғаны емес пе ?! Қазіргі заманғы мұғалімдер информатор, сабақ беруші емес, керісінше ізденуші, зерттеуші, технолог, өнертапқыш, шығармашылықпен жұмыс істейтін жаңашыл мұғалім де бәсекеге қабілетті болу керек.

Оқушының өзін-өзі тануына жол ашып, жеке тұлға бойындағы қасиетін дамытып, «Мен» менталитетін қалыптастырып, білім мен тəрбиені жеке тұлғаға қарай бағыттап отыру-бүгінгі таңдағы мұғалімінің кезек күттірмейтін қасиетті міндеті дейтін қағиданы ұстана отырып, мұғалімінің өзі де жеке тұлғаға көтерілмей, мұндай зор мақсатқа жетуі мүмкін емес,- дейді Айгүл Әбілтайқызы. Осыны жас ұстаздардың бойына да сіңіріп жүр. Мектеп директоры Қайырбек Ілімбаев Бәтіш Мұқатайқызы бастаған, Айгүл Әбілтайқызы қоштаған тәжірибелі ұстаздардың барлығына ризашылығын білдіре отырып, олардың мектебінен өтіп жатқан жас ұстаз-шәкірттерінің де жолдары болатындығына, олардың да жетістік биіктерінен көрінетіндігіне сенімдімін дейді.

Ия, ХХІ ғасыр — білімділер ғасырында ой өрісі жоғары, зерделі, жан-жақты дамыған, парасатты ұрпақ тәрбиесіне елеулі үлес қосып, шәкірттері мен ұжымының ыстық ықыласына, сый-құрметіне бөленіп жүрген Айгүл Әбілтайқызы бақытты ұстаз.

Ошақбай СУХАНБЕРЛИН

ардагер ұстаз

Қарағанды қаласы

 

 

 

 

 

Жүсіпова Айгүл Әбілтайқызы

 

Осыған ұқсас жазбалар:

БаяндамаОтаншылдық отбасынан басталады

Қосымша пәндер«Құпиясы жоқ болса, өнердің құрметі де жоқ»

Тәрбие жоспарыТәрбиенің тұжырымдамалық негіздері

ҰстаздарғаИмандылық-адам көркі

Ұстаз үнісындарлы оқыту теориясы мен тәрбиенің 12 бағытын ықпалдастыра отырып, адами құндылықтары дамыған оқушы тәрбиелеу

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1115442

Пікірлер (0)

Пікір жазылған жоқ, алғашқы болыңыз!

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар