Отбасы тәрбиесі – баршаның ісі.

Отбасы- адамзат қоғамның ең шағын бейнесі. Қоғамда отбасы екі қызмет атқарады, оның бірі- дүниеге ұрпақ әкелу, екіншісі – дүниеге келген сәбиді тәндік жағынан дамытуды қамтамассыз етіп ,өмір бойы рухани жағынан жетілдіріп, оны тұлға ретінде қалыптастыру.

Отбасы тәрбиесі қоғамдағы өзгерістермен тығыз байланысты, сондықтан ол қоғам мүддесіне қызмет етуі тиіс. Отбасы ең алғашқы тұлғаны дамытатын әлеуметтік орта. Отбасында баланың тұлғалық қасиетіне ықпал ететін көптеген жағдайлар болады.

Мәселен, отбасы мүшелерінің мәдени деңгейі баланың түрлі әлеуметтік құндылықтарды игеруіне әсерін тигізеді.

Жеке меншікке негізделген қоғамда ұжымды сана күрделі өзгеріске түсіп, әлеуметтік жағдайда жұмыссыздық етек алып, көпшілік санасында жеке бастың пайдасын ойлау орын алды. Қоғамдағы осындай өзгерістер отбасы тәрбиесінде балаларды білімді ,ізгілікті, жан-жақты жетілген ,өз өмірінің құндылығын жете түсінетін етіп тәрбиелеуді қажет етеді. Осыған орай отбасында балалардың мүмкіндіктерін барынша дамытып, оны өмірде қолдана білуге, еңбек етуге, еңбектің қандай түрі болса да атқаруға психологиялық тұрғыдан даяр болуға, шығармашылық әрекетке даярлыққа, әрдайым өзінің білімін жетілдіріп отыруға тәрбиелеуге қажет. Жеке бас пайдасымен ұжымдық пайданың үйлесімділігін табуға ,іскерлікке, ізгілікке ,өздігінен ізденуге ,өзін-өзі жетілдіруге тәрбиелеудің маңызы зор.

«Баланың құқы жөніндегі конвенцияда» отбасында баланың құқын қорғау, оған қамқорлық жасау көрсетілген. Отбасындағы жас ұрпақтың тұлғалық қасиеттерінің қалыптасуына ата- ананың, отбасы мүшелерінің қарым-қатынасындағы мейірімділік пен махаббат қажет. Толық мәнді отбасы болу үшін ата-ананың және басқа отбасы мүшелерінің береке бірлікті, түсінікті сақтауы, сонымен қатар әр отбасы мүшесінің құқы қорғалуы тиіс.

Тек осындай ізгілік мұраттар отбасында орын алғанда ғана, отанын, елін-жерін сүйетін ,өз ұлтының салт дәстүрін, сонымен бірге жалпы адамзаттық мәдени құндылықтарды бойына сіңіріп, өзінің кісілік келбетін сақтай алатын тұлға тәрбиелеуге болады. Бала отбасынан жақсыны да, жаманды да бойына сіңіреді. Сондықтан да халқымыз «Бала ұяда не көрсе ұшқанда соны іледі» деп текке айтпаған.

Ғасырлар бойы қазақ отбасында сақталған тәлімдік дәстүрлер мол. Сол дәстүрлер сабақтастығы бүгінгі бала тәрбиесінде жалғасын табуда. Отбасында халықтық рухани-интеллектуалды мұраларын, мәдени құндылықтарын жандандырып, рухани ұлттық сипаттағы мінезді қалыптастыруды көздеу өмірдің талабынан туындап отыр.

Баланың отбасындағы тұлғалық қасиетін жетілдіретін жағдайдың бірі- отбасы ішілік және отбасынан тысқары атқарылатын еңбек. Отбасында күнделікті тұрмыс қажеттігін қамтамассыз етуден туындайтын еңбек баланы әлеуметтік қатынасқа түсіріп, оны ересек өмірге тәрбиелейді. Сондай еңбектің барысында баланың жауапкершілігі артып, еңбек ету қажеттігін түсінетін болады. Отбасы тәрбиесі кешенді педагогикалық мақсаттылық арқылы іске асады.

А.С.Макаренко «Ата-анаға арналған кітабында» «… Бала тәрбиесінде сіздің іс-қимылыңыздың өзі шешуші рөл атқарады.Сіз тәрбиені сөз арқылы немесе үйрету, бұйыру арқылы іске асырамын деп ойламаңыз.Тәрбие сіздің қалай киінетініңіз, өзгелермен қалай сөйлесетіңіз, олар туралы не ойлайтыныңыз, сіздің дос дұшпандарыңызбен қалай қарым-қатынас жасайтыныңыз, қалай күлгеніңіз, қалай газет оқығаныңыз, осы іс -әрекеттеріңіздің бәрі де балаңыз үшін маңызды. Тіпті дауыс екпінінің өзгеруін де бала сезінеді, сіздің барлық ойыңыз баланың көкейіне беймәлім жолмен жетіп жатады, сіз оны байқамайсыз да. Ал отбасында сіз дөрекілік көрсетіп, жұбайыңызды жәбірлесеңіз, осы ісіңізбен сіз балаға жаман тәрбие бересіз»-дейді. Ересек адамдардың өмірі негізінен түрлі іс-әрекет, қылықтардан тұрады. Белгілі ғалым С.Соловейчик «Іс –қылық адамның парасатты әрекеті, оны намыс, ар – ұят деп атайды»-деген.

Дегенмен де ересектер мен балалардың өмірі тек өнегелі іс-қылықтардан тұрмайтыны белгілі, кейде олар шалыс басады, ол кезде тіпті, кейбіреулер қылмысқа да барады. Сондықтан да, есею жолындағы басты нәрсе- баланы парасатты іске адал қылыққа үйрету, жақсы іс атқару, онан қуаныш сезіміне бөлену ,өзгені де ата-ананы, мұғалімді, достары мен таныстарын, бейтаныс адамдарды да қуанта білу.

Өмір тәжірибесі көрсеткендей, екі түрлі отбасына назар аударуға болады. Біріншісі- мтериалдық игілікті алға қойып, соған жетуді мақсат еткендіктен, рухани құлдырауға соқтығуда.Екіншісі- материалдық игілігі жеткілікті отбасында баламен ата- ана арасында эмоциялық, мейірімділік қарым-қатынастың орнықпағандығы байқалады. Осы жағдайлар отбасында жасөспірімдерді тәрбиелеуде ескерілуі қажет.

Отбасындағы тәрбиенің тиімді болуы ондағы қарым-қатынас түрлерінің орнығуына байланысты. Отбасында түрлі қарым- қатынастар орын алады:

— ынтымақтастық қарым-қатынас, яғни отбасы мүшелерінің өзара қарым-қатынасы түсіністік пен көмекке бағытталған;

— ортақ мүддеге негізделген бірыңғай қарым- қатынас;

— жақсы қарым-қатынасты сақтай отырып, өзара жетістікке жетуді көздеген қарым- қатынас,

— бәсекелестік, барлық жағдайда өзінің бәсекеде ұтуын көздеген қарым-қатынас;

— түрлі себептерден туындаған отбасындағы қайшылықты қарым-қатынас.

Демек, әр отбасында түрлі қарым-қатынастың орнығуынан баланың жеке тұлғалық қасиеті қалыптасады. Отбасында түрлі қарым-қатынас қалыптары көрініс береді. Кейбір отбасында отбасы мүшелерін бетімен жібереді, мұндай жағдайда ешқандай қарым-қатынас болмайды. Ал кейбір отбасында бедел орын алған қарым-қатынас орнайды. Оның да өзіндік ерекшеліктері бар, онда біреудің басқаларға басымдылық танытуы, бұйыруы баланың тұлғалық қасиетінің дамуына жағымсыз ықпал етеді. Қазіргі кезде заман ағымына қарай, отбасында демократиялық қарым-қатынасқа ұмттылушылық бар, яғни әр отбасы мүшесі тең құқықты қарым-қатынасты орнатуды көздейді.

Түйіндей келе, отбасында орныққан қарым-қатынас түрі мен қалыптарына сәйкес баланың тұлғалық қасиеттері қаланады. Бала әрқашан да ата-анадан жүрек жылуын, мейірімділікті қажет етеді, ол ата-ананы өмірдің тірегі санайды. Бала үшін ата-ана игілік жасушы, үлгі -өнеге көрсетуші және ақыл кеңес айтушы болып табылады.

Қазіргі отбасы тәрбиесіндегі басты нысана баламен рухани үндестік пен үйлесімдікке ұмтылу, ата-баба мұрасын сақтауға көңіл бөлу, халықтың тәлімдік мұрасын бүгінгі күнмен сабақтастыру болып табылады. Осыған орай отбасында еңбексүйгіштікке, баланың жасына сай еңбек түрлеріне және қоғамдық пайдалы еңбекке баулуды іске асыру қажет. Ата-ана және әлеуметтік орта болашақ азаматтың денсаулығын жастайынан сақтау үшін, оның тәнінің дұрыс түзіліп қалыптасуына, салауатты өмір салтын нығайтуға ерекше мән бергені бүгінгі күннің өзекті мәселенің бірі болып саналады.

Әр отбасы ата тегінен келе жатқан кәсіби өнерін, атқарған еңбегін құрметтеп, оны кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге еткен, бірлесіп атқарған пайдалы қоғамдық еңбек барысында адамгершілік қағидаларды қатаң сақтап, дамытып отырған ,ұрпағына ақыл-кеңес беріп, ата кәсібін құрметтеп ,қалыптасқан дәстүрді жетілдірген.

Туыстық, отбасылық қатынастарды бала кезінен қалыптастырған. Мысалы, ойын ойнау, көрем өнермен шұғылдану, еңбекке баланы қатыстыру арқылы ересек адам мен баланың қарым-қатынасын нығайтуды көздеген.

Үлкенді құрметпен өнеге тұту, одан үлгі алу біріккен шығармашылық еңбек етуді, белсенді іс-әрекетке баулуды дәстүрлі мерекелер, фольклорлық кештер ,ұлттық өнеге, ойын сайыстары арқылы іске асырған.

Туыстарға, айналасындағыларға қамқор бола білу, қиын жағдайда оларға қол ұшын беру туған жерді, ондағы табиғатты сүю, оны қорғау күнделікті өмір салтына айналған. Ересек бала өзінен кішімен қарым-қатынас құрып, әлеуметтік мәдени қалыптарды үйретіп, қамқорлық көрсетіп, өз ісіне жауапкершілікпен қараған. Отбасында қалыптасқан дәстүрлі мерекелерді өткізу арқылы баланың тұлғалық қасиетін жетілдіру іске асырылған. Мысалы, баланың дүниеге келуі кәмелетке толуы,үйлену тойы т.б.

Отбасылық қарым-қатынастың негізінде үнемі балаға қамқорлық көрсетіп, ол отбасы мүшесі, оның пікірі мен көмегі үлкендерге қажет деген сенімін қалыптастыру керек.

Халық даналығына назар аударсақ, ол былай дейді: «Егер сен бір жылдық өміріңді ойласаң, онда арпа ек, он жылдық өміріңді ойласаң, онда ағаш ек, ал ғасырлық өміріңді ойласаң, онда бала тәрбиеле».

Ана тілінің тағдыры отбасынан басталады. Рухани байлық дүниетаным, түсінік, рух, иман отбасынан қаланады. Егер жас бала отбасынан осы түсініктерді ана тілі арқылы халықтың сарқылмас мол рухани қазынасынан сусындаса, өзіміздің дәстүрлі ұлттық дүниетанымымыздың арнасында әлемдік өркениет жетістіктерін игеріп, терең меңгерсек, ешкімге есебімізді жібермейтін дәрежеге жетсек, онда дербес ел ретінде нық тұрамыз.

Қазақ халқы баланы дүниедегі барлық асылдан жоғары бағалаған, болашағына, арманына балаған. Сондықтан да халқымыз «Балалы үй- базар, баласыз үй- мазар» «Босағасын алтыннан соқсаң да, перзент сүймей, адамның мейірімі қанбас», «Ақыл-тойға келген қыз емес пе, айлық қолға ұстаған мұз емес пе» деп барлық асыл сөздерін арнаған.

Қазақ отбасы көбінесе көп балалы болып келген. Қазақ отбасы ата-ана, әке –шеше, балалар үш ұрпақты құрамнан тұрған. Отбасы экономикалық жағынан қамтамассыз етіліп отырған. Ата- ана мен әке-шешенің қарым-қатынасы жас баланың адамгершілік жағынан толысып жетілуіне үлкен үлес қосады және ізгілікті іске баулиды.

Кейіннен экономикалық әлеуметтік жағдайға қарай отбасы мүшелері жағындалып, жастардың отбасы үлкендерден бөлек тұратын болды. Осыған орай ,ұрпақ тәрбиесіндегі атадан балаға беріліп келе жатқан тәрбиелік сабақтастық үзілді. Дегенмен де жас отаулар бөлектенгенмен ата мен әженің немере тәрбиесіне ықпалы зор. Үлкендер немере тәрбиесінен қол үзгілері келмейді. Үш ұрпақты құрамдағы қазақ отбасы өзінің құрылымын әлеуметтік жағдайлардың себебінен сақтай алмады. Солай болса да, жас отбасылар үлкендердің бала тәрбиесіндегі ықпалын сақтауға тырысады. Түйінін айтқанда, үш ұрпақты құрамды отбасы мүшелерінің арасындағы қарым-қатынастың тәрбиелік мәні ерекше, бірақ та, оны іске асыруда екі түрлі мәселе туындайды. Біріншіден, үш ұрпақты құрамдағы отбасының мүмкіндігі толық қолданылмайды. Оның бірнеше себептері бар: отбасындағы үлкендер мен немерелер арасындағы қарым-қатынас өз мәнінде емес.

Үлкедер бала тәрбиесіне «қатыспау» бақылау жағын ұстанады, өйткені отбасы мүшелерінің көзқарасында қайшылықтар бар. Екіншіден, қала мен ауылдың алшақтығынан, ата -әжелер алыстағы немерелерімен тығыз қарым-қатынас ұстай алмайды. Жас отбасылар бөлек тұратындықтан үлкендерге көмек көрсете алмайды, сол сияқты үлкендер де бала тәрбиесінен аулақ болады. Ұрпақтар сабақтастығы үзілгендіктен, жас ұрпақ бойында қара басының қамын ойлау тәкәппарлық, шарасыздық белең алса, ал үлкендерде оқшаулық, балаларына қажетсіздік сияқты сезім орнығады.

Рухани –адамгершілік сезімді қалыптастыратын педагогикалық факторлар: отбасы мүшелерінің дұрыс қарым-қатынасы, баланы адамгершілңкке тәрбиелейді.

Түйіндей келе, отбасындағы тәрбиеде үлкендердің басқа отбасы мүшелерімен дұрыс қарым- қатынас құруы- жас ұрпақты ізгілікке тәрбиелейді деген сенімін нығайту керек. Сонымен үш құрамды ұрпақты отбасының тәрбиелік мүмкіндігі толық мәнінде пайдаланылмайды. Бұл мәселе әлі де зерттеуді қажет етеді.

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1072370

Пікірлер (0)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар