Жолы болсын әркімнің, орында жол тәртібін!

10 мамыр 2016 - gulzhauhar azhibaeva

Тақырыбы: Жолы болсын әркімнің, орында жол тәртібін!

Мақсаты:1.Жол және көшеде жүру ережелерін пысықтау, 4-сынып оқушылары  1-сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін насихаттау, жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру.

 2.Ойларын ашық айтуға, көше белгілерін жатқа айтуға дағдыландыру. Жолда жүру мәдениетін қалыптастыру.

 3.Жол ережелерін үнемі сақтап, барлығымызға ортақ қойылған тәртіпті бұзбауға тәрбиелеу.

Көрнекілігі: Интерактивті тақта, жол белгілері, бағдаршам, реттеуші.

Ұйымдастыру.

Жүргізуші бала: Арманға алда күткен асығамыз,

Біз қалай толқын атпай басылармыз.

Жол жүру ережесін жақсы біліп,

Сақтыққа тұра алатын жас ұланбыз!

Жалғайтын достастырып бар елменен,

Жолдардан тұрады ғой әлем деген,

Бүгінгі бізге келген қонақтарға

Кешіміз басталсын сәлемменен!

Мұғалім: Бала біздің болашағымыз. Ал сол болашағымызды алуан түрлі апаттардан сақтап, аман-есен азамат етіп тәрбиелеу, ең алдымен ата-ананың ұстаздардың төл міндеті десекте, осынау маңызды істен біздің жол сақшы ағаларымыз да шет қалмауда. Өйткені соңғы уақытта қала, ауыл көшелерінде көлік санының шектен тыс көбеюіне байланысты алуан түрлі жол көлік апаттарының орын алып жатқандығын, сондай апат салдарынан жасөспірімдердің әртүрлі оқиғаларға душар болатындығын жасыруға болмайды.Жол жүру ережесін бәріміз де білгеніміз жөн, алайда ең алдымен балаларға үйретуіміз керек.Олай болса осы бағытта өрбитін тәрбие сағатына жол полиция қызметкері және алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары арнайы шақырылды. Себебі өз білгенімізді кіші буынға үйрету және  жол полиция қызыметкерлерімен кездесу.

Ендеше қош келдіңіздер!

1-сынып оқушысы: Сәлем достар, менің атым Білімжан. Мен 1-сынып оқушысымын.Мені мектепке күнде ата-анам әкелетін. Бүгін ата-анам жұмыста болып үйге өзім қайтпақшымын.Үйіме қайту  үшін жол жүру ережесімен танысқым келеді.Маған көшеде қалай жүру тәртібін үйретіңдерші.

Жүргізуші бала: Білімжан, сен 1-сынып оқушысың, сенің білмейтінің әлі көп.

Ал біздердің жол жүру ережелерімен танысып, үйреніп жүргенімізге де біраз уақыт болды. Осы уақыт ішінде біз көшелер мен жолдарда қойылатын белгілермен таныстық. Енді міне, осы алған білімімізді бүгінгі’’Жолы болсын әркімнің, орында жол тәртібін!’’ атты жол ережелеріне арналған тәрбие сағатымызда көрсетеміз деп ойлаймын. Сен және сенің кішкентай сыныптастарыңды біз  көшеде жүру тәртібін білсін, үйренсін деп бүгінгі сынып сағатымызға шақырдық. Біздің балалар көше ережесі туралы не біледі екен, тыңдап отырыңдар.

Мұғалім:Құрметті қонақтар, “Жол ережесін сақтау” үгіт — насихат поезді №3 орта мектебіне келіп тоқтайды, жолда абай болыңыздар!

Ән  (“Сәулем-ай” әуенімен)

Сапар шексек сіз бен біз,                    

Сан көлікке мінеміз

Трамвай, толлейбус                       

Автобуспен жүреміз.                        

Қайырмасы                                                                                                                                                             

Көлік, көлік, көлік                           

Көліктерге мінеміз.                          

Көшелермен жүреміз                        

Күнде тынбай  көшелерде жүреміз.        

Қайырмасы                                  

Жол жүрудің тәртібін                       

Ережесін білейік                             

Сақтанғанда қатерден

Сау саламат жүреміз                       

1-оқушы: Армысыздар, бармысыздар. Біз жол апатының алдын алу үшін үгіт — насихат жүргізіп жүрген балғын жол инспекторлармыз. Біздің мақсатымыз көшелер мен жолдардағы қауіпсіздік ережелерін оқып үйрену, жол қауіпсіздік ережелерін  насихаттау, жол апатының алдын алып, ел болашағының өмірін сақтау.

2-оқушы: Жол қозғалысының жас инспекторы деген атақ-абыройды жоғары ұстау, жол қозғалысы ережелерін оқып үйреніп, оларды бұлжытпай орындауда өзгелерге үлгі көрсету, өз қатарластарымыз бен кішкентай балалар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігін насихаттап түсіндіру жұмыстарын жүргізу яғни біздің міндетіміз.

3-оқушы: Олай болса білгенімізді, үйренгенімізді ортаға салып жол қауіпсіздігін болдырмауға ат салысайық.

4-оқушы:Әр оқушы көшеде жүру тәртібін өте жақсы білуі керек. Көшеде жүре білу машина астына түсуден, апаттан сақтайды.

Ән: «Бағдаршам»

Бұрылыста бағдаршам:

Қызыл, сары, жасыл көз

Бұйырып тұр аңғарсаң,

Бұйрықты асыр тез!

Қызыл жанса, таянба,

Сары жанса, дайындал.

Жасыл жанса, аяңда,

Жол ашық, не уайым бар!

Оң жақ жасыл жанғанда,

«Оңға бұрыл» дегені.

Сол жақ жасыл жанғанда,

«Солға бұрыл» дегені.

Бағдаршамның тіліне,

Бағынбауға болмайды.

Тас қып байлап түбіне,

Жазалайды ондайды.

5-оқушы: Көшеде жүру тәртібін бағдаршам басқарады.

Бағдаршам жол қозғалысын жарық сигналдары арқылы реттейді. Онда үш түрлі түсті жарық сигналы қолданылады. Бұл түстер бекер таңдап алынбаған.

6-оқушы: Қызыл түс-қозғалысқа тыйым салады, өйткені бұл қауіп ұғымын білдіреді. Әрі бұл түс күндіз де, түнде де, тұман мен жауынды күні де жақсы көрінеді.

7-оқушы: Жасыл сигнал қозғалысқа рұқсат береді. Сондай-ақ бұл түс қызыл түстен айқын ажыратылады.

8-оқушы: Сары сигнал –негізгі қызыл және жасыл түстардың арасындағы аралық, дайындық белгісі. Бұл да жақсы көрінетін түс.

9-оқушы: Бағдаршамның әрбір сигалының орналасатын нақты орындары бар. Қызыл түс ең жоғарыда орналасады. Ал аралық түс болғандықтан, сары сигнал ортада болады. Жасыл түс бағдаршамның ең төменгі бөлігінде орналасқан. Егер жасыл сигнал жыпылықтаса, оның уақыты таусылды деген сөз. Қызыл және сары сигналдардың қатар жануы алда қозғалуға рұқсат беретін жасыл сигналдың кезегі жақындағанын білдіреді.

ӘН: «Реттеуші»

МАЙ қызметкерлері,

Шаршау білмес, ей ұлан,

Елеу керек еңбегін.

Көз салып ол қырағы,

Бос жібермей әр күнін,

Қадағалап тұрады

Қадағалап тұрады

Жолда жүру тәртібін.

 

Кей бұрышта таяқты,

Реттеуші аға тұр.

Ақырын бас аяқты-

Қимылдарын баға тұр.

Реттеуші қолдарын

Ретімен қозғайды

Реттейді ол бәрін,

Ретсіз қол созбайды.

 

 

10-оқушы: Реттеуші дегеніміз қолына ала таяқ ұстаған, көше тәртібін басқарып тұрған адам.Реттеуші жол қиылысының ортасында тұрады.Оның денесі мен қолдары арқылы жасалған қимылдары реттеушінің сигналдары болып табылады.Реттеушінің бар болғаны төрт сигалы бар.

11-оқушы: Реттеуші жаяу жүргіншіге бүйірін беріп, екі қолын жан-жаққа созып немесе түсіріп тұрса, жаяу жүргінші көлік жолды кесіп өтуіне болады.

12-оқушы: Реттеуші оң қолын алға созса, жаяу жүргінші оның арқа тұсынан көлікжолды кесіп өтуіне болады. Ал ол кеуде тұсымен қарап тұрған жақтан көшені қиып өтуге рұқсат етілмейді.

13-оқушы: Реттеуші жаяу жүргіншілерге кеуде немесе арқа тұсын беріп қолдарын жан-жаққа созып, яки түсіріп тұрса, жаяу жүргіншінің қозғалысына тыйым салынады.

14-оқушы: Реттеуші қолын жоғары көтерді. Бұл-ескерту белгісі. Көліктер мен жаяу жүргінші қозғалысына тыйым салынады.Бұл сигнал кезінде көлік жүретін жерде болған жаяу жүргіншілер жолды толық кесіп өтуге немесе әр бағыттағы көлік қозғалысын бөліп тұратын сызық бойында тоқтауға тиіс.

15-оқушы: Қозғалысты реттеуші басқарып тұрған жол қиылыс  реттелетін жол қиылысы деп аталады. Мұндай жағдайда жаяу жүргінші бағдаршам арқылы реттелетін ережелердің барлығын орындауға тиіс.

Ән: «Жол белгілері»

Бірге оқып, бірге білген                               

Жолда жүру тәртібін

Әрқашанда ұмытпаймыз                           

Қауіпсіздік тәртібін            

Қайырмасы

Достар, достар, сақ болыңдар,                       

Бірге еді ғой жанымыз

Белгілерді еске алысып                           

Кел шырқайық бәріміз

16-оқушы: Жолда жаяу жүргіншілер мен жүргізушілерге арналған арнайы жол белгілері болады.Жол белгілері жолдарда қозғалысты реттеуге көмектеседі — жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол апаттарынан сақтануды ескертеді, қайда баруға болады және болмайтындығын көрсетеді. Жол белгілер жеті топқа бөлінеді:

17-оқушы: Ескерту белгіс.

Бұл топтағы  белгілер жүргізушілерге жолдың қаіпті бөлігінің жақын қалғанын ескертеді.Бұл белгілер беті ақ үшбұрыш қызыл бояумен жиектеледі.

18-оқушы: Басымдылық белгілері.

Басымдылық белгілері жол қозғалысының қатысушыларының біріне басқалардан артықшылық құқығын береді. Кейде басымдылық белгілері біреудің екіншігіе жол беруін талап етеді. Бұл топтағы белгілердің пішіндері де, бояулары де әр алуан.

 

19-оқушы: Тыйым салатын белгілер.

Барлық жол белгілерінің арасындағы ең қатал-тыйым салатын белгілер. Олар түрлі тыйым мен шектеулерден тұрады. Пішіні қызыл жиекті шеңбер түрінде болады.

20-оқушы: Нұсқау белгілері.

Бұл топтағы белгілер жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жүретін жерлерді көрсетеді, қандай да болмасын көлік түрлерінің біреуінің нақты бағыттағы қозғалысына рұқсат береді.

21-оқушы: Ақпараттық-көрсеткіш белгілері.

Бұл белгілер жол қозғалысына қатысушыларға жаяу жүргіншілер өтетін жер, қоғамдық көлік аялдамасы, көлік тұратын орын, т.с.с туралы хабарлайды.Бұл белгілер көк түсті, төртбұрыш немесе тікбұрыш пішінді болады.

22-оқушы: Қызмет көрсету белгілері.

Қозғалысқа қатысушыларға игі қызметтер жасайды.Олар: «Аурухана», «Телефон», «Тамақтану орны», «Демалыс орны», «Ауыз су» т.б орналасқан жерге жөн сілтейді.Яғни тиісті обьектілердің орналасуын хабарлайды.

23-оқушы:Қосымша ақпараттық белгілер(табличкалар) өздері қолданылатын белгілерді нақылайды немесе шектейді.

Балалар кезекпен:

Достар, жол мәдениетін сақтайық! Иә

Балалар жол көлік жарақатына жол жоқ! Жоқ

Жақын келе жатқан көлікпен жарысып өт! Жоқ

Жақын келе жатқан көлікті өткізіп жібер! Иә

Өз жолдастарыңның көшеде және жолда теріс қылықтар жасауына жол бермеңдер.Иә

Қай көше, қай қалаға барсаңыз да,
Қай ақыл өлшеміне салсаңыз да,
Жол жүру ережесі заңды тәртіп -
Ол ортақ үлкен, кіші, баршамызға!

Хормен: Жол ережесін білейік

          Аман-есен жүрейік

Мұғалім:

Құрметті  қонақтар, “Жол ережесін сақтау” үгіт — насихат поезді қозғалғалы тұр, жолда абай болыңыздар!

Мұғалім: Балалар сендер Тұманбай Молдағалиевтың «Болар бала еді ол» деген өлеңін тыңдап көріңдерші.Бұл өлеңнен кейбір жақсы оқитын оқушылардың көшеде жүру тәртібін жақсы біліп, өте жақсы жауап бергенімен шыға берісте ұмытатынын, сондай оқушының бірі-Арман қандай жағдайға ұшырағанын естисіңдер.

 

 

 

«Болар бала еді ол» Тұманбай Молдағалиев

Жаудыраған көздері,

Қарақаттай қара еді.

Ойлап айтар сөздерін,

Ойшыл болар бала еді.

Ары-бері өткенде,

Бізге сәлем беретін.

Өзінен сәл үлкенді,

«Сен» демейтін «сіз» дейтін.

 

Әр жыл сайын оқудан

Мақтау қағаз алатын,

Оқығанын тоқыған

Болар бала болатын.

Өсе келе ғылымға,

Жақын болар дейтін ем.

Жайнап өнер шағында,

Ақын болар дейтін ем.

 

Жұртты аузына қаратқан,

Ғалым болар дейтін ем

Аты әрбір трапқа,

Мәлім болар дейтін ем.

Көзіме жас сүзілді,

Келе алмадым көмекке.

 

Добын қуып көшеде,

Жел болып ол ұшыпты.

Машинаның астына,

Абайсызда түсіпті.

Өшіп қалған отындай,

Жатыр бала сәл жанып.

Шофер де тұр дел-сал боп,

Жүзін қара тер жауып.

 

Ана байғұс аңырап,

Айқайлап қатты жылады.

Бақыт лағып жамырап,

Үй аңырап бос қапты,

Әкесі кеп еңкілдеп,

Бала үстіне құлады.

Екі иығы селкілдеп,

Өксіп-өксіп жылады.

Арман еді ұлы аты,                     Тұрды талай жаңа үйлер        

Лайық еді атына.                       Сәні болып қаланың.

Ата-анасын жылатып,                  Туды талай сәбилер,

Көзін жұмды қапыда.                        Үміті боп ананың.

Одан бері зуылдап,                     Жыламасын аналар,

Талай-талай жыл өтті.                  Жас ұландар, өсе бер.

Жасыл көше дуылдап,                  Сақ болыңдар балалар,

Қуантады жүректі.                      Сақ жүріңдер көшеде!

 

 

Мұғалім: Осындай жағдайлардың алдын алу үшін көшеде жүру ережесін бәрімізде білгеніміз жөн.Ендеше қоғамдық көшелерде жүрудің маңызды ережелерін үйрететін «Жолдос» мультфильмін бірге  тамашалайық.

«Жолдос» мультфильмі

Мұғалім: Балалар, осы мультфильмде айтылған жолда жүрудің негізгі жағдайларын үйреніп, бағдаршамға бағынып, жүру тәртібін қатаң сақтаған кезде өз өмірлеріңнің қауіпсіздігін  қамтамасыз ете аласыңдар.
 

Енді сөз кезегін арнайы шақырған қонағымыз, жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласында еңбек етіп жүрген Сәтбаев қалалық әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы орынбасары полиция каптаны Мақанов Бүркіт Дәрібайұлына беріледі.

Қорытынды сөз:                       

Біздің Отанымыз-Қазақстан! Бұл әрбір дала перзентінің көкірегінде мақтаныш пен айтатын сөзі.Елбасы «Еліңнің ұлы болсаң, еліңе жаның ашыса, азаматтық намысың болса,қазақтың ұлттық мемлекетінің нығайып көркеюі жолында жан теріңді аянбай жүріп еңбек ет. Жердің де, елдің де иесі екеніңді ұмытпа»,-дейді. Расында да, болашақта өз еліңнің қожасы да, иесі де өздеріңізсіздер. Сіздер жаңа ғасыр, жаңа мыңжылдықтың жас ұрпағы, егеменді еліміздің ертеңісіздер.Еліміздің келешегі сендер жол тәртібін біліп, есен — аман жүріңдер!

Әбілқасым Даниярдың  орындауындағы «Алға, Қазақстан!» әні сіздерге арналады.
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Мұғалім: Балалар, сендердің  көшеде жүру ережесін байланысты білімдеріңді байқап көрелік.  Ол үшін мынанадай  сұрақтарға  жауап беріңдерші.

Сұрақ-жауап

1-сұрақ.Жол бойларында велосипедпен, қолшанамен, сүйретпелі қоларбамен қалай жүру керек?

Жауап: Велосипед, қолшана және қоларбамен жолдың шетін жағалай жүру керек. Ал жиекжол  болмаса, жолдың сол жағымен жүреді.

2-сұрақ. Жол бойына тоқтап тұрған көлік неліктен қауіпті деп саналады?

Жауап: Тоқтап тұрған көлік өзінің алды мен артында келе жатқан басқа көліктерді, адамдарды көрсетпейді. Сондықтан тоқтап тұрған көліктің артынан тосынан шыға келу адам өміріне үлкен қауіп төндіреді.

3-сұрақ. Велосипедпен неше жастан бастап жолмен жүруге болады?

Жауап: Біріншіден, велосипедшілердің бәрі де жасына қарамастан жолда жүру ережесін жақсы білуі тиіс.Екіншіден, жол, көше бойларында велосипедпен жасы 14-ке толған балаларға ғана шығуға рұқсат етіледі.

4-сұрақ. Қандай жол белгісі велосипедпен жүруге тыйым салады?

Жауап: Қызыл дөңгелек ішінде велосипед суреті бар белгі –велосипедшінің бұл жолмен жүруіне тыйым салу белгісі.

5-сұрақ. Жол-көлік оқиғасына куә болған адамдар қандай әрекет жасайды?

Жауап: Егер осы оқиғада зардап шеккендер болса, бірден  жедел жәрдемге телефон соғуы керек. Сонан соң  жақын арадағы милиция бөліміне хабар береді. Осы жағдайды көрген адам көлік нөмерін, сериясын жазып алуға тиіс.

6-сұрақ.Бағдаршамның қызыл көзі жанып тұрғанда  қандай көліктерге жүруге рұқсат етіледі?

Жауап: (Өрт сөндіру, жедел жәрдем, полиция)

 

 

 

 

 

Бала біздің болашағымыз. Ал сол болашағымызды алуан түрлі апаттардан сақтап, аман-есен азамат етіп тәрбиелеу, ең алдымен ата-ананың ұстаздардың  міндеті.Өйткені соңғы уақытта көлік санының шектен тыс көбеюіне байланысты алуан түрлі жол көлік апаттарының орын алып жатқандығын, сондай апат салдарынан жасөспірімдердің әртүрлі оқиғаларға душар болатындығын жасыруға болмайды. Жол жүру ережесін бәріміз де білгеніміз жөн, алайда ең алдымен балаларға үйретуіміз керек...

Бүгін 31 қазан күні №3 жалпы орта білім беретін мектепте 4-сынып оқушылары  1-сынып оқушыларына жол қауіпсіздігі ережелерін насихаттау, жол-көлік оқиғаларынан сақтандыру, жолда жүру мәдениетін қалыптастыру мақсатында ’’Жолы болсын әркімнің, орында жол тәртібін!’’ атты жол ережелеріне арналған тәрбие сағаты өтілуде.Тәрбие сағатына жол полиция қызметкері __________________________  және алғаш мектеп табалдырығын аттаған 1-сынып оқушылары арнайы шақырылды. Себебі 4-сынып оқушылары кіші буынға білгендерін  үйретіп және  жол полиция қызыметкерлерімен кездесті

 

Осыған ұқсас жазбалар:

МатематикаЖай бөлшектерді оқу және жазу

Орыс тіліЗвонкие и глухие согласные

БиологияФОТОСИНТЕЗ, ОНЫҢ САТЫЛАРЫ ЖӘНЕ БИОСФЕРАДАҒЫ ҒАРЫШТЫҚ РОЛІ

МатематикаНатурал көрсеткішті дәреже

Қазақ тіліЕтістіктің шақтарын қайталау

Сабақ жоспарлары сайты,      www.jospar.kz - 1141904

Пікірлер (1)
Нургиза Кульджина # 12 мамыр 2016 в 08:39 0
Тамаша тәрбие сағаты. Балаларға әр түрлі жағдайда жол ережесін сақтау туралы мәлімет беріліпті. Өкінішке орай көшеде кейбір ата-аналар жан-жағына қарап, көлік алыста деп, балаларын жетектеп светофордың жаяу жүргіншілерге тыйым салынған түсіне өтіп бара жатады. Осындай жағдайдың талай куәсі болдым. Бала мектепте естігенінен гөрі ата-анасынан көргенін қайталайды ғой. Неге ата-аналар теріс тәрбие беретініне таң қаласың. Бәрі емес әрине.

Сайт редакциясының

Электронды почтасы:

bioustaz@mail.ru

Блогтағы жазбалар