Балаңыздан білімді, мәдениетті көрермен тәрбиелеп шығарыңыз

10 қаңтар 2015 - Askar Naymantaev
Балаңыздан білімді, мәдениетті көрермен тәрбиелеп шығарыңыз

Сол күні бойы әрі-бері баланы сүйреп әкелетін үйірменің бірін мен де ашып қойғамын. «Таланттар мектебі» деп ат қойып, оған 7-жастан бастап студентіне дейін актерлық өнерді, эстрадалық вокалды үйренгісі келетіндерді қабылдап, оқытып жатырмыз. Өз еркімен, шынымен өнер үйренгісі келіп келген бала да бар, ата-анасы зорлықпен «жұлдыз» жасағысы келіп, әдейі сүйреп келген бала да бар, ақылы оқытатын болған соң, оның ақысын әкесі төлеген соң, амал жоқ оқытып жатырмыз. Балада еш кінә жоқ, зорлықпен келген баланы да амалын тауып, қызықтырып ортаға қосып аламыз. Бірақ, бәрін емес әрине, құдай бермеген дарынды мен қолдан жасай алмаймын ғой. Кейбіреуі қиналады да. Бір таңдай қағып, таңқаларлығы – ата-ана кейде өз баласының мүмкіндігін өзі білмейді. Баласының бойынан бірнеше өнер табылып, ашыла бастағанда «Ойпырмай, ата-бабасында жоқ еді, бұл қайдан шықты?!» — деп таңданатыны да бар. Баласын екі сағатқа қалдырар жер тапқанына риза, не оқып, не үйренгеніне пысқырып қарамайтын да ата-ана бар. Ал, баласы сахнаға шығып, өнеріне ел сүйсінген кезде, баласынан комерциялық жоба жасап, тойдан ақша табатын табыс көзіне айналдыра салатын да ата-ана бар.

Иә, бұл өмір талайды көрсетіп келеді, аман болсақ әлі көре берерміз. Енді негізгі айтар ойыма көшейін.

Баланы сахна тәртібіне, сахна қозғалысына, жүрісіне, мәдениетіне үйретіп, тіл тазалығын, сөйлеу мәнерін қадағалап жүріп оның сахнада ғана жүруіне көп көңіл бөледі екенбіз. Ал, сол бала сахнаға қалай қарап отырады, қандай көрермен болады? Ол жағына бас қатырмаппыз.

Өз басым ел алдына көп шығып жүргендіктен кейінгі кезде залда отырған көрермен мәдениетіне көп көңіл бөле бастадым. Баланы айтпай-ақ қояйын, ересек көрерменнің өзінен есі дұрыс көрермен азайып кетіпті.

Ең бастысы кешігіп келуден басталады. Сосын «сахнада жүріп жатқан әрекетке кедергі келтірдім-ау, көрерменнің мазасын алдым-ау» — деп қысылып, қымтырылу жоқ, айғай-аттандап орнын іздеп, таныстарымен амандасып барып орнына отырады. Отыра сала ауызға сағыз салады. Кейде сахнадағы концертті телеэкраннан көрсететін болса, монтаж кезінде жалмаңдап, шайнап отырған, бас киімін шешпей отырған көрерменді кесумен уақытың өтеді. Әбден орнығып, орнына отырып алғасын қалта телефонын алып, құрбыларына өзінің қайда екенін айтады. Кешігіп келгенін, жолда көрген азабын, әйтеуір орнын тауып отырғанын айтып болған соң сахнаға ден қояды.

Менің бұл мысқылдап жеткізіп отырғаным ересек көрерменнің залдағы қылығының бір шеті ғана. Ересек көрермен дегеніміз – ата-ана екенін ұмытпасақ, кейде олардың жетегінде баласы да болады. Үлкендердің көрермен ретіндегі «мәдениетін» көрген бала да кейін соны істемей ме?

Қазір біздер сахнаның көрермені емес, экранның көрермені болып кеттік. Телеарнадан, ғаламтордан, қалта телефонынан кез келген қызықты көре салатын болған соң сахнаның қызығына ден қойғымыз келмейді. Экраннан көріп отырып, тамақ жеуге, ішуге, жатуға, жүруге, тұруға болады. Соған бойымыз да, санамыз да үйренді. Екі сағат тыныш отырып сахнаға қарауға шыдам жетпейді. Себебі залда шалқая кететін диван жоқ, тістей салатын бутерброд та жоқ.

Сахна – ғажайып, сыйқырлы әлем. Баланы театрға, концертке, кездесу кештеріне ерте алып барып үйрету керек. Кез-келген театр, концерт залдарының фоеларында театр музейі, түрлі суреттер, көрмелер өтіп жатады. «Театр киім ілгіштен басталады» — деген жарықтық К.С.Станиславскийдің сөзі бар. Сырт киімді шешу, жаныңдағы әйел адамның сырт киімін шешуге көмектесу мәдениеті бар. Әрбір театрдың өзінің тұрақты көрермені болады. Солардың өзін қалай ұстайтынын, қалай киінетінін көру де тәрбиенің бір бөлігі. Сосын залға кіресіз. Отыратын орныңыздың қайда екенін білген соң жаймен орныңызға сырғисыз. Орныңыз шетінде болса бір сәрі, кейде қатардың ортасында болуы мүмкін. Сол кезде Сізден бұрын отырып алған көрерменге артыңызды бұрмай, бетіне қарай жүріп, «Кешіріңізді» айта жүре орныңызға жетесіз. Орныңызға отырған соң бүгінгі көретін схнадағы ойын туралы хабардар болсаңыз сол жайлы балаңызбен ой бөлісіңіз. Егер театрға барсаңыз бағдарлама сатып алып, кімдер ойнайтынын балаңызбен бірге бір талдап шығыңыз. Қатар отырған балаңыздан ұят болмасын, не көруге бара жатқаныңызды алдын ала өзіңіз біліп алғаныңыз жақсы. Сосын баланы да алдын ала сахнада не болатынына дайындап қойыңыз. Балтық жағалауының елдерінде бала тәрбиесі кезінде ата-ананың аузынан баласы: «Сенің ұлтың мынау, ана тілің мынау, сенің өз елің, жерің, мемлекетің, өнерің, мәдениетің, театрың бар! Соларды қадірлеуді ұмытпа!» — деген сөзді жиі естіп өседі екен.

Сондықтан Сіз де бүгін баратын мейлі театр, мейлі концерт, мейлі кеш болсын балаңыз көргенін мақтан етерлік деңгейге жеткізе түсіндіріңіз. Ол үшін өзіңіз бірдеме біліңіз!

Сахна өнері – тірі өнер. Ол шымылдық ашыла сала көрерменді өзіне тартып әкетеді. Тіпті аса мардымсыз дүние көрсеңіз де біраз уақыт соның шырмауында қалып қоясыз. Сол сахнада тірідей болған оқиға экранға көшкен кезінде «тірі» эфектісін жоғалтып алады. «Тірілігі» жоғалған өнер шай ішіп, ет жеп, әңгіме айтып, жүріп-тұрып көретін ермекке айналады. Тойдағы әншінің де тамақ жеуге кедергі бола алмайтыны да сол – фонограмма да «тірілігінен» айрылған өнер. Тойдан-тойға зулап жүрген әнші Сізге тірідей ән айтарына сенбеңіз. Оған да денсаулық керек, әнші болып ары қарай өмір сүру үшін дауыс та, тамақ та керек.

Хас өнерді көретін де, бағалайтын орта ол – сахна. Сахнадан көңілден шығатын өнерді көру үшін де көрермен, мәдениетті, білімді көрермен бола білген жөн.Ештен кеш жақсы. Осыны өзіңіз өткізіп алсаңыз да балаңыз мәртебелі көрермен болуына бүгіннен бастап кірісіңіз. Қазақтың өнерін шайнап отырып бағаламай, көрермен залында жайнап отырып бағалаңыз! Көрермені сауатты болса өнер де өлермен болып қалмайды, сол анық

Осыған ұқсас жазбалар:

Ұстаз үніӨнер үйренем деген балаға ала көзбен қарамаңыз.

Қосымша пәндерАКТЕРЛЫҚҚА ТҮСУ ҮШІН НЕ,ҚАЛАЙ ДАЙЫНДАУ КЕРЕК?

ҰстаздарғаСӨЗ СӨЙЛЕУ ЖАНРЫНЫҢ АРТИСІ бөліміне оқуға келіңіздер!

Қосымша пәндер«Мәнерлеп оқу – мағынасыз оқу емес!»

Өзін өзі тану«Конферанс жанры. Конферансье»

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1147950

Пікірлер (2)
Askar Naymantaev # 11 қаңтар 2015 в 12:13 +2
Бұл әншейін, жұқалап, бер жағынан айтқаным ғой. Дегенмен де ағайын сахнаға қарап сынай бергенше бір сәт сахнаға қарама-қарсы жаққа да ақыл айтар кез келген сияқты.
Таланттар мектебі # 11 қаңтар 2015 в 15:40 +1

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар