Мектебімізде ізі қалған тұлғалар

           Мектебімізде ізі қалған тұлғалар

         Жақсы адамдар да жарық жұлдыздар сияқты. Олардың жарығы алысқа түседі, жан-жағына шуағын шашады.Шапағат шұғыласына малындырады. Ондай жылы жүректі адамдар үлгі-өнегесімен, адами асыл қасиеттерімен өзіндік ізін қалдыра біледі, жүректен орын  алады.Ұстаздар жайында халқымыздың ұлы батыры Бауыржан Момышұлы "Ұстаздық — ұлы құрмет. Себебі, ұрпақтарды ұстаз тәрбиелейді. Болашақтың басшысын да, данасын да, ғалымын да, еңбекқор егіншісін де, кеншісін де ұстаз өсіреді… Өмірге ұрпақ берген аналарды қандай ардақтасақ, сол ұрпақты  тәрбиелейтін ұстаздарды да сондай ардақтауға міндеттіміз” деген. Бала бойына ата-анадан кейінгі ақыл-ой, адамгершілік, әдептілік, ар-ұят, ұлттық сана-сезімді сіңіруші адам – Мұғалім.

Ендеше өз ісіне берілген, жаңалықты жатсынбай қабылдайтын, шәкіртінің жанына нұр құйып, өмірге өзі де бақытты болып, өзгелерді де бақытқа жеткізсем деп жүретін ұстаздардың жөні де,  жолы да бөлек.

       "Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға” деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шығармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз.

         Менің қалам алуыма себепші болған мектебімізде өзіндік із қалдырып,өзіндік орын ала білген ұстаз -Әлайдаров Мәмед, Әділханов Әметхан, Әміржанова Алтыншаш,Үншібаева Күлайша, Жолшиев Орынтай, Айтбаев Қожаш, Қоңыршина Зәуреш,Үкібаева Хадиша сынды ағай-апайларымыз.Бұл кісілердің жүріп өткен өмір жолы кейінгі ұрпақ үшін үлкен өнеге,үлкен тәрбие болмақ. Осы мектепте жүріп үлкен мектеп өмірінен өткен, өздері де өмірі мен өнеге бола білген ағай-апайларымыз қанашама шәкірттерге ықпал етіп, рухани жағынан қалыптасуы жолында тер төккен жандар.Алды   42  жыл, соңы   39  жыл  педагогикалық  еңбек өтілі бар кісілер. Ойлана қарасақ, ой жібере қарасақ, бұл жылдардың барлығы да «маңдай тер» еңбекке, күні-түні ізденіске толы екенін байқауымызға болады.                                                  

         Мұғалім-қастерлі ұғым, қасиетті ұғым.Осы кісілер осы қасиетті атаққа ие бола білген жандар.Кешегі күнге дейін осы №55 С.Қожанов атындағы орта мектепте қажырлы еңбек етіп келген, бүгінде зейнеткерлікке шыққан ағай-апайларымыз жайлы жекелеп, даралап жаза берсе жарасатыны анық. Алайда, тіл маманы Әміржанова Алтыншаш апай жайлы айтқым келіп отыр.Алтыншаш апайды ұстаз- ана деп танимыз. Мектебімізде  тек  қазақ тілі мен әдебиет пәні мұғалімі ғана емес, қоғамдық жұмыстарға да ат салысты. Алдындағы сенім артқан шәкірттерін білім нәрімен сусындатып, мектептегі жұмыстарға да, ауылдағы аналарды ұйымдастырып жарыстар, байқаулар өткізуге  уақыт тапты.Мектепте тәрбие ісі жөніндегі орынбасар болып қызмет атқара жүріп, «тәрбиеге бағынған құл болмас» деп тәрбие саласында көптеген қарқынды  жұмыстар жүргізді.Оқушылар арасында, сондай-ақ қыздармен жұмысты жандандырды. Мұғалімдермен де өзекті тақырыптар жөнінде «дөңгелек үстелдер» ұйымдастырды. Ауыл көлемінде  «Жесір аналар» тақырыбында азаматтары соғысқа кетіп, оралмаған  аналармен кездесу ұйымдастырды.Сол кездегі осы кездесуге қатысқан кей  адамдар кездесудің тартымды, ойда қаларлықтай болғанын айтып жүрді.Мұндай еңбектері қаншама, «бүтіннің бөлшегі» десек, соның бір бөлігі ғана.

        Мұғалімдік адам жан дүниесінің ең нәзік, ең күрделі  қыр-сырына қызмет ететін адамтану мамандығы десек, Алтын апайымыз оқушымен де, мұғаліммен де, ауыл адамдарымен де тіл табыса алатын «нәзік психолог» болды. Алдынан қаншама шәкірттер білім нәрімен сусындап, ұшып шықты.Соның қай-қайсысы болса да «Алтын апайым »деп алып-ұшып тұрары анық.

Ұстаз  да диқан сияқты. Ол әр адамның жанына білім дәнін себеді. Әр шәкіртін аялап өсіріп, өмір атты шексіз ғаламға топшысын қатайтып ұшырады. Дәлірек айтсақ, адамды өмір сүре білуге тәрбиелейді. Сол үшін бойындағы асыл қасиеттерін шәкірттеріне сіңіріп, тер төгеді.Осы мектепте балаларды білім нәрімен сусындатып, мектептептің өркендеуіне өзіндік үлес қосқан Қоңыршина Зәуреш,Әлайдаров Мәмед,Әділханов Әметхан, ӘміржановаАлтыншаш, Жолшиев Орынтай, Айтбаев Қожаш, Үншібаева Күлайша,Үкібаева Хадиша сынды табиғат берген талабымен, өмірімен өнеге болған  ағай-апайларымыздың еңбектері зор, көштері алға озып тұр.Хадиша апай «Әліппенің» қыр-сырын үйретсе, Күлайша апай «сандар әлемі»жайлы сыр шертті, Алтыншаш апай болса сөздің майын тамызып, тіл құдіреті туралы айтты, Әметхан ағай тарихтан сыр шертсе, Мәмет ағай әдебиет саласынан мол түсінік берді, Қожаш ағай салауатты өмір туралы айтып отырса, Зәуреш апай есеп-қисап туралы, физикалық заңдылықтар жайлы айтты.Жолшиев Орынтай ағайымыз осы мектепте күрес үйірмесінің іргесін қалап, олимпиада чемпиондарын тәрбиелеп шығарды. Өмірдің қыр-сырын білуге, сан қилы құбылыстарды терең түсінуге мұрындық болып, жан-дүниеңе нұрлы шуақ түсіріп, адамгершілікке баулыған мұғалімдеріміздің бейнесі көңіл төрінен орын алады.

 Биыл №55 С.Қожанов атындағы орта мектебімізге-алтын ордамызға мерейлі 80жыл толып отыр. Бұл кісілердің аты мектебіміздің тарихында қалары анық.Алдыңғы буын ағалардың жемісті еңбектері, жүріп өткен жолдары кейінгі ұрпаққа, мына біздерге үлкен сабақ, үлкен сара жол болары анық.Ұстаз-ана,ұстаз-тәрбиеші деген мәртебелі атақты сақтай білген аға-апаларымызға денсаулық тілеймін!     

           «Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы- мұғалім, алты алаштың баласы бас қосса,қадірлі орын мұғалімдердікі»-деп Мағжан Жұмабаев айтқандай, мектебіміздің тарихында ұлы көшті жалғастыратын, ойлы да саналы ұрпақ тәрбиелейтін ұстаздар көп болсын!  

                                                                    Қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі 

                                                                                             Кембілбекова Гулзина 

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1068729

Пікірлер (2)

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru