Соңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

11 мамыр 2014 - Админ
Соңғы қоңырау кешіне арналған сценарий

1-жүргізуші:

Бүгін қандай шаттық толы кеш еді,

Көңіл шіркін, тасып-толып өседі.

Ұл кешегі жігіт болып қалыпты,

Бойжетіпті бантикті қыз кешегі, — демекші, құрметті ұстаздар мен ата-аналар, оқушылар мен қонақтар, «Сыңғырла, күміс қоңырау!» атты кешімізге қош келдіңіздер!

Ортаға әскери киім киген 3 оқушы шығып, бірі:

— Мектеп, түзел, тік тұр! Қазақстан Республикасының мемлекеттік туы әкелінсін! (Ортаға ту әкелінеді).

— Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалсын! (Мектеп әнұран орындайды).

1-жүргізуші: Мектеп деген ата-анаңдай әлпештеп, биік шыңдарға жетелейтін, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, болашаққа нық қадам басуға көмектесетін алтын ұя.

2-жүргізуші: Дұрыс айтасың, «мектеп – кеме, білім – теңіз» деп қазақ атам бекер айтпаған ғой. Бүгінде енді қайтып мектеп табалдырығын аттамайтын оқушылар да бар. Олай болса, баршаңызға арналған мектеппен қоштасу кешін бастауға рұқсат етіңіздер.

1-жүргізуші:

Тыңдаған көңілдегі толғамымды,
Шыңдаған тәрбием мен талғамымды.
Өмірдің маған сыйы деп білемін,
Өзіңдей жанға шәкірт болғанымды, — дей келе, салтанатты жиынымызды ашу үшін сөз кезегі мектебіміздің директоры… беріледі.

2-жүргізуші:

Ортаға 1 және 11 сынып оқушылары шығып, тақпақтар оқиды.

1-оқушы:

Табылған балапан ем ұядағы,
Қырандай жетілдірдің қиядағы.
Ұстазға деген ыстық сағынышым,
Бір әнге қалай ғана сыя алады.

2-оқушы:

Өнердің мен білмейтін қапталдарын,
Жаныма сіңіргенше тоқталмадың.
Алдымнан шықты бүгін қолын бұлғап,
Қанша жыл қиялдаған тәтті арманым.

3-оқушы:

Мектебің – алтын ұя жарқыраған,
Ұстазың – бұлақ көзі сарқыраған.
Шыңдалып, шыңға қарай қанат қақтың,
Шарықта, жас қыраным, ақ жол саған.

4-оқушы:

Орындалсын аңсап жүрген арманың,
Арайланып атсын нұрлы таңдарың.

Туған елдің көк байрағын көтеріп,
Биіктерден көріне бер, саңлағым!

5-оқушы:

Ардағым деп қуанады ел саған,
Тарланым деп табынады жер саған.
Болашақтың бар тізгіні сендерде,
Сенім артар азаматым, болшы аман!

6-оқушы:

Ақ көңіл ұстаздарым, адал ниет,
Жандарың жадырасын, жасымасын.
Қайда да шәкірттерің жүрер сүйеп,
Қиындық басқа түссе қасымдасың.

(Осы кезде 11 сынып түлектері мен 1 сынып оқушылары алдын ала дайындаған сыйлықтарымен алмасады).

1-жүргізуші:

Биылғы жылы мектебіміздің алған асуы мол. Оның барлығы да озат оқушыларымыз бен талай жүйрікті артта қалдырған спортшыларымыздың арқасы. Олай болса, озаттарымызды марапаттау рәсімін бастаймыз.

Ажырамай мектептен бір елі сіз,
Жақсылыққа жаралған жүрегіңіз.
Сөз берелік құрметпен өзіңізге,
Шәкірттерге арналсын тілегіңіз. Құттықтау сөз оқу ісінің меңгерушісі… беріледі. (Озат, дарынды оқушылар арнайы мақтау қағазымен марапатталады).

2-жүргізуші: Мектебіміздің… тобын әсем әнімен қарсы алыңыздар.

1-жүргізуші:

Ұрпақсыз шәкірттерге бақ келген бе?

Бапкерсіз тұлпарларға бап келген бе?

Он бір жыл сыныбы үшін жанын салған,

Сөз кезегі – сынып жетекшісі бапкерлерде.

2-жүргізуші:

Кешіміз өтіп жатыр салтанатты,

Төгілген күн нұрының шапағаты.

Мың бұралып бишілер би билейді,

Халайық қол соғыңыз мархаббатты.

Ортада попури биі.

Биі орындалып бітісімен 11 сынып оқушысы 1 сынып оқушысын көтеріп, күміс қоңырауды сыңғырлатып шығады. Артынша мектептің барлық оқу озаты сап түзеп, аты аталып болғанша айналып жүреді.

1-жүргізуші:

11 сынып оқушыларының орындауында соңғы вальс биін қабыл алыңыздар.

2-жүргізуші:

Арманыңда, жаныңда жалын ән бар,

Жас талапкер, сөзіме көңіл аудар.

Бұрынғыдай күтпейді мектеп сені,

Бұрынғыдай соғылмас қоңыраулар.

Мектеп қайта есігін ашпас енді,

Өмір – ұстаз, ақылды, ақ шаш өңді.

Басқаша енді үйретер бар сабағын,

Қоңыраулар соғылар басқаша енді.

Былтырғыдан басқаша биыл демек,

Білімің мен ақылың, күйің бөлек,

Енді басқа жиын-той, киім керек,

Енді саған шынайы сүю керек.

Сұрақ басқа оп-оңай шешілмейді,

Жаса қанша тентектік, есір, мейлі.

Мектептегі мұғалім кешіргенмен,

Өмір — қатал, ол күнде кешірмейді.

Даусыз ол күн есіңде сақталады,

Жазылмаған өмірдің ақ парағы,

Жаңа дастан күтеді, жазуыңды

Күтпейді тек сыныптың тақталары.

Енді сені күтеді барлық жолдар,

Күтпейді тек мектептің парталары.

Кездеседі дауыл да, дабыл да көп,

Дамылдама, қаймықпа, қабылда кеп.

Үлкен ойдан үлкен іс туар, ойлан,

Болашақтың тағдыры қолымда деп.

Уақыт та емтихан алар,

Ол сын қорқыта алмас.

Көңілге сенім қонсын.

Жас талапкер, билет ал тәуекел деп,

Емтиханда, өмірде жолың болсын.

Мектепті бітіруші тілектер ортаға жиналып, көгершін ұшырады. Ортаға ақ мата төселіп, барлық түлекті мектепке соңғы рет кіргізеді.

1-жүргізуші:

Қоштасады алтын ұя мектебің,
Маңдайыңнан сипап өтер көкте күн.
«Сәт — сапар» деп қол бұлғаймыз бәріміз
Тілейміз біз армандарға жеткенін, — дей келе, әрдайым өмірде жолдарың болсын дейміз. Барлығы «Сәт – сапар» деп бірнеше рет бірге қайталап, шығарып салады.

Дайындаған: Қарлыға Бүйенбай

Мақала массагет сайтынан алынды

Осыған ұқсас жазбалар:

ҰстаздарғаӘРІПТЕРДІҢ ӘЛЕГІ

Сценарий​«Қарттарым – асыл қазынам» қарттар күніне кездесу кешінің сценарийі

Тәрбие сағатыТәуелсіз елім - Қазақстаным

ҰстаздарғаЕРЕКШЕ ЕМТИХАН

Сценарий«Үздік қаржыгер» интелектуалдық ойынының жоспары

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141187

Пікірлер (1)
Askar Naymantaev # 12 қаңтар 2015 в 08:38 +1
Жақсы. Қазақтың тойының сценариі сияқты кейде еш формасы мен форматы бүлінбейтін сценарилер болады. Мұнда біраз жаңалыққа талпыныс бар екен.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар