КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ КЕЙІПКЕР БЕЙНЕСІН ТАНЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

21 сәуір 2015 - Алия Сидагалиева

КӨРКЕМ ШЫҒАРМАДАҒЫ КЕЙІПКЕР БЕЙНЕСІН ТАНЫТУДЫҢ ТИІМДІ ЖОЛДАРЫ

Сидагалиева Алия Мураткановна

жоғары санатты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі

Атырау қаласы № 31 мектеп-гимназия

Әдебиет пәнінің жас ұрпақты уақыт талабына сай тәрбиелеу ісіне қосар үлесі үлкен. Өйткені мектеп оқушысы осы пәннің талабын орындау үшін әртүрлі жанрдағы көркем шығармаларды оқиды. Ол туындылар оқушының жақсы мен жаманның ара жігін ажырата білуіне, адамгершілік сезімінің ұшталып, имандылық қасиеттерінің оянуына септігін тигізеді.

Сондықтан әдебиет пәнін оқытуға ерекше назар аударылады.

Әдебиетті оқытудың басты мақсаты- оқушыларды сөз өнерінің қыр-сырымен таныстыру, халық даналығы, халық өсиеттерінен нәр алғызу, көркем шығармаларды оқуға деген ынталарын ояту, халықтың рухани байлығы- әдебиетін жан-жақты игерту, сол арқылы адамгершілікке, парасаттылыққа, сұлулыққа, отансүйгіштікке тәрбиелеу. Ал осы мақсатты жүзеге асыру үшін белгілі бір жүйе арқылы әдеби шығармаларды оқытып, талдатып, өзіндік дербес жұмыстарды жүргізіп, ұйымдастырып, машықтандыру іс-әрекеттерін дұрыс жүргізу керек. Әдеби шығарманы оқи отырып, оқушылар ондағы образдар жүйесін, шығарманың тақырыптық-идеялық мазмұнын ақыл таразысына салып ой елегінен өткізеді, оған өздерінше баға береді. Жазушының бағыт-бағдарын, ой жүйесін, мақсат-мұратын сезінеді, шығарма құбылысының қимыл- қозғалысын, жүрек лүпілін бағдарлай біледі.

Сабақта әдеби шығарманы талдау барысында кейіпкер бейнесін таныту- басты жұмыстардың бірі. Оның кейбір белгілері- сыртқы келбеті, іс-әрекеті, сөз сөйлеу, ойлау ерекшеліктері, автордың кейіпкерге, қоршаған ортаға қатысы, яғни, сынып жоғарылаған сайын әдеби образ табиғатын ашу мәселесі күрделене түседі. Олай болса, әдеби шығарманы талдау барысында кейіпкер бейнесін тану, таныта білу- жүйелі жұмыстар жүргізуді талап етеді. Әдебиет сабақтарында көркем шығарманы оқып, ондағы кейіпкерлер бейнесін ашуда оның сыртқы келбетін, іс-әрекетін, мінез-құлқын, ішкі психологиясын, қоршаған орта туралы түсініктерін қалыптастыруды басты назарға алуды көздедім. Онда олар табиғат пен оның терең сырларын, жақсылық пен жамандықты, әділдік пен әділетсіздікті, әлеуметтік мәселелер мен адамдар арасындағы қарым-қатынастарын байқайды, жақсыдан үйренерлік, жаманнан жиренерлік үлгі-өнеге алады және заман талабына орай дүниетанымдары кеңейеді. Қай шығарманы талдамайық, алдымен ол шығарманың мазмұнын, тақырыбын нақтылап, айқындап алудан бастаған жөн. Өйткені шығарманың мазмұнымен оқушы толық таныспай, оны меңгермей тұрып, басқа мәселе туралы сөз қозғау мүмкін емес. Ол үшін күрделі, көлемді шығармаларды оқуды оқушыларға күні бұрын тапсырамын. Себебі бір романды немесе толық бір повесті сыныпта отырып түгелдей оқып шыға алмайсың. Ал оқушылардың өздігінен ізденіп оқуы үшін, ынта-ықыласын, қызығушылығын арттыру үшін шығарманың кейбір қызықты оқиғаларын әңгімелеп берген дұрыс. Өйткені кейбір оқушылар көркем шығарма оқуға мүлдем қызықпайды. Бұл туралы әдіскер-ғалым Б.Сланов былай дейді: «Кей оқушылардың көркем шығарма оқуға қызықпайтыны-оларда әдеби туындыдағы өмірді, адамдар қатынасын бейнелейтін сырлы суретті көз алдына елестету қабілеті жетіспейді. Оларға әйтеуір бір жерде адамдар сөйлейтін, күлетін, ренжитін сияқты көрінеді.» Мысалы, 6-сыныпта Ә.Нұрпейісовтың «Балықшылар» әңгімесі беріледі («Қан мен тер» романынан үзінді). Әңгіменің мазмұнын түсіндіру барысында романның кейбір оқиғаларынан үзінділер келтіремін. Осы сыныпта сол сияқты, «Менің атым Қожа» (Б.Соқпақбаев), «Тұтқын бала» (Ш.Мұртаза) әңгімелерін өткенде, «Менің атым Қожа» повесін, «Қызыл жебе» романын, оларға түсірілген кинофильмдермен сабақтастыра әңгімелеймін. Бұл әдіс оқушыларды повесть, романдарды толықтай оқуға жетелейді де, көркем шығарманы оқуға деген ынталарын арттырады.

Көркем шығарманы талдаудың алғашқы қадамы-ондағы оқиғаны, оның талдау желісін таныстырудан, ұғындырудан басталады. Шығармадағы оқиғаны, оның желісін, негізгі ойын білмеген, түсінбеген оқушы шығарманы одан әрі талдауға, кейіпкер бейнесін тануға кіріссе де, ілесе алмайды. Сондықтан да шығарманы оқушыларға танытып, талдау- мұғалім үшін үлкен әдіс-тәсілдерді қолдануды қажет етеді. Шығарманың мазмұнын, оқиға желісін оқушыларға түсіндіру төмендегідей жүйеде іске асырылуы керек деп ойлаймын:

  1. Мұғалімнің кіріспе әңгімесінен кейін, шығармадан үзінділер келтіре отырып, мазмұнымен таныстырып шығу.
  2. Әңгімені іштей оқу арқылы әр бөлімге ат қойғызу, оны талдау және жоспар құрғызу.
  3. Жоспар бойынша әңгімені мазмұндап айтқызу. Тірек сөздерді қолданып, оны жадында сақтай білуге дағдыландыру.
  4. Шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы мінездеме жасату.
  5. Шығарма оқиғасының бастауын, байланысын, өрбуін, дамуын, шарықтау шегін, шешімін айқындауға кірісу.
  6. Оқылған әңгіме оқиғасына байланысты суреттемелер жасау, ой толғау.

Көркем шығарманы талдау шығармашылық жұмыстарды талап етеді. Қай көркем шығарманы оқыса да, оқушылардың ол туралы өзіндік әсері, пікірі туындайды. Оқушы көркем туындыны өз дүниетанымы, сезімі, білімі дәрежесіне байланысты қабылдайды.

Оқушылар көркем шығарманы оқу барысында бірден оның мазмұнын, оқиға желісін қайталап, жүйесін сақтай отырып түсіндіре алмайтыны белгілі. Ол үшін біраз жұмыстар жүргізуіміз керек. Оны шығарма мазмұнын жоспарлаудан бастаған жөн.

Жоспар жасауға дағдыландыру, әсіресе, 5-7-сыныптарда күрделі де маңызды мәселе. Көркем шығарманы оқу, мазмұнын меңгерту кезінде мұғалім ең басты мәселелерді бөліп алып, оқушы назарын үнемі соған аудартып отыру керек. Оған қысқа, тұжырымды тақырып қойып, тақтаға не дәптерлеріне қолма-қол жаздырып отырады. Бұдан оқушы өзі жасаған жоспарына сай және шығармадан алынған тірек сөздерді пайдалану арқылы шығарманы мазмұндап айтып шығуға дағдыланатын болады. Мұндайда шығарма жоспары оқушылар арасында кеңінен талқыланып, соның ішіндегі ең тиімдісін, ұтымдысын таңдап, талғап алғаннан кейін мазмұндау жұмысын жүргізген тиімді.

Шығарма талдаудың келесі сатысы- кейіпкер бейнесін талдау. Оқиғаның дамып, өрбуі тікелей кейіпкерлерге, олардың іс-қимыл, әрекеттеріне, өзара қарым-қатынасына байланысты. Нақтылап айтсақ, кейіпкер- оқиға желісінің арқауы. Әр шығармадағы адам тағдыры жеке кейіпкерлер арқылы пайымдалып, оның іс-қимылы, мінезі, қылығы айқындала түседі. Олай болса, шығарма желісіне жүгіну, кейіпкерлерді тануға тікелей байланысты. Осы жөнінде профессор М.А.Рыбникова былай деп ой айтады: «Оқытып тәрбиелеу міндеттері дегенде, біз тәрбие беретін мысалдарды, үлгілерді ұсынумен қатар, кеіпкер тағдыры арқылы берілетін өмірлік мәні бар мәліметтерді талдауымыз керек.»

Көркем шығарманы сабақта талдау барысында кейіпкерлер бейнесін танытатын, айқындап, даралайтын белгілерді төмендегідей топтап алдым. Кейіпкерлер бейнесін таныту белгілері:

1. Жазушының кейіпкерге берген сипаттамасы және олардың портреттерін суреттеуі

2. Кейіпкерлердің іс-әрекеті, сөз сөйлеу, ойлау ерекшеліктері

3. Кейіпкерлер диалогы, кейіпкер мінезін ерекшелеп тұрған сөздерді, суреттемелерді табу

4. Кейіпкерлердің өзара қарым-қатынасы, қақтығыс күресі, қоршаған ортаға қатысы

5. Кейіпкерлердің адами ұнамды қасиеттерін анықтау, олардың оқушыларға әсері.

Бұндай жолмен талдау-оқушылардың шығармадағы кейіпкерлердің өмірмен тікелей бірлігін көрсете, салыстыра отырып, олардың іс-әрекеттері арқылы мінез-құлқын, өзіндік қасиеттерін танып, білуіне жол ашады. Осы тұрғыда кейіпкерлерді таныту ісін 5-сыныптан бастап, сатылай үйрету, түсіндіру, ұғындыру арқылы оқушыларды кейіпкерсырына біртіндеп ендіреміз. Ол үшін оқиғалы әңгімелерді оқыту үстінде осы шығармада қандай кейіпкерлер кездеседі, олар кімдер, бір-бірімен қарым-қатынасы қандай, оқиға барысына, оның дамуына қатысы қандай, оның мінезінен, берілген, сипатталған портреттерінен нені аңғарамыз, шығармадағы кейіпкерлердің өмірде көріп жүрген адамдармен ұқсастығы бар ма, қай кейіпкерді ұнатасыңдар, ол несімен ұнайды, оны қалай дәлелдей алар едіңдер деген сұрақтар қою арқылы сұрау, жаттықтыру, айқындаттыру арқылы сыныптан сыныпқа күрделендіре түсіп, оларды толық салыстырмалы талдауға алып келтіреміз. Бұл әрине, мұғалім тарапынан үлкен ізденісті, еңбектенуді, әдіс-тәсілдерді қолдануды талап етеді.

Қай шығарма болмасын оқиға желісі, жазушы мұрасы нақты бір кейіпкерлердің айналасына жинақтала, соны негізгі нысанаға ала отырып айқындалады. Сондықтан оқушыны шығармадағы негізгі тұлға-кейіпкерлерді тани отырып, басқа кейіпкерлерді сонымен салыстыра, сабақтастыра талдауға үйретуіміз керек. Мысалы,7- сыныпта «Тортай мінер ақ боз ат» (О. Бөкей) әңгімесін өткенде, ондағы басты кейіпкер Тортайға ұқсас бейне (С. Мұратбеков) «Жусан иісі» әңгімесіндегі Аян бейнесімен салыстыра отырып, олардың ұқсас, ортақ белгілерін, өздеріне тән ерекшеліктерін таптырамын.

«Жусан иісі»

С. Мұратбеков

Аян бейнесі

Ортақ белгілері

«Тортай мінер ақ бозат»

О.Бөкей

Тортай бейнесі

1.Өжет

2.Төзімді

3.Тазалықты сүйеді

4.Ұқыпты

1.Жетім

2.Қиялшыл

3.Зерек, білімге құмар

4.Мейірімді

1.Намысшыл

2.Еңбекқор

3. Жазушы болуды армандайды

4.Жасқаншақ

Бұл әдіс — өткен тақырыпты еске түсіруге, кейіпкерлердің түрлі қасиеттерін, олардың ортақ белгілерін, ерекшеліктерін анықтауға тиімді. Сол сияқты «Тұжырым» кестесін қолдану барысында оқушылар шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеттері арқылы олардың мінез-құлықтарын таниды. Мысалы, Ә.Нұрпейісовтың «Балықшылар» әңгімесінде Еламанның іс-әрекеттері арқылы оның бойындағы адами қасиеттерін оқушылар іздене отырып табады.

Кейіпкер

Кейіпкердің іс-әрекеттері

Адами қасиеттері

1

Еламан

1.Мөңкенің ауру баласының қасында езіліп отыра бергенін қаламай, теңізге алып шығады.

2. Федоровқа қарсы батыл сөйлейді. Оның соққыларына шыдап тұрады.

3. Федоровты сүйменмен ұрады.

Бауырмал

Өжет, қайратты

Төзімді

Намысшыл

Бұл әдістің тиімділігі-оқушылар көркем шығармадағы кейіпкерлердің іс-әрекеті арқылы мінездеме береді, олардың адами қасиеттерін таниды, содан үлгі алады.

<img width="«642»" height="«161»" src="«file:///C:/Users/836D~1/AppData/Local/Temp/msohtmlclip1/01/clip_image001.gif»" align="«left»" v:shapes="_x0000_s1026 _x0000_s1027 Блок-схема_x003a__x0020_узел_x0020_8 _x0000_s1029 _x0000_s1030 _x0000_s1031 _x0000_s1032 Блок-схема_x003a__x0020_узел_x0020_6 _x0000_s1034 _x0000_s1035 _x0000_s1036 _x0000_s1037">Кейіпкерлер бейнесін танытудағы тиімді әдістердің бірі-тірек-сызбалар арқылы бір типті кейіпкерлерді топтастыру.

Бұл әдістің тиімділігі сол, оқушылар кейіпкерлерді топтастыру барысында олардың өздеріне тән мінездерін, белгілерін табады.

Өз сабақтарымда жиі қолданып жүрген әдістерімнің тағы бір түрі- «Кейіпкер портретін сомдау» әдісі. Кейбір көркем шығармаларда кейіпкерлердің портреттері айрықша ерекшеленіп беріледі. Міне, сол кейіпкердің портретін сомдап, жинақтап, сыртқа тұлғасы, бет-бейнесі арқылы мінез-құлқын тануға болады. Мысалы, 6-сыныпта берілген Д.Исабековтың «Ата үміті» әңгімесіндегі Омаш портретін сомдау үлгісі:

Омаш * Түйенің жарты етіндей

* Екі иығына екі адам малдас құрып отырардай

* Түрі түсіңе енсе шошып оятарлықтай келбетсіз

* Тісі аттың тісіндей, еңгезердей арбиған

Осы тұрғыда кейіпкерлердің портреттерімен танысқаннан кейін, олардың сыртқы сипаттарынан басқа, іс-әрекеттерінен психологиялық жан дүниелерін, мінездерін таниды. Яғни, «Омаш-дөрекі, қатігез, қайырымсыз, дүниеқоңыз, арам, қиянатшыл»

Сол сияқты С.Мұқановтың «Саятшы Ораз» әңгімесіндегі Ораз бейнесін төмендегідей талдауға болады.

Ораз *Орта бойлы, кең жауырынды, төстік кеуделі

* Мұрнының екі жақ сайынан басқа бетін түгел жапқан, ұзындығы

кіндігіне түскен ақ сақалды

* Кең маңдайлы, әжімсіз қызыл күрең жүзді

* Кішірек келген дөңестеу мұрынды

* Дөңгелек қара көзді, ұзын ақ қасты

Шығармадағы кейіпкердің осындай портреті арқылы оқушылар оның мінез-құлқын табады. Яғни,«Ораз-мейірімді, ақкөңіл, жомарт, кең пейілді, бауырмал.» Ал сурет өнеріне бейімі бар оқушылар өз қиялдарынан кейіпкер бейнесін қағаз бетіне түсірсе, кейбірі шығарма жазады. Бұл әдіс- оқушылардың өнерге деген сүйіспеншілігін, қиялын, ойлау қабілеттерін арттырады.

Ал өткен сабақтарда оқылған шығармалар, кейіпкерлер баланың жадында сақталып қалу үшін кейде төмендегідей ашық тест жұмыстарын өткізіп отырған тиімді. Ол тест жұмысында оқушы бір шығарманың бір сөйлемі, не бір сипаттамасы немесе кейіпкер портреті арқылы шығарма атын, кейіпкер есімін еске түсіреді.

1. Ауыл тіршілігін тастап, оқу іздеп қалаға қашып келген кім?

2. Аяғын ақсаңдай басып, балаларды ұйытып ертек айтатын кім?

3. Ержеткенде ақ боз атқа мініп, жазушы болуды армандайтын кім?

4. «Мен ескіше жыл басы деп есептелетін «Наурыз күні» киіз үйде туылыппын» деп басталатын шығарманың кейіпкері кім?

5. «Атымды айта бастасам, тілім таңдайыма жабысып қалғандай болады да тұрады. Адамның атының сүйкімді болуы да зор бақыт па деймін...» Үзінді қай шығармадан, кімнің атынан беріліп тұр?

Қорыта айтқанда, осындай әдіс-тәсілдерді қолдану барысында менің ұтқаным:

  • Көркем шығарма оқуға ынталары артты
  • Әр кейіпкердің өзіндік қасиеттерін ажырата білді
  • Кейіпкер бейнесін қызығушылықпен талдайды
  • Әр оқушы сүйікті кейіпкерін тауып, олардан үлгіалады
  • Шығарма жазу қабілеттері артты
  • Өз ойларын ашық айтуға дағдыланды

Жоғарыда көрсетілген жүйелі талдаулар жүргізу арқылы 5-сыныпта оқиғаны, оның желісін таныту, білдіру нәтижесінде кейіпкерлердің іс-қимыл әрекетін дұрыс түсінуге алып келсек, 6-сыныпта шығармадағы адам мінезіне, кейіпкерлердің ара қатынасына, түрлі қылықтарына терең бойлай білуіне мүмкіндік жасаймыз. 7-сыныпта жазушы бағытын айқындауға, 8-сыныпта шығарманың өмірмен байланысын, өмір шындығының шығармада қай дәрежеде көрініс тапқандығын айқындауға мүмкіндік береміз. Ал 9-11-сыныптарда бұл мәселеде кең ауқымда талдау жасау арқылы олардың іс-әрекетіне өздерінше баға бере алатын дәрежеге жетуі керек. Сол кездегі дәуірдің саяси-әлеуметтік ахуалын, тарихи шындық сипатын тану қажет.

Әдебиет- жан дүниені түгелдей жайлап, еш уақытта көзге көрінбейтін сезім қылдары арқылы ақыл иесі адамды өз ырқына жетелеп алатын дүние. Оны оқытудың қызықтығы да, күрделілігі осында жатыр. Сондықтан да әдебиет пәнін оқыта отырып, көркем шығармадағы кейіпкер бейнесін тануда оның тиімді жолдарын қарастыру – мұғалімнің даярлығы мен шеберлігіне байланысты.

Көркем шығармаларды осылай жүйелі талдау, кейіпкер бейнесін осындай мәселелер тұрғысынан қарастыру кезінде сабақтың білімділік, тәрбиелілік мәні жүзеге асады деп ойлаймын.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Б.Сланов. Кейіпкер бейнесін талдау. Алматы. 1990 ж. /1,145-бет/
  2. Т.Ақшолақов. Шығарманың көркем айшықтарын таныту. Алматы. 1993ж /2, 63-бет/
  3. Т.Ақшолақов. Көркем шығарманың эстетикалық табиғатын таныту. Алматы. 1975ж.
  4. Әдебиетті оқыту әдістемелері

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1130095

Пікірлер (1)
Нургиза Кульджина # 27 сәуір 2015 в 09:52 0
Менің ойымша әдебиетті оқытуға мектептерде аса мән берілмейтін сияқты, қазақ тілінің көлеңкесінде жүрген сияқты болып көрінеді. Оны айтып отырған себебім Қазақстан тарихынан ҰБТ тест тапсырмаларында жазушылардың шығармалары немесе авторлар беріледі де шығармасын табу не авторларын табу келсе жақсы оқитын оқушылардың өзі қиналып қалады. Ал шығарманың кейіпкерін ол еңбекті оқымаса қайдан біледі?! Дегенмен сіздің сабағыңыздың жоспары өте ұнады.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар